Биылғы Нобель Ласло Краснахоркаидың еншісінде
28.10.2025
157
0

2025 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға бұйырды. Комитет оның «апокалипсистік үрей жағдайында өнердің күшін қайта дәлелдеген көреген әрі сенімді шығармашылығын» жоғары бағалады. Бұл туралы 9 қазан күні Нобель комитетінің ресми баспасөз хабарламасында айтылды.

Нобель комитеті атап өткендей, Ласло Краснахоркаи – Орталық Еуропа әдеби дәстүрінің өкілі, оның шығармалары Кафка мен Томас Бернхард рухымен үндес, ал стилі абсурд пен гротеск араласқан эпикалық баяндау сипатында. Сонымен бірге жазушы шығыстық философия мен медитативті көзқарасқа да бой ұрады, шығармаларында сабыр мен рухани тереңдік айқын сезіледі.
Ласло Краснахоркаи 1954 жылы Венгрияның оңтүстік-шығысындағы Дьюла қаласында, Румыния шекарасына жақын өңірде дүниеге келген. Ол 1985 жылы жарық көрген алғашқы романы «Сайтан биі» арқылы Венгрия әдебиетінде сенсация тудырып, халықаралық деңгейде таныла бастады. Бұл туынды кейін режиссер Бела Тарр түсірген жеті сағаттық фильмге негіз болған.
2015 жылы Краснахоркаи Халықаралық Букер сыйлығының лауреаты атанды. Сол кезде қазылар алқасы оның шығармаларындағы тілдік қарқын мен философиялық тереңдікті ерекше атап өткен болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір