Жүрегі өртенген өлеңге…
29.07.2024
437
0

Гүлнар ӨМІРЗАҚОВА,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Құмсағат

Көгілдір аспан, саған қараймын
Сағым боп бір күн көшем деп.
Өмірдің көрдім талай сапарын
Тағдырдың кілтін шешем деп.

Арқалап жүріп арманның жүгін
Ақ қанат қызға айналдым.
Білгім келген соң жалғанның сырын
Қап-қара түнде ойландым.

Ойсырап қалған көңіл қошымнан
Кілтипан көрсе жан сырым.
Сан жұлдыз ақты өмір жолымнан
Себелеп сезім жаңбырын.

Бұл санам солай…өзге әлем жақта
Миымды тылсым тұмшалап.
Құбылыс сыры секілді кейде
Суылдап аққан құмсағат.

Құмсағат – уақыт, сырғанап кетпе,
Құмға сіңбесін мың тілек.
Қиқу салады тырналар көкте
Үмітімді қайта үкілеп…

Ой, дәурен…

Көрудің өзі бақыт атқан күнді
Ақ шапақ сандығынан ақтарылды.
Сырнай күз сыбыр-сыбыр келіп қалды
Кеміріп күлтелі бір жақтауымды.

Күміс нұр сыздықтаса кешімдегі
Түйіні тірлігімнің шешілгені.
Ішімде бұйымтайым бар-ау деймін…
Көзақым көгеніңе тесіледі.

Сырдесте сырлы таңым оянғанда
Тіршілік дүр етеді саяңда ана.
Зу етіп ұшқан құстың қанатындай
Жастығым үп етеді баяу ғана.

Күнгейім ақ шапақты құбылдың сан
Сытылып кетпейді арман құрығыңнан.
Мөлдір шық жылт-жылт етіп домалайды
Бұлақтың бұраңдаған бұрымынан.

Ой, дәурен, ойран-асыр салған дәурен,
Тізбегін өріп жатыр арман дәурен.
Қылығы дүниенің қылтың-сылтың..
Қыз болып қылымсиды жалған дәурен.

Алатау ақ көйлегін киген қызбын

Алатау сілемдері асқақ неткен
Тамылжып үндеседі асқар көкпен.
Сүйемін ұшан-теңіз кең даламды
Таңымды берекелі бастап кеткен.

Күнгейім күміс шашса етегіне
Қиялым қуып оны жетеді ме.
Бақыттың дәмін таттым бастауыңнан
Мен саған не берермін өтеуіңе?

Уақыт қас-қағымда өтеді ме
Пенде едім ілескен бір жетегіңе.
Сәруар таңым атса демін алып,
Сәуегей бал тамызды шекеріме.

Шықса да алай-дүлей құйын алдан
Ес жинап етек-жеңді жиып алғам.
Мен неге ғашық болдым көк мұнарға
Сағымнан аппақ перде киіп алған.

Шашымды шуағымен тарақтаған
Бал күндер өте берді парақтаған
Іші тар бейсауытты кезіктірдім
Күлгенім, жүргенімді жаратпаған.

Жүзінен мысқыл шашқан күлкілі тым
Сеземін… еш мәні жоқ күңкілінің.
Ішінде не жатқанын кім біліпті
Бүлдіріп дүниені сырты бүтін.

Бұлттарға жасырынса сәуле сезім
Алданып қалар сосын «әумесерім».
Рауандап таң атқанда түртпектейтін
Біреудің миындағы әуресі едім.

Сезіммен ойнағанда сынар деп пе ең
Алдымнан әлі талай шығар көктем.
Алатау ақ көйлегін киген қызбын
Сен мені таба алмассың мұнар көктен.

Нұр

Бағзы дүнием боданнан жеткен
Баян дүнием жаралған көктен.
Мен – Тәңірдің бір тамшы сыры ем
Пенделігімді ғаламға төккен.

Мен – жаратылыспын,
Жаратушының құлы едім.
Ішінде мың сан тамыр тараған
Жұдырықтай соққан жүрегім.

Мен – сезімнің жарымын
Көз салса сағындыратын.
Біреудің көңіл көкжиегін
Көз жасыма шомылдыратын.

Көрсеқызарлық кеңістігінде
Көзімнің құрты тіріліп кеткен.
Жеңіліс және жеңістерімде
Мен – көктем нұрымын!

Өмір

Өмір, өмір…
Сен не деген өктем едің,
Желпілдеттің желкенін көк кеменің
Қызық қуып қырқаңда жүргенімде
Көп уақытым кетіпті текке менің.
Наздана қалатыным болмаса бір
Ешкімге де келмейді өкпелегім
Өкпелеуді біреуге жек көремін.

Өмір, өмір…
Сен не деген тәкаппарсың,
Тәкаппарлық өзіңе жарасатын
Шым бұлақтай таза еді парасатың.
Асқар таулар тым биік болған соң ба,
Асуыңа жете алмай аласардым.
Жүрегімді жұмсартып қазбауыр бұлт
Қазандығын қайнатты қарашаның.

Өмір,өмір,
Сен не деген кербез едің,
Кербез күнді жаныммен сезген едім.
Бетегеден аласа болайын деп
Бұйрығына уақыттың төзген едім.
Асқақтаған кеудеден сақта, Құдай,
Атаққұмар болудан безген едім.
Адамдар көп іздейді көздегенін.

Солай өмір… биік те асқақ едің,
Мен мұндалап тұрады асқар белім.
Қадіріңе жетпесек кешірерсің…
Құпиялы сырыңмен астарлы едің
Пенделікті жазған соң пешенеге
Тұманданып кетпесін аспан-көгім,
Лайланып кетпесін басқан жерім.

Күйсандық

Жапанда жүрген жалғызым
Жапырағындай сары күздің.
Тозаңға айналып кетпегей
Иісін иіскеп жалбыздың.
Жан баласы ұқпайтын
Тағдыры жұмбақ сары қызсың
Лебі ме едің сағыныштың…

Күнұзақ күтіп сыр кешін
Шығара алдың ба бір шешім.
Күншуақ сүйген көңілмен
Өмірдің илеп күлшесін
Иіліп қанша үздіктің
Сүрте алмай көңіл сірнесін
Саңылауын сүйіп түңліктің.

Уақыттың үзіп тұзағын
Өткеннің бәрін сызамын.
Ұршыққа иіріп көрейін
Көзайым болған қыз әнін.
Еріп-ақ кетсін мезгілмен
Етегіндегі мұз ағын.
Күйсандығы ма едің құсаның..

Тағдырға солай көнгенің
Талауға түскен өрнегің.
Ығынан қайда қашарсың
Ылаңын сезіп пенденің .
Мойымай бірақ өтерсің
Тағдырдың татқан кермегін.
Қызыл шоғы ма ең көмбенің…

Құпия ма еді тәпсірің
Тылсымға толы жас күнің.
Мархабат етсең бүгінге
Құшағыңды күнге аш, күнім.
Маңдайға жазған тағдырың
Бұлданған өмір жастығың
Теңіздің сүйген тасқынын.

Табаның тозса амал не
Не айтпақсың жарық әлемге.
Көзіңді сатып жүрмісің
Байлық пен әлем-жәлемге.
Мүбәрәк кештің отынан
Шоқ па едің түскен белеңге.
Жүрегі өртенген өлеңге…

Қалса да таңнан құр сүлдең
Өтеді күндер күрсінген.
Батып барасың ымыртқа
Арайлы шоқтай нұр сіңген.
Күйсандығыңның кілтін аш,
Шыңыраудың түбін күйдірген
Мінезіңді мұндай кім білген?!.

Дөңгеле, дүние, дөңгеле!

Дөңгеле, дүние, дөңгеле,
Соңыңнан қуып жетпедім.
Оралды неше көктемім
Санамды билеп от-лебің
Бес күндік мынау жалғанда
Жылдардың кидім шекпенін.

Дөңгеле дүние, дөңгеле,
Төрімнен шырақ көрініп,
Жерімнен шуақ төгіліп,
Бес күндік мынау жалғанда
Арбаңа сенің жегіліп,
Кішіден келем жеңіліп.
Төпелеп бұршақ төбеме
Төгіліп мұңым тегене,
Тәңірден басқа жақын жоқ
Жолыға көрме жебеме.
Шүйліккенменен шөміш бұлт
Шөкімдей ашу – шөмеле.

Қарайған кештің жарығын
Сәттердің көшкен ағымын.
Миыма сыймай кеткен соң
Жүйкемді қайрап жаныдым.
Сынаптай жылт-жылт еткен соң
Дүниенің сүйдім жарығын..

Санам да бір күн ұйықтайды,
Көрпемнің шетін тұйықтайды.
Ақынның жұмбақ жүрегін
Жақының мүлде ұқпайды.
Көппін бе десем жалғызбын…
Жалғыздың жаны шықпайды.

Жаз көшті

Жаз көшті, сағым көшті көбелек боп
Елпілдеп жүріп едік ебелек боп.
Жалынды суырғанда ыстық самал
Тасиды өзен, сулар керемет боп.
Жаз көшті жапырағымен… жалған көшті.
Үміттің айдауымен арман көшті.
Уақыт арнасында аруана иіп
Жетектеп бара жатыр қайран көшті.

Көңілім көкжиекке алаңдаған
Таң атты тағы да бір жалаңдаған.
Бүйірі дүниенің бүлк-бүлк етіп
Иірі тіршіліктің тарам-тарам.

Қай бағыт, қалай еді шығанағым,
Бір сәуле тереземнен сығаладың.
Бір орта мағынасыз гу-гу етіп
Бір бақсы ашып отыр құмалағын.

Жаздың да жантаятын төсегі бар
Әннің де естісі бар, есері бар.
Шуда бұлт шуын жинап дүниенің
Мың аунап, мың құбылып көшері бар.

Сөне көрме, жарығым

Пілтелі емес пе едің… шам-шырағым,
Болаттай берік еді бар шыдамың.
Талмаурап тұрғандай боп көрінеді
Рауандап атқан жаңа таң шынарым.
Пейілі тарылған көп пенделердің
Оятып, намыс отын қамшылағын.

Білмеймін қай тұсымды қарманамын,
Қадірі қашып кетті қолда бардың.
Жер-ана, құшағыңда қылаң берген
Жасанды дүниеге таң қаламын..
Бәрі де тұрпайы боп көрінеді
Заманды тұмшалайды торлап ағын.

Барады аласарып шығанағым,
Сезбейміз өмірде бір сына барын.
Куә боп тұр аспанда Темірқазық
Бұлтартпас айғағындай бұл амалдың.
Тілдің де көсегесін көгертпедік…
Дүмшені көрген кезде дүдәмалмын.

Дегенмен «дүниеқоңыз» қалмайды ұғым,
Барады кедейленіп жан байлығым.
Көңілі қазағымның «жалпақ шешей»
Мақпалын ұсынудан талмайтұғын.
Сырты асыл, іші жалын беу, дүние-ай
Бүтінімді бүлдіріп жалмайды түн.

Бұл күнде жоқтың өзі шынға айналды,
Қазақтың ұлы неге қызға айналды?
Көкірек шемен болса көзің соқыр
Тас жүрек, көңіл қырау, тіл байланды.
Мейірімі азайып адамдардың
Бірін-бірі түсіну мұңға айналды.

Қалайша арғымағым тарпаң болды
Арыңа қандай үміт қалқан болды.
Суайттар сып-сып етіп жалт беретін
Тірлігі таяз судай ортаң болды.
Өзіндік ой түюден қашқақтайтын
Мінезі жас ұрпақтың жалтаң болды.

Ғасырда кешкен талай аз ба мұңым,
Әзәзіл ойнақтаған әз-дәуірім.
Ниетіңе қарай бәрін Тәңір берер
Сенің алақаныңда маздайды күн.
Қозы көш жер бесігі ырыс-құттың…
Бұлт аунайды төбемнен қазбауырым
Сөне көрме, жарығым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір