ҰЛТТЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ТАРИХШЫСЫ
Мен Ханкелді Әбжановты 80-жылдардың басында баспасөз беттеріндегі ауыл интеллигенциясы туралы мақалалары арқылы білетінмін. Ал өзімен 1983 жылы Р.Б.Сүлейменовтің басшылығымен қорғаған кандидаттық диссертациясының екінші оппоненті болғанда кеңірек таныстым. Ханкелді Әбжанов 1953 жылы 11 қарашада Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының Атасу елдімекенінде қызметкер отбасында дүниеге келіп, 1971 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ Ұлттық университетіне түсіп, 1976 жылы үздік дипломмен аяқтап шығады. 1979-1993 жылдары аралығында ҚРҰ ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында еңбек етіп, аға лаборанттықтан бөлім меңгерушісіне дейінгі жолдардан өтеді. 1983 жылы кандидаттық, 1992 жылы докторлық диссертация қорғаған. 2013 жылы ҚРҰ Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, 2017 жылы ҚРҰ ҒА-ның академигі.
Ханкелді Әбжанов – 600-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілік басылымдарда, оның ішінде оннан астам монографиялық зерттеулер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың авторы.
Ханкелді еңбектерінде Қазақстан тарихын зерттеудің методология мәселесіне ерекше мән береді. Методология анықтамасының көптігін көрсете отырып, автор «қысқасынан қайырғанда ол ғылыми ізденіс пен нәтижені оралымды ұйымдастыруға һәм дәйектеуге мүмкіндікті молайта, жетілдіре беру» екенін көрсетеді.
Қазақстан тарихын зерттегенде автор сегіз түрлі методологиялық ұстанымдарға тоқталады. Олар, біріншіден, Қазақстанның қай дәуірде де, әсіресе ежелгі дәуірдегі тарихын зерттегенде табиғат және адам ұстанымын естен шығармау керек; екіншіден, ұлт тарихнамасының әр бетінен, әр дәуірінен халықтың мінез, болмысы, ерекшелігі менмұндалап көрініс табуы қажет; үшіншіден, мемлекеттік биліктің түрі мен құрылымы, әлеуметтік негізі мен қызметін, мәні мен ерекшелігін әр кезеңге қарай анықтау; төртіншіден, интеллектуалдық тарих пен күнделікті тарих арасын ажырату; бесіншіден, кез келген дамудың мазмұны мен нәтижесі жалғастық пен сабақтастық; алтыншыдан, отарлау мен тоталитаризм тұсында қазақтың басына түскен нәубет құпиясын ашу; жетіншіден, ұлт тарихына ежелгі дәуірден күні бүгінге дейін тән болуымен айрықша көзге түсетін азаттығымызды баянды етуде, мән-маңызы ерекше қасиеттерді, мәнді белгілерді зерттеу пәні мен нысанасына айналдыру; сегізіншіден, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де елімізді жаңа белестерге шығаратын да қоғамдық бірлестігімізді сақтау.
Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов өзінің рухани ұстаздары, Қазақстанның көрнекті ғалымдары, тарихшылары, аға буын өкілдерінің еңбегіне үлкен құрметпен қарап, олардың ғылыми мұрасын зерттеуге көп көңіл бөледі. Мысалы, Әбжанов пен Баршагүл Исабектің «Академик Рамазан Сүлейменов» атты еңбегі де Рамазан
Бимашұлының өскен ортасы, кәсіби кемелдену кезеңдеріне, Қазақстан тарихнамасындағы үлесі, ғылыми ұйымдастырушылық қызметі кеңінен талданған. Бұл кітапты жазуда авторлардың көп еңбек еткендерін, зерттеулерінің дереккөздерінің бай әрі сан алуан болуын қамтамасыз еткендігін көреміз. Кітап авторлары академик Рамазан Сүлейменовтің отандық тарих ғылымы саласында мол мұра қалдыратынын айта келе кеңестік қоғам кезіндегі басынан өткізген бел-белестеріне сәйкес ғұмыр кешкен тұлға деп бағалайды. Кітапта Сүлейменовтің кәсіби өсуіне, ғылым биіктеріне көтерілуіне негіз болып қаланған үш жағдайды көрсетеді. Біріншіден, жас аспиранттың ғылыми жетекшілігіне заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бекітілуі. Екіншіден, 1960 жылдар аралығында тарих институтында талантты ғалымдардың үлкен шоғыры: Ә.Марғұлан, А.Нүсіпбеков, Г.Ф.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, т.б. еңбек етіп жатты. Үшіншіден, жас зерттеушінің еншісіне бұрын-соңды жеткілікті зерттелмеген мәдениет тарихын қорытындылау тиді. Р.Б.Сүлейменовтің мәдениет тарих зерттеуші ірі ғалым ретінде сахнаға шығуы, 1965 жылғы 31 мамыр – 3 маусым аралығында КСРО-дағы социалистік және коммунистік құрылыс туралы бүкілодақтық ғылыми сессиясындағы баяндамасы және 1972 жылы жарық көрген «Ленинские идеи культурной революции и их осуществление в Казахстане» монографиясымен тікелей байланысты. Ол Қазақстандағы мәдениет құрылысының тарихын биік әдіснамалық деңгейден пайымдады.
Сүлейменовтің зерттеулері кеңестік қасаң идеология заманында жазылғасын да оларда өз уақытына тән кемшіліктер мен қателіктерге бой алдырған. Мәселен, оларда Алаш қозғалысы, ұлттық тіл құрылысы, мәдениеттің интернационалануы әміршіл-әкімшіл жүйе идеологиясына лайықтап бағаланды. Ол – ғалымның кінәсі емес, қасіреті. Партиялық өктемдік тұсында басқаша жазу мүмкін болмайтын әрі қатерлі де еді.
Ғалымның Қазақстан: «Ұлттық тарих, идея, методология» монографиясының соңғы тарауларында «Шоқан, Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов, әйгілі тарихшылар С.Бейсенбаев, М.Қозыбаев, Б.Сүлейменов» өмір жолдарын жастарға үлгі алатын Отанына, еліне сіңірген адал да абыройлы қызметтері таныстырылады. Мысал ретінде мемлекет қайраткері Д.Қонаев пен академик Қаныш Сәтбаевтың тұлғалық қасиеттеріне тоқталсақ. Ширек ғасырға жуық республика ұйымын басқарған кезінде Д.Қонаевтың елдің экономикалық, әлеуметтік сапасын, ғылымның, ұлттық мәдениетті дамыту ісінде айтулы еңбек сіңіргені, кең-байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 үш қала пайда болғаны, оқырман қауымға белгілі. Автордың мына пікірлері тарихи шындықтың бетін ашады. Олар – барша қазақстандықтардың мақтанышы мен қамал қорғаны болған ұлы тұлға саяси бағдарынан таймағанын коммунистік көзқараспен дүниеден озғанын ұмытпаған абзал. Жарты ғасырға жуық ел бағына жегілген Қонаевтың партия және мемлекеттік қызметтерде қарама-қайшылықтарда орын алды, қателіктер де жіберілді. Айталық, сол кезде біртуар таланттар Ж.Тәшеновтің, Ш.Есеновтің, Е.Бөкетовтің қабілет-қарымы толық ашылмады.
Х.Әбжановтың тарихшы ретінде ең әділеттілі бағасы ол – мансабы мен атағы аспандап тұрғанда, өр көкіректік пен асып-таспаған алып адамның жеке тағдыры, әрі-сәрі күймен дауға қалғанда да өз дегенінен айнымағандығы. Ал Д.Қонаевты тарихтың өзі ақтап алды, биік тұғырына қайта қондырды.
Ханкелді Әбжанов Қаныш Сәтбаевтың ғалым, ұйымдастырушы, мемлекет және қоғам қайраткері тәрізді көп қырлы, сан сапалы қызметін сөз еткенде оның қазақ халқының өркениеттік, интеллектуалдық дамуындағы Шоқан Уәлихановтан кейінгі ерекше құбылыс екенін мойындау керектігін көрсетеді. Ал Сәтбаев құбылысы не деген сұраққа ол ерекше дарынды, талантты тұлғаның ізденісі мен қайраткерлігімен дүниеге келген, мемлекет пен азаматтардың тағдырына айтулы әсер еткен, бәсекеге қабілеттілікті арттырған әрі іргеленуіне септескен құндылық деп жауап береді. Сәтбаев құбылысы сан алуан. Автор солардың бірнешеуіне тоқталған. Бірінші, мал бағуға жарамды қабылданатын Сардалада инженер Қ.Сәтбаевтың идеясымен, жаңалығымен, бастамасымен үлкен Жезқазған бой көтерді. Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, Маңғыстау газ кен орнының ашылуына, тіпті сол аймақтың Түрікменстанға өтіп кетпеуіне де Қ.Сәтбаевтың тікелей қатысы бар. Екінші, Қ.Сәтбаевтың бас болуымен материалдық, қаржылық тапшылыққа қарамастан, Қазақстан ғылым академиясы шаңырақ көтерген. Ұлттың рухани интеллектуалдық есеюіне жаңа серпін берілді. Үшінші, Қ.Сәтбаев – Лениндік сыйлық алған тұңғыш қазақ. Төртінші, көреген сыншы Қ.Сәтбаев Қазақстан тарихы мен тағдырында, мәдениет пен өркениетке ерекше орны бар таланттардың көзін ашты. Олардың бір тобы: Ш.Шөкин, Ш.Есенов, З.Зиманов, П.Тәжібаева, А.Машани, Қ.Ақышев. Бесінші, жаңашыл Қ.Сәтбаев теория мен практиканың, ғылым мен өндірістің жаңа салаларын қалыптастырды. Мәселен, ядролық физиканы зерттеу, шоқантану Сәтбаевтың бастамасымен дүниеге келді.
Тағы да айтпай кетуге болмайтын әдіснамалық зердемен жазылған Ақселеу Сейдімбекпен бірлесіп жазылған Ханкелді Әбжановтың «Қара тақтаға жазуға асықпайық» (Егемен Қазақстан, 2004, 29 қыркүйек) «Қазақтың кеңес замандағы мәдениеті: аксиомалық пайымдау айдарымен берілген». Көлемді мақалада айтылған пікірлері мен ойлары көптеген мысалдар мен фактілермен дәлелденген. Ал қысқаша мақаладағы негізгі пікірлерге тоқталсақ. Мақала авторлары Кеңестік социалистік жүйе кезінде қазақ халқы дүниеге келтірген мәдени-рухани мұра жөнінде және сол мәдени-рухани мұраны ақиқат қалпында парықтауға қатысты кейбір ойларын ортаға салған. Мақала авторлардың негізгі идеялары төмендегідей:
Бүгінгі ұрпаққа кеңестік социалистік жүйенің бастау тегі де, нысана еткен идеясы да, ол идеяның нақтылы өмір аясында қалай көрініс тапқаны да белгілі. Гәп онда емес. Біз басымыздан өткен тарихи құбылыстың себебінен гөрі, салдарына мән беріп, оны бүгінгі және болашақ өмірімізге сабақ ете білуіміз керек. Кеңестік социалистік жүйе қандай кейіп мазмұнда болғанына қарамастан, өзге де ұлттар мен ұлыстар сияқты қазақ халқының ғұмыр шежіресінің бір бөлшегі болып тарихта таңбаланатыны аян. Бұл – қашып құтылуға болмайтын, өңдеп өзгертуге көнбейтін, болары болып қойған заманалық ақиқат. Ондай өмірбаян, әсіре дәріптелмей де немесе тұқырта құсталанбай да, дәйектілік тұрғысынан парықталар болса, тағылымы бүгін мен болашаққа қызмет етуге тиіс. Жасыратыны жоқ, Кеңестік социалистік жүйе кезінде ғұмыр кешкен тарихи тұлғалар да, олар туындатқан мәдени-рухани құндылықтар да біржақты қаралайтын көзқарастың төбе көрсетіп қалып жүргені рас. Мұндай көзқарас бойынша тарихи тұлғалар да, тек қана социалистік жүйе кезінде ғұмыр кешкені үшін кінәлі сияқты да, ал олар дүниеге келтірген мәдени-рухани құндылықтар тек қана социалистік жүйе аясында туындағаны үшін іске алғысыз сияқты пайымдалуда. Сөз жоқ, бұл біржақты көзқарас және ондай көзқарас бойынша тұтас бір тарихи кезеңдегі рухани құндылықтардың объективті философиялық-эстетикалық болмысы ашылмайды.
Бір ақиқаттың беті ашық: қазақ халқы дара этнос ретінде тарих сахнасында шыққан бергі уақыт аясында мәдени-рухани құндылықтардың туындауы жөнінен ең бір құнарлы кезең деп, XX ғасырды, соның ішінде кеңестік социалистік жүйе заманын айтуға болады. Бұл – жасырып жабуға болмайтын ақиқат. Бұл пікірге дәлел ретінде ХХ ғасыр аясында дүниені көркемдік жолымен игеру барысында қазақ халқы өнердің түрлерін, тектерін, жанрларын, олардың тарихи типтерін негізінен тыңнан туындатып, мәдени-рухани әлемін неғұрлым байытты. Сан сала өнер түрлері халықтың мәдени эстетикалық болмысына айғақ болды. Нәтижесінде, ХХ ғасыр аясында ғана мәдени-рухани идеалдың ұлттың біртұтастығына толық қол жеткізілді. Мұндай тегеурінді серпілістер қазақ халқының аса дарынды да, ұлтжанды перзенттерінің ерен еңбектері арқылы мүмкін болғаны да рас. Олардың ондаған-жүздеген есімдері зор құрметпен аталған. Міне, осы тұста мәселеге басқаша әдіснамалық зердемен ден қою қажет. Кеңестік жүйе кезінде социалистік идеал тұрғысында бейнелеу, сол идеалға өнердің көркемдік-құрылымдық принциптерін бағындыру қаза жіберуге болмайтын шарт ретінде қатаң қадағаланды. Амал жоқ, осы талғам талап аясында өнер туындылары және аса дарынды тұлғалар сол талғам талапты орындай отырып, көкейіндегі өміршең ойларын өткізудің жолдарын іздеді, тапты. Нәтижесінде, өнер тілінде ой мен идеалды астарлап жеткізудің мәжбүр болған жаңа типті эвфемистік мәдениет қалыптасты. Авторлардың пайымдауынша, осы құбылыс әсте алдын ала не жетістік, не кемшілік тұрғысынан бағаланбай, тек қана төл тарихымыздың айғағы ретінде объективтікпен парықталуға тиіс. Социалистік идеяның, коммунистік мұраттың бұлжымас талаптары – таптық, партиялық принциптер халықтың мәдени-рухани әлеміне зорлаумен, бақылаумен енгізіліп, аз уақыт аясында қалыпты өлшемге айналды. Бұл – кеңес заманында ғұмыр кешкен қазақ зиялыларының шығармашылық тағдырынан анық көрінетін үрдіс. Басқаны былай қойғанда, ұлы М.Әуезов сыншыл реализмнен социалистік реализм әдісіне біржолата көшіп, коммунистік идеясы мен мұратын насихаттаған «Өскен өркенді» дүниеге әкелді. Мұндай көзқарас эволюциясы бірен-саран емес-тұғын, ХХ ғасырда қазақ зиялыларының шығармашылығына жаппай тән еді. Ал бүгін тәуелсіздіктің орнауына қарай өзгерген оңтайлы қоғамдық-саяси ахуалды пайдаланып, социалистік идея мен оның мұраттарына шүбәсіз сенген немесе сенуге мәжбүр болған ұлт зиялыларын бір жақты қарауға да, олардың артында қалған көл-көсір рухани мұраны тәрк етуге болмайды.
Ханкелді Әбжанов тек талантты ғалым ғана емес, үлгілі ұстаз, оның шәкірт тәрбиелеуде жас ғалымдарды баулап дайындауда да қосқан үлесі өте зор. Оның жетекшілігімен 15 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаттары даярланды. Әр жылдар диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысып және төраға ретінде атсалысты. ҚР Жоғары Аттестациялық Комиссияның тарих ғылымдары бойынша сарапшылық кеңесінің төрағасы болды. Ханкелді қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуда. ҚР Юнеско және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресс төрағасының орынбасары. Әбжанов екі тілде де бірдей сөйлей де, жаза да алады. Оның еңбектері орыс, қазақ, ағылшын, араб, ұйғыр тілдерінде де жарық көрді. Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін бірнеше грамоталармен, төс белгілермен марапатталған.
Ханкелді – өнегелі отбасы, жұбайы Гүлшат та ғылым докторы, профессор, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере сүйген үлгілі ата, әже.
Бүгінгі заманда жетпіс деген жас жердің түбі емес, желіп жетер мекені ғана болып қалды. Жетпіске жеткендер қалжырап тұрған жоқ, керісінше, кемеліне келіп, ақыл-ойының келіскен шағы болып тұр. Жетпісті желкелеп, желмаяға мінгендер ұрпағы да, өздерінің бұрынғы толқындай қуатты, сапалы буын болуда. Тегінде, Ханкелді Махмұтұлы туралы да өз тағдырын өздері жасаған шымыр ұрпақтың өкілі деп толық айтпақпын.
Ел халқының тарихи санасын тәрбиелеудің маңыздылығына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Қазақстан тарихының көптомдық жаңа басылымын дайындау мәселесін көтерген еді.
Бүгінде тарихшылар қауымы дайындап жатқан 7 томдықты жазуда Ханкелдінің үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Інімізге жетпіс жылдық мерейтойың құтты болып, жасыңа жас қосыла беруді, адал еңбегіңнің талай жемістерін көруді тілеймін.
Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
тарих ғылымының докторы, профессор,
әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі