Биылғы Нобель сыйлығын кім алады?
05.10.2023
202
0

Биыл да 5 қазан күні 2023 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері анықталады.
Әлемдік басылымдар бұл туралы алуан түрлі болжамдар жасап жатыр. Бірі – алпауыт сыйлықты Муракамиге бергісі келсе, енді бірі – оның жолы кесілге­нін айтып, өз үміткерлерінің есімін атауда. Бұндай үдерістен қазақ басылымдары да қағыс қалмауы керек екенін ескеріп, біз де өз болжамымызды жазып отырмыз.


Жеңілгісі келмейтін Мураками

Бұл сыйлықты жеңіп алу мүмкіндігі жоғары авторлардан бастайық. Биылғы жылы Нобель майданында жапон мен қытай жазушылары арасында өзгеше бір тартыс болатын сияқты. Мураками мен Сән Шуені айтып отырмын. Дегенмен әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын болжау қиын екенін ескермеуге тағы болмайды.
18 сарапшыдан тұратын Швед академиясы үміткер авторларды таңдауға аса жауапкершілік танытары сөзсіз.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығына бәс тіккен кез­де, сіз елемеуге болмайтын бірден-бір жазушы – ​​Мураками. Ол бірнеше жыл бойы осы сыйлыққа негізгі үміткер болғанымен, мәреге жете алмай қалды. Бұл күнде оның жапондық жақтастары академияның оны тым көп ренжіткенін айт­қысы келетіні сөзсіз.
Мураками Нобель сыйлығына лайық па? Ол, әрине, Жапон халқы ғана емес, бүкіл әлем жақсы көретін білікті автор. Мәселе мынада, академия әдет­те дүниетаным туралы көп жазған авторға бүйрегін бұратындай сезіледі.
Бұл Мураками үшін тағы да бір жеңілістің кезеңі болуы мүмкін.

Сыншылар мойындаған Сән Шуе 

Ал қытай жазушысы Сән Шуе – әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына бірнеше рет түскен қаламгер. Ол 2019 жылы қайта ұсынылды, бірақ Питер Хандкеден жеңіліп қалды. Ол жоғары білімді жазушы санатында емес,көп жыл қарапайым жұмысшы болған. «Ескі қалқымалы бұлт» ат­ты алғашқы новелласын 1986 жылы жариялаған ол көп өтпей «Жаңа мыңжылдықтағы махаббат» романын жазды. Шығармаларындағы өршіл және эксперименталды баян­дау тәсілі оны тез арада оқырманға танытып, жазу шеберлігін әлемге танымал ет­ті. Шетелдік әдебиет сарапшылары оны стилистикалық жағынан Франц Каф­камен салыстырды. Оның жазуы сонымен қатар Батыс пен Қытай мәдениетінің элемент­терін де бір араға тоғыстыратындай.

Мүмкіндігі бар Мурнан

2023 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына үміткерлердің бірі – Джеральд Мурнан. Бұған дейін аты шықпаған австралиялық жазушы алғашқы кітабын 1974 жылы шығарды, содан бері ол бірнеше романдар мен әңгімелер жинақтарын оқырманға ұсынды. Мурнан бұрын да Нобель сыйлығына ұсынылған, бірақ жолы болмаған. Ол – шын мәнінде жеткілікті дәрежеде таныла қоймаған ағылшын тілді жемісті жазушы.
Бірақ сыншылар оны жазу техникасын меңгерген және өз стилімен ерекшеленеді деп бағалауда. Бірақ мұндай алпауыт сыйлықты оның дәл биыл жеңіп алуы қиындау.

Жолың болсын, Жон Фоссе

Батыс басылымдары Норг жазушысы Jon Fosse-нің есімін жиі атай бастады. «Сергектік» ат­ты романымен жұрт­ты жалт қаратқан ол биыл 63 жаста. Бұларға да бір Нобель керек сияқты.
Былайша айт­қанда, Нобель сыйлығы – бақыт. Ол да қонатын адамға таңдап қонады.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
Вашингтон, DC АҚШ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір