Генерал қалай жер алды?
14.08.2023
294
0

Жуырда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, жер мәселесі бойынша машықтанған заңгер Бақытжан Базарбектің көтерген мәселесі әлеуметтік желіде біраз дүрбелең тудырды. Ерменсайдағы 860 га жердің жеке меншікке өтіп кеткені туралы ақпаратты депутат өз парақшасында жариялаған. Бұл жазбаны 660 адам парақшасында жариялап, 100-ға жуық адам пікір жазған. Тау бөктеріндегі орманды жер жеке меншікке қалай берілгені белгісіз. Меншік иесі – қорғаныс саласының генерал-мойоры П.М.Новиков. Қорғаныс саласында қызмет еткен П.Новиков көбіне ЦСКА, яғни Қорғаныс министрлігіні Спорт комитетінде жұмыс істеген. Саяси қайраткер идеалы ретінде Н.Ә.Назарбаевты көрсетіпті. «Құрмет», «Данқ» секілді көптеген ордендермен, 18 медальмен марапатталған.

Жер иесі өзінің меншігін мемлекетке қайтаруға келіспейтінін де жеткізді.
Депутат Бақытжан Базарбек бұл туралы парақшасында былай деп жазады:
«Маусымда Парламент Мәжілісінің пленарлық жалпы отырысында мен Алматының Ерменсай таулары мен ормандары 18 кадастрлік нөмірмен бір заңды тұлғаның жеке меншігіне өтіп кеткенін мәлімдеп, прокурорлардан тексерістің ашылуын талап еттім. Бас прокуратура тексеріс ашпағаннан соң «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы аясында өзім арнайы комиссия құрып, аталған жерлерге әріптестерім Ерлан Стамбеков, Сергей Пономарев және Алматы қаласы жер ресурстарын басқару Департамент басшысы Ержан Ташпенбетовпен, «Аманат» партиясы өкілдерімен барып қайттық. Аталған тау бөктері мен орманмен қамтылған 860 гектар жердің иесі белгілі қорғаныс саласының генерал-майоры Павел Максимович Новиков болып шықты».
Бұл жер телімі Ерменсай деп аталатын тау бөктерінде орналасқан. Бақытжан Базарбектің айтуынша, жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасының мәліметіне сүйенсек, 900-дей га жер. Бұның бәрі дерлік генерал Новиковқа тиесілі екен. 2004 жылы Қарасай ауданының әкімдігі бұл жердің бәрін жеке меншікке өткізіп жіберген. 2015 жылы Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болған кезде бұл жер 18 кадастрлық нөмірге бөлінген. Депутаттың айтуынша, генерал П.М.Новиковтың жерін айналып өту үшін жарты сағат уақыт кетеді екен. Тау бөктерін жоталарымен қоса алған генералдың жері қоршалып, шлагбаумдар қойылған.
Бұл жер телімін арнайы тексеруге барып, комиссия құрған ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек комиссия мүшелерімен бірге жер иесімен кездесуге барған. Айта кету керек, Бақытжан Базарбек бұл мәселені пленарлық отырыста да көтерген еді. Басты сұрақ – 18 кадастрлық нөмірге бөлінген жер қалай жеке меншікке өтіп кеткен? Бұл мәселе жайдан-жай көтерілген жоқ. Биыл ақпан айында Ерменсай тұрғындарынан арыз түскен. Арызда осы жер телімін тексеруді өтінген. Сол арыздың нәтижесінде жер мәселесі бойынша комиссия құрылған. Сол комиссия мүшелері мен депутат Бақытжан Базарбек жер иесі Новиковпен кездескен видеосы да әлеуметтік желіге шықты. Бақытжан Базарбек алма бағын өзіне алып, қалған жерді мемлекетке қайтаруын сұраған. Бірақ Новиковтың бұл мәселеге қатысты өз ұстанымы бар. Депутаттың табиғатты қорғау аймағы бар екені, қала маңындағы рекреациялық аймақтардың болуы керек екені, табиғатқа шығуға мүмкіндік алуы керек деген уәжіне Новиков өз сөзін айтты. Оның пайымдауынша, ол бұл жердің әр метріне дейін біледі, сонымен қатар жердегі жануарлар, өсімдік пен ағаштарға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігіне толықтай өз басымен жауап беретінін айтып, бұл жерге басқа біреулерді кіргізбейтінін жеткізді. Б.Базарбектің өз қолымен бұл жерді мемлекетке өткізіп, сол арқылы мемлекетке, халыққа деген қамқорлығын көрсетсе, тіпті керемет болар еді деген ұсынысына да Новиков келісе қоймады. Генералдың айтуынша, бұл жер оған байып кетуі үшін берілмеген, керісінше ол бұл жердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бүгінгінің «батырымын» деген кейіп танытты.
Бақытжан Базарбек жер иесіне заң нормаларын түсіндіруге тырысқанда, Новиков бұл жерде де «судан ақ, сүттен таза» екенін көрсеткісі келді. Толығырақ айтсақ, депутат табиғи және адамның өз қолымен еккен ормандар болатынын, егер бұл жердегі ағаштың бәрін дерлік өз қолымен ексе, бұл орманды алқап жасанды жолмен өсірілген деп танылып, оның жеке меншікке өткізуге болатынын айтты. Бұған Новиков осы жердегі ағаштарды өзім ектім деп жауап берді.
Дегенмен Бақытжан Базарбек өз сұрағына жауап таппағанын айтып, болашақта бұл іспен тағы айналысатынын және барлық құжатты алған соң, Парламент мінберінде мәселені қайта көтеретінін жеткізді. Депутат Сергей Пономарев бұл істі жерге қатысты істерде мол тәжірибесі бар Бақытжан Базарбек жеке айналысатынын айтып, П.М.Новиковқа бұл жерге қатысты барлық құжаттарды беруін өтінді. Осылайша екі тарап бір келісімге келе алмады.
Мұндай істер аяқсыз қалмауы тиіс. Себебі халық көрді. Енді басталған іс нәтижесіз аяқталса, онда халықтың әділдікке деген сенімі де жоғалатыны сөзсіз. Сондықтан күрмеуі қиын мәселені ашық әрі елмен бірге шешу – Жаңа Қазақстан депутаттары үшін маңызды болып тұр. Бақытжан Базарбектің сөзіне сенсек, бұл мәселені тағы да егжей-тегжейлі тексеріп, Мәжілісте қайта көтереді. Бас Прокуратура бұл жерді тексеруден бас тартыпты. Дегенмен «Жер Аманаты» аясында құрылған комиссия мұны аяқасты қылмай, Бас Прокуратураға да, басқа да құзырлы органдарға да барып, заң жүзінде әділ шешеді деп үміттенеміз.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір