Семейде «Сәуiр суреттерi» поэтикалық кеші өтті
Поэтикалық кешке поэзия әлемiне ерекше леп, соны серпiлiс алып келген ақындар мен өлең өлкесіндегі жалынды жастар, қаламыздың зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар, Шәкәрім шаңырағының, Әлихан Бөкейханов университетінің, көпсалалы колледждің студенттері қатысып, өлеңге деген өміршең махаббаттарын жеткiздi.
«Қазақ қара өлеңiнiң ту тiккен жерi – Семей» – деп зиялы қауым өкілдері баға бергені бекер емес. Тыныштықбек тылсымымен тiлдесiп, Әбубәкір әуезiмен әуелеп, Құсмiлияның құсқанат ғұмырымен сырласып жатқан Семей шәрiнiң өлең боп өмiр сүруi – заңды құбылыс. Өйткені мұндағы поэзияға деген сұраныс жоғары, талғам биік. Әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетін бір арнаға тоғыстырған әдеби орта бар. Әдеби ортаның ұйымшылдығын, ұлт поэзиясына адалдығын осы кеш тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Қазақ поэзиясының үні қарлығып қалмауы үшін жаңа тыныс, тың ізденіс пен озық ой керек. Еркіндігімен елеулі дүние тудырып, сезімін сөйлететін ақындар өлеңі оқырман назарынан түспеуі маңызды. Күйбең тірлікте күйгелектенбей, бір сәт жан тыныштығын сезініп, санаға серпіліс беруде өлеңнің құдіреті шексіз екені анық. Осы ретте әдебиет пен оқырманның әдемі байланысына дәнекер деп «Сәуiр суреттерi» поэтикалық кешiн айтсақ болады», – деп атап өтті кiтапхана директоры, ақын Мерей Қарт.
Айтулы шара әдебиеттің, оның ішінде поэзияның мәртебесін арттырып, жастарды кітап оқуға, уақытын тиімді өткізуге баулып, жас таланттардың шығармашылығын насихаттап, қолдау көрсетуге, рухани құндылықтардың бәсін биіктетуді көздеген.
Бұл кештің атмосферасы мүлдем бөлек болғанын атап өткен жөн. Әсіресе «Абай кітапханасының» іші де тұп-тура осы кешке бола безендірілгендей әсер қалдырып, салтанатты кештің сұлулығын ашып, көркін кіргізді. Көңіл қуантарлығы жастарымыз жергілікті шайырлардың жырларын жатқа оқып, симфония үнімен үндестіре білді. Жүректен шыққан сөзді тыңдарман жүрегіне мәнеріне келтіріп жеткізе білген жалынды жастардың өнеріне тамсанып, ерекше толғанысқа түсті жиналған қалың көпшілік.
Ашық микрофонға «өлең оқимыз» деп шыққан жастардың қатары мол, өлеңге деген құштарлықтары жан тебірентіп, ұлт әдебиеті үшін тер төгетіндерін осы кештен-ақ сездіргендей. Қазақ поэзиясы марғасқаларының жырларын бiрiнен соң бiрi жалындап оқып, хатқа түсiрген жүрек үндерiн көрерменге ұсынды. Әр ақынның әр өлеңінен ішкі сарайындағы биік парасат пен көңіл дариясындағы нәзіктік менмұндалап тұрды. Жас дарындардың өмірге деген махаббаты, аңсар-үміттің ұшқыны, кеңдікке деген құштарлықтары шын мәнінде олардың өлеңмен рухтас екендерін әйгілейді.
Сырлы поэзия, жанды музыка, мөлдiр әуен, ғашықтар эстетикасы салтанат құрған кеш оқырмандарға романтикалық атмосфера сыйлады.
Кеш соңында қатысушылар тамаша поэтикалық кеш ұйымдастырған кітапхана ұжымына өз алғысын білдіріп, «Сәуiр суреттерiн» ұмытпастай көңiл-күйде тарқады.