ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН КІТАПХАНАШЫ
Өмірде, шын мәнінде, ел мүддесін жеке басынан биік қоятын тұлғалардың ғұмыры ұрпаққа үлгі болып, санадан еш уақытта өшпесі хақ. Осы орайда, мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Кітапханалар қауымдастығының президенті, Еуразия Кітапханалық қауымдастығының тұңғыш президенті, Қазақстан кітапханалық қоғамдастығының әлемге танымал көшбасшысы Роза Бердіғалиеваны айрықша атап өткім келеді.

Ол – еліміздің рухани өмірінде қайталанбас із қалдырған,мәдениеттің дамуына орасан зор үлес қосқан бірегей тұлға. Оның жүріп өткен өмір жолы – жай ғана сырғып өткен уақыт емес, айналасына ұлағатты ұшқынын шашқан, тағылымға толы тарих. Күні кеше ғана арамызда жарқырап жүрген мейірімді, жарық дүниенің сәуле нұрына шомылып, еліміздің кітапхана саласын дамытуға ғұмырын арнаған басшым әрі кәсіби тәлімгерім болған Роза Аманғалиқызымен бірге Ұлттық кітапханада ұзақ жылдар бойы қызметтес болған, кітапхана ісінің қызығы мен қиындығын бірге көрген кезең санама сағынышпен оралады. Жаны жайсаң, кішіпейіл, парасатты жан әрбір адамның еңбегін әділ бағалап, барлық қызметкерлерге үлкен құрметпен қарайтын.
Әттең, биыл 5 мамырда Роза Аманғалиқызының туғанына 80 жыл толар еді. Оның кітапхана саласын дамыту жолында төккен маңдай тері мен табанды еңбегі ешқашан ұмытылмайды, артына қалдырған ұлағатты да тағылымды мұрасы халқы барда мәңгі жасай береді!
Роза Аманғалиқызы бірімізге ана, бірімізге туыстай жақын болды, бар білгенімен бөлісіп, қолынан келер жәрдемін еш аяған жоқ. Сонымен қатар ол шәкірттерінің кәсіби қабілеті мен талантын ашып, шығармашылық тұрғыда шыңдады, дарын қабілеттерін одан әрі дамытуда әдістемелік бағыт-бағдар берді. Басшылық қызметінде қиындығы мен қызығы қатар жүретін, білімнің сан саласын қамтыған кітапханашы мамандығының нағыз майталманы, рухы биік, өресі кең, еліміздегі кітапхана саласын әлемге танытуда үлкен қажырлық пен табандылық танытқан тұлға бола білді.
Еліміздегі бас кітапхана болған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы Роза Аманғалиқызының тікелей басшылығымен 1991 жылы ұлттық мәртебесін алды және республиканың аса бағалы мәдени нысаны ретінде мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кітапхана саласының майталманы Роза Бердіғалиеваның өз сөзімен айтатын болсақ: «Міне, осыны мен өз өмірімде жасаған ерлігім әрі ұлтыма тигізген пайдам болды деп есептеймін. Қазір ұлттық мекемелер көп, шүкір, бірақ сол кезде мұндай мәртебеге сұрану өз басыңды қатерге тіккенмен тең еді». Шынымен де, елімізде тұңғыш рет ұлттық статус алған мекеме біз болдық.
Еліміздегі кітапханаларда «Қазақстанның кітапханалық астанасы», «Шекарадағы кездесу» жобаларымен қатар, «Әлем жады», «Жазба ескерткіштерін сақтау», «Қазақстандық корпоративтік каталогтеу» сынды мағыналы халықаралық деңгейдегі бағдарламалар аясында арнайы конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер арқылы орасан зор жұмыстар атқарып, шығармашылық топтардың жұмысын ұтымды үйлестіре білді. Өзінің жаңа тың идеяларымен еліміздегі кітапханашы мамандарды, оқырмандарды, журналистерді, шығармашылық қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдерін біріктіріп, тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы орайда Р. Бердіғалиеваның 2007 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жүзеге асырған «Электрондық мемлекеттік кітапхана қоры – Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана» – ҚазҰЭК (КазНЭБ) арнайы жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл әлемдік ақпараттық кеңістіктегі қазақ контентін дамытуға үлес қосу үшін жасалған ауқымды жоба ретінде жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздің және әлемнің ғылыми, әдеби және мәдени мұраларын сақтап қана қоймай,әлемнің кез келген нүктесінен пайдаланушыларға сан алуан электронды сервистерді ұсына отырып, қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндігін дамытып, оқырмандарға қолайлы мүмкіндіктер жасап келеді.
Р.Аманғалиқызының мемлекеттік қызметтегі өмірлік ұстанымында қолға алған бастамалары елімізде бірінші болып жүзеге асырылатын. Ол – кітапханашылардың бірінші республикалық съезі, бірінші халықаралық оқу конгресі, жас кітапханашылардың алғашқы слеті. Сондай-ақ «Шекарадағы кездесулер», «Қазақстандық Ұлттық Электрондық кітапхана», «Кітапхана астанасы» атты жобалар, еліміздің кітапханалары аясында жыл сайын өткізілетін «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы және т.б. Оның ішінде, бүгінгі күнге дейін елімізде дәстүрлі түрде жүзеге асырылып жатқан «Бір ел – бір кітап» ауқымды жобасын айрықша айтуға болады. Бұл маңызды жобаның ұлттық тұтастығымызға бастайтын ұлы тұлғаларымыздың кітаптарын бір мезгілде бүкіл ел болып оқып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда және ұлттық әдебиетіміздің ең үздік туындысын кеңінен оқып,танып-білуде беретін мүмкіндігі зор екені сөзсіз. Роза Аманғалиқызы бір сұхбатында: «Заманауи кітапханаларда белсенді, мобильді, өзгерістерден қорықпайтын, заманауи технологияларды меңгерген, бірнеше тілдерді білетін мамандар жұмыс істеуі керек. Жалпы, кітапханашы – болашақтың кәсібі. Бүгінгі кітапханалар өткеннің мұрасын сақтап қана қоймай, болашақтың ақпараттық базасын жасайды. Мен бұған сенемін. Біз уақыттың байланысы үзілмеуі және адамзаттың жадын өшірмеу үшін жұмыс істейміз. Бұл үлкен миссия бізді шабыттандырады» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, біз оқырманның кітап оқу арқылы сан салаға қатысты білім алуына тікелей дәнекерміз. Ол өзінің саналы ғұмырында 35 жылдан астам уақыт бойы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы және Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы сияқты жетекші республикалық кітапханаларды басқарды. Роза Аманғалиқызы Мемлекеттік республикалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастырушысы және тұңғыш директоры (1976–1984), Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры (1987–2003), Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастырушысы және тұңғыш бас директоры (2003–2009) болды. Қызмет жылдарында Р.Бердіғалиева ғылыми-зерттеу қызметімен айналысып, 1997 жылы «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының құрылуы және 1931–1945 жылдары тарихи зерттеулердің дамуы» тақырыбында диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атағын алды. Ал 1995–2008 жылдары БҰҰ жанындағы Халықаралық Ақпараттандыру академиясының «Кітапханатану» салалық бөлімшесінің корреспондент-мүшесі, 1998 жылдан Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының корреспондент-мүшесі, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрметті профессоры атанды.
Р. Бердіғалиева – сонымен қатар кітапхана саласы бойынша 300-ден астам мақаланың авторы. Оның «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қалыптасуы және тарихи зерттеулердің дамуы (1931–1945)» монографиясында алғаш рет мұрағаттық және жарияланған дереккөздердің кең ауқымы негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының дамуына кешенді зерттеу жүргізіліп, қызметкерлердің Қазақстан тарихының деректану және тарихи библиографиясын әзірлеуге қатысуы туралы мәліметтер көрсетілген.
Қазақстан Кітапханалар қауымдастығын әлемге таныту жолында
Р.Бердіғалиева қажырлы еңбек сіңірді. Ол әлемдік аренада Халықаралық Азия және Океания елдері Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелерінің халықаралық федерациясы Тұрақты аймақтық комитетінің мүшесі (2007–2011 және 2011–2015 жылдарға сайланған), 2003 жылдан бастап ақпаратқа еркін қол жеткізу және сөз бостандығы комитетінің (IFLA) мүшесі, Түркітілдес елдер кітапханалары бірлігінің вице-президенті, Еуразия Кітапханалық қауымдастығының президенті және вице-президенті (2001–2003; 2003–2005), «Қазіргі ғылым, мәдениет, білім және бизнес әлеміндегі кітапханалар және ақпараттық ресурстар» халықаралық конференциясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі (Қырым 2007, 2008), «Қырым – 2011» және «Қырым – 2012» халықаралық конференциясы Байқау кеңесінің мүшесі қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарды. Елімізде Роза Аманғалиқызының еңбегі жоғары бағаланып, 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, 2000 жылы Құрмет орденімен, Президенттің Алғысхатымен қоса тағы да басқа бірнеше халықаралық медальмен марапатталған.
2020 жылы Роза Аманғалиқызының өнегелі өмірі мен атқарған қызметін үлгі ете отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, жастар арасында кеңінен насихаттау және есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Ұлттық кітапханасының Кітапханатану залына есімі берілді. Ұлттық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 40 жылдан астам өмірін кітапхана ісін дамытуға жұмсаған маман Роза Бердіғалиеваны еске алу кеші және «Мен артымда із қалдырғым келеді» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Мен, осындай кітапхана ісінің көшбасшысымен және өзінің үзеңгілес небір жайсаң жандарымен бірге әріптес болғанымды есепсіз бақытқа балаймын. Өмірімдегі кітапханамен байланысты бүкіл кезең сол тұлғалардың есімімен тығыз байланысты. Кітапхана тарихындағы өткеннің еншісінде қалған бұл жылдар мен үшін ең жарқын, табысты, айрықша тарихи есте қалатын оқиғаларға толы болды.
Атап айтқанда, 2006 жылғы маусымда Қырымда өткен «Қазіргі ғылым, мәдениет, білім және бизнес әлеміндегі кітапханалар мен ақпараттық ресурстар» XIII халықаралық конференциясы. «Ақпараттан білімге: кітапханалардың, университеттердің және кітап нарығының рөлі» тақырыбындағы халықаралық конференцияда бірге болған сапар ерекше есімде қалды. Бұл конференцияның ерекшелігі – оған әлемнің 40 шақты елінен 4 мыңнан астамы қатысты. Кітапханалардың, баспалардың, кітап сату және кітап тарату ұйымдарының; ғылым, мәдениет және білім беру мекемелерінің мамандары мен басшыларына арналған әлемдік кәсіби форумда Р.Аманғалиқызының бастамасымен алғаш рет қазақстандық кітапханалардың «Қазақстан кітапханалары күні» ауқымды, жаңа форматта әлемге таныстырылды.
Кітапхана саласына өлшеусіз үлес қосып кеткен Р. Бердіғалиеваның, әсіресе 1989 жылы кітапханалық жұмыс үдерісінде еліміздегі алғашқы автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесін (АБИС) зор мақтанышпен атап өткім келеді. Бүгінгі таңда еліміздің барлық кітапханалары осы бағдарламаның жаңартылған жүйесімен (WEB-РАБИС) табысты жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ Ұлттық кітапхана қорындағы көне күйлер мен ұлы тұлғалардың дауыстары жазылған күйтабақтар цифрлық форматқа көшіріліп, 1998 жылы «Қазақстанның музыкалық мұрасы» атауымен СD-диск болып жарыққа шықты. Бұл жұмыс мемлекеттік қаржысыз, ЮНЕСКО-дан жеңіп алған грант есебінен жүзеге асырылды. Өзім куә болған, осындай жоғары деңгейдегі ірі бағдарламалар мен жобаларды қолға алып, жүзеге асыруда теңдесі жоқ көшбасшының табанды еңбегі тасқа таңба басқандай тарихта қалары анық.
Ақылы мен ажарына пайым-парасаты одан әрі көрік беріп, сенімді сөз саптаулары әуенді үнімен үйлесе кететін аяулы жанның әрбір өнегелі ісі мен жүріп өткен дара жолы әлі талай буынға үлгі болары сөзсіз.
Есімі ел жадында мәңгілікке қалған халқымыздың түрлі саладағы небір қайсар қыздарының қатарына мақтанышпен қоса алатын Роза Аманғалиқызының рухты келбеті мен айрықша жаратылысы жадымыздан еш уақытта өшпейді. Қазақстандағы кітапхана саласының игі бастауында есімі алтын әріппен жазылған, көзі тірісінде-ақ тау тұлға екенін дәлелдеп кеткен Роза Аманғалиқызының абырой-беделі уақыт өткен сайын артпаса, еш аласармақ емес. Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, ұлағатты ұстазым!
Қаншайым ИЗАМБЕКОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасының
«Қорды толықтыру» қызметінің
жетекшісі