ҚЫЗ – ҰЛТТЫҢ ТҰМАРЫ, ИЕСІ, АРЫ МЕН КИЕСІ
20.01.2023
265
0

Қазақтың «Заман бұзыларда әйел бұзылады», «Әйелі азған елдің ертеңі жоқ» деген жанды сөзі бар. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген бабалардың аманаты бүгін басқа көшке ауып кеткені ащы шындық.

Иә, шынымен бүгінгі ата-ана өз қыздарына өмірлік ұлағаты зор аманатты міндеттеудің ауадай қажет екендігін біліп жүр ме? Егер білсе, ол қандай мән мен мағынаға, мазмұн мен маңызға ие? Міне, сол толғақты мәселеге назар аударту мақсатында «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы «Қызға қырық үйден тыйым» деген тақырыпта семинар өткізді. Алматы Білім басқармасымен бірлесе өткізілген іс-шара Түрксіб ауданына қарасты №115 мектепте ата-аналардың қатысуымен өтті. Семинарға педагогика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚҰУ қауымдастырылған профессоры Қоңырбаева Сараш Сағиқызы арнайы қатысып, ұлын ұлағатты, қызын ибалы қылып өсірген қазақтың ғажап дәстүрі қайда қалды деген сұрақтар төңірегіндегі жанайқайын жеткізді. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген тәмсілдің астарына тоқталып, қыз баланың іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысы, ары мен намысы, қылығы мен сымбаты жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Бүгінгі бүлдіршін қыз – ертең ибалы келін, абзал ана атанғанда бір отбасының ғана емес бір рудың қалыптасу­ына әсер ететін негізгі тұлға екендігін жеткізе түсіндірді. Сол үшін ата-ананы бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, әсіресе қыз бала тәрбиесіне бей-жай қарамауға шақырды. Осындай ауқымды жүкті арқалаған бірлестік өкілдеріне алғысын білдірді. Ата-аналар да пікірлерін айтып, сұрақтарын қойып, іс-шара соңын ашық диалог алаңына айналдырды. Семинар соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Байзаққызы ұйымдастырушыларға алғысын айтып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендігін білдірді.

Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір