Менделеевке бұйырмаған Нобель
22.11.2023
221
0

  

Орыс ғылым академиясы Менделеевті химия саласынан Нобель сыйлығына 1905, 1906, 1907-жылдары қатарынан 3 мәрте ұсынған екен. Бірақ 3 ретте де әйгілі сыйлық әйгілі ғалымға бұйырмапты. 1905 жылы бәсекеге 8 кандидат түскенде, Менделеев небәрі 3 дауыс жинап ұтылып қалған. Ол жолы негізі бәсеке Adolf von Baeyer мен Henri Moissan арасында болған екен. Екеуі 10 және 11 дауыстан жинап, соңында неміс химигі Adolf von Baeyer жеңіп шыққан.
Adolf von Baeyer – органикалық химияға, әсіресе сиклді қосылыстарға өте көп еңбек сіңірген ғалым. Бұл кісі ұсынған сиклді қосылыстардың атын ЮПАК әлі күнге дейін қолданады. Одан бөлек, көптеген бояғыш заттарды, оның ішінде химиктердің ең сүйікті дүниелерінің бірі – қышқыл-негізді анықтауда қолданылатын фенолфталейнді де осы Adolf von Baeyer синтездеген. Ал Henri Moissan – көптеген ғалымдардың ажалына себепші болған фторды ашқан ғалым.
1906 жылы 6 кандидат бәсекеге түсіп, Менделеевке 4 дауыс берілді. Алайда 1906 жылғы Нобель сыйлығы еш талассыз француздық химик Henri Moissanның қанжығасына байланған.
1907 жылы кандидаттар саны артып, 22 үміткер әлемдік сыйлық үшін бәсекеге түскен. Бұл жолы Менделеев 1 дауыс алыпты. 1907 жылғы Нобель сыйлығын неміс биохимигі Eduard Buchner ферменттік реакцияларды ашқаны үшін еншілеген.
Осылайша, Менделеев өмірінің соңғы 3 жылында 3 рет Нобель сыйлығына ұсынылып, үшеуінде де аталмыш тартудан тысқары қалыпты.

Мидан табылған тіршілік иесі

Бұл жаңалық әлемдік медицинаны селт еткізді. 64 жастағы австралиялық әйелдің миынан тірі жауынқұрты шыққан.
Ұзындығы 8 см.ге жеткен құрт ота жасау кезінде әйелдің миында еркін айналып жүрген екен. Миындағы тіршілік иесінен мүлде бейхабар әйелдің денсаулығында 2021 жылдан бастап жүрек айну, жөтелу сияқты қолайсыздықтар байқалса, 2022 жылдан бастап ұмытшақтық белгілері қылаң берген. Осындай ақаулардың одан әрмен күшейіп жатқанына байланысты, ауруханаға барып, басын тексерткенде, дәрігер ол кісінің миынан қозғалып тұрған қызыл жіп тәрізді әлденені аңғарады. Жанындағы көмекшісінің: «Ол – қантамыр ғой, мән бермеңіз», – дегеніне қарамай, анықтап зерттей түседі. Біршама уақыттан кейін қозғалмалы жіптің құрт екенін анықтаған ақ халаттылар өз көздеріне өздері сенбей, аң-таң болған екен. Себебі бұндай жағдай әлемде бұрын-соңды кездеспеген көрінеді.
Жауынқұрт миға қалай кіріп кетуі мүмкін? Негізі, «бұндай құрт әбжыланның (байтон) организмінде тіршілік етеді», – деседі мамандар. Дәрігерлердің болжауынша, Австралияда тағам ретінде көп тұтынылатын шөпке әлгі жылан нәжісін бөліп, дәл сол шөпті манағы әйел жеп қойған. Содан ол асқазанға түспей, құрт­тың жұмыртқасы өсіп, жоғары өрлеп отырып, миға бір-ақ жеткен болуы мүмкін. «Бірақ бұл жақсылықтың нышаны емес. Себебі қазіргі қоршаған ортаның ластануы мен ғаламдық жылыну үрдісі жануарлардың өрісін тарылтып тастаған, салдарынан тұрақ таппаған тіршілік иелері адамдар тұрақтаған мекендерге келуге мәжбүр болады», – дейді ғалымдар. Қалай дегенде де, табиғаттың тылсым сыры таңдандырудан танған емес.

Әлем ғалымдарын ойландырған жаңалық 

Әйгілі Оксфорд университетінің ғалымы 30 жылдық зерттеу нәтижесін жариялады. Алайда бұл жаңалық көпшілікті қуантатын емес, адам шошырлық мазмұнға ие. Зерттеушінің мәліметінше, 2050 жылға қарай немесе одан сәл ғана кейі­нірек уақыт шамасында адамдар баланы тек зертханадан өндіріп алмаса, өз күштерімен дүниеге әкелетін заман келмеске кетеді екен. «Оған себеп улы химикаттарды тым көп тұтынып жүрміз», – дейді ғалым. Қазірдің өзінде адамзаттың көбеюін тежейтін, күнделікті өмірде қолданатын 1000 түрлі зат бар көрінеді. Олардың қатарында біздің түбімізге жететін тұрмыстық қажеттіліктер ретінде мына бес түрлі зат ерекше аталған: Жанбайтын пластиктер; Фталаттар (пластик бөтелке жасауда қолданылады); Бисфенолдар (алюминий құтының ішінде болады, мысалы, алюминий құтыдағы кола, фанта, басқа да сусындар қауіпті); Перфторлы қосылыстар (тамақ жабыспайтын қазанда болады); Пестиситтер (жемістер мен көкөністердің бетіне шашады).
Сонымен қатар зерттеу еңбегінің авторы: «Балалар күнделікті өмірде қолданатын 27 түрлі зат пен ересектер қолданатын 126 түрлі заттың құрамында көбеюге қарсы химиялық қосылыстар бар», – деп жазған екен. Алайда олардың атын атамаған.
Бұдан түсінетініміз, тек табиғи өнімдерді тұтыну керек. Нәрестерлерге сүт құйып беретін ыдыстарды (сатып алған ыдыстарды) ыстық суға (ішін де, сыртын да), кем дегенде, жатры сағат салып қойыңыз, сосын әбден тазалап жуып барып, қолданыңыз.
Үлкендерге де, балаларға да пластик ыдысқа ыстық тағам салып жеуге мүлде болмайды, фталат атты қосылыс тағамға оңай сіңеді.
АҚШ-та 2017 жылы фталаттарды, 2018 жылы перфлорлы қосылыстарды қолдану шектелген екен. Ал бізде зардабының ауырлығына қарамастан бұл екі түрлі элементті тұтынуға тосқауыл қойылмай тұр. Бәрі – білместіктен. Өз денсаулығымыз үшін, өз ұрпағымыз үшін өзіміз күйінейік.

Жексен ТОҚТАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір