ҚАРАҢҒЫ ӘУЕЗ ҚАСІРЕТІ немесе ҒАЛЫМ БОҚАШТЫҢ ҒАЗАЛЫ
23.03.2023
5617
0

Қазіргі тіршілігіміздің өзегі болған мынау ғаламшарды, дүнияны жаратудан бұрынғы алғашқы бірінші түнек тұңғиықтың қырауы шалған шыңырау және түпсіз кеңістікте, үңірейген хаоста шым-шытырық, шырма-шату әлемнен ада шетсіз мекен, шексіз тыныштықта жатқан екен. Ол кезең адамның сана- сезімі түгілі тіршіліктің, жаратылыстың мән- мағынасы айқын емес, құрдымына ой жетпес бейқұбылды әлемнің қараңғылығына жұтылып жатқан сыңайлы дейді.

Қараңғылық – әлем болғалы бар құбылыс. Әуелде бар дүние соңына дейін бола беретіні және де айқын. Осы ғайып дүние адам баласының әр кезеңінде әр түрлі әсер береді. Айрықша сәт­ті, адамдарды да іріктеп, таңдайтыны тағы бар. Біз сол өзгеше аңыз-әпсананың бір-екеуін тарқатып көрмекпіз.

Жарықтың құлы болудан сақ бол

1882 жылдың бір қою қараңғы түнінде Лейпцигте Ницше қаржылық қиындықтарға байланысты электр жарығын төлеу­ге тиыны болмай қалады. Ницше соңғы балауыз шамды жағып, қаламын алып, жатын бөлмесінің қабырғаларына әр түрлі мәтіндер жаза бастайды. Ең үлкен әріп, қанық бояумен: «Жарықтың құлы болудан сақ бол», – деп жазады. Ол сол сөзді жазып болып күрсінеді. Қайталап жазады. Көзінен аққан жылымық жас аштықтан, иә торығудан екені белгісіз үздіксіз ағып жат­ты. Жылады, үздіксіз жылады!
Күйігін басар жойқын қуат біткен тағы бір әлет­те қабырғаның қалтарыс бір бұрышында «Бүгінгі күн, осы сәт, таңға дейінгі уақыт қараңғылықты, «зұлымдықты» (осы сәт­те қандай ұғымды білдірсе де), құпияны немесе қорқынышты бейнелейтіні белгілі. Қараңғылық – бұл менің ғұмырымды толығымен жұтуды күтіп тұрған құбыжық» делінген. «Жарық жақсы (электр қуатымен байланыстыруға да болады), қараңғылық жаман. Сондықтан тұрақты электр энергиясының болуы бір ғанибет. Әйтсе де бұл тым жалпылау ұғым, өйткені жарық күннің астында жүргендердің барлығын «жақсы» деп санауға болмайды және көптеген жақсы адамдар шынымен қараңғылықта өмір сүреді».

Бір ойды қуалаған мың тұспал. Бір сұрақтың жетегіндегі мың түйін. Бір күннен кейін, бірер сағат­ты өткерген соң, тіпті алдағы санаулы минут­тардан кейін нендей мақұлық келсе де Ницше бәріне көндігіп, мойынсынып тұр еді.

«Жарықтың құлы болудан сақ бол!». Санасындағы қарама-қайшы шытырман ойлардан көңіл жұбанарлық алданыш тауып, қабырғадағы осы мәтіннен көз алмаған сәт­те кенет­тен Ницше есіктің қағылғанын естиді. Тағдырдың қандай бір белгі бергеніне немесе қандай бір тылсымның шақырғанына мән берместен ол есікті ашады. Таңғаларлығы – қолында пицца бар бір курьер келіп тұрған-тұғын. «Біреу пиццаға тапсырыс беріп еді? Бұл Зигмунд мырзаның пәтері ме?» – деп ол асығыс сұрақ қояды. Ницше мұртын сипап тұрып: «Иә, әрине. Бірақ мен бұл пицца үшін ақша төлемеймін. Өйткені ол өз уақытынан тым кеш келді! Дегенмен мен оны жемеймін деген сөз емес», – дейді. Курьер: «Мырза, қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Міне, сіздің пиццаңызбен бірге тегін десерт. Қайырлы түн», – деп жайына кетеді.
Бұлт артынан күн шыққандай тосын жағдайдан кейін Ницше қараңғылық ішінде пицца жеп отырып, кекесінмен өзінен-өзі күледі және күрсінеді. Ол қараңғылықтағы аштықты жеп, құрсағын қанағат­тандырған еді. Қабырғаға: «Мен қап-қара түнгі ормандағы бір түп тораңғымын. Бірақ менің қараңғылығымнан қорықпайтын адам төсегімнің астынан пиццаға толы қораптарды табады», – деп соңғы мәтін жазады.
Әлден уақыт­та бесінші қабат­та Зигмунд Фрейд жарық люстраның астындағы кофе үстелінен кокаиннің соңғы пакетін алып, құмарын басады. Сосын әйелімен керкілдесіп, шұрқан шығарды. «Біз тапсырыс берген пицца қайда? Оны қараңғылық жұтып қойды ма?!» – деп Фрейд айқайға басады. Төменнен, нақтырақ айтқанда төртінші қабат­тан қат­ты қарқылдап күлген күлкінің дауысы естілді.

«Қашпаңдар қара бояудан»

Араға ғасыр салып бұл құбылыс 1976 жылы маусымның он тоғызыншы жұлдызында Мақаншы топырағында қайталанады. Жұлдызтүкті көксұр түндердің қарауытып, көз алдыңдағы дүниені көрместей мұнартқан сәтінде шырылдап бір сәби өмір есігін ашты. Тағдыр таңдауға хақың жоқ мимырт әлемнің күңгірт тұстарын әлі танып жетпесе де «Қашпаңдар қара бояудан» деп, қараңғы әлемнің тұңғиығына сүңгіп кеткенін өзі де сезбесе керек.

Мынау қым-қуыт өмірдің – өмір екенін әлі тұспалдап үлгірмеген қызылшақа сәби алғаш көзін ашқанда көз алдындағы дүниелерді емес, өзіне беймағлұм, бөтен, бірақ жат­тығы жоқ сондай жылы әуенді тыңдады. «Керқұлат­ты ерт­теп, мініп жүр ме екенсің? Күн туарын еліңе, біліп жүр ме екенсің?! Әлди, әлди, әлди-әй!..». Сондай жұмсақ, сондай жайлы үн. Күн өте осы күреңіткен әуен естілмесе, жаны жай таппайтын да болды. Аты аңызға айналған байтақ даланың серісі Ақан ән айтқанда, би билігін, кемпір өрмегін, қыз кестесін тоқтатып, құлақ салады екен. Осы таныс әуен алыстан тамылжып жеткенде дала тыныстайды. Бұлақ жылжып ағады. Сәби тынышталады. Бұл тек сәбиді ғана емес, әлемді әлдилейтін ғажайып күй іспет­ті.
Осы уақыт­та әлемде мейірімнен, жылулықтан басқа оған қарама-қайшы дүниелер бар екенін жас балапанға ұғындыратын, дәлелдейтін ешқандай ұғым жоқтың қасы еді. Есесіне, алпыс екі тамырындағы қан балқып, балбырап, ешқандай кедергісіз, армансыз жан рахатына беріліп, жұмақтай мекенде қалғытып, маужыратып, беймәлім бір сәруар түске айналдырғандай ғаламат күй кешкен болатын. Әншейінде тіл ұшында айтыла салатын көңілдің шын күйі емес, иірімі тереңге батыратын қоңыр үн. Әлди, әлди, әлди-ай…
Жас сәби бір дағдымен жүретін уақытқа бағынбай, Толағайдың жылдамдығымен ержетеді. Асық ойнап, ертек тыңдай бастағанда, әжесінің ауызынан «Қара аспанның астында қала жатыр қап-қара, қара қардың үстінде аш сауысқан, сақ бала» деп басталатын өзгеше әуезді құлағына құяды.

«Бір, екі, үш… Шынында, керек шығар тездету,
Қаражасыл аязбен бояп алған өз бетін.
Қырсық көше, сигнал, гуіл, ызың, жаңғырық…
Қара мұзда толғақты мысық отыр мәңгіріп…»
деп жалғаса беретін «Санамақ» еді бұл.
Қарақошқыл мәтіннің ішіндегі емеурінді, бұлыңғыр әуеннің ішіндегі шерменде күйді таныған балғын жастың жүрегінде қорғасыннан ауыр, түннен қалың қайғы, удан ащы қасірет қалды. Уылжыған жас жеткіншек оны өзінің жүрегіне аманат­тап, ертеңгі соқпақсыз кенересіне мың батпан ауыр жүкпен ат­танып кете барған еді.
Жыл артынан жыл, ай артынан ай өткен. Бозбалалық шақтың жалынына қақталған Ғалым бір уақыт­та ақ шарасына у тамызған тағдырына «Дат» айтады.

«Темір тордан атырдым таңды тағы,
Төрт қабырға еңсе езіп, жанды құрсап.
Енді қайда сұм тағдыр қаңғытады,
Еркін жүрген арт­та, шіркін, қалды бір шақ».

Өзімен бірге қайғысы да қатар есейген мұңды қоңыр дауыс. Азапты күйді айнақатесіз бедерлеген, бір өзіне ғана жарасатын таңғажайып сымбат бар. Әуездің бір шырқау биігінде «Құтқарыңдар, бұл азаптан құтқарыңдар!» деп дат сұрайды. Өзгелерде болатын жалынышты сұрау, арыз немесе тұтқын ойдың күйініші емес, боркеміктіктен арылуға үндеген жанайқай басым. Бір ыңғайда табиғатында жоқ арыз-арманның тонын теріс айналдырып, басқаша түлегені байқалады. Жауабы қайтпайтын сұрақтың белгісіздігімен арпалысқан ашынышты көңіл күйі әуен боп әуелеген еді.
Уақыт­тың өтетіні рас. Аралықта біраз дүниенің ұмыт болары да айқын дүние. Бірақ көңіл көкжиегінде мұнартып, көлбей ұшатын елеулі сәт­тер жадыңда сақталып қалады. Ғалым ордалы отызға таяған шағында тағы бір тосын жағдай болып еді.

Қазақ­стан республикалық телерадиокорпорациясының өз уақытында заманауи, жасампаз, танымал медиа ұйым болып, түрленіп тұрған шағы. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығы еді. Төрағалық қызмет­тегі Ғалым Доскен ғимарат залынан тұстас досы Таласбек Әсемқұловты жолықтырып қалады. «Қазақфильмнен» келген Таласбек жұмысы біткесін Ғалыммен аз-кем әңгіме айтып, шайға отырады. Қызу әңгімені бұзған көрші бөлмедегі ән мен әнші болды. Нақтырақ мұң мен мұң тудырушы десе жарасар.
«Түннен қорқам, мәңгілік тұратындай, Тоқташы, тоқтай тұршы, қуа­тым-ай!» деген қамырықты ғажап үн еді. Әдет­те можантопай әуендерге ден қоя бермейтін Таласбектің әлсін-әлі түрі бұзылып, көрші бөлмеге құлағы елеңдей берді. Орындаушының Ғалым Боқаш ат­ты жігіт екендігін, осы орында жұмыс істейтінін, шетелден білім алып келген, бес тілді еркін меңгерген, көреген, білімдар азамат екенін, музыкамен де ара-тұра айналысатынын бір әредікте ескертеді Ғалекең.

Бейтаныс жігіт­тің орындауына зер салған Тәкең үнсіз тыңдап отыр еді. Жұмыс арасындағы үзілісте ән айтып отырған Ғалымды қызмет­тестері тағы да қолқалап, қайталай айтуын өтінеді, Ғалым Боқаш әуеннің иіріміне шым батып, шыңырауына бірақ сүңгиді. Ал мына жақтағы кемеңгер екі тыңдарман төте кіріп баруды ерсі көріп, жалғасты әуезге ден қояды.

«Күн қайда асығады» деп зарлаған қамырық, шер. «Мынандай езіп орындауды бұрын қайдан естіп еді?». Тәкең үнсіз тыңдап, есіне түсірді. Сәлден уақыт­тан кейін ғажап орындау аяқталғанда кеудеге кеп түйілген шуда-шуда түйіндерді ақтарды-ай келіп. «Ғалеке, өзің білесің. Қайғы-қасіретсіз аққан жастың соры бес елі. Өлең де сондай. Жүрегіңнің түкпірінде бар екенін өзің де білмеген етене сыр-күйді қозғап, он екі мүшені талдыратын ауыр қайғы – жеңіл қуаныштан әлдеқайда биік, ұлы болмақ. Манағы Ғалымның ширығып айтқан әуезінен жалқылықтың жалпылықтан еш кем емес екенін байқайсыз. Бұл жаншып, жаныштап еңсесін көтертпеу, мыжып, мыжғылап қайғы мұңға батыру – осы Ғалым Боқашқа ғана тән құбылыс. Бұл әнді қайғы-қасіретімен езгілеп айтуды Сүлейменовтің Асқарының орындау­ынан ғана естіген едік бұрын. Ғалым Асекеңді естіді, естімеді. Бірақ орындау­дағы мың батпан ауыр мұңды сезініп айту – олардың ортақтығы дер едік. Мынадай бір талғамдық ерекшелік бар еді, Жанғали Жүзбаевтің күй тартысы хақында. Ешқандай күйтабаққа түспеген Сүгірдің күйлерін Қаратау өңірі, Созақ халқы құлақтан құлаққа естіген күйінде сақтап, жеткізіп отырған. Сүгір күйлерін негізгі жеткізушілері – Генерал Асқаров пен Төлеген Момбек. Жанғали, әрине, осы екі күйшінің төл шәкірті. Осы Қаратау өңірінің соңғы өкілі болып саналатын Жанғали Сүгірдің «Шалқымасын» Төлеген Момбектің орындауында естіп үйренген, шерткен. Бірақ шертісіне ден қойып тыңдаған адам еміс-еміс Генерал Асқаровтың асау қағысын тыңдап отырғандай болады. Генерал Асқаров «Шалқыманы» орындамаған. Неге бұлай? Көп адам Жанғалидің шертісін тыңдап отырып, оның Төлеген Момбекке ұқсайтынын айтады. Жаңсақ ұғым. Ол – сыртқы көрінісі ғана. Ұғатын құлақ оның Генерал Асқаровтың табиғатынан тамыр тартатынын бірден ажыратады. Күйдің мазмұнын үйрену бар да, оны өз машығына салып тарту бар. Осы арадан келіп орындаушылық талдаудың интерпретациялық үлкен бір сыры ашылады. Жоғарыдағы Асқар Сүлейменов пен Ғалымның орындауындағы ұқсас байланысты айтып отырғанымыз да сондай гәп. Бұл әнді қуып, жеңіл- желпі айтуға, әсте, болмайды. Өйткені қайғы-қасірет, өкініш, арман, ой деген ұғымдар жеңіл дүниелер емесін сіз жақсы білесіз. Музыка деген ақын мен композитордың, сөз бен әуеннің қосындысы ғана емес, оны сол биік қалпында жеткізу де орындаушының құзырындағы ұлылық болып саналады. Осындай ерекше қасиет­ті бойына сіңірген арда азамат­тың жолын Тәңір оңғарғай!» – деп тоқтаған.

Музыканы жұлын жұлдызымен сезетін, күйдің жілік майының ақ-қарасын айыратын, арғы Фарабиды айтпағанда қазақ музыкатануының атасы саналатын Асқар Сүлейменовтің түйсігіндей түйсікті, міне, екінші Таласбектен көріп, Таласбектен танып, іштей елжіреп, иіп кетіп еді Ғалекең. Сол күнгі мағынаға толы қызу әңгіме, ән-күйге бөлеген отырыстың қалай аяқталғаны ешкімнің есінде жоқ. Есте қалғаны – Ғалым Боқаштың «Күн қайда асығады» деп салған сұлу әуені ғана еді…

Сұр түсті Алматы. Буалдыр таң. Бұлыңғыр көшелер. Уысынан қашқан сынаптай уақыт, оған қашанда көндігуге үйір адам. Қалтарыс бір бұрыштағы үйден үзіліп естілген әуен алыстағы көліктердің дауысына жұтылып жатыр. Дауыстардың қосындысынан тағы да дауыс шығады. Десек те қалтарыс бұрыштан естілген, тамырына қараңғы әуез қасіретін сіңірген ән бүй дейді.
«Ақ пенен қара алмасып,
Алмасып тұрса әрдайым.
Ақ түске ғана жармасып,
Қараны неге алмайын?!»

Бұл – қала тұрғындарына баяғыда ұмыт болған сағыныш сазына толы, жан жүрегіңді баурайтын мұңлы толқын-ды. Әйтсе де бұрынғы танысын шырамытқандай жақындық бар. Гитара – ол кішкентай оркестр демейтін бе еді Бетховен. Осы шағын оркестрдің орындаушысы, дирижері де, сырт­тай бақылау­шысы, көрермені де – Ғалымның өзі еді. Өзінің ақиқатымен, болмысымен бетпе-бет келіп, жападан-жалғыз бөлмеде бұрыштағы гитарасымен алысып отырған. «Қап-қара, ғажап, сиқырлы, қашпаңдар қара бояудан» – әуенмен бірге өзі де қара түннің бояуына сіңіп кеткендей, кеңістікте еркін самғаған. Қараңғылықтың уы, жарықтың уызындай, тамсанса, таңдайы күйік емес, бал татиды. Сонсоң тамсана береді. Осы қараңғылық, осы қарауытқан бүгінгі түн енді қайталанбастай. Осы қарабайыр кеңістік, одан туған қараңғы әуез қасіреті енді қайтып көкірегінде тұнбастай өзгеше күй кешкен. Жүзінде масат­танудан гөрі қынжылу үстем. Болмысында алғыс, разылықтан гөрі таңданыс күштірек. Күйінішінен сүйініші басым өмірде пендеден емес, тағдырынан қағажу көрген қайран көңіл. Сол уақытқа байланысты құбылған шешім енді қай бағытқа тартарын өзі де шамалаған тұғын.
Ғалым жолға дайындалды. Жанарында кілкіген жас жоқ, от бар. Жүрегіне қайғының табы емес, өршеленген күш біткен. Көкейінде сайрап тұрған көне жолдың сорабы. Бірақ жаңа бір сүрлеудің ізіне түсті. Қара бояудан қорықпаған ол жарық әлемнің қараңғы тұстарынан қашып, тағдырының теріскейі мен күнгейін, көлеңкесі мен күнәсін зерделемекке қараңғы түнектен шығып жөней берді.

Тілеубек БАТЫС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір