Мендей ғашық болмашы өлеңге, сен
11.02.2023
803
0

Бағдат МҮБӘРАК

Алып шаһар

Күрең күз, сән-салтанат құрғанменен,
Сәмбі талдан үзіліп ырғалды өлең.
Алматыға келерде өз-өзіме:
– Сені күтіп отырған кім бар? – дегем.

Алып шаһар бағым ба, сорым ба еді,
«…екі аяққа дамыл жоқ» – соның кері.
Маңдайымнан сипаған,
«байқап жүр» деп,
Сен аман бол, Арқаның қоңыр желі…

Көктөбеге өзіңді көгендесең,
Мендей ғашық болмашы өлеңге, сен.
Үй салатын жер де жоқ, онысы аздай,
Кеңсайда да орын жоқ, өлем десең.

Алдағанын сеземін, арбағанын,
Уәде еткен, Ұят пен Арға – жаным.
Алматыға күн сайын ғашық болып,
Алматыға күн сайын таңғаламын.

Құрастырған өлеңді құндағынан,
Формасынан танимын, ырғағынан.
Сөйтіп жүріп санайтын өзін мықты,
Байғұсты да аяймын бір жағынан.

Барған сайын деп айтқан:
Сөйле, көкем!
Тоқырауын, не деген керемет ең.
Есентайға бірдеңе деуің үшін,
Есенғали болуың керек екен.

Мизам шақ – жаздың соңғы үзген демі,
Кейде қайтқың келеді, ізбен кері.
Жастары да сияқты көңілсіздеу,
Мастары да момындау бізден гөрі.

Тілін таба алмаған небір адам,
Алатаумен сырластым – көңілі алаң.
Ақсоранды білемін, бауырым ғой,
Шатыршаны танимын, – деді маған.

Талай жігіт өзгерді өзіне кеп,
Бүгінде сөзі бөлек, бөзі бөлек.
Миллионның ішінде нұрын шашып,
Сен түсесің, – деді ғой көзіме көп.

Сүргенім, сүреңсіздеу өмір еді,
Соны ойласам, қабырғам сөгіледі.
Біреуді іздеп жүремін,
Сол кім екен?
Өзіме де қызық боп көрінеді.

 

Автопортрет

Сыр ашпайтын соқыр жанға,
Жан екенмін төзімді.
Өлең жазып отырғанда,
Жақсы көрем өзімді.

Ішінде–мұң, ұшында-жыр,
Қарға бойлы қаламсап,
Жүрегімнің тұсында жүр,
Саусағымды әлі аңсап.

Жырға арқау ғып болмағанды,
Түнде кірпік қақпаймын.
Төс қалтамнан сол қаламды,
Кейде сілкіп таппаймын.
Уақыт­тың мінбесінде,
Түбінде бір сөз алам.
Не көрмедім жыр көшінде,
Өлеңі – адал,
Өзі – арам!

Жан-тәнімнің жақұты ұдай–
Кеудемдегі ар-намыс.
Бір өлеңнің бақытын-ай,
Бірнеше күн алданыш.

Дәтім бармайд сұрауға да,
Қаламымды кім ұштар?
Сәбиге ұқсап жылау ғана
Мен бітірген жұмыстар.

Мұң шағу
(Абайға)

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ.
Алтыннан ардақты абызым,
Алаңда тұрсың ба, қола боп.

Түгенделмеген соң жоғымыз,
Арылмай қойды бір сорымыз.
Не деген жеңіл ед тұзымыз,
Не деген ауыр ед жолымыз?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын,
Кеудемде өзгеше ед күмбірім.
Ал, бүгін бозторғай боздайды,
Ол кезде сайрайтын бұлбұлым.

Мінезден болдым-ау қара бет,
Шартпа-шұрт кететін бар әдет.
Уайым мен ойлардан қажыдым,
Жынданып кетпесем жарар ед.

Көріне бермейді сұлбаң көп,
Әйтеуір қалада тұрған боп.
Құныңды қойшы ол, көк тиын,
Мұңыңды шағатын бір жан жоқ!

Адамға ұқсаған пішіні,
Ей, өңшең, қорқаудың күшігі
Сендердің тәкәпарлығыңнан,
Ақынның мейірімді мүсіні.

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ…

Өмір

Жаншып — таптап кетсе де кім — көрінген,
Бәрібір бүршік жарып гүлдедім мен.
Сөйтпесең, айналайын, бұл өмірді,
Сүрмегенің жақсы ғой, сүргеніңнен.

Қысқасын айтар болсам, сөздің басы,
Мен едім ердің – досы, ездің – қасы.
Ақтарыла алмаймын ақ қағазға,
Алғаш болып тамбаса көздің жасы.

Талай бұғып қалғанын күнә санар,
(Қылмысын мына мендей кім аша алар?)
Қай бетіммен қараймын болашаққа,
Мені көрген жоқсыңдар, сұраса олар!

Бұл байғұс, сезеді ғой, бәрін көрген,
Өмірде өлең үшін жанын берген.
Жігіт­тер, мен сендерді түсінемін,
Жалындап жыр жазатын шағында өлген.
Шошыса сұмдық екен құлқын безі,
Топыраққа ғана тойған шіркін, көзі.
Дүниеге адам болып жаралған соң,
Нәпсіні мүлде тыю мүмкін бе, өзі?

Қоңды қылып, қоғалы жерде өскенім,
Кермесін үзіп кеткен кербесті едім.
Құдайға ғашықпын ғой,
жан-тәніммен.
Құдайдан қорқатындай мен не істедім?

Қиялыңмен жалғанды мүсіндесең,
Бағландардың жүрмейсің ішінде сен.
Өмір деген жақсы ғой, өмір ғажап,
Егер өлең жазбасаң, түсінбесең.

Қырандар мекені

Қыздары сұлу һәм саумалдай,
Алтайдың ұлдары таулардай.
Ақынын оқыңдар шөлдесең,
Шығыстың шайырын аудармай.

Сорғалап ырзығын бүрген боп,
Жырды ермек қылғандар мүлдем көп.
Жидебай қасында Абай бар,
Кеңсайдың басында кімдер жоқ?!

Байланып қалғандай кіндігім,
Сағындым «Жорғатай» күмбірін.
Шығыстың келіні сияқты,
Ұлыстың түретін түндігін.

Алтайдан әрі асып нар жүгі,
Жаншыды-ау Ұлы көш тағдыры.
Үш шекті домбыра шертілсе,
Үш жүздің шығады зарлы үні.

Келтіріп шанақтың тиегін,
Боздатып жырлайтын киелім,
Біреудің көзінше сүймеймін,
Мен сені өзімше сүйемін.

Ақша бұлт жамылған сеңсең боп,
Онсыз да түсті ғой еңсең көп.
Жетермін мен саған қуанып,
Кетермін содан соң кемсеңдеп.

Көз жасы секілді Алакөл,
Мөлдіреп, сарқылып барады ол.
Ажалды жазбаса шыңдардан,
Алтайдың құзына қарап өл!

Дарабоз
Дәнеш Рақышевқа

Нақышың да бұзылмай, ырғақ аман,
Әуезіңнен айналдым сырғалаған.
Тыңдауға келген кезде ашылат та,
Жырлауға келген кезде жұмбақ адам.

Алатау, мен білмеймін, сен білесің,
Шығармай айтсаңшы енді, елдің есін.
Жердегі ұл-қыз емес Дәнеш атын,
Көктегі жұлдызбенен белгілесін!

Тағдыр ма, таланың ба, бәрін көрген,
Көрсін деп, қайталанбас дарын берген.
Жалынып дүр әншіге салдырмасақ,
Жабылып айта алмаймыз әніңді елмен.

Сүйретіп қауырсынсыз қанатымды,
Күйретіп Жетісудай жанатымды.
Домбыра ұстағанның бәрі ақымақ,
Доллар ұстағандардың бәрі ақылды!

Бөкенім де – осы өлең,
құлжам да – өлең,
Кейде өзімді тең ұстайм мырзаңменен.
Өзімдей көріңдер деп, тастап кеткен,
Көзіңдей алданамыз Нұржанменен.*
Басыңды сайқал әнші айналдырсын,
Сауық құрсын, қайтейін, сайран ­құрсын.
Дәлдүріштің соңынан өрген ұрпақ,
Дәнештей дарабозды қайдан білсін?!
*Әнші Нұржан Жанпейісов

Ағыбай батыр ескерткішінің
түбіндегі ой

Бұқарға зәру заман бұл, Абылайға да,
Таңғалып қара төбеден, танымай қара.
Қытайдан – қайыр,
орыстан – опа жоқ деші,
Ай қарап жүрген Алашқа,
Ағыбай баба.

Айтам деп ғасыл елдің мұң-ғазалын,
Адасып араладым құл базарын.
Өзің қарап тұрмасаң, дәл осылай,
Өлетін жерін білмейд бұл қазағың!

Аға

Болмысым болғаннан соң
қысқа жақын,
Бозарып сағынамын Құсқанатын.
Өңінде өлерменнің ортасында,
Түсінде бұлт­тан биік ұшқан ақын.

Заңдылық дегендерге
мүлдем көнбей,
Жалғанды жан бар ма екен,
сүрген мендей?
Достарымды білмеймін,
Ал, әйтеуір,
Дұшпандарым болады
жын көргендей.

Айтқым келді!
Айтамын, өлем бе, Аға?
Ұялсаңыз, мен үшін төмен қара.
Ығай мен сығайлардан
аулақ жүр деп,
Құдайдың бергені осы өлең ғана!

Маңдайыма жазылған ұлт­тың қамы,
Таңдайымнан кетпейді құрт­тың дәмі,
«Бағдат ішед»,
«Бағдат тұрақсыз» деп,
Қыртылдата бермесін,
жұрт­тың бәрі.

Кеткендей тұяғымнан қайран дүбір,
Манаурап көз алдыма байланды іңір.
Асыранды бөрідей арсыздардан,
Асыра алмай қойдым-ау айламды бір.

Жұртына анасындай үздігетін,
Арыстың бәрі марқұм, Сіз білетін.
Сатқындай өкінішпен өтеміз-ау,
Жолымыз бұл емес деп біз жүретін.

Қараша ауыл

Өмірден мынау жоқ қарап жүрмін,
Уайымдап соны қалғыдым.
Топырағың сенің –
топтама жырым,
Тоқырауын – менің тағдырым.

Көрген соң талан-талайыңды, Алла,
Тәрк етіп мынау жарықты.
Іргеңде жатқан ағайындар да,
Бір ауыл болып қалыпты.

Өлең ғып өріп бар несібеңді,
Әкем де салған бұл әнді.
Сарытерек оның талбесігі еді,
Жербесігі анау – Жыланды.

Көгенде қозы, желіде құлын,
Бәріне қазір ділгірсің.
Сағынбақ түгіл, егіледі ұлың,
Шерімді бірақ кім білсін?

Жас жүрегімді жылатпайыншы,
Қалса да дүние қаңырап.
Босағасынан бір ат­тайыншы,
Бар ма өзі, қара шаңырақ?

Ақының қиын тағдырын сөксе,
Келеді саған бұрылғым.
Жалғыз бұлт келіп
жаңбырын төксе,
Сағынышы де ұлыңның.

Қалада туып – алабөтен ой,
Бұзылар, бәлкім, қыз-жігіт.
Ауылдан көшпей қалады екен ғой,
Мейірім менен ізгілік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір