ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ АЙБАРЫ
Армысыздар, ағайын! Мерейтой құтты болсын!
Бүгінгі суреткер рухына арналып отырған шараға қолына қалам ұстаған осы зал ішіндегі сіз бен біз ғана қатысып отырған жоқпыз… Кешелі бері ұлы жазушының шығармашылығы мен ұлт руханиятындағы орнын жаңа буын қаламгерлері мен әдебиеттанушылардың призмасынан өткізіп танып, талдап, бағалауға арналған қос конференция – нұрпейісовтанудың жаңа беттері… Жазушы хақындағы әр жаңа сөз – миллионсанды оқырманның көкірек-көзіне жетер жаңа көзқарас, жаңа баға! Демек… Біздің жиынымызға Алтай мен Атырау, Қыр мен Сыр арасында жатқан қазақ есімді елдің сөз танып, кітап оқитын қалың оқырманы тегіс қатысып отыр деп айтуға толықтай негіз бар.
Иә… Әбдіжәміл Нұрпейісов – айдыны кең, айбыны мықты, ұлыс пен ұлттың абыройын асқақтатқан ұлы әдебиетіміздің көрнекті өкілі.
Бұл – уақыт сүзгісінен өткен шындық. Бұл – ұлы мәртебелі оқырманның бағасы.
Біз… Қолына қалам ұстаған жазушы дейтін қауым бәріміз де ұлтты сүйеміз, ұлтқа қызмет етуге тырысамыз. Жазған шығармамыз бен әр сөзіміз, әр толғаған ойымыз – соның көрінісі. Бірақ сол ұлтты сүйген, ұлтқа қызмет етуге ұмтылған қаламгер атаулының бәрі бірдей ұлт биігіне көтеріле бермейді. Ұлт биігіне санаулылар ғана көтеріледі. Ұлт биігіне көтерілу деген сөз – мәңгілікке жол ашу деген сөз. Ұлт биігіне көтерілер тұлғалар ғасыр дейтін өлшеммен ғана өлшенбек!..
Ұлт биігіне көтерілудің жолы – ауыр. Қай кезде де, қандай кезде де өзін осындай «соқтықпалы, соқпақты», тағдырлы жолға арнаған қалам иелерінің өмір жолынан біз осы бір ақиқатты тап басып танимыз.
Ары бармай-ақ… Соңғы үш ғасырға көз жүгіртіп көрелікші…
XIX ғасыр… Қазақтың басына қандай қиындықтар әкелмеді?! Кешегі жарты әлемді атының тұяғына салған көшпелі жұрттың соңғы ханы Кенесарының азаттық үшін алысқан дәуірінің қасіреті мен кесапатын ұмытуға бола ма? Әрине, жоқ!..
Ұлт басына төнген қасіретті ғасыр Махамбеттің от шашқан жырларын берді. Абайдың ой теңізіне батты, ғаламдық биікке көтерілген өлмес дүниелерін берді!.. Жүз жасаған Жамбылды жаратты!.. Уақыт өз дәуірінің қасіреті мен қайғысын ашына жырлағандарды өз биігіне – ұлттың ұлы биігіне көтерді.
XX ғасыр… Көзін уқалап ашып, жаңа тұрпатты өрісі мен өркені беймәлім өркениетпен бетпе-бет келген көшпелілердің ақырғы көші басынан қандай қиямет-қайым дәуірді кешкенін бәріміз де білеміз. 1916 жылғы қанды қырғын… 1920 жылдардағы аштық… 1932 жылғы қолдан жасалған геноцид… Ұлт басшылары мен ұлттың рухани көсемдерін жаппай жазалауға жіберген 1937-1938 жылдар…
Ғасыр басындағы рухани қасіретпен, биологиялық жазалаумен бетпе-бет келген ұлттың ащы тағдыры ұлтын сүйгендер мен ұлт болашағы үшін күрескен тұлғаларды есепсіз берді. Алашорда қайраткерлері, Абай шәкірттері – Ахаңдар, Жахаңдар, Мағжандар, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер… Мұхаңдар, Сәбеңдер, Ғабеңдер келді. Қазақтың Ұлы Даласын қан-қасап қырғынға салып, қақ айырып, екі бөлген дәуір ешкімді аяған жоқ. Сайып келгенде, ұлт тағдыры үшін шыр-пыр боп жанын отқа салғандар екі майданда жүргенімен, бір ұлт, бір мүдде үшін күресті.
Міне… XX ғасыр басындағы ел тағдыры жіп ұшына ілігіп, ұстара жүзінде тұрған қиын-қыстаулы, күрделі кезде өмірді жалғау үшін қазақ елінің болашағын арқалап, қазақтың үкілі қара бесігі «қызыл қарын жас сәбилермен» толығып жатты.
Солардың бірі – Арал теңізінің құмдауыт жағалауында, Беларанның көркем белінде өмірге келген, қазақ көркемсөзін өзінің өрісі кең, өркешті туындыларымен байытқан қазақтың болашақ классик жазушысы, атақты «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Курляндия» атты кең тынысты эпикалық романдардың авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов еді…
Дауысы шыр етіп қазақтың кең сахарасында естілген сол сәби дүниеге келгелі, бүгін, тұп-тура жүз жыл болыпты. Сәби үнін естігендер қатары, бүгін бұл залды қойып, Арал жағасында жоғы анық… Бірақ… Ел көргенді көре жүріп, табанымен құм сызған, орман аралап, соғыс көріп, қан кешкен, түтін жұтып, туған еліне аман оралған 22-23 жастағы сары кителді майдангер жігіттің 13 беттік дәптерін бүктей қымтап, неше күн Алматы вокзалында түнеп, ақыры Жазушылар одағы мен Сәбит Мұқановты іздеп тапқанына қалай сүйінбеуге, таңырқамауға болады?!
Бұл – аштыққа ұрындырмай, соғыста оққа іліндірмей, қастандық атаулының бар қияметінен алып шығып, Сөз дейтін киелі өнердің «жан алып, жан берісер» майданына – жазушылық жолға салған Ұлы Жаратушының бұйрығы екені шүбәсіз…
Әбдіжәміл Нұрпейісов қаламының алдында, арының, халқының алдында, ең бастысы, Өзіне осындай тағдыр сыйлап, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет ету бақытын бұйыртқан Ұлы Жаратушының алдында адал болды, алған бетінен, жүрген жолынан тайған жоқ. Шығармашылықтың азабы қалың, мехнаты мол тағдырлы асулары мен қиын-қыстаулы сәт-сағаттарын «көкірек көзімен» сараптай отырып, қазақ әдебиеті дейтін алып кеңістікті өз үнімен, өз сөзімен, өз демімен, өз мінезімен, өз әлемімен байытты. Соның арқасында суреткер Нұрпейісов сиректердің сирегі шығар заңғайыр биікке – Ұлт биігіне көтерілді.
Біз бүгін сондай биікке көтерілген ұлт жазушысының жүзжылдық мерейтойында отырмыз. Бүгінгі Жазушылар одағы ұйымдастырып отырған мерейтойлық жиын мінбесінен сөйлеп тұрып, кешегі Пен-клубтың ұйымдастыруымен Ұлттық кітапханада өткен халықаралық конференция туралы ризашылығымды айта кеткім келеді. Жақсы жиын өтті. Әдебиет кеңістігін кеңейтер бірден-бір жол – әдебиеттер байланысы мен сапалы, көркем аударма екеніне тағы бір мәрте көзіміз жете түсті. Аудармаға қалай болса, солай, атүсті қарауға болмайтынын бұрын да білуші едік. Ұлы Мұхаңның аудармашылармен қалай жұмыс істегенін көзімен көрген Нұрпейісовтің өз шығармаларының өзге тілдерде қалай сөйлегеніне аса қатты мән бергені әдеби ортада аңыз болып тарағанын сан естіп, сан көргенбіз. Юрий Казаков, Анатолий Ким, Герольд Бельгерлермен арадағы байланыстың қилы-қилы сәттерін бүгінгі буынның бірі – білсе, бірі – білмейді… Бүгінгі авторларымыздың көбінің басқа тілде жарық көрді деген дақпыртқа кенелу үшін аудармаға аса мән бермейтінін соңғы жылдары анық байқап келеміз. Кешегі конференцияда отырып, сол қателігімізді тағы да аңғардық. Аңғартқан – Нұрпейісов. Мойындатқан – конференция жұмысына қатысып, сөз сөйлеген бірер шетелдік әріптестеріміз. Маған мәскеулік ескі досымыз Георгий Владимирович Пряхин мен Түркиядан келген әріптесіміз Икрам Өзтурканның, Әзербайжаннан келген Низами Мамедовтің, Қырғызстаннан келген Дальмир Тілепбергеннің, Литвадан келген Эргали Гераның байыпты, нақты талдаулары ұнады. Маған әсіресе қатты әсер еткені – тәржіма дейтін ғажайып өнердің сыры мен сипатын соншама терең ашып, Әбеңнің әдеби көркем әлемі жайлы тебірене көсіліп, сөз сөйлеген, атүсті дифарамбалар қорығына қамалмай, жазушы жаратылысын жарқыратып ашқан белгілі француз жазушысы һәм беделді аудармашы Ив Готве мырзаның мағыналы баяндамасы. Шынайы талдау! Әдеби кеңістікке қанат бітірер француз досымыздың сөзінің әсер еткені соншама, жүргізуші Б.Ғабдуллин: «Регламент!» – дегенде, «Бигелді, басқамыздың сөзімізді тоқтатсаң да, мына шешеннің сөзіне шек қоймашы!» – деп қалдым. Зал ду күлді. Регламентке уақыт қосылды…
Бүгін, міне, ресми жиынымыз сол рухта жалғасып отыр… Мазмұнды, мағыналы үлгіде жалғасып отыр!..
Әбең өзінің өмірлік ұстанымына аса ыждағатты қарайтын табанды, мінезді кісі еді. Ұстаным дегенде үш қасиеті қатар тілімнің ұшына оралады. Біріншісі – ұстаздарына деген шексіз адалдығы. Олар – Нұрпейісовтің ауызына «ә» дегеннен ілігер ұлт әдебиетінің үш бірдей алтын қазығы: Абай! Махамбет! Жамбыл! Үшеуі туралы да жазушы тебірене толғап, рухани кеңістігіміздегі орнына сай тамырын тереңнен тартып, келелі ой қозғап, мақала жазған. Әрқайсысы – бір-бір қалың кітапқа арқау болардай кесек ойларға толы, кемел бітімді мақалалар.
Ұстаз – киелі ұғым! Әбеңнің өз ауызынан сан естіп, әр кезде мақала, сөздеріне енген әрі өзіне есепсіз қамқорлық көрсеткен адам – Сәбит Мұқанов!
Әбеңнің Алматыға алғаш қалай келгенін сөз басында айттық… Сәбең – Сәбит Мұқановпен қалай жолыққанын, Сәбит Мұқановтың оны баласындай көріп, өзінің үйіне алып барып бір бөлмесіне жатқызғанын (төсек жоқ, сандықтың үстіне жұмсақтап көрпе төсеп жатқызып), осылайша, атағы дүркіреп тұрған Сәбеңнің үйінде бір жылға жуық тұрақтағанын құрметпен айтып отыратын. «Осы шаңырақта жүріп сөз өнері, әдебиет дегеннің қандай болатынын жаныммен, жүрегіммен сезіндім», – дейді өзі.
Мұқаңмен – Мұхтар Әуезовпен де сол тұста танысқан. «Мұқаң мені театрға ертіп барды. Сахнада «Құрманғазы» оркестрінің орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі дүркірей жөнелгенде, менің аузым ашылып қалыпты. Сонда маған қарап отырып Мұқаңның: «Пәлі, өзі сарыауыз балапан… Сөйтіп жүріп роман жазады», – деп еді менің үлкен оркестрді алғаш көріп, есім кеткен ебедейсіз қалпымды көргенде», – дегені бар. Талантты осылай қолдап, жетектеген ұстаздарына жазушы ғұмырының соңына дейін алғысын білдіріп өтті. Мұқаң өмірден өтерінде, 1961 жылы алты жазушының атын атап: «Міне, әдебиеттің болашағы, әлемге танылған, танылатын қазақ әдебиетінің ендігі тағдыры – осылардың қолында», – деген аманат-сөзінде үміт күтетіндер арасынан алғашқы лекте Әбдіжәміл Нұрпейісов есімін айтқанын бәріңіз білесіздер.
Әбеңнің екінші бір қасиеті, өзі тұрғылас нағыз таланттарды қатты бағалайтын. Мен ол кісінің Зейнолла Қабдоловпен, Тахауи Ахтановпен, Сафуан Шаймерденовпен қалай дос болғанын жақсы білем.
Кеңес кезінде Ұлттар әдебиеті деген үлкен бағаға ие болып, жаңа кеңістікті, жаңа ағысты қалыптастырған Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Қайсын Күлиев бар, Давид Кугультинов бар… Бұлар жүріп келе жатқан кезде бүкіл Мәскеудің көшесі қақ айырылып қарап тұратын. Осынау ірі тұлғалардың арасында қайтпас қайсар мінезімен жалғыз өзінің ғана емес, тұтас ұлт әдебиетінің айбары болып, қазақ әдебиетінің туын биік көтеріп алдыңғы сапта Әбең жүретін.
Иә…
Әбең…
Ұстаздарына өзі қалай шәкірт бола білсе, әдебиет дейтін ұлы майданда өзінің қатарлас дос-жар азаматтарына да ішкі адалдығына шаң қондырмай жүріп, әдебиеттегі ізбасарларына ұстаздықтың өзгеше қарапайым үлгілерін көрсетіп өтті. Әсіресе жазушы өмірбаянына таңбаланып енген «Жұлдыз» журналына бас редактор болған екі жылы ел есінде ерекше қалды. Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменовтердің әдебиет әлемін жалт қаратқан тұсы, «жылымықтың» жайлауы шүйгінді бір кезі осы тұс еді ғой…
Әбең өмірден озғанша қолынан қаламы қалай түспесе, әдебиеттің ертеңі жайлы сан тарау ойлардан да дәл солай алыстаған жоқ. Ұстаздық парызын ұмытпады.
Бізді қойып, бізден кейінгілердің де тамырын басып отыратын…
Сөзімнің қорытындысында мына бір соңғы кездесу жадымда жаңғырып отыр…
Смағұл Елубаев екеуіміз бірде Әбеңе телефон соғып: «Әбе, 95-ке келіп жатырсыз, тоқым қағу деген болмай ма?» – деп қалжыңдадық. «Тоқымды қағам, кім келейін деп жатыр?» – деді жазушы. «Біз Смағұл екеуіміз барайын деп отырмыз»…
Бір сағатқа кіріп, жақсылап шайын ішіп шығамыз ғой деп барып едік, Әбеңнің әңгімесін тыңдап, бес сағаттың қалай өткенін аңғармай қалыппыз. Сонда менің таңғалғаным, әр әңгімесін кеше ғана бастан өткергендей бейнелеп тұрып айтқанда, тыңдаушы еш жалықпайтын. Үлгі боларлық, өнегеге айналарлық сөздері жадымызда жатталып қалды.
«Әй, мынау, ұзақ жасаған қиын болады екен», – деген еді сонда бір сөзінде. «Неге?» – деп едік… «Мені тыңдай қоятын Зейнолла жоқ, Тахауи жоқ. Қатарларымның бәрі кетіп қалды. Мен жетім секілдімін, айналамда ешкім жоқ. Сендердің тоқым қағып келгендеріңе керемет қуанып отырмын», – дегені де есімізде қалыпты.
Ұлы суреткердің биологиялық жасының жүз жылдығын атап жатқан бүгінгі шарада жазушының елін де, жерін де жетім етпеу үшін күрескен шығармашылық мәңгілік өмірінің жаңа жүзжылдығы басталғанын сезіндім. Бұл – екінші жүзжылдық. Суреткер өмірінің мәңгілік дәуірінің басы басталды.
Әбеңнің рухы халқымен мәңгі жасай бермек.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері