ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ ИДЕОЛОГИЯ – ҚОҒАМҒА ҚАТЕР
28.06.2024
67
0

Деструктивті діни ағымдарға кетіп қалу қаупі бар тұлғаларға жалпы әлеуметтік иммунитетті біртіндеп енгізу арқылы жат діни ағымдардың идеологиясына қарсы антивирус қалыптастыру күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі болып отыр. Өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары осы міндетті жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда Атырау облысында мемлекеттік конфессиялық қатынастардың негіздерін түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру мақсатында дін мәселелері бойынша 11 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап топ құрамына студент-жастар да тартылды. Ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы барысында 2024 жылы 18 000 адам қамтылған 150 іс-шара өтті.

Атырау облысы Дін істері басқармасы дін және діни қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын жергілікті атқарушы орган ретінде деструктивті діни ағымдардың теріс ықпал етуі салдарынан жастардың радикалдануы, маргиналдануы мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет деп санайды. Бұл бағытта басқарманың, сондай-ақ бірқатар ведомстволық бағынысты ұйымдардың күш-жігерімен медиа кеңістіктегі деструктивті контентке тиімді қарсы тұра алатын және жастардың санасына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруге лайық­ты балама болатын қарсы насихаттық контент жасап, шығару бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері облыс тұрғындарын деструктивтік діни ағым идеологиясынан сақтау және ұлттық құндылықтарды нығайту мақсатында 12 000 ақпараттық-танымдық материал таратылды. Соңғы төрт жылда «Подкаст» бағдарламасында 38 подкаст және 408 тақырыптық бейнематериал түсіріліп, «Shapagat Atyrau» YouTube каналына жарияланды.
Қазіргі таңда Атырау облысы аумағында қарсы насихаттық жұмыстар бойынша әлеуметтік желілерде 24 парақша жұмыс істейді. Тұрғындардың радикалды діни идеологияға қарсы имунитетін қалыптастыру, теріс діни ағымдарды әшкерелеу бағытында Instagram әлеуметтік желісінде «SanalySagat» парақшасы қарқынды жұмыс жүргізуде. Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде ашылған «Azan» радиосы 2023 жылдың 1-қыркүйегінен бері қала тұрғындарына қазақ халқының дәстүрі мен тарихи құндылықтарын және діни экстремизм мен радикализм идеологиясына төзбеушілікті насихаттау жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Радикалдануға сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету мақсатында экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдардың алдын алу үшін мобиль­ді гаджеттерге арналған (ios, android) «Sura» қосымшасы жасақталды. Мобильді бағдарламаның басты мақсаты – тұрғындар арасында қойылатын діни сауалдарға білікті дін мамандарының онлайн форматында дереу жауап беруі арқылы әлеуметтік желідегі деструктивтік діни ағым контентенттерінің ықпалынан сақтау.
Діни қатынастар саласындағы радикалдық көріністерге мүлдем төзбеу­шілікті қалыптастыру мақсатында, ақпараттандырудың көрнекі әдістерін, ойын элементтері мен интерактивті әдістерді пайдалану арқылы жастарға арналған мобильді гаджеттерге бағытталған «Odysseya» ойыны жасақталды.
Биыл Атырау облысы Дін істері басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ тапсырысы шеңберінде «Шапағат» ҚҚ «Jaryq Entertainment» компаниясы базасында түсірген лудомания, нашақорлық, балалар травматизмі, тұрмыстық зор­лық-зомбылық, ұлттық құндылықтарды сіңіру, деструктивтік діни ағымдар қатарына тарту тақырыптарын қамтитын «Достық», «Махаббат», «Жек көру» атты үш бөлімді кино-альманах жарық көреді. Сондай-ақ, Сауд Арабия Корольдігі Мекке қаласында түсірілген «Шырмауық-2» журналистік зерттеуі көрерменге «YouTube» арнасында ұсынылады. Бұл жұмыстар өңірдің медиа кеңістігін қарсы насихаттық контентпен тиімді толтыруға мүмкіндік береді.
Өз идеяларын одан ары таратуға мүмкіндігі жоқ әлсіреген деструктивті ұйымдар, тұлғаларға қатысты жеке профилактикалық кездесулер мен жеке оңалту іс-шараларын өткізу де басты назарда. Мәселен, осы бағытта биыл 1500 жеке профилактикалық оңалту шаралары жүргізілді. Жыл басынан бері Атырау облысы Дін істері басқармасы тарапынан дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттайтын әлеуметтік желілердегі 20 000-нан астам парақша бұғаттауға жіберілді. 380 000 азаматтың әлеуметтік желідегі парақшаларына зерделеу жүргізіліп, 70 азаматтың парақшасы дінтану сараптамасына жолданды.
2024 жылдың 6 ай аралығында ҚР ӘҚБтК-нің 453 және 490 баптарының талабын бұзған 23 дерек анықталып, 22 тұлғаға әкімшілік айыппұлдар салынды. Жалпы ғаламтор желісінде діни теріс бағыттағы ақпараттардан тазарту бойынша жүргізілген жұмыстар өз тиімдігін көрсетуде, қазіргі таңда Атырау облысының ғаламтор желісі деструктивтік діни ағым идеологиясынан 93% тазартылды.
Қорытындылай келе, Атырау облысы Дін істері басқармасы тарапынан жүргізіліп отырған жұмыстар өскелең ұрпақтың теріс діни ағым жолына түсіп кетпеуін алдын алуға бағытталуда. Бүгінде жастар контингенті әлеуметтік желілерді көп қолданып отырғанын ескеріп, алдағы уақытта осы бағыттағы мүдделі органдар жұмыстарын интернет кеңістігінде қарқынды жүргізу керек деп санаймыз.

Қаһарман МҰСАЕВ,
Атырау облысы Дін істері
басқармасының басшысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір