ҰЛТТЫҚ АРНА – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ
06.03.2023
3161
0

«Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызып», төрткүл дүниенің дидарын көз алдыңа тосқан қазақ қиялындағы шарайнаның адамзат қажетіне айналғанына ғасырға жуық уақыт болғанын айтады. Сонау XIX ғасырда-ақ радио механизмі негізінде теледидар пайда болып, ол дамып, жетіліп, өткен ғасырдың отызыншы жылдары видеосигналдың пайда болуы – адамзат өркениетін тағы бір биікке көтерді. Сурет, дыбыс, видеоны желісіз көрсететін электронды құрылғы көп халықтың сыр сандығына айналды.
«КСРО-дағы ең алғашқы теледидар – «КВН-49» 1949 жылы шықты. АҚШ-та 1947 жылдары жүз сексен мыңға жуық теледидар бар болатын» деген мезгілден аса алыс емес уақытта қазақ телевизиясының эфирге шыға бастауы – әрине, тарихи сәт.
Ұлттың айнасы бола білген Ұлттық арнаның 65 жылдығына орай газетіміз аз-кем шолу жасап, материалдар топтамасын ұсынды.

8 Студия. Түсірілім. Спорт редакциясының бас редакторы -Роза Гизатуллина

Еліміздегі ең басты телеарна – «Қазақстан» ел ішінде «Ұлттық арна» деп те аталады. 100 пайыз мемлекеттік тілде ақпараттар таратып, эфирге танымдық-сараптамалық бағдарламалар шығарып отырған арнаның «Ұлттық арна» аталуы әбден заңды. Осыдан 65 жыл бұрын бар-жоғы үш-ақ камерамен қызметін бастаған «Қазақстанды» кімдер басқарды, аталған арна көрермен аудиториясына қандай телетуындылар ұсынып келді? Бұл сұрақтарға ұлттық болмысымыз бен қазіргі хал-ахуалымыздың айнасына айналған «Ұлттық арнаның» тарихына жасаған қысқаша шолуымыздан жауап таба аласыздар.

1957 жылдың 29 маусымында Қазақ КСР-нің Министрлер кеңесі арнайы қаулы қабылдап, жеке комитет құрады. Сол қаулының шыққанына 8 ай толғанда Қазақ телевизиясы эфирдегі қызметін бастады. Бұл – 1958 жылдың 8 наурызы еді. Деректерге қарағанда бірінші хабар сол кездегі кеңестік Қазақстан аумағын кеңінен қамтыған науқан – тың игеруге арналып, «жаңа қоныстанушылар» деп аталған. Алғашқы жылдарда Қазақ телевизиясы ғарыш туралы зерттеулерге арналған бағдарламаларға, ғылым-білімге баса мән берген. Бұл – сол заман, сол кезең үшін үлкен жаңалық болды. Ұжым бар болғаны үш бейнекамерамен жұмыс істеген. Эфир тек тікелей жүретін. Себебі ол кезде монтаж, дыбыстық әрлеу, компьютерлік графика деген ұғым атымен жоқ. Маман да тапшы. Бұл туралы қоғам қайраткері, қазақ телевизиясының құрметті ардагері Сұлтан Оразалинов кеңінен жазған. Ардагерлер қазақ телевизиясының іргесі бекіп, қалыптасуына үлес қосқан азаматтар ретінде Қанапия Мұстафин мен Совет Масғұтовты ерекше атап өтеді. КСР Министрлер кеңесінің жанындағы Радиохабарлар және теледидар жөніндегі комитетті 1957 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев сынды азаматтар басқарған.
1970 жылы эфирге «Қымызхана» атты телетеатр шығады. Бағдарламаның бағыты әзіл-сықақ болғанымен, сол замандағы түйткілді мәселелерді астарлап жеткізеді. Таңдалған тұрақты кейіпкерлер адамдардың сан-қырлы мінездерін, іс-әрекеттерін әзіл арқылы экранға шығарып отырады. Көрерменнің көзайымына айналған «Қымызхана» өміршең болды. Уақытында дәуірлеген «Қымызхана» 2008 жылы заманауи кейіпте көрерменмен қайта қауышып, эфирде біршама уақыт қызмет етті.
1976 жылы «Өнер көзі – халықта» деген атаумен айтыс эфирге шықты. Айтыстың алғашқы теленұсқасына Мұқаш Байбатыров пен Манап Көкенов қатысты. Төрт жыл өткенде, 1980 жылы Мәдениет министрлігі қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында үш күнге созылған республикалық ақындар айтысын өткізеді.
Жылымық кезең – сексенінші жылдары қазақ эфиріне этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек пен әнші Жәнібек Кәрменовтің атақты телесұхбаты шықты. Бұл телесұхбаттың мазмұны ғана емес, ішкі иірімі біздің халық үшін аса маңызды болған. Бас-аяғы сегіз хабарда нағыз інжу-маржан тоқсанға тарта ән айтылған.
Сол дәуірде қазақ телеарнасының озық туындысы – «Тамаша» әзіл-ысқақ театры. Қала мен дала қазағының барлығы көрген – «Тамаша» тұңғыш рет 1978 жылдың желтоқсанында эфирге шыққан. Режиссер Лұқпан Есен басы-қасында жүрген бұл жанр төрт жылдан кейін ғана теленұсқадан сахналық бағытқа бейімделеді. Құндылықтар біртіндеп алмаса бастаған сол кезеңде Шынболат Ділдебаевтың атақты «Шындық туралы» термесі де 1991 жылы осы «Тамаша» әзіл-сықақ бағдарламасы аясында орындалып, халық санасына зор сілкініс әкелді.
Қазақ ССР Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетін басқарып тұрған тұста Камал Смайы­лов «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты 40 сериялы деректі фильм түсіртті. Оған барлық күш-жігер мен адам ресурсы және техника жұмылдырылды. Бұл бірегей жоба қазақ телевизиясы үшін тарихи рекорд болып саналады.
Қазақ телевизиясында бұрыннан бар «Терме» хабарының түрленіп, жүйелен­уіне ұлт ардақтыларының бірі – Камал Смайыловтың зор ықпалы болған. Мемлекеттік телерадио комитетті басқа­рып тұрған кезеңде «Терменің» түрленуіне және эфирге бірізділікпен шығуына аса мән берілген екен.
Елдің тілі мен ділінен бөлек, сапалық, саналық тұрғыдан өсуі аса маңызды. Соған қызмет еткен бағдарламаның бірі – Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарызы». Бұл хабар 1988 жылы эфирге шығады. Бұл уақыт жариялылық кезеңіне дөп келген тұс. Бірақ кеңестік жүйенің, идеология­ның әлі қауқары қайтпаған кезең. Бағдарламаға әр салада өзіндік жетістігі бар, айтар сөзі мен пайымы бар жүзге жуық зиялы азамат қатысқан. Тақырыптар: «Ұлттық сана және рухани бірлік», «Жариялылық жайлы ойлар», «Азаматтық парыз», «Ұлт тілінің тағдыры», «Интеллигент деп кімді айтамыз?», «Демократия мен бюрократия», «Қайта құру және интеллигенция».
Бұл тақырыптар сол кезең үшін өте өткір және маңызды еді. Сағат Әшімбаев телевидение арқылы сол уақытта халық санасына төңкеріс жасады. Бұл хабар 1990 жылдарға дейін эфирден түскен жоқ.
1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік туралы сүйінші ақпаратты бірінші болып халыққа жеткізген, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ант қабылдау рәсімін көрсеткен – «Qazaqstan» телеарнасы.
Тәуелсіздікті жариялау мен қоғамның демократиялануы бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына айтарлықтай әсер етті. Сол жылдары орталық телеарна алғаш рет айшықты таңбаланып, ортасында «1» саны бар логотип басылды. Арна – «Қазақстан-1» аталды. Кейін телеарна тарихында логотип уақыт талабына сай бірнеше мәрте өзгерген.
1992-1994 жылдары «Қазақстан» мемлекеттік телерадиохабарлар компаниясының төрағасы Шерхан Мұртаза болды. Ұлттық танымдағы бағдарламалар эфирге шықты. «Шарайна», «Таңшолпан», «Шаңқай түс», «Балбөбек», «Тайбурыл» секілді хабарлардың идея авторы Шерағаң болды. Кеңестен мұраға қалған «радио тарату мен телевизия мемлекеттік комитеті» таратылып, орнына «Қазақ­стан» телерадиокомпаниясы құрылды. Қоғамдық формацияның өзгеруін қарапайым халық қана емес, ресми биліктегі өкілдердің өзі жіктеп түсіндіре алмай жатқан уақыт. Осы кезеңде «Қазақ­стан-1» ұжымы өз міндетін сапалы орындады. Ұлттық сананы жаңғырту ауадай қажет еді. Шерхан Мұртазаның өзі «Ұлт және сана» бағдарламасын жүргізді. Мұнда ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен, жарқын болашақ үшін тірескен Міржақып Дулатов және басқа да Алаш азаматтарының, қоғам қайраткерлерінің идеялары кеңінен насихатталды. Шерағаң төрағалық қызметте екі жылдай отырды. Сол аз уақытта Алматыда үш подъезді, тоғыз этажды үйді салдыруға мұрындық болды. Бұл – телевидение тарихында оған дейін де, кейін де болмаған оқиға.
Қазақ телевизиясында 30 жылдық тарихы бар тұңғыш таңғы бағдарлама –«Таңшолпан». 1992 жылдың 14 желтоқсанында алғаш рет эфирге шыққан. Әр таңда көрерменге тың ақпарат ұсынып, танымдық материалдар әзірлеп келе жатқан бағдарлама түрлі кезеңдерде өз атауын өзгертіп отырды. Яғни, 1999 жылы «Арай TV», 2000 жылы «Шапағат», 2002 жылы «Жаңа күн», 2003 жылы «Оян, қазақ», 2004 жылы «Таңсәрі», 2006 жылы «Қайырлы таң!» деп аталды. Кейін «Таңшолпан» атауы қайтарылды. Сол кездері «Жаңалықтар», «Мәслихат», «Балалар», «Жастар», «Әдеби драмалық хабарлар», «Музыка» «Спорт», т.б секілді нақты бағыттағы редакциялар жұмыс істеді.
1994 жылы 4 сәуірде Қазақстан Президентінің жарлығымен «Қазақстан» телерадиокомпаниясы – «Қазақстан теледидары мен радио тарату» республикалық корпорациясы болып құрылды. Шерхан Мұртаза төрағалықты 1994 жылы босатып береді. Оның орнына Ләйлә Бекетова «Қазақстан телевизия және радио тарату» республикалық корпорациясының президенті болып тағайындалды. «Қазақстан-1» телеарнасының көрсетілімі қатты төмендеп кетеді. Статистика бойынша 1993 жылы телеарна аудиториясы Қазақстан халқының тек 23% құраған. Бір жылға жетер-жетпес уақыт басқарған Ләйла Бекетованың орнына 1995 жылы Әшірбек Көпішев келеді. Ол кезең де – мемлекеттік телеарна мен радио құлдырап, дағдарған мезгіл еді.
Корпорацияның 2001-2002 жылдардағы президенті лауазымына Есетжан Қосубаев бекітіледі. Есетжан Мұратұлы түрлі фестивальдер өткізіп, арнаның көрермені қайтадан көбейе бастайды.
Сол уақытта «Қазақстан» РТРК» АҚ да заман талабына ыңғайланып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтті. Бұл кезде Корпорацияның төрағалығын қолына алған Ғалым Доскен шынайы кризис менеджер екенін дәлелдеді. Бұл кезең – телевизияда авторлық қолтаңбаның тереңдеген тұсы еді. «Қазақстан» телеарнасы ұлт өнерінің, мәдениеті мен әдебие­тінің шынайы жанашырына айналды. Сламбек Тәуекел, Тұрсынжан Шапай, Нұрлан Өнербаев, Гүлнар Салықбай, Жұмабай Шаштайұлы секілді аға буын өкілдері Ғалым Боқаш, Рахат Мамырбек, Сәуле Әбілдаханқызы, Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім, Санжар Керімбай, Асқар Умаров, Назира Бердалы секілді жас буын өкілдерімен тізе қоса қызмет атқарып, телеарна үлкен жетістіктерге жетті. Сол кезде ребрендинг жүріп, телеарнаның таңбасы ретінде салт атты жаршы таңдалып, атауы петроглиф жазбалары стилінде таңбаланды. Бұрынғы ортасына «1» саны енгізілген киіз үй пішінді логотипі бар «Қазақстан-1» атауы тарихқа ысырылып, біртіндеп, «Ұлттық телеарна» ұғымы сіңіріле бастады.
2006 жылдың көктемінде «Қазақ­стан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы болып Нұртілеу Иманғалиұлы тағайындалды. Тележурналистикада өз орны бар ол «телевидение – алдымен картинка» деген ұстанымға берік болды. Сол жылы тағы бір мәрте ребрендинг жасалып, логотип өзгерді. Қошқар мүйіз оюлы дөңгелек таңбаны көрермен жатсынған жоқ. Нұртілеу Иманғалиұлы басқарған тұста «Ұлттық арнада» жаңалықтарға үлкен екпін берілді. Оған қоса студиялық «Айтыс» бағдарламасы қолға алынды. Сол секілді «Діңгек», «Сырға», «Ілік септігі» атты бірнеше жаңа хабар эфирге шықты. Мұндай шоу форматтарға деген қызығушылық Корпорацияны Дәурен Әбдіхамитов басқарған тұста да жалғасты.
2008 жылы корпорацияға төраға болып Жанай Омаров тағайындалды. Жанай Омаровтың кезеңінде «Қазақ­стан» телеарнасында эфирді түзеуге көп күш жұмсалды. Эфирдің графикалық безендірілуі осы жылдары толық өзгерді. «Меншікті мекен», «Сен сұлу», «Тағдыр тағлымы», «Қылмыс пен жаза», «Сөнбес сәуле», «Жан жылуы» секілді жаңа бағдарламалар болды.
2011 жылы «Қазақстан» телеарнасы 100% қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Бұл кезде Басқарма төрайымы білікті медиаменеджер Нұржан Жалауқызы болатын. Арнаның таза қазақ тілінде хабар таратуға көшуіне байланысты бағдарламалар кестесін түбегейлі өзгерту, эфир уақытын қазақтілді өнімдермен толтыру бағытында көп тер төгуге тура келді. Орыстілді редакциялар жабылып, авторларды қысқарту мәжбүрлігі туды. 2012 жылы күздің басында «Қазақстан» РТРК АҚ құрамына кіретін бірнеше ақпарат құралы Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік орталыққа көшті. Отандық негізгі телеарналар мен радио­лар «Қазмедиа» орталығына шоғырланды.
Нұржан Мұхамеджанованың басшы­лы­ғы кезінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасында Бейсен Құранбектің көрермен жылы қабылдаған «Айтуға оңай» хабары, «Шетелдегі қазақ балалары», «Әйел бақыты», «Түнгі студия» секілді өзге де ірі бағдарламалар ашылып, үздіксіз тікелей эфирде жүріп жатты.
2014 жылы Корпорацияның негізгі таңбасы тағы өзгеріп, құрамындағы барлық телеарналар жаңа логотип тақты. Бұл өзгерісте енді қошқар мүйіз ою мүлде алынып тасталды. Бұл кезеңде Корпорацияның халықаралық қатынасы да күшейіп, Ресей, Түркия секілді мемлекеттердің орталық телеарналарымен байланысы жанданды.
2016 жылдың қазан айында «Қазақстан» РТРК АҚ Төрағасы болып Кемелбек Ойшыбаев тағайындалды. Оған дейін де үлкен ұжымдарды басқарған тәжірибелі маман бірден ішкі құрылымдық оңтайлау шараларына мән берді.
«Қазақстан» 2017 жылы «Qazaqstan» болып өзгерді. Бұл кезде Төраға Ерлан Қарин болатын. 2017-2019 жылдары жалпы Корпорацияда ауқымды шаруалар атқарылды. Екі маусым бойы ұлттық өнерді дәріптейтін «Мен қазақпын» жобасы жүргізілді. Бұл жобаның мақсаты – дәстүрлі ән мен күйді насихаттау еді. Арнайы жасақталған шығармашылық топ өңір-өңірді аралап, ел ішіндегі өнерпаздарды іріктеді. Бұл жобаға Моңғолия, Қытай, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттердегі қандастарымыз да қатысып, байқаудың бәсін халықаралық деңгейге жеткізді. Сондай-ақ түркі елдерін біріктірген «Silk Way Star» жобасы жарық көрді. Ерлан Қарин басшылық еткен тұста білімді журналист Дархан Әбдіктің авторлығымен «Парасат майданы» жобасы да сол кезеңде көрерменмен қауышты.
Алаш ардақтыларын еске алып, ғұмырбаяндық бағытта тарихи телесериалдар түсіру ісі де Ерлан Қариннің төрағалығы кезінде ілгеріледі. Көпшілік жылы қабылдаған «Тар заман» телехикаясы сол кезде көрерменге жол тартты.
2019 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрайымы болып Ләззат Танысбай тағайындалды. Тәжірибелі маман ұжымға қатаң талаптар қоя отырып, әр текті бағдарламалар ашуға, эфирдің бағдарламалық сеткасын қайта құруға, заман талабына сай жобалар жасауға көп күш жұмсап келеді. Сонымен қатар студиялар, декорациялар, режиссерлік шешімдер жаңарып, тележүргізушілерді іріктеу, эфирге дайындау бағытында талап күшейді.
2019 жылы қазақ телевизиясында тұң­ғыш рет күн сайын мемлекеттік тілде тіке­лей эфирде шығатын қоғамдық-саяси тал­қы бағытында «Ашық алаң» ток-шоуы ашыл­ды.
Қай елде болмасын телеарна аудиториясының басым бөлігі әйелдер. Күнделікті тікелей эфирге шығатын «Niet» бағдарламасы дәл осы аудиторияға арналды. Ол да тікелей эфирде жүргізіліп, түрлі кеңестер мен кейіпкерлер, тағдырлар, көмекке мұқтаж жандарды қолдау бағыты негізгі ұстын ретінде таңдалды. COVID-19 пандемиясы басталғанда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Niet» бағдарламасының орнына медициналық бағыттағы жаңа өнім шығаруды ұйғарды. Ол – «Теледәрігер» аталып, ең білікті дәрігерлер қалың көпшілікке коронавирустан сақтану, індет дертін жұқтырған жағдайда не істеу қажеттігін тікелей эфирде түсіндіруге көшті.
Бұл кезеңде ұлттық арнада заман талабына сай әлемдік жобалар – «Жүзден жүйрік» зияткерлік хабары, «Қазақстан дауысы», «1001 түн» жобалары эфирге шықты. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрді насихаттауға да ерекше назар аударылды. Бұл бағытта «Күміс көмей», «Күй керуен», «Гауһартас» хабарлары жарық көріп, жалғасып келеді. Жастар үлгі алуы тиіс аға буынның өмір жолын көрсетуге арналған «Бірегей», «Зинһар» сияқты хабарларды да көрермен жылы қабылдады. Ал танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлының «Нұр-тілеу» жобасымен эфирге қайта оралуы – телевизиялық маусымның басты жаңалықтарының бірі болды.
Тарихи бағыттағы телехикаялар өндірісіне ерекше ден қойылды. Бұған дейін түсірілген «Кейкі мерген», «Тар заман» телехикаяларының жалғасы ретінде «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ» телехикаялары көрерменге жол тартты. Одан бөлек, Абай, әл-Фараби, Домалақ ана, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенов сияқты тұлғалардың ғұмыр жолын насихаттауға арналған сериалдар түсірілді. Сонымен қатар заманауи бағыттағы телехикаялар отандық медиа­нарықты дүр сілкіндірді. Олардың рейтингтік көрсеткіші нарықта көрсетілетін шетелдік сериалдардан асып түсіпті. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы біртіндеп «TNS Central Asia» зерттеулерінде республикалық арналар арасында алдыңғы бестікке көтерілді.
Корпорацияның телебағдарламалар өндірісінен бөлек, осы кезеңде атқарған ауқымды істерінің бірі – «Алтын қорды» цифрландыру жұмысы болды. Қордағы 100 мыңға жуық аудиотаспа толықтай және 26 мың бейнетаспа құндылығына қарай іріктеліп, цифрландырылды. «Алтын қорға» байланысты кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде altynqor.com сайты іске қосылды. Қазақ телевизиясының жауһарлары бүгінде арнайы сайтта топтастырылып, тегін қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта «Алтын қор» материалдарын тек ел тұрғындары емес, шетелден де іздеп көретіндердің қатары көбейген.

Қазақ әдебиеті 

Біздің міндетіміз –
телемұраны келешекке лайықты табыстау

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК Басқарма төрайымы

Қазақ телевизиясы өзінің 65 жыл­ды­ғын үлкен жетістіктермен атап өтіп жатыр. Олай дейтініміз, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы – бүгінде 22 бұқаралық ақпарат құралының, 2 мыңға жуық маманның басын қосып отырған медианарықтағы ең үлкен құрылым. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тек медиаактивтерінің санымен емес, телекөрсетілім, радиотыңдармандар үлесі, онлайн платформалардағы көрсеткіштер рейтингі бойынша көшбасшы. Қазір жалпы отандық телевизия саласы бәсекеге қабілетті деп айтуға толық негіз бар. Сол бәсекелестікте «Qazaqstan» телеарнасы соңғы жылдары тек қазақтілді контентпен алдыңғы орындарда келеді. Балалардың «Balapan» арнасы, «Qazsport» спорттық арнасы, аз уақыт бұрын ашылған мәдени-ағарту бағытындағы «Abai tv» телеарнасы да қазіргі күні өз аудиториясын толықтай қалыптастырды, нишалық арна болса да, өзге телеарналармен бәсекелесе ала­тын деңгейге жетті. Мұның барлығына біз жылдар бойғы тәжірибе арқылы қол жеткіздік. Аудитория сұранысы мен талабына жауап бере алу – үлкен ізде­ністі, қажырлы еңбекті қажет етеді. Ірі тарихи телехикаялар, заманауи сер­иал­дар, отандық анимациялық жобалар, жы­лына жүздеген бөлім әлемдік мульт­фи­льмдер мен фильмдердің дубляжы, ең ірі спорттық трансляциялар, мега­жо­балар­дың франшизасын жасап шығару бойынша қазір көштің басында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тұр. Әрине, сын да, кемшіліктер де бар. Ең бас­тысы, осындай өндіріс арқылы нарықта теле­визияның бұдан әрі де дамуына қызмет ете алатын білікті кадрлар, мамандар шоғыры қалыптасты. Бұл – біз үшін ең үлкен жетістік. Осы ретте қара шаңырақ ұжымының зор еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл жерде тек қазір қызмет атқарып жүрген мамандардың емес, 65 жыл белесінде телеарна тарихында қолтаңбасын қалдырған әрбір адамның үлесі бар. Олардың әрқайсысы өз кезеңінде миссиясын лайықты атқаруының нәти­же­сінде Қазақ телевизиясы бүгінгі биігіне кө­теріліп отыр. Дәл солай, қазір осы жерде қызмет етіп жүрген әр біріміздің міндетіміз – телемұраны келешекке лайықты табыстау. Ұлттық арна көрермен үшін қашан да дәстүр насихатшысы, ұлт мүддесінің жоқтаушысы болып келді. Бүгінде сол міндетін сақтай отырып, ең ық­палды қоғамдық-саяси телеарнаға ай­налғанын сеніммен айта аламыз. Отандық телевизияның осыдан 65 жыл бұрынғы миссиясы қандай болса, бүгінгі жаһандану дәуірінде ол миссияның маңызы артпаса, кеміген жоқ. Соңғы зерттеулер елімізде аудиторияның ең көп бөлігі сенімді ақпарат құралы ретінде әлі де телеарнаны таңдайтынын көрсетіп келеді. Бұл дегеніміз – біздің көрермен алдындағы міндетіміздің арта беретінін, аудиторияға береріміздің әлі де көп екенін білдіреді.

Әдебиет пен мәдениеттің алтын Қамбасы

 

Феруза ӘБДІҚАДЫРОВА

Мен «Қазақстан» телеарнасына қызметке 1964 жылы келдім. Ақпарат бөлімінде журналист болып бастадым. Зейнет демалысына шыққанға дейінгі қызметім де дәл осы бағытта болды. Корреспондент ретінде басталған жұмысым редактор, бас редактор, комментатор қызметіне дейін сатылап өсті. Бірте-бірте өзімнің түрлі бағыттағы авторлық бағдарламаларымды жүргіздім. Ән мен биге қатысты сол кезеңдегі басты жаңалықтар, өзгерістер менің бағдарламаларымның негізгі өзегіне айналды. Уақыт өте келе әдеби-драмалық бағдарламаны жүргіздім. Көп ұзамай, екі жылдан соң қайтадан редакцияның жаңалықтар бөліміне ауысқан едім. Себебі, мұнда жұмысты тез бітіруге мүмкіндік мол. Өзің жазасың, өзің түсірілімге қатысып, өзің реттейсің. Жалпы, телеарнаға қызметке тұрған кез келген адам, тіпті операторға дейін бұл сферадан, бұл қызметтен кетуі, қызмет орнын ауыстыруы – өте сирек кездесетін құбылыс. Мен де еңбек жолымның, өмірімнің қырық бес жылын осы бағытқа арнаппын. Телеарна адамды өзіне баурап, жіпсіз байлап алатын құдіретке ие. Сол тұста менімен қатар «Қазақстан» есігінен именіп кірген тұрғыластарымның бәрі де зейнет жасына дейін осы арнада құлшыныспен еңбек етті.
«Қазақстан» – Қазақ телевизия саласындағы ең алғашқы телеарна болып есептеледі. Кейін ізін басқан телеарналар қатары көбейді. Осынау құтты шаңырақтан түлеп ұшқан қарлығаштар да қазақтың нағыз марқасқаларына айналды. Телеарна құрылғанда көптің көкейінде «Телеарна – ақпарат таратушы құрал ма әлде өнер ме?» деген сұрақ тұрды. Мамандар жұмыла жұмыс жасап, телернаны әрі хабар таратушы басты тетік, әрі өнер деңгейіне жеткізді. Ұлттық ән мен күйдің, санқилы өнер түрлерінің, әдебиет пен мәдениеттің алтын қамбасына айналдырды. Ел жүрегінен орын алған ақындар мен жазушылардың үні де дәл осы телеарна арқылы барша халыққа жетті. Елді алаңдатқан жағдайлар телеарна эфирінде мәселе болып көтеріліп, шешімін тауып жатты. Қалай десең де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының қоғамдағы, қазақ өміріндегі рөлі айрықша.

Қара шаңырақта отыз екі жыл қызмет еттім

 

Хадиша СЕЙІТҚҰЛОВА

Қазіргі әл-Фа­раби атын­да­ғы Қазақ Ұлт­­­тық уни­вер­­­ситетінде үшінші курс оқып жүргені­мізде бізді тәжірибе алмасуға ар­налар­дың қара шаңырағы – «Қазақстан» телеарнасына жіберді. Ол кезде өрімдей жас қыз едік. Сонда маған бағыт-бағдар берген, қолыма микрофон ұстатқан Амангелді Жақсыбеков, Жәнібек Тоқпанов, Роза Темірғалиева сынды ұстаздарым еді. Ұстаздарыма бас иіп, тәжім етем. Бұл кісілер әрдайым жүрегімнің төрінде. Мен үшін ұстаздарымның есімі журналистика деген сөзбен қатар жүреді.
Жоғарыда айтқан іс-тәжірибеден өткен соң, маған қара шаңырақта жұмыс істеуге жолдама берді. Бірақ біздің, қазақтың көген көз ұл-қыздарының бір трагедиясы бар еді. Ол – Алматыда қазақ балаларын тіркеуге алмайтыны. Мектеп-интернатты осында бітіргеніммен, тіркелетін тұрақ таппай жүріп қалдым. Ата-анам жоқ болатын. Сондықтан бір-екі жыл басқа жұмыс істеп, бөтен ұлт өкілінің жертөлесінде тұруға тура келді. Ол кезде Төраға Хамит Хасенұлы-тұғын. Ол кісі – адамгершілігі мол, адал да әділ кісі еді. Мені жұмысқа сол кісі қабылдады.
Құдайшылығын айту керек, сол заманда қазіргідей көлденең көк атты эфирге шықпаушы еді, қатаң талап қоятын. Ана тілімізді қалай меңгергенімізге, біліміміз бен біліктілігімізге, түр-әлпет, кескін-келбетімізге қарайтын. Ол кезде жұмысқа конкурспен қабылдайтын. Комиссияда тіл білімі ғалымдары, үлкен-үлкен газеттердің редакторлары, мәдениет, қоғам қайраткерлері отырып, бізге сұрақ қоятын. Үш жанрда мәтін беретін, біз сол мәтіндерді мүдірмей оқып шығуға міндетті едік. Міне, Қазақстан ұлттық арнасында осындай сыннан өткен журналистер ғана жұмыс істейтін. Мен сол сыннан өттім. Нұрғали Нүсіпжанов бастаған музыка редакциясы мені кіші редактор қылып қабылдады. Содан бастап тапжылмай сол музыка редакциясында жұмыс істедім. Әр жылдары «Туған жер әуендері», «Әнім саған, туған жер», «Сұхбат», «Шабыт», «Сәлем» секілді телебағдарламаларды жүргіздім.
Бірді айтып, біріне кетіп жатсам, айып етпеңіздер. Мен үшін тағы бір бірегей тұлға бар. Ол – марқұм Сағат Әшімбаев. Сағат Әшімбайұлы да шығармашылық дарынынан бөлек, нағыз ұлтшыл, қарақылды қақ жарған тура, батыл азамат еді. Желтоқсан оқиғасы тұсында жанұшырып, шыр-пыр болды. Шыдамай, қайта-қайта Орталық комитетке жүгіріп кететін. Ештеңеден тайсалған жоқ. Бір топ азамат жиналып, Сағат Әшімбайұлы бас болып, қазақ жастарына араша сұрап хат та жазды. Қол астындағы қызметкерлеріне деген мейірімін де сөзбен айтып жеткізу қиын.
Өмірімнің отыз екі жылы Қазақстан телеарнасында өткен екен. Мен осы үшін де бақыттымын.

ЖҮРЕКТЕН ҚОЗҒАЙЫН…

 

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА

Қазақ телевизиясының дүниеге келгеніне биыл 65 жыл болыпты. Соны үш бөлікке бөлсек, мен оның орта тұсында еңбек еттім. Телевидение есігін өткен ғасырдың сексенінші жылдары аштым. Содан зейнетке кеткенше сонда қызмет еттім.
Қазір естелік жазып жүрмін. Мен қызметте болған кезең екі бірдей қоғамдық формацияны – Кеңестік дәуірдің аяқ шені мен ел егемендігінің қалыптасу кезеңін қамтиды. «Қазақстан» ұлттық арнасында өліара шақта қызмет еттім. Небір аласапыран оқиғалардың қайнаған ортасында жата-жастана жүріп хабар тараттым. Бір өліп, бір тірілген күндерді бастан кештік. Телеарна тарихы – ел тарихының маңызды бір тармағы. Біздер – сол тарихтың тірі куәгерлеріміз. Мен телевизия әлемінің табалдырығын алғаш аттаған шақта Қазақстанда жалғыз телеарна болатын. Кейіннен «Хабар», КТК, СТВ, 31 арна, «Таң» – бәрі оның шекпенінен енші алып бөлініп шыққаны.
Университетте телерадио хабарларын тарату пәнінен сабақ беретін, кейіннен диплом жетекшім болған Совет Мас­ғұтов ағай телеэфирге студент күнімнен баулыды. 1980 жылдың күзінде қазақ телевизиясының спорттық және патриоттық хабарлар редакциясына спорт коментаторы болып қызметке қабылдандым. Осында еңбек еткен 27 жыл ішінде оның шарықтау шағын да, құлдырау кезеңін де, құрдымға кетіп қалмай аман қалу үшін жанталасқан жылдарына да куә болдым. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы есте қалды. Сол дүбірлі жарыста олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ Жақсылық Үшкемпіров туралы «Алтын сөре» деген 45 минуттық хабар жасадым. Ол Қазақ теледидарының Алтын қорында сақтаулы. «Алтын сөрені» әзірлеу оңайға соқпады. Қолымызда Жақсылықтың олимпиададағы белдестерінен көрініс болмаған. Мәскеуге баруға тура келді. Режиссер Яков Михайлович екеуміз Останкинодағы бейнеқордан бір апта іздедік. Онда да финалдағы белдесуін таба алмадық. Қазір есімде жоқ, Жақсылық финалда Румынның ба, Венгердің бе палуанымен белдескен. Сол ел финалдық күресті Мәскеуден сатып алып кетіпті. «Қазақ палуанының не керегі бар?» деген болуы керек, бере салыпты. Елге жартылай финалдағы көріністерді алып келдік. Үшкемпіровке байланысты осы күндері көрсетіліп жүрген көріністердің бәрі – «Алтын сөре» хабарынан алынған үзінділер.
Сол жылдардағы комментатор Қажы Қорғанов ағамыздың солтүстік аймақтарынан айлап жатып жүргізетін «Алтын дән» атты хабарлары қандай еді! Сұлтан Оразалиннен сөз саптауды, Роза Темірғалиевадан тақырыпты терең зерт­теуді, Фируза Перзадаевадан тақырып таңдауды, Құсман Игісіновтен шешендікті, Диас Омаровтан комментарий жүргізуді үйрендім. Диктор Мәриәм Айымбетоваға қатты еліктейтінмін. Сөйлеу мәнері, жұмсақ даусы, жібек болмысы, экран алдында өзін-өзі ұстауы, тіпті киіну талғамына дейін керемет ұнайтын.
90-жылдардың екінші жартысында көрерменнің көзайымына айналған «Парыз бен қарыз» хабары жайлы сөз қозғалғанда Сағат Әшімбаевты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алмай өту мүмкін емес. Екі ғасырдай болған екі күнгі Желтоқсан оқиғасының ащы ақиқаты бәріміздің көз алдымызда, теледидар ғимаратының қарсы бетінде өтіп жатты. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме.
1992 жылы Қазтелерадио компаниясы төрағалығына Шерхан Мұртаза келді. Жай келмеді, үлкен өзгеріс ала келді. Қазақ теледидарындағы ұлт­тық рухтың қырға шыққан кезеңі дәп осы жылдар болатын. Шераға үкімет басшысы Сергей Терещенкоға беделін сала жүріп, үйсіз-күйсіз жүрген журналистерге 55 пәтерлі үй алып берді.
Көрермен алғаш менімен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш спорт комментаторы ретінде танысты. Кейіннен әртүрлі тақырыптарға хабар дайындадым. 1995 жылы «САПА» деген авторлық бағдарламамды эфирге шығардым. Он жыл бойына көгілдір экраннан түспеген осы циклдық бағдарламамен менің эфирлік ғұмырым мәресіне жетті.
Ұлттық арнада қызмет еткен жылдардың қызығы мен шыжығы көп. Студияны талапқа сай жасақтамақ тұрмақ бейнетаспаға түсіретін кассетаға зәру кезеңді бастан кешкен кездер болды. Техника тапшылығы, қаражат жетіспеу­шілігі, тіпті қазақ тілінде сұхбат беретін адамдардың аздығынан хабардың сапасы ақсап жататын. Қазіргідей дайын мәтінді суфлерден оқу деген болған емес. Сценарийлік жоспарды 1-2 оқып аламыз да, камераның алдында сайрай беретінбіз. Жалпы, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы әр сәт, әр кезең менің жүрегімде қатталып қалды.

ТЕЛЕВИЗИЯ – ҚЫЗЫҚ ТА ҚЫМБАТ ЖЫЛДАРЫМНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

 

Фатима БЕГЕНБАЕВА

Бесінші сынып­ты тәмамда­ғанда әкем нағашыларым­­ның ауылына алып барған болатын. Сол жерде ал­ғаш рет теледидарды, теледидардағы дикторды көріп, тамсанғаным бар. Бірақ ешқашан да «Телевидение саласында жұмыс істеймін» деген мақсат, арман болмаған екен менде. Біз басқаша жоспарлар құрғанымызбен, өмір, тағдыр деген нәрсе кейде адамның жолын, бағытын өзгертіп жібереді екен.
Семей педагогикалық училищесінде үшінші курста оқып жүргенімде «Семей жастары» күнінің қарсаңында біздің курс туралы арнайы бағдарлама түсіріліп, экраннан көрсетілген еді. Сол хабар өткеннен кейін Семей телевизиясының дикторы ауырып қалған күндері орнына мені шақыратын болды. Ал студент үшін бұл – айтарлықтай қуанатын жағдай, әрине. Бір күнде экранға шығып, ертесінде бүкіл группаластарыңның, ұстаздарыңның, қала халқының алдында танымал болып шыға келеді екенсің. Мен бұған өзіме жүктелген қосымша қоғамдық жұмыс ретінде қарап, шақырған кезде барып жүрдім. Сөйтсем, 1967 жылы қаңтар айында телевидение басшылығы мені диктор-практикант ретінде жұмысқа қабылдап қойған екен. Мән бермей жүре бергенмін. Төрт-бес айдан кейін бухгалтерия бөлімі шақырып алып: «Сіз неге айлығыңызды алмай жүрсіз?» дегенде таңғалдым. Студент үшін айлық ретінде алғаш рет өте көп ақша алдым. Қуанғанымнан группамдағы 29 қыздың бәрін орталықтағы кафеге шақырып, түскі ас алып бергенмін. Міне, сол шақтан бастап менің өмірім телевидениемен үндесіп кетті. Қазақ телевизиясына, «Қазақстан» арнасына 1970 жылы аяқ бастым. Телевидение – өмірімнің бөлінбейтін бөлшегі, ең қымбат та қызықты жылдарымның шежіресі. Тіпті өзімнің өмірлік жолдасымды да осы телевидениеде қызмет ете жүріп жолықтырдым. Ол кісімен бірге түрлі хабарлар жүргіздік, түрлі телебайқаулардың тізгінін қатар ұстадық.
Қазақ телевизиясының, «Қазақ­стан» арнасының ол тұста да, бүгінгі уақытта да қоғамдағы күші айрықша. Өйткені телеарна – тек сөздің салмағы айшықталар орын ғана емес, жалпы мәдениеттанудың, өнертанудың, эстетикалық әдемілікті халық санасына сіңіре білудің, халықтың, қазақтың қайнап жатқан өмірінің қайнар көзі. Телеарна жұмысы жыл сайын көркейіп, жыл сайын жаңғырып келеді. Алаш ардақтыларынан бастап, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бейнесі, ғұмыры экрандалған сериалдар, фильмдер топтамасы баршамызды қуантады. Өзге де шоу бағдарламалар мен танымдық хабарлар әр көрерменнің көзайымына айналуда. Алда да ұжымға жемісті еңбек, табыс тілеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір