АДАМЗАТ ЖАЗМЫШЫ ТУРАЛЫ ӘПСАНА
Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раев – Қырғыз Республикасының Халық жазушысы, драматург, Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Достастық жұлдызы» ТМД мемлекетаралық сыйлығының иегері, «Ататүрік» халықаралық қоры Алтын медалінің, «Дәнекер» орденінің кавалері. Бір басында осындай мол шығармашылық атақ-марапаты бар, ғұмырын қаламға арнаған бауырлас қырғыз елінің дарынды жазушысымен біздің елімізге іссапармен келген кезінде жақыннан жүздесудің сәті түсіп, ол маған «Жанжаза» атты романының қазақ тіліндегі нұсқасын сыйға тартты. Жаратылысынан зиялы, кішіпейіл, сыпайы да бекзат болмысты Сұлтан Әкімұлын ресми түрде халықаралық деңгейдегі дипломат ретінде жақсы танитын болсам, қолыма әдеби туындысы тигеннен кейін оның шығармашылығына қызығушылығым арта түсті. Сұлтан Раевтың «Жанжаза» атты романын бір демде оқып шықтым да, басқа туындыларына да назар аудара бастадым.
Сөйтіп, режиссер Садық Нияз-Шер 2013 жылы қойған «Құрманжан датқа» атты көркем фильмнің сенарийін Сұлтан Раев жазғанын білдім. Шетелдерде биік бағаланған бұл фильм туралы Шыңғыс Айтматовтан кейінгі жазушы ретінде проза жанрында топ жарған қырғыз халқының ірі тұлғасы екенін анық таныдым. Сұлтан Раев – тұтас түркі әлемінің мақтанышы, классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың батасын алған рухани ізбасары деп ауыз толтырып айта аламыз. Қос тұлға қырғыз прозасынан бөлек театр және кино өнеріне ат салысып, ел руханиятын ірі туындыларымен байытты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді де, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді», – деп айрықша атап өткен болатын.
Жазушының бұл романының қолжазба күйіндегі атауы «Соңғы пайғамбар» екен, романның осы қолжазбасын оқыған Шыңғыс Айтматов авторға «Жанжаза» деп атауды ұсыныпты. Роман жарыққа шыққаннан соң, жолы болып, қырғыз жазушысының туындылары әлемдік аренаға бет алды. Өз Отанында ғана емес, әлемнің әр түкпірінен оқырманын тауып, романның бағы жанды. Сөйтіп, «Жанжаза» 2011 жылы Мәскеуде Еуразиялық әдеби сыйлықты иеленді. Автордың осы кітабы 2014 жылы «Жылдың үздік романы» деп танылып, Сұлтан Раевқа ұлттық әдеби сыйлық бұйырғаны – романның лайықты бағаланғаны деп білеміз. Сондай-ақ «Жанжазаға» шетелдік және отандық ұйымдар да жоғары баға беріп, ол 2017 жылы Швецияда Генрих Сенкевичтің халықаралық сыйлығымен марапатталды.
Бүгінде «Жанжаза» әлемнің бес тіліне аударылып, сол елдерде кітап болып жарық көрді. 2011 жылы Мәскеуден, 2015 жылы Лондоннан, 2018 жылы Анкарадан, 2019 жылы Астанадан және 2023 жылы Будапештен басылып шықты. Роман соңғы рет Будапеште венгр тілінде жарық көрді. Бізді таңғалдырғаны, кітаптың тұсаукесері Венгрияның Парламентінде өтті. Осылайша «Жанжаза» әлемге танылып, бүгінде өз оқырмандарын табуда. Қырғыз жазушысының шығармашылығы әлемдік аренадан танылуы – қырғыз халқы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия халықтары үшін қуанарлық жағдай. Жалпы, шығармашылықта киноның, кескіндеменің, театрдың, музыканың шетелдік аренаға жол тартуы көп қиындық тудырмаса да, әдебиетте танылу өте қиын. Оқырман әлемі сыни көзқарасқа толы және әдеби ортада кез келген кітапқа, шығармаға үйрену оңай емес. Әдебиетте бәсекелестік тудыру әлдеқайда қиын екенін мойындауымыз керек. Соған қарамастан, «Жанжаза» шетелдерде айтарлықтай қолдау табуда. Ол туралы бірнеше ғылыми еңбектер жазылып қана қойған жоқ, докторлық жұмыстар да қорғалған. Бұл, әрине, авторға ғана мақтаныш емес, қарапайым оқырмандар үшін де өте қызықты.
Ал біз қолымызға тиген қазақ тіліндегі Сұлтан Раевтың «Жанжаза» атты романын оқып шыққаннан кейін пікірімізді білдіргенді жөн көрдік. Біріншіден, романды қазақ тіліне белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы өте шебер аударған. Бұл кітапта реинкарнация мен карма тақырыптар қатар өріліп отырады. Мұның өзі философиялық ой түйіндеуге қызығушылық туғызып, оқырманды бірден баурап, алға жетелей түседі.
Роман оқиғасы жындыханадан бастау алады. Бас кейіпкер жетеу. Олар жындыханадан қашып шықты. Қашудағы мақсат – күнәдан арылтар, рухын кірден тазартар Киелі Жерді іздеп табу болатын. Осал мұрат емес, себебі кейіпкерлердің бәрі киелі кітапты іздейді. Шетінен философ. Бірақ нәпсіге берілу, жамандыққа бейімдік оларды бұлтартпайды.
Жындыхана деп жазушы жер бетін айтып отырған жоқ па? «Жанжаза» романы – шынында, қалың оқырманға арналмаған сияқты, өте күрделі шығарма. Романды терең түсіну үшін жазушының интеллектуалдық деңгейіне сай оқырман керек. Дін сарыны көп, кейіпкерлердің діни, тарихи және әдеби персонаждармен астасуы жиі кездеседі.
Нәресте Қозышақты өлген анасы кеп емізеді. «Пайғамбарды саттым» деп қиналатын соқыр шал Қозышақты пайғамбарлық дариын деп тұрған бала, аруақтың сүтін еміп, аузын былғап алған дейді. Баланы құрбан қылуға даяр қара күштерге дес бермеу Иисус Христостың болмысын ашады.
Таис Афинская, Император, Лир, Шыңғыс хан, Клеопатра, Қозышақ, Ескендір Зұлқарнайын. Олар – біздің замандастар, бірі – актер, бірі – оқымысты ғалым. Киелі Жерді іздегенде шөл арқылы жүреді. Шөл деген – тозақтың бір тұспалы. Жолай кездескен шөлдегі жұмбақ шал бір аяғымен тұрады, ол адамдарды тозаққа түсуден қорғау үшін 40 жыл дұға жасайды. Ол – Деванн Бурху, суфий. Дәруіш әрі күпір, әрі жанашыр сөз айтады: «Надандардың күнәсін кешір деп Жаратқаннан жалбарынып сұраймын… Күнә адамда емес, күнәлі етіп жаратқан Жаратушы Иемнің өзінде… Мен сендерді жолдан тосып алу үшін шықтым, бұл жол тегі тозаққа апарады. Тозақтың жолына тосқауыл болып шықтым…». (Романда, 69 бет).
Автор аллегориялық осы романы арқылы өзінің адамзат нәсіліне деген үмітінен күдігі басым философиялық көзқарасын саралайды және жер бетіндегі қасіреттің түп-тамырын іздеп табуға ниеттенеді. Оның кейіпкерлері бір денеде қос жарылған жандар, олар бұрынғы бейнелерін сүйретіп жүреді, қазіргі бейнелері де сау емес, дертті. Себебі олар баяғы замандарда өмір сүрген жандар, реинкарнация тарихы бойынша аса ауыр күнәларға батқандар, бірақ сана түпкірі жер бетіне жаңа денеге жаны қонып, басқа адам болып оралған сайын соны ұмыттырмайды. Дене тозса да, адам жаны өлмей, жер бетіне қайта оралып отыратынын, сол арқылы рухы өсіп, я болмаса жазасын өтейтіні туралы идеялар буддизмнен жетті.
« – Сенің денеңде Ескендір Зұлқарнайынның жаны жазасын өтеп жатыр… Ал енді сенің денеңде, – шал Шыңғыс хан тұрған тарапқа ақырын мойнын бұрды. – Шыңғыс ханның жаны, ал сенің денеңде, – шал Клеопатра тарапқа бас шұлғыды, – Клеопатраның жаны жайғасқан… Бұл дүниеде барлығының жауап-сұрағы бар. Сендер әлдеқашан өтіп кеткендердің сұрағын алып жүрсіңдер, олардың жаны сендердің денелеріңде отыр… Адамның жаны – мәңгілік, Сұрағы да – мәңгілік! Адамның күнәсі тұқым қуалайды… күнәдан ешбір жан құтылып көрген емес». (Романда, 275 бет). Автор өз кейіпкері соқыр шалдың аузына осындай сөздер салу арқылы терең философиялық ой түйіндейді.
Романның басты кейіпкерлері – жындыханадан қашып шыққан жетеуі де шетінен тарихта аттары қалған ерекше адамдар болғанымен, діни өсиетте айтылатын күнәларды астарлайды. Күнәһарлық туралы әпсананы жазушы шегінен шыққан үреймен берген, ең сорақысы, ақылынан азған, азғындыққа бейім адамзат өзіне-өзі жау болып шықты дегенді ашық айтады. Романның басты идеясы да осы болса керек. Адам өзі өмір сүретін табиғи ортаны құртып, жоғары технология дамыған сайын өз көрін өзі қаза бастағаны туралы дабыл қағу көбейді. Адам нәсілі өзі отырған бұтақты кесе бастаған аңыздағы жындының кейпіне енгені қорқынышты. Автор ақырзаман дегеніміз – экологиялық апат, топан суы емес, ол адамның адамшылық қасиеттерінен жұрдай болып айрылуы, кісілік келбеттен безуі деп біледі. Сондықтан да, Қозышақтан басқасы кілең қылмыскерлер. Біреуі – нәпсінің құлы, біреуі – соғыс пен зұлымдықтың пендесі. Жазушы рухани танымын оқырманға көркемдік тәсілдермен ұсынуға өте қабілетті, шебер бере білген. Бір адамның бойында ескі өркениеттердің сарқыншақтары қалып қойған. Сол өркениеттердің таңбасына ол ерекше үңіледі.
Әр тарауда жылан бейнесі мистикалық қабатпен кейіпкерлердің санасынан қалыспай қоса еріп жүреді, ол Шыңғыс ханды да, Таис Афинскаяны да, Клеопатраны да шағып өлтіреді. Сондықтан романның астыртын кейіпкері жылан деуімізге мүмкіндік бар, оны жазушы адамды азғырушы зұлым күш деп тұспалдайды. «Киелі адамның сөзі есіне түскен: «Жылан оянса, ақырзаман болады, жыланның ұйқысын бұзбаңдар» деген». (Романда, 58 бет). Осындай діни тұспалдар өте көп.
Жазушыны адамзаттық ірі сауалдар толғантады. Романда Құдайды іздеу болғанымен, рухани сенімнің тоқырауы, соның кесірінен естен адасу білінеді. Көпшілік психоз – жер бетінде бар құбылыс. Осы құбылысты жазушы аса шеберлікпен көркем туындыда астарлап жеткізеді.
Шекспирдің әйгілі драмасынан монолог оқитын Лир аталған кейіпкер нағыз әйелқұмар, нәпсінің құлы, актер, талай отбасын бұзған, ақыры ол жанжазасын тартып, уыздай жезөкше қыз жетімдер үйінде өскен актриса көңілдесінен туған өз қызы екенін білгенде жынданып кетеді. Сөйтіп, жындыханадан бір-ақ шығады. Жетеудің барлығын да бір-бірімен осындай күнә, қылмыс байланыстырады, бір-бірімен матасқан, бірақ соны естері ауысқан соң ұмытып қалған.
Романдағы кесек жасалған тұлға – Шыңғыс хан. Бір кейіпкердің бойында екі адам десек, лақап есімі Шыңғыс хан жер жаһанды жаулаған деректі тарихи тұлғаның көлеңкесінде қалған. Осы тарауда қаһарлы ханды өлтіруге келген сұлу тұңғыт қызы Шыңғыс ханның өзінің кіндігінен жаралған екен. Романда инцест сарыны екі мәрте қайталанады – Лирдің және Шыңғыс ханның оқиғасы. Екеуі де қойнына алған туған қыздары екенін о баста білмесе де, соңында ұқпасқа шарасыз болады. Бұл да адамзатты азғырынды жолға бастайтын зұлымдық пен азғындықтың, тексіздіктің бір түрі. Қазіргі кезде де мұндай трагедия естіліп қала беретіні өкінішті-ақ…
Тәңірі құдіретін жазушы түс арқылы береді. Автор шиеленіскен драманы ойдан құрамайды. Шыңғыс ханның моласын іздеу бірнеше ғасыр бойы тоқталмай келе жатқанына бүкіл әлем куә. Ол – жұмбақтың көкесі. Себебі ұлы қағанның қайда жерленгенін ешкім білмейді. Осынау тарихи аңызды Сұлтан Раев өте шебер пайдаланған. Қаһарлы қағанның бұйрығын қалт жібермейтін адал қызметшісі – Ноян. Әмірші мен оның құлдары. Мәңгілік тақырып. Екеуі біріккенде соғыс культы зораяды, қайғы-шер қалыңдап, ажалдың араны ашыла түседі. Шыңғыс хан өлгеннен соң хатқа жазылған нұсқау-үкімі арқылы жүздеген адамдарды жояды. Ол ноянға қалдырған жазбасында былай дейді: «Бұл жазуды тибет бұрхандары Тәңірдің мөрі деседі, мен өлсем де, менің жаным әлі тірі, демек, күллі ғаламның Көк Тәңірі өзіммін! …Менен өткен Тәңір жоқ!». «Кімде күш болса, Тәңірдің құдіреті сонда!…». (Романда, 135-136 беттер).
Иә, адамзат тарихында жаулаушы патшалардың баршасы осылай ойлайтын болса керек. Әміршінің жерлеу рәсіміне қатысқандардың бәрі ажалға үкім етілгендер. Жерлеу ғұрпы ерекше шабытпен жазылған. Ханның бақсылықты, өмір мен өлімнің құпиясын, сиқырды терең меңгергенін автор шынайы көрсеткен. Ол халық даналығынан нәр алған. Жерлеу ғұрпы сұмдық шиеленісті, қатыгездікке толы. Қат-қабат құпия магия. Романды беріліп оқығанда ғана түсінетін тұңғиыққа толы. Детективтен бетер тартымды суреттелген. Ол өз орнына жендеттің мәйітін салғызады, арғы дүние сұрағын соның аруағына жүктейді. Сөйтіп Шыңғыстың о дүниеде де болсын қатерді айналып өтетін алысты болжағыш екені ашыла түседі. Шыңғыс хан өзі үшін және ұрпақтары үшін жерлеу рәсімін аса құпия ұстауды, моласын жасыруды өсиет еткен деседі. Себебі жаулары кек алып, моласын ойрандап, мәйітін қорламас үшін ойластырған. Өйткені әлем халықтарында сүйекті көрден қазып алып қорлау дәстүрі бұрыннан бар. Ағылшын буржуазиялық революциясының көсемі Оливер Кромвельдің сүйегін 1661 жылы патшаны өлтірді деген айыппен Карл II дарға асып, әкесінің кегін алып, басын қадаға іліп қойып жазалағаны тарихта тасқа жазылып, кейінгі ұрпаққа жетті.
Романның өн бойында жазушының тілі өте бай, қырғыз әдебиетінің сөздік қоры, түркілік таным анық сезіледі. Эротикалық сарын діни-философиялық сарынмен қатар түсіп отырады. Роман қат-қабат, астары өте терең оқиғаларға толы. Осы туындысында Сұлтан Раев жан, адам жаны, жан тазалығы, иман, Құдайдың сүйіспеншілігі сияқты мәңгілік идеяларға жауап іздейді. Жындыханадан қашып шыққан жетеу ақыры ажалын шөлде табады. Олар Киелі Жерді іздеп шыққанымен, адасқандардың қатарына қосылмайтыны сияқты әсері бар, себебі қанша күнәһар болса да олардың қасында Қозышақ еріп жүргені тегін емес. Жанжаза – қылмыс пен жазаның таразыға тартылар ара салмағы, карма арқылы олар осылайша өздерінің ауыр жазасын өтейді.
«Жанжаза» романы туралы егжей-тегжейлі мақала жазған британдық драматург Дэвид Перри: «Британдық және еуропалық оқырмандар Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген «Жанжаза» романы арқылы қырғыз жазушысы Сұлтан Раевты ғана емес, сонымен қатар посткеңестік елдердегі Орталық Азия әдебиетін де тани түсті», – деп мәлімдеді.
Біз де осы пікірге толық қосыламыз.
Гүлсім ЕҢСЕПОВА,
дипломат, Ақпарат саласының үздігі,
филология ғылымының кандидаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі