Ә.НҰРПЕЙІСОВ АДАМЗАТ ТАҒДЫРЫНЫҢ ЖЫРШЫСЫ
29.10.2024
566
0

(Ә.Нұрпейісов туралы естеліктерден)

«Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәт­тен, былайша айт­қанда, ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кете­йін қазақ даласының боз жусанының ащы иісі мен ән-күйі арқылы жөргегімнен қалыптасқан». Нұрпейісов қайда да, не туралы сөз қозғаса да өзінің жүрек түкпірінен шыққан осынау шынайы ойынан бір айныған емес. Ол саяси диссидент те емес. Сөйте тұра, көңілі қаламаса жұрт дүрілдетіп тойлап жатқан ешбір айтулы күнге де, қоғамдық ахуалға да мойын бұрмайды. Әнебір жылы, тың игерудің 30 жылдығына арналған бүкілодақтық жиналыс өтіп жатқанда, ол небір маңғаз, небір жоғары лауазымды адамдардың өзі амалсыз бетін тыржитуына мәжбүр ететін мына бір аңызды айт­қаны бар. «Құдай-екем осынау жалпақ жердің үстімен батыстан шығысқа қарай қалықтап ұшып, жолшыбай өзінің жомарт қолымен тіршілікке қажет­ті иен байлықты таратып беріп келе жатады. Ол, әсіресе со күні көңілінің қошы келіп, зор шат­тыққа бөленген ғажайып бір күйде әлсін-әлсін қоржынына қол салып, сыңсыған сұлу ормандарды, көкорай шалғын жайылымдарды, айнакөл, ағынды өзендерді осы күнгі еуропалықтар тұратын үлкен мекенге тарту етіп берумен болыпты. Ол аз болса оларға қысы жайлы, жазы жайдары, ауа райы қолайлы жағдай жасауды да қаперінен шығармаған екен дейді.
Ал Құдай-екем адамдарды да өзінің мінез-қылығына, өзіне ұқсатып жаратқан ғой. Сондықтан қарапайым адам-пенденің бойында болатын кейбір осалдықтар, оған да жат емес сияқты екен. Осынау ұзақ сапарда ол аздап жолсоқты болып, сосын, қоржынындағы тарту-таралғысы да ортайыңқырап қалған еді. Тап сондай бір тұста ол Қазақ­станның үстімен өтіп бара жатыр екен дейді. Міне, сонда Ол әлгі таусылуға жақын сый-сыяпатын бұл жерге бір-екі уыстап қана, бір-бір шым-шым ғана тастап-тастап өте шыққан көрінеді. Енді, міне, біздің жерімізде ұдайы өрт­тей ыстық жел, алқынған аңызақ соғып, жаз бойы кейде жаңбыр тамбай, ал қыста солқылдаған сары аяз болатыны да содан екен. Қысқасы былай барсаң – арбаң сынады, былай барсаң – өгіз өледі».
Әбдіжәміл Нұрпейісов тіпті ұғым-жұғымы басқа еуропалықтардың өзімен, ЮНЕСКО-ның сол кез­дегі ноқтабасы Федерико Майормен де, оның серіктерімен де туған даласының даңқын асқақтата отырып, шабыт­тана да шамырқана үн қатады. Сонда ол әуелі «Құрмет­ті мырзалар мен ханымдар!» – деп, хат­тама тілмен бастап алады да іле-шала: – Біздің ұлы дала да адамша тыныс алып, адамша тіршілік етеді. Ол түсіне білгенге адамша сөйлейді. Ал оны түсіну үшін сол далада тууың керек. Дала дегеніміз – сайыпқыран жігіт­тердің ат ойнатып, ептілігі мен ерлігін шыңдар ұлан-байтақ мекені. Сонымен бірге дала дегеніңіз – күні тас төбеден шақырайып қарап тұрған көгілдір аспан астында шетсіз-шексіз ішектей шұбатылған ұзақ жолда келе жатқан жалқы жолаушының түпсіз де терең фәлсафаға толы ойлары мен тұңғиық толғам-тұжырымдары. Ол сонау шырқау биікте тербеліп тұрған көгілдір күмбездей аспаннан да жоғары, одан да заңғар, өзі өмірбақи іздеумен келе жатқан ақиқатпен ғана оңаша сырласып келе жатқан адамның жан сыры іспет­ті», – деп тебірене жөнеледі.

Зейнолла Қабдолов:
«Соңғы парыз” – сөзсіз қазақ прозасының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таң қаламын. Егер де, “Қан мен тер” қазақ тағ­дыры мен тұрмысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтыса, “Соңғы парыз” сол халықтың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы”.

Иә, дәл солай. Тіпті адам атаулы аузынан тастамайтын киелі ақиқат­тың өзі осынау құладүз, құбажонның тылсымында тыныстап жатады екен. Ендеше, бұл даланы қалай өліп-өшіп сүймессің? Ендеше, басқа жақтан жоқ іздеп жортуылдаудың қажеті қанша?! Қаламгердің жанын күйзелтпейтін шаруа жоқ екен мына заманда. Бүгінгінің адамының рухани мүгедектігі, баяғы шығармашылық бай рухтың сарқылуы, адамның адамшылығы, ар-ұждан, ұят-намыс – бәрі-бәрі ақшамен өлшенетін, демократия кім көрінгеннің қалқаны мен қаруына айналған қоғам – осының бәрі оның тоқсан тарау тамырын түгел тітіркендіреді де тұрады. Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл заманның осынау кесел-дерттерін ұтыры келген жерде даусы жеткенше ашына айтты. Мұндайда, ара-тұра «мәдениет­ті емес» сөздер де қыстырылып кететіні тағы бар. «Әлемнің басым көпшілігі қайыршылық, жабайылық, үмітсіздік жайлаған күн кешіп, өмірге деген ашу-ызасы қара қазандай қайнап отырғанына көзді жұмып қойып, ғылым мен техниканың керемет­терін таңдай қаға тақылдап лепіретіндер бар. Осының бәрі, меніңше, адам санасындағы үдеп бара жатқан технократизмнің кесірі сияқты», – дейді Әбекең.
Нұрпейісовтің роман, көсемсөз тақырыбынан шығып, оның өмірлік тақырыбына айналған бір тақырыбы бар. Ол – экология. Иә, экология дегеніміздің ең басты мағынасы – адам тіршілігінің басты көзі табиғат­ты аман-сау сақтау дегенді білдіреді. Бірақ бұл туралы «Соңғы парызды» қайта бір оқып алып әңгімелесу дұрыстау сияқты. Ол дегеніміз, қазақ халқының, яғни біздің ұлт­тық мәдениетіміздің, ұлт­тық тіліміздің экологиясы. Және бұл мәселе дәл қазір айтуға тиісті мәселе. Әбдіжәміл Нұрпейісов тіл туралы айт­қанда, оны ең алдымен халықтың мәдениеті, оның жаны, тіпті тіл – халықтың өзі дейді. Иә, «Әуелі – Сөз болған!» Ал біздің санамызға соншама жылдар бойы түрі – ұлт­тық, мазмұны – социалистік деген ұғым әбден сіңірілді. Әрине, бұл да бір сандырақ! Өйткені мазмұнды түрден өзге де тәсілмен түсіндіріп беруге болады. Себебі түр – іші қуыс бос қауашақ емес. Міне, біз осы қағидаға Құдайға сенгендей сеніп, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырдық. Жаратқан иеміз Вавилон мұнарасын бекер күл-талқан етпегені де осындайда еске түседі.
Жазушының әртүрлі жиындарда, кез­десулерде әбден айта-айта қажыған, шаршаңқыраған үнмен айтса да жаңа бір екпінмен айтып тұрған әр сөзін жүрегің сыздамай тындай алмайсың. «Профессор Дэвид Кристалдың дүниені дүрліктірген «Тілдер ажалы» деп аталатын кітабында, «ай сайын осы күнгі әлемдегі бес мың тілдің екеуі жойылып отырады» делінген. Біз «тіл – халықтың жаны» дегенді қайталап айта беруден танбаймыз және қазақ тілінің өз жерінде, өз елінде адам шошырлық күйге түскеніне қарап отырып, қазақ халқының да өмірі мен ажалы қалай болатынын көз зәреміз қалмай отырып ойланамыз». Бұл Ә.Нұрпейісовтың халықаралық ПЕН-клубтың Ослодағы сессиясында сөйлеген сөзінің үзіндісі ғана.
Ал Мәскеуде қалың жазушы қауымның алдында сөйлеген сөзінде ол: «Мұхаммед пайғамбардың жасынан асып кеткеніме де төрт жыл болды. Осы күні мен өзімді сонау сәби кезімде ұзақ бір ұйқыға кетіп, енді, міне, сол қалың ұйқыдан қартайғанда бір-ақ оянған адамдай сезінемін. Осынау ұзақ ғұмырымның өзі маған бір қым-қиғаш өң мен түс сияқты. Бұл өзі мен үшін сонау бір бала шағымда біз қазақ даласына күштеп колхоздастыру кезінде басталған еді. Басқа республикаларда қалай болғанын қайдам, бізде – Қазақ­станда, бұл «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген большевиктік басты ұранмен жүргізілді. Шынында да, солай болды. Бүкіл байлығы – малынан айырылып, қолына көген, құрық ұстап қалған қазаққа енді қалғаны тек ажал ғана еді. Ол да болды. Сөйтіп, бас-аяғы біржарым, екі жылда үш миллионнан астам қазақ қара шыбындай қырылып қалды. Тұтас ауылдар, ру-тайпалар жойылып кет­ті. Қалса жетім-жесірлер қалды. Сосын, репрессия басталды да қазақтың бүкіл оқығандары, білімділері, бетке ұстар азамат­тары атылды, асылды, жер аударылды. Қазақ одан енді есін жия бергенде соғыс басталды. Қазақтың жарты миллион қыршын жас боздақтарының сүйегі жат елде, жат жерде қалды. Қысқасы, мен бес-алты жастан бері, өз отандастарымның қырылуын көрумен келемін. Ал ке­йін тың эпопеясы дегенге тап болдық. Бір-екі жылдың ішінде, біздің солтүстік уәлаят­тарымызға үш миллион тың игеруші дейтіндер келді. Сталиндік коллективтендіру кезінде дәл осынша қазақ қырылған еді. Ашығын айтайын, тың игеру дегеніңіз, патшалық Ресейдің отарлау саясатын одан әрі жалғастырудың жаңа бір түрі ғана еді. Никита Хрущев мұны: «Егер патша соншама уақыт бойына бұл аймақты адамдармен толтырудың патшалық әдістерін пайдаланып толтыра алмаса, біз оны кеңестік әдіспен жүзеге асырдық», – деп ашықтан-ашық айт­ты.
Иә, бұл оның Мәскеудегі жазушылар қауымы алдында сөйлеген сөзінен үзінді ғана. Мұның алдында, КСРО құламай тұрғанда Әбдіжәміл Нұрпейісов:
«Ал сондай беделді-беделді бір топ адамның «Известиядағы» ұлт­тық республикалардағы тіл мәселесін орыс тілінің пайдасына шешу керек деп мәлімдеуін қалай түсінуге болады? …Әрине, олардың елдегі тілдер мен ұлт­тық мәдениет­тердің тең құқылығы туралы пікірлерін түсінемін, ол менің жаныма жат та емес, кез келген адамға ұлтына, тіліне қарап, қысым жасауға болмайтыны – болмайды.
Бірақ мен мынаны түсінбеймін: «Осы бір адамгершілікшіл, демократияшыл адамдар Қазақ­станның солтүстік уәлаят­тарын игеру деп аталатын науқанның өзі де осы қасиет­ті қағидаларды бұзудан басталып, қазақ тілінде оқытатын мектептер жаппай жабылып, тарихи ескерткіштер, ата-баба зират­тары қиратылып, жергілікті халықтың ең бір тіршілік көздерімен қатар, ұлт­тық салт-дәстүрін аяққа таптатып жатқанда, бұл азамат­тар қайда жүрген? Олардың, осы бір құрмет­ті адамдардың бірде-бірі бас-аяғы бірер жылдың ішінде-ақ тың өлкесінде жүздеген қазақ мектебі жабылып, қазақтардың тең жартысы ана тілінен, ұлт­тық мәдениетінен айырылып, қазақ тілі ажал алдында екені туралы баспасөз бетінде бір ауыз сөз айт­қанын естіген де, көрген де емеспін», – деп жазған болатын.
Мүмкін, жазушының, жәбірленген адамның бұл үн-толғауында бәрі бірдей әділ айтылмаған да шығар. …Бірақ мұндай әділетсіздіктің өзінде де шындық бар, қайталап айтайын, мұнда тарихи жағдаят­тардан әлдеқайда биік тұратын жан айқайы бар. Оның үстіне бұл шындық – тиянақты ойдың кеңдігімен, қиядағыны шалатын көрегендікпен дәлелденген шындық.
…Осыдан он бес жылдан астам бұрынырақ «Новый мир», «Памир» деген қос журнал Сырдария мен Әмудария алқабына ғалымдар мен әдебиетшілердің сапарын ұйымдастырды. Олардың ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те болды. Соған орай өткізілген баспасөз мәслихатында ол: «Осыдан біраз жыл бұрын мен Алматыдан Аралға бардым. Ондағы ойым революция, азамат соғысы кезіндегі Арал балықшыларының тағдыры жайлы кітап жазу еді. Қазір ойлап отырсам, кәрі теңіздің сол кез­дегі керемет сұлулығы мен көркемдігі менің әлі де қабырғасы қатаймаған жас баладай қаламыма әлдебір тылсым күш берген зор қазынадай болған екен.
…Ол кез­де көптен бері ауруы меңдеген адамдай азап шегіп жатқан туған Аралым шығармашылық шабытқа ұшқын беруге әлі де қабілет­ті екенін мен түсіндім бе, білмеймін. Бірақ солай болды да, мен жақында алтын кебектей ақ құмақтың ортасындағы осы бір көкпеңбек көк теңіздің қасіреті туралы жаңа кітап жазып шықтым. Өнер дегеніңіз – бақыт пен сордан қатар қорек алатын өте бір қатыгез нәрсе ғой», – деген болатын.
Ә.Нұрпейісов бір кез­де «үркіншілік жылдар» туралы роман жазбақ болғаны да рас. Ал ол ұлт­тық сана туралы нағыз монографиялық драма болып шықты. Арал жағалауындағы ел туралы еңбек жазуда. Бір сәтке «Соңғы парыз» дилогиясын парақтап көрелікші.
«Осы бір өлі күл төгінділерді суырып, көкке ұшырып аңызақ жел еседі. Бүгінде балықшылар поселкесінің ақсақалды қарт­тары ғана осы бір репеті жаман құланды төбешіктердің маңынап өтіп бара жатып мұнда қашан, кім тұрғанын есіне түсірген болады. Міне, мынау Сәленнің үйінің орны, оның қасындағы Достың үйіне таман, сірә, Мөңкенікі болу керек. Ал анау жарқабақтың басындағы ысырма құмның астында қалған от орнындай ғана кішкентай төбешік аңғал-саңғал болып тұратын берекесіз Судыр Ахмет­тің үйінің орны ғой»…
Қалай дегенде де бұл екеуі екі түрлі кітап. Олардың тағдыры да әртүрлі.
«Соңғы парыз» 1976 жылы жазыла бастады, сосын, арада біржарым жыл өтер-өтпесте дилогияның бірінші бөлімі аяқталды. Бұл деген, Нұрпейісов үшін нағыз рекорд! Бірақ бұл кез­де автордың есімі әдебиет­те әбден орнығып, жалпақ елге белгілі болса да кітапты жариялау кешеуілдей берді. Бірге туған адамдай болып кеткен «Дружба народов» жариялауға келісіп, қолжазбаны тергізіп те қойыпты. Бірақ дәл сол сәт­те цензура да тісін ақсита қойды. Сергей Александрович Баруздин тумысынан қайсар нағыз жаугер адам еді. Ол Главлит­тің төрағасы, өзі де, ақыл-есі де шап-шағын кіп-кішкентай Романовқа өзі барып, естіп қайт­қан сөзі: «Әрине, Нұрпейісов­ті құрмет­тейміз, сыйлаймыз! Бірақ қараңызшы, ол анау трилогиясында патшалық Ресейге қарсы күрескен кедей балықшыларды көрсетсе, мынада сол балықшылардың ұрпақтары жоғарыға қарата бір ауыз қарсы сөз айта алмайды. Олар өз жерінің суын тартып алып жатқанда да үн шығара алмайды. Жоқ, кешіріңіз! Біз бұл кітапты жібере алмаймыз», – болды. Сөзін осылай айыптаумен аяқтаған оны Баруздин қанша айтса да, қанша адам салса да түсіндіре алмағанын авторға бір сөзін қалдырмай айтып берді. Рас, Алматыда дәл ондай қат­ты қарсылық бола қойған жоқ. Нұрпейісовке бұл жолы баспасөз комитетінің төрағасы болып қызмет істейтін досының көмегі тиді. Бұлар цензураны оп-оңай алдап соқты. Бұл кез­де «Қан мен тердің» кезекті басылымы бет­теліп жатқан. Бірінші томға трилогияның бастапқы екі бөлімі, екінші томға соңғы бөлімдері енді. Кітап көлемі, әрине, шағын болды. Ал Нұрпейісов оның көлемін ол кез­де «Сең», «Долг» деп аталған «Соңғы парызды» қосып көбейтуге көндіреді. Сөйтіп, бұл басылым түгелдей «Қан мен тер» аталып шықты. Бірақ автордың да, оның қамқоршысының да айтуынша, бәледен аулақ деп ең бір ащы айтылған тұстары алынып тасталды. Осыдан соң барып роман жүз мың данамеп «Известия» баспасынан (Мәскеу) жарық көрді. Ал «Советский писатель» баспасында дайындалып жатқан басылым шықпай қалды. Өйткені бұл баспа жаңағы қысқарған алматылық нұсқаны ғана шығармақ болды, ал автор тек «Известиялық» нұсқасын шығарамын деп қасарысты да қалды.
Қалай дегенде де, бұл кез­де роман Қазақ­станда да, Ресейде де өз оқырманын тапқан еді. Ол – ол ма, романды екі ортасын тас қорған қақ айырып тұрған Германияның екі баспасы бірінен соң бірі жөпелдемелете шығарды. Бірақ Әбекең бұл жеңіске соншама қуана қойған да жоқ еді. Оған …алматылық газет­тердің біріне берген сұхбатында жазушы, аудармашы Анатолий Ким:
– Біз Әбдіжәміл аға екеуміз (мен оны Әбе деймін) 1999 жылы, ол 75 жасқа толғанда келдік. Ол содан бері шығармаларын менің аударғанымды қалайтын болды. Бірақ менің уақытым болмады, сегіз роман, бірнеше пьеса және киносценарий жаздым. Өте көп жұмыс істедім. Ал өткен жылы Алматыға келгенімде, ол баяғы өтінішін тағы да айт­ты. Әбе кез келген көркемсөз шеберімен сөйлесе алады ғой, ендеше, неге сонша маған ғана сенім артқысы келеді деп ойлаймын іштей. Ке­йін оның соңғы романымен танысқанда, Әбе екеуміздің жан дүниемізде үлкен бір ортақшылық бар екенін ұқтым.
Ол – қазақ. Мен Қазақ­станда туып-өстім. Ол – өз ұлтының нағыз перзенті, оның бүкіл жүрген-тұрғанынан, мінез-құлқынан таза қазақылық көрінеді де тұрады. Ал мен – орысша жазамын. Бірақ мен бүкіл жан сырымды қай тілде ақтарсам да, соның бәрі арғы түп негізі ежелгі корей ұлтының рухынан нәр алып шығып жатқанын өзім жақсы сезініп отырамын. Міне, сөйтіп, біз Шығыстың қос перзенті осылай қауыштық.
– Бірақ Нұрпейісовті талай-талай жазушылар, оның ішінде, Юрий Казаков та тәржімалайды ғой.
– Иә, Әбенің кітаптары оның арқасында үлкен серпіліс туғызды. Бірақ Әбе, Казаковтың кейбір олқы тұстарын мен толықтыратындай көрді-ау деймін. Бұл өзі, Шығыс адамының жансарайындағы өзгешеліктерді аңғара білу болуы да мүмкін. Өйткені әдебиет тек идея мен мазмұннан ғана тұрмайды, оның өзіндік бір ішкі құпия әуезі де бар ғой. Сондықтан да Нұрпейісов менің кітаптарымды оқығаннан ке­йін өзінің сол ішкі әлемін түгел ақтарып ашып беретін осы жігіт деп ойлаған шығар.
Бір сөзбен айтсам, «Соңғы парыздың» аудармасында өте сирек ұшырасатын органикалық ерекшелік бар. Бұл туралы ке­йінірек айтармыз.
Ал роман ше? Иә, мұнда махаббат шырғалаңы да бар. Ол «Қан мен терде» Еламан-Ақбала-Тәңірберген арасындағы тартыс болса, енді ол Жәдігер-Бәкизат-Әзім арасында жалғасады.
Мұнда мансапқорлықтың шырғалаңы бар. Бұл жерде ауылдан астанаға келген бозбала Әзімнің туа біткен ақылдылығы, қабілеті мен табандылығы, одан да гөрі орайлы сәт­ті қалт жібермейтін ептілігі мен кез келген ортаға майлы қасықтай кіріп кететін жылпостығының арқасында өз лауазымының соншалықты екпінмен самғауына қайран қаласың.
«Соңғы парыздағы» жанрлық алуан түрліліктің, тіпті өндірістік романға тән тұстарын аңғару да қиын емес. Мұндағы жұмысшылар артелінің тұрмыс-тіршілігі, балықшылардың жансебіл ауыр еңбегі, олар тұратын қамыс қақыра үйлер ара-тұра тізбектеліп өткеннің өзінде көз алдыңыздан кетпестей боп қалады.
…Бірақ сөйте тұра, «Соңғы парыздың» әлгі «өндірістіктігінің» өзі 20-жылдардың да, 50-жылдардың да, өзімен тұстас 70-жылдардың да бірде-бір кеңестік классикалық шығармаларға мүлде ұқсамайды. Иә, «Соңғы парыз» ең әуелі өліп бара жатқан Арал туралы зілмауыр қайғы-қасірет және сол ажал алдындағы теңізге арналған ащы зарлы мұңлы әуен ретінде керемет тартымды. Бұл – романның негізгі арнасы. Жанының азалы жыры, «бір кез­дері арнасына сыймай асып-тасып жататын алып теңіз енді, міне, сенің көз алдыңда адамзат баласының ашкөздігі мен санасыздығының құрбаны болып, ауруы әбден меңдеген адамдай азаптан қат­ты қиналып өліп барады». «Арал ажал аузында. Ауа уланған. Халық кедей. Сол халық сөйте тұра туған жерін, ата-бабадан қалған, кіндік қаны тамған, ғасырлар бойы тамыр жайған жерін тастауға қимай, әлі де осында табан аудармай өмір өткізуде. Егер әділдік дегеннің жер бетінде бар екені рас болса, адам баласы мұндай қорқынышты да қорлық пен мазаққа толы жағдайда тұрмауы керек еді ғой!»
«Егер менің еркіме салса, мен мектептерге міндет­ті түрде ана тілімен бір «Экологиялық сана» деген пән енгізер едім. Өйткені қазір адамның ішкі мәдениеті мен оның адамгершілік деңгейі қазіргі экологиялық санамен өлшенетін заман келді». Бұл ой-тұжырым романда аты-жөні айтылмайтын жас адамның төл сөзімен беріледі. Ол мінбеден бетіне жан қаратпайтын академикке тура қарап тұрып: «Баяғыша бір еуропалық «Адамды қойлар жеп жатыр» деген екен. Әрине, қой деген ешкімге залалы жоқ жануар адамдарға қандай кесапат келтіріп жатқанын мен білмеймін. Бірақ мен осы заманда табиғат-анамызды қиратып, бүлдіріп жатқан ғылыми-техникалық прогресс дегеннің енді адамзат­ты қырып-жоймай бір тоқтамайтынына көзім әбден жеткен», – дейді.
Көрнекті қырғыз режиссері Болотбек Шамшиев «Соңғы парызды» оқып шыққанын ке­йін авторға жазған хатында, оны – Әбдіжәміл Нұрпейісовті Арал Хиросимасының куәгері деп атайды. Хат­тан үзінді келтірейік: «XXI ғасырдың кіре берісінде беті ашылған, іркілмей айтуға болатын үлкен бір қасірет болса, ол – «жаһандану» деп аталатын құбыжықтың адамзат­тың қарсы алдында аузын арандай ашып тұрғандағы туралы болуы керек. Ол әлдебіреулер таңдап алған қасірет­ті жолдың үстінде тек адамдарды емес, сонымен бірге Жер деп аталатын бүкіл ғаламшарды жойып жіберуге дайын тұр. Сондықтан егер осы тақырыпта әлі де жазар болсаңыз, мына «жаһандану» (глобализация. – М.К.) деп аталып жүрген тажалдан сақтандыруға көбірек көңіл бөлгеніңізді қалар едім. Ойлап көріңіз, төрт құбыласы түгел қарһәлләзи Еуропа да, семіздіктен жарыла жаздап тұрған Америка да оған бас қатырмайды. Оларға керегі де – сол. Олар бізге қарағанда, әккі де тісқаққан ақылдылар ғой, не нәрсені де теориямен, ережемен есептейді. Бірақ Жапонияға ядролық бомбаны тастап кеп жібергенде ғана зәресі зәр түбіне кет­ті. Ал Аралда не болып жатқанына олар әзір пысқырмайды да, бас ауыртпайды. Тіпті Алматы мен Бішкектегілердің өздері де бұл сұрапыл сұмдықтың байыбына баруға жетесіз болып отырғанда, америкалықтарға не жорық?! Қазір ажалдың өңешіне, қара құрдымға қарай кетіп бара жатқан жердің зарын, бүгінгі тіршілік атаулыға қатар төніп тұрған қауіп-қатерді айтып жаһанға жан даусымен айқай салу үшін тек сіздегідей жүрек, сіздегідей сана керек!» деп жазыпты ол Әбдіжәміл Нұрпейісовке.
Бұдан артық не айта аларсың!
Иә, жаһандану – глобализация туралы бүгінде білсін-білмесін, әйтеуір, айтпайтын пенде жоқ. Мен де солардың бірімін. Бұл орайда біз, Әбдіжәміл Нұрпейісов екеуміз бір кеменің жолаушысындаймыз. Оның ұмытпасам, Қазақ­стан тәуелсіздігінің онжылдығындағы салтанат­ты жиында айт­қан қарапайым ғана сөздері жаныма біртүрлі жақын сияқты көрінеді де тұрады: «Бүгінде біздің осынау кіп-кішкентай ғана ғаламшарымызда әртүрлі діндердің, әртүрлі мәдениет­тердің, салт-дәстүрлердің мақсат­тары мен мүдделері, үрдістері душарласуда. Мұнда экономиканың, ғылым мен саясат­тың бір үлгісі жасалды. Ал енді соның бәрі, бір сөзбен глобализация деп аталады. Мен бар болғаны жазушы ғанамын және шынымды айтайын, саясат пен экономиканың қыр-сыры маған беймәлім бір дүние. Тіпті білмек болып, соларға қызыққан да емеспін. Сосын, келіп өзіме өзім саясат пен экономиканы глобализациялаумен президент­тер мен үкімет­тер-ақ айналыса берсінші. Ал біз, әдебиетшілер сан ғасырлар бойы адамдар мен тұтас бір халықтар өздеріне табан тірерлік тұғыр еткен мәдениет пен руханилықтың тағдыры туралы ойлауға міндет­тіміз ғой деймін», – деген еді ол сол жиында.
Жеке өз басым «глобализм» – жаһандану дегеніміз, дәстүрлі сана мен постиндустриялық сананың тоғысындағы әлемдік кеңістіктен бағыт-бағдар табуға тырысушылықтың бір түрі деп білемін. Ал мұндай тоғысу апатқа, міндет­ті түрде дағдарысқа, тіпті ұлы жарылысқа да әкеледі. Ал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызында» тек Аралдың емес бүкіл жұмыр жердің тас төбесіне келіп төніп тұрған экологиялық апат туралы терең ой, саналы адамзат­тың қабырғасын қайыстырар қайғы дерті жоқ дей аласыз ба?

10.09.2009.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір