«Қыз Жібектің» көші Мумбайға кетіп барады
01.06.2023
383
0

«Қыз Жібек» фильмі – қазақ кинематографиясындағы аңызға айналған өнер туындысы. Бір жобада Сұлтан Қожықов, Нұрғиса Тілендиев, Ғабит Мүсірепов, Асқар мен Олжас – қос Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешова, Қайрат Байбосынов, Гүлфайруз Ысмаилова секілді өнер майталмандарының басқосуы, аңыз адамдардың синтезінен шыққан фильмнің өзі бір тарих. «Қыз Жібекті» басында қырғыз елі түсірмек болған деген сөз бар. Сол кезде қазақ интеллигенциясы: «Өзіміздің лиро-эпостық жырымыздың ізімен өзіміз көркем фильм түсіре алмаймыз ба?» деп өре тұра келіп, ақыры Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен жобаны «Қазақфильм» қайтарып алған деседі. Бұнысы дұрыс болған да. Қазір қазақ кинематографиясын «Қыз Жібексіз» елестету мүмкін емес. «Қазақстан» арнасындағы «Гауһартас» бағдарламасында Асанәлі Әшімов фильмнің Мумбай фестиваліне баратынын айтты. Ағылшын тіліне аударылған «Қыз Жібек» енді әлемді аралауы да ғажап емес.

Құлахмет Қожықовтың «Қыз Жібек» фильміне сызған эскизі

  

Қазақ киносының Сұлтаны

Фильмнің фильм болуы алдымен режиссерге байланысты. Яғни мәтінді бейнеге айналдыру, ойыңда пісіп жетілгенді дәл солай көрерменге ұсыну – режиссердің еңбегі. Сұлтан Қожықов «Қыз Жібекті» осылай көрді және оның еңбегі бүгін бүтін бір елдің кино тарихына еніп қана қоймай, сол тарихты құрайтын негізгі тірегіне айналды. Биыл Қазақ КСР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинорежиссер, қазақ киносының сұлтаны – Сұлтан-Ахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл толып отыр. 1955 жылы өзінің жеке сценарийі бойынша «Ана мен бала» атты алғашқы көркем фильмін, кейін Қажымұқан Мұңайтпасов туралы «Білек күшін біл!» («Знай наших») көркем фильмін түсірді. Ол бірқатар фильмдердің сценарийлеріне қосалқы автор болып, тарихи, заманауи және эпикалық тақырыптарға сценарий жазуға атсалысты, соның ішінде: «Біз – Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961) және «Шыңдағы шынарда» (1965) секілді туындылары бар. Сөйтіп, 1970 жылы шығармашылығының шыңына айналған «Қыз Жібекті» түсірді. Қазақы өмір, қазақы таным, аңызды сіңіріп алған фильм – Сұлтан-Ахмет Қожықовтың қазақ кино тарихына қалдырған өлшеусіз үлесі. Бұл фильмге қарап бірнеше ұрпақ өнерге келді, бірнеше ұрпақ өсті, танымдық эстетикасын қалыптастырды. Өнерпаздар әулетінен шыққан Сұлтан-Ахмет –шығармашылық бақытқа кенелген адам. Әр шығарманың міндеті – авторынан сытылып шығып, өз бетімен кетіп, көрерменнің, оқырманның, тыңдарманның санасына жету, сонда қайта бүрлеу, құлпыру, даму, есте қалу. Бұл тұрғыда «Қыз Жібек» бүтін бір елдің жүрегіне жақын фильм екені анық.

Ән тарихы

Жоғарыда жазып кеткеніміздей, фильмге қатысы бар адамдардың есім-сойына қарап-ақ, «Қыз Жібектің» нашар шығуы мүмкін емес деген ойға қаласың. Ал бұған Мұхтар Әуезовтің да қатысы бар екенін естігенде ол ойымыз беки түсті. Фильмде Төлеген шырқайтын «Ақылбайдың әнін» сақтап қалған, қайта жаңғыруына себепкер болған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов екен. Бұл туралы тарихты білу үшін әнші Ерлан Төлеутай ағамызға хабарластық.

Ерлан Төлеутай:
«Ақылбай – Абайдың тұңғышы. Өзі өнерпаз, домбырашы, әнші адам болған. Бұл әннің тарихының өзі бір қызық. Сол заманда Абайдың кенжесі Мекайыл көрші Матай елінен қалыңдық айт­тырып, Құнанбай әулеті әнші Әлмағамбет (Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапселемұлы) бас болып құдалыққа аттанады. Сән-салтанаты жарасып, төрт көзі түгел, бір көш ел жолға шығады. Орта жолға жеткенде Әлмағамбеттің есіне жаңа ән жоқ екені түсіп, айқай салған деседі. «Ойбай, бізде жаңа ән жоқ!» деп. Әлгі жерде құдалық жолындағы көш у-шу болады. Сол заманда тамаша бір дәстүр болған екен. Дүние-мүліктен бөлек, құдалыққа жаңа ән апару да дағдыға айналған. Содан не керек, көш тоқтап, ән жоқ деп, көш дағдарып қалады. Бозбалалар жинала қалып, мұнымыз ұят болды деп, ән іздей бастаған. Ана ән, мына ән деп тізбектей жөнеледі, оның бәрі бұрын-соңды айтылған, таралған екен. Әйтеуір айтқан әндерінің бәрін Матай елі білетін болып шығады. Енді не істейміз деп тұрғанда ішінен біреуі шығып, «жаңа ән шығару керек» дейді. Ертең сүйекке таңба болады, ұят болады деп, жаңа ән апаруға бел буады. Жә, оны кім шығарады? «Ақылбай ағадан сұрайық, бір ән шығарып берсін», – деп көпшілік Әлмағамбетті кері қайтарады. Әлмағамбет аттың басын ауылға бұрып, шаба жөнеледі. Ақылбайдың үйіне келеді. Келсе, Ақылбай есік алдында отыр екен. Содан жағдайды айтады. «Аға, ән керек» дейді. Ақылбай «Менде ән жоқ» дейді. «Табыңыз, шығарып беріңіз», – деп қолқа салады Әлмағамбет. Содан қоймаған соң, Ақылбай әйгілі «Ақылбайдың әнін» шығарады. Оны сол жерде жаттап алған Әлмағамбет Матай еліне барып, орындап берген деседі. Жаңағы дәстүр бойынша, дүние-мүліктен бөлек, осы әнді де қоса орындаған. Бұл әннің тарихы – осы. Бұдан кейін ән ұмытылған. Ешқандай дерек қалмаған…».


«Ақылбайдың әнін» жеткізген – Мұхтар Әуезов

«Бір күні Алматыда Мұхтар Әуезов, басқа да зиялы азаматтар бір үйде бас қосады. Дулы топтың ішінде Күләш Бәйсейітова, Жүсіпбек Елебеков те бар екен. Арқа-жарқа әңгіме айтып, ән шырқап, керемет отырыс болады. Толқиды, тебіренеді, сондай бір қызық кешке ұласады. Содан Мұқаң: «Бір ән айтамын», – дейді. «Ақылбайдың әні» деген ән. Мұны ешкім айтпайды. Бір-ақ рет айтамын. Кім үйреніп алады, соған беремін», – дейді. Бәрі шу ете қалады. «Ойбай, айтыңыз!» – дейді. Мұқаң қазақы қоңыр дауысымен әлгі әнді орындап шығады. Сонда Күләш Бәйсейітованың есту қабілеті керемет болғаны сонша, бірден қағып алған екен. Мұқаң да риза болып, «Ой, пәлі!» деп қошеметтепті. Кейін Жүсіпбек Елебеков домбыраға келеді екен деп қайта үйреніп, екеуі халық арасына жайып жібереді. Уақыт өте шәкірті Қайрат Байбосыновқа үйретеді. Фильмнің композиторы болып Нұрғиса Тілендиевті тағайындаған. Сондағы Нұрғиса ағамыздың ұлылығы ғой, Төлегеннің әндерін айтатын әнші іздегенде Қайрат Байбосыновқа көзі түскен. Ол кезде әншілердің бәрі қартайған, жаңа дауыс керек, жас әнші керек, қазақтың қоңыр үнін халық сағынған. Нұрғиса Тілендиевтің әнді Қайратқа айтқызуы фильмді одан әрі көркемдей түскендей болды. Жаңағы «Ақылбайдың әні», «Қайыптың термесі», «Қаракөз» әндері таңдалып, Төлегеннің әндерін Қайрат Байбосынов орындап шықты. Сол кезде Нұрғиса Тілендиев Жүсіпбек Елебековке де барған екен. Төлегеннің әнін Қайрат орындайтын болды дегенде Жүсекең «Ол әлі шикі ғой. Бар болғаны 18 жаста» деп ойбай салған деседі. Композитордың табандылығы ғой, сонда да Қайрат Байбосыновқа осы әнді айтқызып, онысы сәтті шықты», – деді Ерлан Төлеутай.


М.Мақатаев:
«Киноны кино еткен сенің әнің»

«Қайрат Байбосыновтың айтқан естелігі бар. Бір күні алдынан Мұқағали шыға келіп, шап беріпті. «Әй, ана «Қыз Жібекте» ән айтатын сен бе?» депті. «Иә, мен», – дейді Қайрат Байбосынов. «Осы киноны кино қылып тұрған сенің әнің», – депті сонда Мұқағали. Киногерлердің арасында фильмнің сәтті шығуы 30 пайыз музыкаға байланысты деген сөз бар. «Қыз Жібек» фильмінде музыканың рөлі басым. Көркін келтіріп тұрған қазақтың әндері. Оның ішінде «Ақылбайдың әні» де бар. Бұл фильм біздің ұлттық эстетикамызды жаңғыртып, қайта қалыптасуына жол ашқан. Мұнда әннің алатын орны ерекше. Біздің тұла бойымызбен бітеқайнасып, қабысып жатқан дастан бұл. Қазақтың өзіне тән ерекшелігі, мінезі, эстетикасы тоғысқан», – деп сөзін аяқтады Ерлан Төлеутай.

Шеге. Шерге толы ұлы үнсіздік…

«Қыз Жібекте» Жібек пен Төлеген, Бекежаннан бөлек Шегенің рөлі елдің есінде қалған, керемет сомдалған образ. Бұл рөлді Әнуар Молдабеков орындап шықты. Биыл 85 жылдығы тойланатын актер Шегені ғана емес, қазақ киносында ізі қалатындай, кәсіби актерларға арналған оқулыққа енетіндей кейіпкерлерді сомдай алды.
«Әнуар Молдабековті біз көбінесе «Қыз Жібектегі» Шеге, «Қан мен тердегі» Еламан рөлдері арқылы білеміз. Бірақ оның бір шедеврлік рөлі үнемі ескеріле бермейді. Ол – Серік Жармұхамедовтың Төлен Әбдіктің «Ер Сейіт пен қыз Бәтіш әңгімесінің желісімен түсірілген «Өтелмеген парыз» фильмі ( прокаттағы орысша нұсқасы – «Искупи вину»).
46 жастағы актёр алпыстың асқарына мол шыққан Қожабек қарияның рөлін сомдауына қарап таңғаласың. Фильмде Әнуар актер анда-санда бір сөз айтады, ал қалған жерде – үнсіздік. Шерге толы ұлы үнсіздік.
Үнсіздік аймағына рөлін басы бүтін құратын актер көп болмаған. Мысалы, Ефим Копелян, Нұрмұқан Жантөрин. Мына рөлінде Әнекең сол грандтарға деңгейлесіп қана қоймай, асып түскен деуге аузым барады. Әнуар ағамыз ортамызда жүргенде 85-ке келер еді. Бүгін де әдеттегідей жалғыз ұлдан өлідей, жалғыз немереден тірідей айрылып отырған қарт өмірдің хикметін ұзақ аңдап, терең барлаған үнсіздіктен кейін бізге: «Е, шырақтарым-ай, бар болған соң шалқаясыңдар ғой…» деп отырғандай… – деп жазды Мақсат Тәж-Мұрат «Фейсбук» парақшасына. Рас, Әнуар Молдабековтың жеке шығармашылық зертханасы туралы ұзақ жазуға болады. Дегенмен әңгіме ауаны «Қыз Жібек» болған соң, Шеге рөліне тоқтала кетуді жөн көрдік.


Н.Тілендиев: «Әншінің дауысы бозторғайдың шырылындай тамылжып тұруы тиіс»

Айгүл Аханбайқызы «Оқырман күткен әңгіме» атты кітабында Шегенің әнін орындаушы мен Н.Тілендиевтің таңдауы туралы былай деп жазады:
«Қыз Жібек» фильміндегі көмекейінен өлең мен ән саулаған ақын Шегенің шарықтатып салатын ғажап әндері қай қазақтың да құлағында. Себебі, бұл фильмдегі Шегенің әндерінің орны бөлек. Шегенің әндерін актер Әнуар Молдабековтің өзі орындай ма? Үнемі мұңлы көрінетін Молдабеков ағамыз әнші де болған ба? Әлде ән басқа белгілі әншілердің бірінің дауысымен жазылған ба?
Иә, «Қыз Жібек» фильміндегі Шегенің әндері белгілі опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Кеңес Бақтаевтың дауысымен жазылған. Ол Абай атындағы Опера және балет театрында табаны күректей қырық жыл еңбек етті. Табиғаты таза, бала секілді елпілдеген ақкөңіл ағамыз Шегенің құлақ құрышын қандырар әндерін тамаша тенор дауысымен киноға жазып бергенімен, өзі көлеңкеде қалды. Операға халықтың бәрі бара бермейді, ал «Қыз Жібекті» көрген сайын шырқап жатқан Шегені көргенде «Ой, мынау Әнуар емес, Кеңес қой» дейтін еш белгі де, із де қалмады. Фильм біткен соң титрға аты-жөні жазылмады. Сондықтан әуелете салатын әндерді Бақтаевтың орындағанын ешкім де білмеді.
1971 жылы фильм түсірілгенде К.Бақ­таев 33 жаста еді. Опера және балет театрында жұмыс істегеніне он шақты жыл болып, бұл уақытта өзі де «Қыз Жібек» спектакліндегі Шегенің рөлінде ойнайтын-ды. Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтерден кейінгі Шегенің рөлін ойнаған үшінші толқынның өкілі еді Бақтаев. Сондықтан алдындағы ағаларының киімін киіп, қолына қамшысын ұстап ойнаған Шегенің рөлі кино өнерінде кезіккенде де Кеңес ағамызға соншалықты жат емес еді. «Менің даусым тенор болғандықтан, дауысымның характері ашық, қанық еді. Фильмдегі Шегенің әндерін орындауға жарияланған конкурс өте үлкен болды, таласқандар да сұмдық көп еді. Тіпті бұл сұрыптауға Шегенің рөлін бұрыннан ойнап, әндерін ертеректен орындап жүрген Ғарифолла Құрманғалиев те қатысты. Бірақ фильмді музыкамен әрлеген Нұрғиса Тілендиев, режиссер Сұлтан Қожықов, актер Әнуар Молдабековтер менің даусымды ұнатыпты. Нұр-ағаң: «Шеге – жас, жастық желігі басылмаған жалын ақын, сондықтан оның дауысы да жас болуы керек. Әншінің дауысы бозторғайдың шырылындай тамылжып тұруы тиіс. Бұл рөлге Кеңес лайық, дауысы ашық, диапозоны кең», – деп сол кезде жасы алпыстан асып кеткен Ғарекеңді емес, отызды орталауға аяқ басқан мені қолайлы көріпті. Сөйтіп, әншілердің арасындағы іріктеу сынынан өткеннен кейін маған «тездетіп жаттаңыз» деп ноталар берді. Оның ішінде «Қыз Жібек» жырында кездеспейтін, Нұр-ағаңнын фильмді өрнектеу үшін өз тарапынан топтастырған жан шымырлататын саздары, әндері көп еді. Фильмде Шегенің аузымен солардың оншақтысы орындалады. Ал Төлегеннің әндерін орындауға талпыныс білдіргендердің ішінен Қайрат Байбосынов озып шықты. Дауысымызды таспаға бір айға жуық уақыт жазды. Фильмдегі Шегенің әндерін орындағаным үшін көп ұзамай маған «Қазақстанға еңбек сіңірген артист» деген атақ берілді. Менің театрдағы он жылғы еңбегімді Шеге осылайша бір-ақ фильммен бағалап берді. Содан кейін зейнеткерлікке шыққанша театрда Шегенің рөлін ойнадым. Басқа да рөлдерім өте көп еді, бірақ Шеге – менің өнердегі «коронный» партиям болды» – дейді К.Бақтаевтың өзі.
Қазір Кеңес Бақтаев – зейнеткер. Қызы Жаннат Бақтаеваның да бойына әкесінің таланты мен өнері дарып, опера әншісі болып қалыптасты. Бүгінде Астанадағы К.Байсейітова атындағы Опера және балет театрының белді артисі. Таланты әкесінен артық болмаса кем емес, болашағынан үміт күттірер мәртебелі артистер қатарында. Жаннат – жолындағысын жайпап, таптап өте беретін екі иығын жұлып жегендердің қатарынан емес, Шегенің әндерін орындап алған «еңбегі сіңген» атағымен-ақ қоңыртөбел тіршілігін кешіп, қарапайым мінезінен айнымаған әкесінің өмірдегі өтемақысы да сияқты…».

P.S. «Қыз Жібек» – қазақ киносына эстетика сыйлаған туынды. Ондағы арнайы киімнің тігілуі, тіпті атқа қонғанда ер адам мен әйелдерге бөлек ер жасатқаны, әр түймеге дейін тарихи құндылығын сақтап, сол күйі тарих қойнауына енген бетке ұстар фильм. Өнердің қай саласы болмасын, соның негізін қалайтын, іргесін сөкпей ұстайтын туындылар, авторлор болады. Әдебиетте «Абай жолы» дейміз, ал қазақ киносында «Қыз Жібек». Бұл фильм іргесін қалаған фильмдердің бірі әрі тарихтан өшпейтін, көрермен жүрегінде орны бар өнер туындысы.

Абзал Сүлеймен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір