УЫЗ АНА – ҰЛТТЫҢ ТІЛІ АҚ БӨКЕН…
28.10.2024
150
0

Сабыр АДАЙ

Біз де бір дегелектің балапаны…

Маңғыстау – шалқыған жыр,
батпан мұңым.
Мысалы: Нұрым – бота, Ақтан – құлын.
Сұраған өлең өріп Хақтан құнын.
Қара өлең күйме жегіп күлімдейді,
Хан ұлы қол созғандай тақтан бүгін.
От-Ман тау, ордалы ел, Ман-Аталы,
Сәл өзге сіздегіден дала таңы.
Баласы Ер Адайдың – Пірім Бекет.
Алашқа нұрдан шашу таратады.
Жырлаған соның бәрін
Көзбен көріп,
Біз де бір дегелектің балапаны.

Ескі қазық

Ойылған көздің жасы-дүр,
Ой жеген ердің басы бұл.
Қашаған айтқан асылдың –
«Өл-тіріде бәсі бір».
Көшкен жұртта қазық тұр,
Көргенін жерге жазып тұр.
Іздеген жанға – мың дерек,
Із кескен жанға азық бұл.
Ат байлады, кім келді,
Үнсіз… бәле тілден-ді.
Қазыққа қатқан қан көрдім,
Кім екен шапқан іргемді!?
Қайғыдан қазық талғандай,
Үзілген арқау жалғанбай.
Қадалып жерге қазық тұр,
Жүрекке қанжар салғандай.

Атасы мұның алтын-дүр

Қайың құрық, қаз бас ер, қос таралғы,
бір жүген,
Бапкерсіз, бапсыз тұр білем.
Ат әбзелі не керек,
Жабыға жайдақ мүлгіген.

Күміспен зерлеп күлдірген,
сегіз өрім қамшым-дүр,
Атасы мұның алтын-дүр.
Бедерлеп іліп сәндікке,
Бітік көз неме шалқып жүр.

Қазақы жыр

Қазақы жыр,
Қызыл шеке,
Сансыз майдан, ат дүбірі алқалы,
Билік – үнсіз,
Бай көңілді, саудагер де – қалталы.
Ақиқатқа жақын тұста,
Бір құлып бар кілті жоқ,
Көрінбейтін қарауыл бар,
көк сүңгілі, балталы.

Ақ шағылда арлан жүр

(Есенғали Раушановтың рухына)

Е, Көкмойнақ, нәр татпадың,
ауыздықты шайнадың.
Қара түнге қарап тұрсың,
кетіп еді айға кім?!
Жұлдыз болу айып па?..
Есенғали – ғайыпта.
Еске түсіп қайдағың?!
…Желбіреген байрағым.

Сенің жаның туыс еді, сол білетін тіліңді,
Бір қарашық көзден кетті,
жер суымай білінді.
Ер қазасы – ауыр сын ба,
Көл жағасы – қауырсын ба,
Қара бауыр қасқалдақ жоқ,
сұр мергенге ілінді.

Е.. Көкмойнақ, кірпігіңнен сіркіреді
ақ жаңбыр,
Қарғып кетті қапияда жан шыдамас
жардан жыр.
Таудан асып тарлан жүр,
Ақ шағылда арлан жүр,
Соңғы көшпен нар қомында
Балқан тауға барған жыр.

Төбем жарық, төс сүйегім сынып тұр…

Ұлттың тілі – шоқпар болды, шоқ болды,
Біз өртендік, өзек жанды, от болды.
Ұлттың тілі – құлжа еді құздағы,
Улы жебе – ұлтқа атылған оқ болды.
Ел күбінді, ер сүрінді, жоқ болды,
Мен адастым, сен адастың, ол тіптен…
Жау көңілі жасыл жайлау, тоқ болды.
Жанарымнан жан бөлшегім тамшылап,
Қабағыма қан шылап,
Төбем жарық, төс сүйегім сынып тұр,
Қайғы менен қасіретті артып ап.
Аппақ шашын анам жайды ақ уыз,
Бетін басты жез жапырақ сары күз.
Өз перзенті өгейсінген ананы
Табытқа сап, таңып жаттық бәріміз.
Ақ төсінен аппақ сүтті шаптырып,
Ұлт тіліне ұлтсыздар мен жат күліп,
Қайырылған қанат болып сөгілді,
Әлди болды, ән боп мұңы төгілді.
Бұлтқа айналды: «Келем сосын тағы, – деп,
Естелікке орамалын лақтырды.
Қайран анам не білді?..
Кімдер сенің қазып жүрген көріңді?
Кімдер сенің бермей жүрген төріңді?
Қос бұрымың ай мен күнге айналып,
Қос ішек боп толғай-толғай өрілді.
Бозторғай боп таңмен бірге сыңсыды,
Боз жусан боп желге ұшты бүршігі.
Ақтарылған аппақ сәуле, ақ арман,
Жүрегімнің басын келіп шымшыды.
Мен білмедім:
Тіріміз бе, не өлі,
Жанарымнан өмір жасы ыршыды.
Ақша бұлттар – аппақ мамық, қауырсын,
Бізден бетін бұрғаны ма дәуір шын.
Өз көзінің қарашығын іздеген
Қасқа жүрек енді қалай ауырсын?!
Анасынан тірі жүріп қол үзген,
Есіл заман, сұрайсыңыз не бізден?!
Құлдық сана, Құдайым-ау, аумайды,
Соқа сүйреп сорлы болған өгізден.
Біз бейбаққа әлем қарап, аяды,
Ел еді деп бұл бір ғажап саялы.
Ойлы қазақ, ояншы деп, мәңгүртке
Алақанын таңнан кешке жаяды.
Уыз ана – ұлттың тілі ақ бөкен,
Қандай «соқыр» сенен кінә тапты екен?!
Сайын қырдың сағым кешкен киігін,
Қандай мерген қолы барып атты екен?!.
Тұяқ серпіп тулап жатыр аранда,
Жазықсыздың жанын сақта, Жар-Алла!
Мен адасып қалам ба деп қорқамын,
Ана тілім – ақша бұлт боп тарарда.
Анашымды қалдыр менің қасыма,
Қара менің көзімнің көл жасына?!.
Жар-Алла, Жан-Алла!
Бәрін біліп, көрушісің – Бар Алла!
Айтар сөзім таусылды – жамағайын, жаранға.
Ақша бұлтты көк найзағай көгендеп,
Жүрегіме дөп қадалды өлең боп.
Сол ақша бұлт – ана тіл боп жылады,
«Енді қашан мен сендерді көрем?» деп.
Аңызақта аңқам кеуіп мен тұрмын,
Табаным – жер, төбем – көк.
Ал, өкпеле, көк аспан мен айдан көр!
Атамекен – алтын сандық, қайран жер.
Қозы-лақтай енесінен адасқан,
Маңырап жүр кіл жетімек майдангер.
Қауырсыны қан-қан болған көп шындық,
Оның бәрін, орға салып жоқ қылдық.
Анамызды адамзаттың көзінше,
…Көкпар қылдық, доп қылдық?!.

Алтынзер

Алтынзер – қазақы жыр, қама бөрік,
Жатырмыз алтындығын жаңа көріп.
Ішінде мың өлеңнің бірі – алтын,
Сезім – бақ, сенім – байлық, сана – көрік.

Алтынзер – асау өлең, бар асылым,
Асаудың соры қалың, жарасы мың.
Көзімнің ағын ойып ас қыла бер,
Сөзімнің оймашы тек қарашығын.

***
Бір тылсым бізден бөлек үн қатып тұр,
Кетсем бе кез-құйынмен қырға асып бір.
Жанымның жасаураған шарайнасын,
Толғағы тоқсан түйін жыр басып тұр.

Бұла жыр бұлттасып тұр көңілімде,
Көрінбей көңілімнің көгі мүлде.
Не дейсің?!. Таң менен кеш, ай менен жыл,
Мен сенен, қайран өмір, жеңілдім бе?!

Әр жусанды сырғалап…

…Қарындастың дауысы қараңғыда
белгім-дүр,
Саған ғана сендім, жыр!
Жыр құндақта іңгәлап,
Әр жусанды сырғалап
Дәуреніне қош айтқан, ей,
жалған-ай, елмін бір.

Тәуба…

Самның да құмы –
Сары алтын,
Сағымы жібек үлбіреп.
Үдеп соққан
Дауылмен
Біздегі мына бір жүрек.
Ордалы жылан –
Оқ мүсін,
Падиша сұлу, Патшалы
Сегіз Арыс
Семсерім,
Тамыры терең тақталы.
Сыңғырлау,
Мамай, Жарқұдық,
Күміс те нақыш қақпалы.
Қасқыр азу,
Тік бақай,
Үстірттің қара шатқалы.
Маңғыстау,
Сенде ер жеттім,
Құдай бір берген бақтағы.

Стамбулға сапар

Мен махаббатымды елге тастадым,
түгел түркінің сұлуы,
Қауырсынымды көлге тастадым,
қызғыш құсымның жылуы.
Сағынышымды шөлге тастадым,
арландарымның ұлуы,
Қапияда қарашаңырақтың бүлінбесін
деп тұнығы.
Базарлық болсын баршаңа бозторғай
ақын шырылы.
Қанында – аттың дүбірі,
Жанында – Хақтың Қыдыры,
Санасын самал тербеген,
Сары жебе садақпен,
Сарыарқасын бермеген,
Атасы бірге ағайын, армысыңдар, қыр ұлы!
Ататүріктің Отаны –
Омырылған омыртқамның үзілмей
қалған жұлыны,
Бауырын емген қасқырдың
Баһадүрлердің ұрығы.
Сапарыма сәттілік тіледім
сағымдай көшкен жұртымнан,
Марғасқаларым мардиып
қалды сыртымнан,
Қаратауларым құлпырған,
қара шалдарым бір туған.
Бес қаруын түзетіп,
Әулиесін күзетіп,
Інілер қалды ізімде,
найзағай сынды жұлқынған.
Аналар қалды ақ жаулық,
Жеңгелер қалды күлісіп,
Кемпірлер қалды құнысып,
Тұранға тұлға ұл туған.
Тарихы – шерлі қайғы-мұң,
Зарыққан сәтте айдыным,
Тарыққан сәтте айбыным,
Ататүркі Отаны –
Ұлтымның уыз сәлемін, әкелдім
Баба – жұртыңнан!
Қашағанның азуын көргің келе ме?.. –
Менің жусан жеген ұртымнан!
Көкмойнақтың құлыны ем,
Шапқанда мін таппассың тұрқымнан.
Ерлік керек, ер керек ендігі Қазақстанға…
Дәме етесің торғай мен қартайған
Қарақұстан да.
Бөрілі байрақ Бабаның –
Сөзінде қалған шырынмын,
Көзінде қалған ғұмырмын,
Мыңжылдық керуен тіздеген
Алтайдан Адайстанға.
Жау жасқанған іргемнен,
Күлтегіндердің күңіренген,
Шалқайған шаңырағымыз біз деген.
(Ұрпаққа жәннат іздеген…)
Батар күнде қаным бар.
Атар таңда арманым!
Күміс арқан найзағай –
Асулы қалған қармағым,
басулы қалған бармағым.
Түркінің түгел намысын
Ата жұртта қорғаған,
Атандай шөгіп орнаған,
қайран да менің шалдарым!..
Сөйлейді менің тастарым.
Сүртеді көзін аспаным.
Айтып-айтпай не керек,
Кебін киген кебенек –
Нарлығынан не пайда қатепті
қара қасқаның.
(Қара көзі тәуелді қабағына басқаның)
Буынсыз шіркін тіл еді,
Білегін жырым түреді.
Жұмыртқасын Фарабилер шайқаған,
«Өркениет» Өз тегіне күледі.
Кімдердің қанша тұрарын, бір
Алла ғана біледі.
Мәдинада – Мұхаммед!
Түркістанда – Қожа-Ахмед!
Оғыландыда – Пір-Бекет! –
Қабыл болғай тілегі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір