Бақтыгүл Маханбетова: Әдеби агенттер жұмыс істесе, Нобель сыйлығын алмай қоймаймыз
Халықаралық әдеби агент, аудармашы, Евразиялық шығармашылық гильдиясының ақылдастар кеңесінің мүшесі Бақтыгүл Маханбетова қазақ әдебиетін үлкен кеңістікке алып шығу үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін бізге берген сұхбатында таратып айтып берді. «Әрбір әдеби агент мен жүріп өткен жолда менен де жақсы жұмыс нәтижелерін көрсетсе, Нобель сыйлығын алмай қоймаймыз!» – дейді ол.
– Бақтыгүл, қалай ойлайсыз, қазақ әдебиеті шетелдік әдебиеттермен терезесі тең әдебиет пе, әлде кем әдебиет пе?
– Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар классикалық шығармалармен қатар қазіргі заман туындыларының арасынан да аталуға лайықты мықты дүниелер жалпы адамзатқа ой салары сөзсіз! Дей тұрсақ та, осындай бағалауды қазақтың өзі емес, әлемдік әдеби ортаның мықты өкілдерінен естіген дұрысырақ болар еді.
Қазақ деген халық барын әлемде, қазақты сыйлауға әбден лайықты екендігін дәлелдеп жүрген, өзі сол ұлтын жүрегімен, жанымен сүйетін бір ерекше азаматтың есімін атаудың реті кеп тұр осы жерде. Әрине, ол – ДИМАШ! «Махаббат бер маған, тағдыр» деп планетаның 2 миллиард халқы қосылып, ән шырқауға себепкер болған Димаш Құдайбергеннің салған әніне сөзін жазған қазақ әдебиетіндегі орны бар Мұнайдар Балмолданың да арманы жоқ-ау, сірә!
Мемлекеттен еш қаржылық қолдау алмай-ақ, қайталанбас дара талантымен, ерекше еңбекқорлығымен көкке самғаған, шетелдердегі және еліміздегі үлкен стадиондардағы концерттеріне көрермендері әлемнің түкпір- – түкпірінен ағылған бір ғана Димаш алтын баламыздың саф өнеріне деген махаббатымен қанаттанған миллиондаған фанаттары – dears қазақтың тіліне, әдебиетіне, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне зор қызығушылықтарын білдіріп жатыр. 30 жылдан астам уақыт қол жеткізе алмаған қазақ тілінің мәртебесін аспандатқан Димашқа сансыз алғыс!
– Егер беріле қалса, Нобель сыйлығын қазақ әдебиетінен кім алар еді деп пайымдайсыз?
– Нобельден бұрын қазақ қаламгерлеріне алдымен халықаралық Букер сыйлығын иеленуді мақсат ету керек сияқты. Кез келген әлемдік танымал қаламгердің қоржынында Нобель сыйлығына дейін қаншама халықаралық үлкен әдеби сыйлықтар, соның алдыңғы қатарында Букер, Андерсен, Линдгрен, Гонкур, Кафка, тек әйел қаламгерлерге берілетін халықаралық сыйлық (бұрынғы Orange), EBRD әдеби сыйлығы және т.б. атауға болар. Менің құзырымда болса, 50-ге жуық автордың шығармаларын осы жоғарыда аталған сыйлықтарға ұсынар едім, бұл орайда тек сапалы аудармасы ғана емес, оларды еуропалық немесе көбіне Британ баспаларынан басып шығару да басты талап етілетін мәселе екенін ескеру керек.
– Сіздер қысқа әңгімелерді тек ағылшын тілінде ғана емес, өзге де тілдерге аударатын сияқтысыздар? Сол жапйында айта отырсаңыз…
– Әдеби агент ретінде бірнеше автордың шығармаларын ағылшыннан басқа да тілдерге аудару ұсыныстарына байланысты жобаларды үйлестірдім. Түрік тіліне аудару ісі бойынша мықты маман, ғалым Ашур Өздемірмен жұмыс сәтті жүргенін баса айтқым келеді. Дегенмен, аударылған дүниелердің сол елдерде таралымы, насихатталуы бойынша әлі де көп жұмыс кезекте күтіп тұр.
– Техниканы үйрену бір бөлек те, көркем аударманы жеткілікті деңгейде аудару мәселесі – бір бөлек. Көркемдік деңгейін сақтай отырып, аударма жасаған дұрыс қой, оны өздеріңіз де басшылыққа аласыздар. Қазақ әдебиеті шығармаларын аударуда қандай қиындықтар кездеседі?
– Өзім аудармашы ретінде айтар ойым, маманның тілді жақсы меңгергені аздық етеді, өресі болуы, түйсігімен қорыта алуы, өз елінің әдебиетімен қоса әлем әдебиетін де жетік білуі сапалы аудармаға қол жеткізуге жағдай туғызады. Үздік деп іріктеліп алынған шығарманың тілі шұрайлы болғандықтан, дәл сол бояуын жоғалтпай, мәнді де мағыналы етіп, әдемі жеткізе білу өнері тек кәсіби аудармашыға ғана тән. Айтар болсам, еліміздегі аудармашылар дайындайтын оқу орындары бар, алайда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты сияқты, өз алдына жеке шаңырақ болып, бой көтеруге тиісті «Қазақ әдебиеті сыны және аударма ісі институтын» ашу кезек күттірмес мәселе деп есептеймін. Сол кезде ғана сын шын болар еді, мықты туындылардың толыққанды кәсіби рецензиялары қаперде болып, аударма сапасы қадағаланып, көркем әдебиетті аударудағы түйткілдер шешілер еді. Осы институт құрамында әдеби агенттік те жеке бөлім ретінде қызмет атқарса, толыққанды тарату механизмінің алғы шарттарын орындаған болар еді. Аудармашылық тәжірибемде тек проза ғана емес, поэзия, публицистика, балалар әдебиеті сынды жанрлар да болды. Дегенмен, ұсынылған шығарманың барлығын бірдей аудара бермеймін, белгілі бір критерийлерден өткен, жалпы әлемдік әдебиеттен орын алуға лайық қазақ туындысы деп қараған туындыны ғана қарастырамын. Прозадан гөрі поэзияны аударуда біраз қиындықтар кездеседі. Дей тұрсам да, өзіме поэзияны аудару ұнайды. Прозаны аудару үшін де көп дайындық керек. Кейбір тақырыпқа бірден кіріп кете алмайсың, сол бойынша көп ізденесің, зерттейсің. Өзіндік бір тылсым дүние жібермейді бойлауға. Қазір мен дарынды жазушы, оралдық Мұнайдар Балмолданың «Абадан» романын аударып жатырмын. Қазақ пен қасқырды егіз ұғым ретінде қарастыратын Мұнайдардың осы сериядағы шығармаларымен танысумен қатар, әлемдік танымал шығармалардағы қасқыр образымен салыстыра отырып, ғылыми негіздегі талдаулармен, зерттеулермен танысып, біраз туындыларды қопардым. Соның өзінде, «Абаданның» алғашқы бөлімдерін аудару барысында бірнеше рет аударма нұсқаларын сәтсіз деп жойып жібердім, сол бесінші нұсқасынан бастап қана жұмыс жүріп бастады. Тақырып күрделі болғанда, ми шаршағанда, негізгі жұмысқа қоса, жеңілдеу тақырыпқа негізделген бір шығарманың аудармасын шабыт шақырар дүние деп, қоса алып жүремін. Аударма әлемінің өз тылсымы бар. Құрбым Ғалияның айтуы бойынша, Оралхан Бөкейдің «Атаукересін» төрт рет қайтарып беріпті аудармашылар тісі батпай. Ол тек өзінің сәтін күтіп тұрған дүние деп ойлаймын. Негізі, көзі тірісінде Оралхан ағам «Түбінде, «Атаукерені» сен аударарсың…» деген еді. Солай батасын беріп кетті ме, басқаларға көнбей, туынды менің кірісуімді күтіп те тұрған болар. Өзім де Мұрат Алмасбекұлының шағын ғана, бірақ мәні өте терең «Ноқта» әңгімесін бірнеше нұсқада аударып көріп, жұмысым көңілден шықпай, жойып жібердім де, тоқтатып қойдым. Өзіме тым қатал талап қоятыным, кей кезде соншама уақыт кеткен еңбекті жойғаныммен, ол да бір тәжірибе деп ойлаймын да, жаным тынышталады. Біраз уақыт ойымды, күшімді жинақтап, суытып барып, тың күшпен кірісермін деген ниетім бар.
– Сіздің ашқан әдеби агенттік Орталық Азия көлемінде бірінші ұйым болып саналады. Бақтыгүл апай, осындай әдеби агенттікті ашу қандай мақсаттан туындады? Бұл іске білек сыбана кірісіп кетуіңізге не түрткі болды?
– Әдеби әлемге білім беру жүйесіндегі 30 жылдық еңбегімнің барысында 2010-2012 жылдары Қаныш Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ профессорлары мен оқытушыларына ТШО компаниясының демеушілігімен атқарған ағылшын тілін оқыту бойынша авторлық жобам кезінде ой туып, содан ол мақсатқа айналып, үлкен үмітпен келдім. Нақтырақ айтар болсам, тіл үйрету барысында әлемдік әдебиеттің жауһарларын тіл деңгейіне лайықталып өңделіп, ықшамдалған түрін, содан кейін толық түпнұсқасында оқып танысу, дискуссия құру жобаның бір негізгі талабы деп қарастырдым. Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі классикалық шығармалардың ағылшын тілінде аудармасы жоқ болса да, кітап рецензиясын не синопсисін ағылшын тілінде беруін тапсырма ретінде талап еттім. Осы орайда, бұған түрткі болған кейбір жобаға қатысушылардың «Әуезовтен кейін оқуға лайық қазақ жазушысы жоқ» деген өрескел қате тұжырымдары болғанын айтқым келеді. Осы жобадан кейін еліміздегі әдебиеттің жағдайын зерттеуге бет бұрдым. Елімізді ғана емес, Орталық Азияны, дүниежүзілік әдеби қозғалыс бағытын, жетістіктерін сараладым. Солай бір шешімге келіп, 2013 -2025 жылдар аралығында әдебиетті насихаттау мақсатын негізге алып, жоспарымды құрып, жұмысымды бастадым. Әдеби агенттік бағытын фрилансер ретінде 2013 жылы бастап, 2016 жылы оны ресми тіркегеніммен, белгілі бір себептерге байланысты 2018 жылы жауып тастауға тура келді де, қайтадан фрилансерлік негізде жұмысымды тоқтатпай жалғастырдым. Биыл 10 жылдық мәреге үлкен жетістіктермен келіп жатырмын, бұйырса. Солардың ішінде, еліміздегі әдеби агенттік жұмысының жандануына, зор қызығушылықпен осындай жобаларды қолға алған жастардың даңғыл жолға шығуына себепкер болдым деп те айтуға болар.
– «Үркер» бағдарламасына берген сұхбатыңызда: «Менің миссиям – қазақ әдебиетін әлем оқырмандарына қолжетімді ету, ал бұл шаруа шығармалардың бірнеше шет ел тілдеріне аударуға қажетті қаражат көзін табуымды жүктейді», – деп айтқан едіңіз. Қаржы көзін табу жағы біраз уақыт пен жүйкені тоздыратын шығар?..
– Уақыт бәріне төреші, ешкімге кінә артпаймын… Алланың көзі түзу болсын. Билік пен қаржыны қолына ұстағандардың халық қазынасын жекеменшігіндей көріп, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген істерінен артылмай, бізге бұйыртпаған соң, Аллаға сыйынып, өз амалдарымызды жасап, шауып жүрміз. «Өз орныңды біл, әдебиетке жолама!» дейтіндер қанша сынап-мінесе де «көз – қорқақ, қол – батыр» деп таза энтузиазммен жасап жүрген ісімді тоқтатпадым. Иә, рас, көп алдандым. Еңбегімді пайдаланып кеткендер де, идеямды ұрлаушылар да болды. Олардың бұл ісін – өмірдің үлкен сабағы деп қабылдадым. Әрбір соққыдан қорытынды шығаруды үйрендім. Таза ниетпен жасалған жұмыстың бүгінгі нәтижесінде сенімді шетелдік серіктестер де қазақ әдебиетіне қызығушылық танытуда. Біздің тараптан ұсынылатын сапалы аудармаға қол жеткізсе, басып шығару ісінің қаржысын мойындарына алуға дайын тұр. Осы бағытта аударма қаржысын көтеретін еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу, қалталы азаматтары серіктестер қатарынан табылса деген тілек бар. Он жыл бойы төккен тер жемісін берер деген үміттемін. Шетелдік оқырман сусындар қазақ авторларының туындыларын жинақтап отырмын. Жас авторларды да қарастырамын. Балаларға арналып жазылған шығармаларды да аудармақпын. Малайзияда өткен 38-ші IBBY конгресіне қатысқаннан кейін көп несібеден қағылып жүргенімізді білдім. Бұны әзір қозғамайын. Ол – терең тақырып. Жоғарыда айтылған әңгімеге оралсақ, оларды тек аударып қана қоймай, шетелдік баспалардан шығарып, үлкен халықаралық бәйгелерге қосып, шоқтығын көтеруді мақсат еткен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш әдеби агент ретінде жеңісті күнім алда екеніне сенемін. Әрбір автордың қай бәйгеде шабар әлеуетін де байқап, сол бағытта өзімнің жауапкершілігімдегі авторлармен жұмыс жүргізудемін. Шығармалар дегенде, Жанқожа батырмен соңғы 5-6 айда, Мұстафа Шоқаймен 1 жылдай, тәуелсіз Қазақстанда құрбан болған Алтынбек Сәрсенбаймен ауырып жүргелі тіпті көп уақыт өтіпті. Қуандық
Түменбайдың «Оқ» деген хикаятын аударуға дайындығым әбден жеткілікті, және уақыты да келді деп ойлаймын осы күндері. Бірнеше үлкен бәйгелерге де қосармын, бұйырса, кино да түсірілер. Қасымхан Бегмановтың «Менің Мұстафам» монодрамасын Нью- Йорк пен Лондонда қатар өтетін United Solo театр фестивалінде әлемнің атақты кино және театр актрисасына орындатсақ деген ой бар. 2024 жылы 250 жылдығы тойланатын Жанқожа батыр туралы жазған Әбдісаттар Оспановтың кітабын аз дегенде 10 мың тиражбен шығарып, қазақ мектептерінде осы шығарма аясында оқырмандармен автордың кездесулерін ұйымдастыра білсек, батырдың рухына тағзым еткен болар едік. Жалпы, поэзияда ерекше орны бар Шәмшия Жұбатова, Адалбек Ахмәди, Асылбек Жаңбырбайды аударуға ден қойып жүрмін. Прозада да біраз дүние бар аударуға лайықты. Жүсіпбек Қорғасбек, Думан Рамазан, Әлихан Жақсылық шығармашылығынан да ой жинақтап жүрмін. Жазушылар ортасына кешеуілдеп келген Клара Қабылғазинаның қаламынан туған әңгімелері де қоржынымдағы тізімге еніп тұр. Менің аудармашылық қызметімнің ақысын көтеретін меценаттар табылса, ең алдымен, Мекемтас Мырзахметұлының екі кітабына, «Абайдың шығыстық әлемі» мен Абайдың «Толық адам» ілімі туралы туындысын қолға алар едім.
– Бақтыгүл, бүгінде қазақ әдебиетін басқа елге таныстыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– «Ашық Евразиялық әдеби байқауының» биыл табысты өткен ХІІ супер кубок шарасына дейін де жыл сайын қазақ әдебиетінің үздік шығармалары лайықты бағаларын халықаралық әділқазылар мүшелерінен үздіксіз алып отырды. Бұл жоба өз арнасын жылдар өткен сайын кеңейтуде. Бірнеше номинацияларды қамтыған әдеби байқаудан бөлек, мәдениет пен өнерді де қамтыған үлкен фестивальдардың да жұмыстары қызу жүруде. Жоғарыда атап өткен халықаралық жоба 2011 жылы бастау алса, менің «әдебиетті насихаттау» идеям да сол жылы туған еді. 1911 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» боп елді ояту үшін ызыңдаса, тура жүз жыл өткен соң, «қазақ әдебиетіне әдеби агенттер керек» деген оймен қаруланған мен еліміздегі БАҚ беттерінде әлемдік әдеби агенттік тарихынан ақпарат таратып, мүлгіген қазақ жазушыларын оятуға күш сала бастадым. «Егемен Қазақстанда» 2021 жылдың алғашқы айында басылған «Ұлттық руханиятты дамытуға үш ұсыныс» деген мақаламдағы көтерілген мәселелердің шешімдерін табуға болысар деп, ел тұтқасын ұстаған Президентке жолдап едім. Жауап болмады. Сол мақаладағы айтқан бір идеямды жандандырған шетелдік серіктесім, баспагер
Марат Ахмеджанов Бурабайдан шығармашылық гильдиясының арт-резиденциясын өз қаржысымен ашты. Әрине, бұл идея оны да көптен ойландырғаны сөзсіз. Дегенмен, сол жылы алғаш рет мамыр айында Бурабайда болып, 3-4 айда резиденция ашып, қыркүйекте алғашқы «Достар дауысы» халықаралық поэзия және өнер фестивалін ұйымдастыру жанкешті еңбектің жемісі деп бағалауымыз керек. Содан бері үш рет фестиваль түрлі мемлекеттерден келген шығармашылық өкілдерінің басын қосты. Тағы бір ерекше атап өткім келетін жоба авторы – румыниялық Танер Муратпен шығармашылық бағытта жұмысты қолға алып бірнеше мықты жобаларды атқардым. Бұл жобалар барысында Anticus Multicultural Association платформасында халықаралық онлайн зум-конференцияларда тек қазақ қаламгерлерін ғана емес, өзбек, қырғыз, татар ақындарының да поэзиясын таныстыруды үйлестіре алдым. Нәтижесінде конференцияға қатысушылардың шығармалары енген жинақ жарыққа шықты. Тағы бір қомақты ауыз толтырып айтар еңбек – Танер Мурат екеуміздің үйлестіруімізбен Румынияда Құрманғазы күйшінің ескерткішін бүлдіргендерге наразылық акциясы ретінде «Жеті мүсін» деген жыр-альманахты дайындап, қазақтың мықты жеті авторының жырын ұсынған едік. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым мен атсалысқан көптеген жобалардың барысынан хабардар. Ұлыбританиядағы серіктестерім, мықты ақын, аудармашы, зерттеуші-ғалым Дэвид Пәрри мырзамен және жазушы, рухани емші, дарынды экстрасенс, радио жүргізуші Алан Кокс мырзамен бірлесіп, әлемдегі мәдени жаңалықтар туралы талқылайтын подкаст жобаны пандемия кезінде әр апта сайын 4 айдай уақыт бірге жүргіздік. Сол уақытта ковид деп әлемді бір тарының қауызына сыйғызғанда, өзімізге керек күшті осылай рухани әлемнен ала білдік. Мен үшін үлкен тәжірибе мектебі, тікелей эфирден 1 сағат бойы сөйлеп отыру, айтылған ойларға көзқарас білдіру – бір қызық жоба ретінде есте қалды. Дэвид мырзамен бірге тағы бір подкаст жобаны дайындауға атсалыстым. Бұл подкасттың әр шығарылымында белгілі бір автордың шығармасы төңірегінде ой айттым. Мекемтас Мырзахметұлының «Абайдың шығыстық әлемі» туындысын әңгімеледім ең алғашында, келесі бір подкаст шығарылымында Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбегі – Абайдың «Толық адам» ілімі туралы кітабын айттым. Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелердің өлімі» романына кеңірек тоқталдым. Тағы басқа да шығармаларды кезекті подкасттарға ұсынып жүрдім. Мұның бәрі сәтті жоба болды деп есептеймін.
– Сіздің әдеби агенттігіңіз арқылы шығармалары ағылшын тіліне аударылған қазақ қаламгерлерінің қатарында кімдер бар?
– Бүгінде ерекше танымал, дарынды, еңбекқор қаламгерді үлкен құрметпен айта аламын. Сәуле Досжан 2018 жылы халықаралық Букер әдеби сыйлығының номинанттары қатарынан табылды. Бұның өзі – қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік. Осы ретте 2019 жылғы жаз айында Лондонда өткен Букер халықаралық әдеби сыйлығы әкімшілігі әдеби әлемінің мықтыларының басын қосқан жиынға мені эксперт ретінде шақырды. Бұл алаңқайда әдеби байқаудың ұйымдастырушыларының сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, түркі әлемі үшін де, дүниежүзілік оқырмандарға жол ашатын платформа Букер сыйлығы әкімшілігі үшін де құнды ұсыныс бердім. Жиыннан кейін келесі күні мені жеке қабылдап, менің «Орталық Азия Букері» идеям төңірегінде сұрақтарына жауап бердім. Букер тарихын саралап, жетістіктері мен тоқтап қалған Букер Россия және Букер Азия туралы да өз пікірімді айтып, біздің болашақ жоба әлемге жұмбақ әрі рухани өте бай түркітілдес мемлекеттердің мықты авторларын таныстыратынын, кімдермен мақтана алатынымызды, нақты туындыларды және авторлары туралы айтқанымда, кеңседегі әңгімені үзбей, одан әрі ресторанда жалғастырып, Букер жобасын қамтитын «4 communications group- 4 culture» холдингтің сол кездегі атқарушы директоры Дотти Ирвин ханым маған зор құрметін көрсетіп, қолдауға даяр екендігін жеткізді.
Өткен жылы ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Сұлтан Раев мырза да осы деңгейлес әдеби сыйлықтың концепциясын дайындауымды нақты өтінген соң, дайындап бердім.
Аудармалар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірқатар авторлар,
Баянғали Әлімжанов, Зәуре Төрехан, Райхан Имаханбет және т.б, менің атсалысқаным жөнінде әлеуметтік желілердегі парақшаларында айтып жатады. Райхан Имаханбеттің Ахмет Байтұрсынұлы туралы зерттеулерді саралап жазған «Ғасыр саңлағы» әдеби туындысының ағылшын тіліне аударылуы – менің биылғы үлкен жетістігім болды. OEBF 2023 халықаралық әдеби байқауында үздіктердің үздігі атанып, «аударма» номинациясында I орынды иеленіп, грантқа қол жеткізіп, енді аударма жұмысым Англиядағы баспадан шығатын болды. Поляк ақыны Барбара Юрковская – Навроцкая атындағы медалімен қазақ қаламгерлері Шәмшия Жұбатова, Мұнайдар Балмолда, Баянғали Әлімжанов, Клара Қабылғазина марапатталды. Мұрат Уәли «проза» номинациясында II орын алды. Нұрлан Тоқсанов «шағын прозадан» I орынға қол жеткізді.
– Шетел оқырмандарын қандай жанрлардағы туындылар қызықтырады?
– Кез келген жанрдың өз оқырманы бар. Кітап жәрмеңкелерінен байқағанымыз детектив, фэнтези, фантастика, балалар әдебиетінде комикс, және нонфикшнде өзін-өзі дамытуға арналған сериялы кітаптар көбірек сұраныста екен. Менің сүйікті авторым, марқұм Торғын Жолдасбекқызымен бірге 2019 жылы Германиядағы Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне бірге қатысуымыз Гете-Институтының «Қозғалыстағы мәдениет» грантымен жүзеге асып, кітап әлемінің үлкен энергетикасын сезініп, сол сапар жетістікке жетелеген еді. Сол жылы Торғынның әңгімелері қараша айының соңғы аптасында Брюссельде өткен Ашық Евразиялық халықаралық әдеби байқаудың қорытынды фестивалінде «шағын проза» номинациясында I орынды иеленген еді. Биыл 27 қыркүйекте Торғынның есімі жазылған мемориалды ескерткіш тақта Бурабайдағы арт-резиденция қабырғасына ілінді. Маған Торғын туралы өткен шақпен сөз сөйлеу қанша ауыр болса да, өзімді ұстап, ойымды айттым, рухына Құран бағыштап, қазақша дұға жасадым. 2023 жылдың басында OCA Magazine (UK) журналына екі беттен тұратын Торғын Жолдасбекқызы туралы жазылған қазанама мақалам суреттерімен шықты. Алдағы жоспарымда Торғынның шығармашылығынан бірнеше туындыларын аударып, кітап шығару ниетім бар.
– Шетелде әдеби агенттің көмегіне сұраныс көп пе?
– Әрине, шетелде әдеби агент қызметіне жүгіну – қалыпты жағдай, шетелдік авторлар да маған көп ұсыныс жасайды. Сол мүмкіндіктерді дұрыс тиімді пайдалану мақсатымен қазір бір идеялар пісіп жетілуде. Бұйырса, ол күн де келер. Бұл сұраққа ұзын-сонар жауап бермей-ақ қояйын.
– «Бестселлер» әдеби агенттігіңізде қанша қызметкер жұмыс істейді? Олардың атқаратын міндеттерін жіктеп айтып берсеңіз?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әдеби агенттік ашу идеямды қолдап, агенттік мемлекеттік негізде қайта ашылар болса, агенттікте қанша қызметкер болады, олар қандай қызметтер атқарады – сол кезде таратып айтып берейін. Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай, әрбір әдеби агент мен жүріп өткен жолда менен де жақсы жұмыс нәтижелерін көрсетсе, Нобель сыйлығын алмай қоймаймыз, бұйырса!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
ПІКІРЛЕР1