Салынбаған сурет немесе «Қыз Жібектің күймесі» (триптих)
Гүлбақыт ҚАСЕН
Үлкен өнердің үлкен тағдырдан өрбитіні мәлім.
Әбіш Кекілбаев
… Талай саңлақтың суретін салған Әбекең өзі үнсіз ғашық болған Күләшті неге салмады екен? Қалай дабыра қылмай, ішінен тынып қана құпиялап ғашық болса, дәл солай перделеп, құпиялап болса да салмапты.
Бексұлтан Нұржекеұлы
1.
Таңырқадым, толқыдым, тебірендім,
Иесі кім ең ғажап керуеннің?
Көздің жауын алатын күймесі бар,
Гаухар тасты алтыннан түймесі бар.
Салтанаты өзгеше, пошымы да,
Дегбір қаққан көңілдің хошы мына…
Көз алдымда дүние құбыла ма?
Қол бұлғасам маған бір бұрыла ма?
Қоңыраулы күйменің ғажабын айт,
Қол созым жер, жетпеудің азабын айт.
Неше дүркін ұмтылдым, жете алмадым,
Байланғандай қазыққа кете алмадым.
Сегіз бейіш төрінен оралғандай,
Айдынына аққуы қона алғандай.
Шашу шашсам, күмістен төгілер ме?
Қуаныш-жыр қоржыны сөгілер ме?
Жусан иісі даланың бұрқыраған,
Тәрізді бір мың жылқы шұрқыраған.
Тербетілген күйме ме, жүрегім бе?
Жұмбақ сезім бұлқынар жүрегімде…
«Дәмін татқам аралап талай жердің»…
Бұл араға ойпырмай, қалай келдім?
Сұлулықты көрмеген көзді қайтем?
Кезіккенде айтпаған сөзді қайтем?
«Атқан таңдай ажарың ашық» шығар?
Іңкәр жандар дәл мендей ғашық шығар?
Бірақ бәрі ішімде үнсіз қалдым…
Шырын дәмі болмайды-ау
гүлсіз балдың?
«Қыз Жібектің күймесі» тамсандырған,
Бұла көңіл «Гәкку» деп ән салдырған.
Тағдырыммен жіпсіз-ақ байланайын,
Бұлбұл Күләш, даусыңнан айналайын.
Бояулардан іздедім сұлулықты,
Бояулардан іздедім ұлылықты.
Бір құдірет болса егер, бұл ғаламда,
Ол – махаббат жан берген қылқаламға.
2.
Жұмақтайын табиғаттың құшағы,
Гүлзар бақта құстың жыры, құс әні.
Тастүнекті жарып шығар нәзіктік –
Аппақ арман қанат байлап ұшады…
Айлы түнде аймалаған бақ гүлім,
Қуанышым еселенер, шат күнім.
Құстың әні жүрек шерін қозғайды,
Көмекейге құйылады тәтті мұң.
Маңдайымнан самал сүйіп өпкендей,
Көктем маған сәл кешігіп жеткендей…
Ең аяулы арман ару кеудемнен,
Баяу ұшып…
Құсқа айналып кеткендей.
Аз, ба менің бұл өмірден көргенім?
Кейде көніп,кейде ырқына көнбедім.
Тағдыр-үкім маңдайыма жазылып,
Оюлардай салған үнсіз өрнегін.
Сыбырлайсың:
«Жаңылмағын, таңдай түс…
Жанарымды қарықтырған қандай түс?
Үргелек ой шырмаса да санамды,
Мені өзіңе іңкәр еткен қандай күш?
Бақ та қонар адамдарға таңдамай,
Өкініш-ой оттай лаулап жанған-ай.
Мен – бір бейбақ, өзі дертті жүрекке
Шоқ түсірген абайсызда аңдамай…
Қол жетпесім Ай да емес, Күн емес,
Ғұмырыма серік болған бір елес…
Жүрегімде тұншығады сезімім,
Өмірімді өртесең де түк емес.
Алдыңа кеп бас ұрғаным не керек?
Ұршықтайын өтер өмір дөңгелеп.
Таусыларда соңғы демім, тілегім –
Саусағымды қыссаң болды «өлме!» деп…
…Арзуы ма, суретшінің тілегі?
Сыр толғайды тоқтаса да жүрегі.
…Дәл осылай туады екен аңыздар,
Кім біледі қанша өмір сүреді?
3.
Жақсы шығарма өмірден туады, іздену арқылы, сезіну арқылы дүниеге келеді.
Әбілхан Қастеев
Ойдың биіктігі бізге суретшінің жанын көрсетеді.
Поль Сезанн
Шаппай бәйге алатын жан,
Міне, олжаң – бас бәйгең…
Сүйіншіле, сертің биік,
жолын кесіп қаскөйдің.
Аққұланды ертте-дағы
Алатауды бетке алғын,
Шежірелі Шежіндегі суретші ұлы
Қастейдің.
Қазаққа тән барлық түстің бояуы құт,
ырыс па?
Даламызға төге салған шығар, бәлкім,
уыстап.
Ғазиз жүрек тебіренді,
қаншама рет толқыды,
Алақанға салғандайын алтын бесік,
күміс бақ.
Жаны таза. Шынайылық
бояуында қалқыған,
Айнымаған дәстүрінен,
қазақылық қалпынан.
Қызыл түстер тіршіліктің
қантамыры секілді,
Аппақ түстер ақ сәулелер,
жанарына ар тұнған.
Көк күмбездер – көктің түсі,
түсі теңіз, көлдердің,
Көңіл кербез жоғалтпаған
мәңгі жасыл өрнегін.
Сары түстер жан сезімі,
сағыныш қой таусылмас,
Мен де сенсең,
Төлегендей сағынышқа шөлдедім.
Күмбір-күмбір көне бір үн,
қоңыр түсті домбыра,
Қобыз сарын, Қорқыт күйі,
бір қасиет қонды ма?
Кемпірқосақ көрінердей
біздің үйдің жанынан,
Алып аспан еркелетіп,
кеудесіне қондырған.
Тұлпар шауып
делебесін қоздырады жігіттің,
Сұңқар ұшып түу биіктен
жібін жалғар үміттің.
«Табиғатпен қатарласа
жарысқандай жарасым»…
Бұл өнерді кім бағалап,
кімдер сырын біліпті?
Батыс, Жапон…
Қай бейнелеу өнері озды расымен?
Француз ба,
гректер ме үндесетін ғасырмен?
Суретшілер бет бұрғандай
көне дәуір Шығысқа,
Картиналар салынғандай
жүректердің жасымен.
Біздің өнер – бекзат өнер,
дәстүрімнен аспаған,
Біздің сурет – ғажап сурет,
қаралықты жасқаған.
Салынбаған суреттегі
күлімдейді бір бейне,
Ван Гог салған
«Ақ көйлекті қыз» ба дегем…
Басқа жан.
«Гүл ұстаған әйел»
емес, бейнелеген Поль Гоген,
«Суретшінің анасы» емес,
Поль Сезанның, көрмегем…
Эдуард Мане,
Эмиль Бернар картинасы емес ол,
Жұмбақ бейне салынбаған…
Ілер едім төрге мен.
Салынбаған сол бір бейне тым
өзгеше басқадан,
Жібек пе екен? Баян ба екен?
Ғашық жүрек, басқа адам…
Бояуларға тіл бітеді, тіріледі суреттер…
Үнсіз ғана қылқаламнан жас тамар…
Қоңыр өлең
Жанарымда – бүтін ғалам,
жүрегімде – жарты әлем,
Өлеңіммен егіз – өмір,
сөзбен биік мәртебем.
Өлеңшөбі құмарлыққа сүңгітеді
шайырды:
табиғат та толғатады…
қара тас та мәрт ерен.
Топырағыңды сүйдім сенің,
Қоңырөлең, көктемде,
Қара жерге Тәңір ақ қар,
құсқанатын төккенде.
Буынды алып жұпар иіс
ынтық еткен өзіңе,
Ақын қыздың бұл бақытын,
О, Жаратқан, көп көрме.
Қоңырөлең, бас сал мені,
көңілдегі жайды ұқ та,
Тасқа біткен көк өскіннің
сырын ұқпау лайық па?..
Ой – қорғасын, балқытады
бұлт жасырған мұң-шерді.
Отырамын көзді жұмып,
Ләззатымнан айықпай…
Көзімді ашсам, бар ғаламат
ғайып болып кетердей,
Талықсимын дір-дір еткен
кірпігімді көтермей,
Ол көктем мен бұл көктемнің арасында Өмір бар…
Таңдайымда – сезім дәмі
Бал татымас бекерге…
Осы бір сәт тербетеді бүлдіршіндей
жер төсін,
Аспан-жерде: жібек шалғын,
Күн шымылдық-пердесі.
Өлеңшөпке елітемін,
мен өлердей ғашықпын,
Ал өлеңім – күміс қанат…
бірге ұшайық, кел, қосыл.