Суретте поэзия бар да, поэзияда сурет бар
Таланттың бәрі ауылда туғанымен, астанада тұра бермейді екен. Бұл сөзімізге Қазақстанның қиыр-қиырында өмір сүріп жатса да, қазақ әдебиетінің қоржынына қомақты олжа салып жүрген қаламгерлеріміздің көркем туындылары дәлел. Қазақтың айбоз ақындарының бірі – Айжарық Абылқасым.
Біз Айжарық ақынмен сұхбат құрған едік. «Қазір алпыстан астым: ақылым алда, қызбалығым артта қалды», – дейді ол. Ақын байсал тартқан шағында тағы да жақсы өлеңдер жазатынына бек сенімді.
Қалам мен қылқаламды қатар ұстап туған жанмын
– Әңгіменің «біссімілләсін» дәстүр бойынша бастаған жөн болар. Бала кезіңізде сурет салыпсыз. Ал бала Айжарықтың портреті қандай? Туған жеріңіз, отбасыңыз, өскен ортаңыз жайлы айтып бересіз бе?
– Бұл сұрағың мені түнімен сурет салып, «әке-шешем осыны көріп, мақтаса ғой» деп армандап, жүрегі лүпілдеп, таңды көзбен атырса да, дастархан басында ұйқысы қанған балаша отыратын өткен дәуренге апарып, бала Айжарықты көз алдыма әкелді. Таба нанның иісі мұрнымды қытықтап… Шіркін-ай! Шексіз бақытты сәт қой ол!
Менің ауылым – Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Алакөлдің жағасында орналасқан тарихи жер. Қазіргі Абай облысы Үржар ауданына қарасты Қабанбай батыр ауылы. Қаракерей Қабанбайдың топырағы ғой, біз сол батыр бабаның ұрпағымыз. Бұл жерде туып, ақын болмау да мүмкін емес, сурет салмау да мүмкін емес.
Үйде сегіз бала – төрт ұл, төрт қыз өстік. Әкемнің аты – Құбаш еді, анамның аты – Ақайша. Әкемізді «аға» дейтінбіз. Әкем мен анам қазір өмірде жоқ, алайда олардың берген тәрбиесі мен мейірімі маған өмірлік азық. Жандары жаннатта, топырақтары торқа болғай!..
Әкем жарықтық жан-жақты адам еді: күйшілігі де, жыршылығы да, шешендігі де, әншілігі де, аңшылығы да бар болатын. Көнеден қалған қисса-дастан, аңыз-әңгімелерді жатқа соғатын. Алтайдың күйлерін нақышына келтіріп тартатын. Күйді тартпас бұрын оның авторы туралы айтып, күйдің шығу тарихынан сыр шертетін.
Ол кісінің тағы бір асыл қасиеті – қайда жүрсе де Арқа әндерін, Ақан сері мен Мәдидің әндерін, Дәнеш Рақышевтің әндерін дәріптеп жүрді. Бұлардың бір бөлігін Балтабай Адамбаев магнитофонға жазып алған. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары да әкеміздің аузынан біршама деректер естіп, хатқа түсірді.
Сондай әкенің қасында жүру үлкен мектеп деп ойлаймын. Әңгімені тыңдау мен айту, адамдардың мәмілеге келуі, тіпті спорт туралы сөз – бала күнімде адам бойындағы асыл қасиеттердің бәрі біздің үйдің төрінде ғана өрбиді деп есептедім. Өйткені әкеме келіп кететін кісілердің өзі ғажап еді. Сол кездегі атақты Ғабдуали әнші, Мәмбет Қошқарбаев, Шығыс Түркістаннан келген Құсмилла ақын немесе ақын, ғалым Балтабай Адамбаев және Үрия Тұрдығұлова сияқты есімі елге белгілі жандар қарашаңырағымыздан дәм татып, әкеммен әңгіме-дүкен құратын. Бертін келе Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Ешекеев секілді алыптар да төрімізде отырды.
Шығармашылық өнер – әрине Алланың, табиғаттың құдіретімен келетін, әкенің қанынан, ананың сүтінен даритын кие ғой. Десе де, сондай аңыз адамдардың әңгімесі, сөзі, өнегесі мені өлеңге, сурет салуға аса құштар қылып жіберді ғой деймін.
Ес кіргенше қой жайып өскен баламын. Қой жайып жүргенде көрген даланың ғажап дидарын, көкжиектің керім көрінісін үйге келген соң ақ қағаздың бетіне түсіруге тырысамын. Сол себепті де жазудан бұрын сурет салуды үйренген секілдімін.
Бірінші-екінші сыныпта оқып жүргенімде-ақ мұғалімдер әртүрлі сурет салуға тапсырма беретін. Мен мектептегі қабырға газеттерін езбе бояулармен салатынмын. Мұғалімдерді разы қылғым келгенінен болар, осынау істі жақсы көрдім. Сөйтіп жүріп «Қазақстан пионері» газетімен хат жазысатын болып алдым. Суреттерім мен өлеңдерімді жолдаймын. Өлеңдерім жетті ме, жоқ па, білмеймін әйтеуір үш-төрт суретім сол газетте жарияланды. Соның біреуі үйде сақтаулы тұр. Сол кезде журналдың редакторы кім болғаны есімде жоқ, бірақ кейінгі бір суретім шыққан журналдың редакторы Фариза апайымыз екен. Фариза апаймен таныстығым мектеп жасымнан басталды.
Жоғарыда айттым ғой, түнімен сурет салып, оны көрнекі жерге іліп-іліп қойып, жүрегім лүп-лүп етіп көрер таңды көзбен атырсам да, дастархан басында сергек отыратынмын. Содан соң «ананы көрдің бе?!» деген кісіше әкеме көзімнің қиығымен қараймын. Ол болса бірден айтпай, алыстан орағытып келіп, әңгіменің тиегін ағытатын, «Міне, Айжарық суретті әжептәуір салатын болыпты» деп мақтайтын соңында. Шынында да суретті әжептәуір саламын.
Иесіз қалған үйлердің қабырғасына көмірдің қарасымен сурет салып кететін кездерім де көп болған. Қасынан өткен жұрт мұны кім салды деп таңғалатын. Ал мен ешкімге ештеңе айтпай, оларды сырттарынан бағып қана жүретінмін. Сондағы ойым – кімнің не дейтінін есту.
– Кейіпкерлеріңіз кімдер немесе нелер еді?
– Негізгі кейіпкерлерім қашып бара жатқан еліктер, тығылып отырған қоян, қасқырмен алысып жатқан әкемнің тазысы еді. Келе-келе небір детективке құрылған үлкен-үлкен альбомдар жасап тастадым. Бельгияның атақты жазушысы Жорж Сименонның комиссар Мегрэ туралы жазған шығармасын оқып, қанішер қылмыскер мен адал тергеушінің, оған көмектесетін ауыл адамдарының бейнесін қиялдан жасап, сурет қылып саламын да, альбомға түсіремін. Үйге келген қонақтар сол альбомдарды көріп, таңғалып отырады. Мені шақырып, кейде бір сом, кейде елу тиын береді. Мәселе ақшада емес, біреу сурет төңірегінде пікір айтса екен деп күтетінмін.
Қолыма қалам мен қылқаламды қатар ұстап туған жанмын десем де болады.
Оларға өз өлеңдерімді де оқып беретінмін. «Қайдан жаттап алдың?» – деп сұраса, «Қабырға газетінен», – деймін. Ал қабырға газетіне өз өлеңімді жазарда «кімдікі?» – деп сұраған адамға «Ана біреудікі», – ғой деп біреудің есім-сойын немесе «Мына газет-журналдан алдым» деп бір басылымды атай салатынмын.
Менің түсінігімде, ақын – суретші, суретші – ақын. Салынған суретте поэзия бар да, поэзияда сурет бар. Образ, деталь, пейзаж – екеуіне де ортақ дүние.
Айжарық– қолынан бояу кетпей жүретін, пәлен сағат сурет салып, ертесіне бояу алу үшін анасынан елу тиын сұрайтын бала еді. Ананың бәрі мейірімді ғой, сұрағанымды беретін. Мен болсам ол ақшаға бояу сатып әкеліп, суреттің бітпейтін қызығына қайта батып кететінмін. Әбден қалжыраған соң беті-қолым, үсті-басым бояу-бояу боп, алаңсыз ұйықтап жататынмын.
Құстардың шырылдағанына, жер бауырлап ұшқанына қарап, сурет қып жататын, көкірегінде өлең тулап жататын Айжарық бала кезде қандай болса, қазір де сондай. Сондықтан мен бәріне құштармын: сұлулыққа да, әдемілікке де, сөзге де, әнге де. Сол сұлулыққа әлі де мейірім қанбай қалғып кетіп, мейірім қанбаған күйі оянып жүрмін, қарғам.
– Еншіңіздегі ерекше бақыт игі жақсылардың көзін көргеніңіз ғой. Тағы кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Бұл сұрағың ұзақ әңгіме айтуды қажет етеді, десе де айтып көрейін.
Қайбір жылы Жүсіпбек Елебеков ауылға концерт қоя келгенде біздің үйде жата қонып, әкем екеуі таңды таңға асырып, ән, өнер жайлы әңгіме айтқан. Ән салғанда қандай! Кейінірек Дәнеш Рақышовты көру бақыты да бұйырды. Оның ән айту мәнері тіпті бөлек. Алтай қазақтарының мәнері ғой.
Ол кезде өнерпаздар жеке-дара жүрмейтін. Өзіне ұқсаған біртумаларды ерте келетін. Бір байқағаным, олардың бойында қызғаныш, бір-бірін көре алмау секілді қара ниет, бөтен пиғыл, бәс-бәсеке болмайтын. Ішіне ине айналмайтындардың, өзінен асып бара жатқанды көре алмайтындардың пайда болғаны бертін келе ғой. Ондай мінезден таза, мінсіз өнер туар ма!
Сол шақтарда танысқан жақсы-жайсаңдардың қатарында Тұрсын Жұртбай да, Фариза Оңғарсынова да бар. Фариза апайым мен ауырып жатқанда үйіме арнайы іздеп келіп, өлеңдерін оқып, ақыл-кеңесін айтып, өмірге құштарлығымды оятып кеткен еді. Әкем мен Фариза апайдың бір-бірін тұңғыш және соңғы рет көргені сол кез шығар. Екеуінің бір-бірін түсінісуі, әкемнің қандай деңгейдегі адам екенін ол кісінің бағалауы… керемет енді. Әр адам бір табиғат қой. Өзіңнің табиғатыңды өзгеге көрсете алсаң және өзгенің табиғатын өзің көріп, орманын аралай алсаң, осының өзі бір адамдықтың биік шыңы емес пе!? Ал білім – жолдан жолығатын, ізденімпаздықпен келетін нәрсе.
Кейін аяқтан тұрып, Алматы, Астана барғанда ақын апайыммен жолығып жүрдім
– Әкеңіздің портретін сипаттап бересіз бе?
– Әкем – орақ тұмсықты, қайқы шекелі, қайратты шашы тік өсетін, көзі көк, денелі кісі болатын. Нағыз даланың адамын бейнеле десе, ойланбай әкемнің портретін салар едім.
Ол маған әке ғана емес, өмірлік ұстаз бола білді. Мен ғана емес, ауылдың ортасында, ағайынның арасында үлгі аларлықтай тұлға болды ол кісі.
Үлкен қызметте істемесе де, колхоздастыру кезінде, одан бері қарай совхоздық кезеңде Алакөлім деп, далам деп, экологияға мән беріп жүретін. Бір басына жететін өнері өз алдына, шахмат пен дойбыны да жақсы ойнады. Әр нәрсеге ерекше мән берді. Бәрін асқан талғаммен таңдайтын. Тіпті анамыздың өзін де таңдап алған секілді.
Ауыл адамдарының алқа-қотан отырып кеңес құратыны, әңгіме өрбітетіні бар ғой. Міне, сондай отырыстардың ортасында әкем отыратын. Біз соның шет жағасын көрдік. Мұны ұлттық байлық деп есептеймін. Яғни, тәрбиенің қайнар көзі.
Сол шақтар есіме түссе, біздің ғасырдағы, жаңа замандағы тәрбиені осындай қоңыр әңгімеден, ардақты әке, аяулы анадан, оттан шыққан таба наннан, ошақтан көтерілген қою көк түтіннен, кішкентай ауылдың ауасынан, жылы сөзден, әдемі әндерден, өрелі өлеңдерден – ешкімге ұқсай бермейтін, жалтақтауды білмейтін қыран мінезден, кеудесіне көп дүниені сыйдырған, шежірелі адамдардан іздеуіміз керек сияқты.
– Бала кезіңізді сағынатын секілдісіз…
– Жасым алпыстан асты. Дегенмен осындай жылы ортаны, адамға деген жылылықты, мейір-махаббатты, мөлдір сезімді әкемнің төңірегінен, әкемнің шаңырағынан, анамның ошағының жанынан әлі іздеп, әлі де жүрегім өрекпіп тұрады. Сағыныш деген де – осы шығар…
Ақын – ең жақсы адам
– Жоғарыда «қылқалам мен қаламды қатар ұстап туған жанмын» дедіңіз. Алғаш жазған өлеңіңіз есіңізде бар ма? Ол не туралы еді? Жазуға не түрткі болды?
– Ауылдың ортасында радио тұратын, содан бүкіл далаға ән естіліп жататын. Сол әндердің көбісін жаттап аламын да, қой бағып жүргенде оған өзім сөз қосып айтамын. Ол кезде ақын боламын не жазушы боламын деп армандамаған да шығармын. Әйткенмен бүгін бүр жарған көкірегімдегі гүлдің дәнегі сона-а-ау кезде егілді ме деймін.
Алғаш жазған өлеңімді сұрадың ғой. Шынымды айтсам, тұңғыш жазғаным осы деп тап басып айта алмаймын. Өйткені сұлулыққа, тазалыққа жаны құштар мен жаныма жылы ұшырағанның бәріне бір-бір өлең арнайтынмын.
Кісісі қайтқан үйлерден шыққан азалы дауысты, жоқтауды естіп, «қаза болу, өлім деген не нәрсе? Жоқтап жатқандары қалай?» деп ойланатынмын. Ондай кездерде ойша біреудің атынан жоқтау айтатын кездерім де болған. Біреулер күліп, біреулер ұрсып, «қой, олай етпе» десетін.
Кейде өзім құралыптас балаларды өлеңмен әжуалап, мазақтап, кейде теріс әрекеттерін, оғаш қылықтарын сынға алып та жазатынмын.
Жетінші сыныпта оқып жүргенімде, нақтырақ айтсам, жетпіс алтыншы жылы «Қазақстан пионеріне» жіберген «Жорықта» деген суретім жарыққа шықты. Сол сурет жеке мұрағатымда әлі сақтаулы тұр. «Қазақстан пионерінің» сол санын алып қуанып, мектепке алып-ұшып жеткенім есімде. Содан кейін сурет салуды мүлдем тоқтатқан емеспін. Өмірді қаламыма сүйеніп көріп келе жатырмын.
– Қазір сурет салып тұрасыз ба?
– Сәби жүрекпен ғашық болып, балапан қолмен ұстаған қалам мен қылқаламды қолымнан еш уақытта тастаған емен.
Қазір мәдениет үйінің директорымын. Жұмыс кабинетімде сан бояудың сырына үңіліп, балалық шақтағыдай салмасам да, қарындашпен, фломастермен бірнәрселерді сызамын. Салайын деп салмайсың ғой, өзің байқамай қаласың. Кейде әлдекіммен әңгімелесіп отырсам да, ақ қағазға әлдене сызып отырамын. Бұл не, шабыт па? Ендеше, міне, суретшілік пен ақындықтың арасындағы ұқсастық.
– Төлеген Айбергенов бір өлеңінде: «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым…» – деп толғайды. «Ақындық деген – өмірдің қарапайым прозасынан поэзия табу», – дейді Белинский. «Ақындық – таңдаулылардың құлдық қызметі», – дейді Цвейк. Жалпы ақындық туралы дәйексөздерді көп келтіруге болады. Сіздіңше, ақындық деген не? Шабыт деп жатырмыз ғой. Талант ше? Ол адаммен бірге туа ма, әлде еңбекпен келетін шеберлікті солай атаймыз ба?
– Ақындық ұлт таңдап қонбайды. Шәкірім айтпақшы, «Адамның бәрі өз халқың». Өйткені адамзат баласының бәрінде бір жүрек, бір сезім, бір ой, бір өлім болады. Дегенмен әрқайсысына әртүрлі тағдыр бұйырған. Ендеше әртүрлі тағдыр әртүрлі кеудеден шыққанда әртүрлі ұядан ұшқан балапандар сияқты әртүрлі самғайды, әртүрлі ортада болады. Бірақ бәрінің де аспанды тастап, басқа аспанға кетуі мүмкін емес. Ақын деген – менің түсінігімде, ең жақсы адам.
Нағыз ақын халыққа жақындығымен, өз ұлтыңның әдебиеті, ұлтыңның суреті, ұлтыңның ойы, ұлтжандылық секілді дүниелерді бойына жұқтыруымен көрінеді. Оның бәрі, бірінші кезекте, талантқа байланысты.
Мен талант еңбекпен ғана келеді дегенге көп келісе бермеймін. Қазақ: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге», дейді. Ендеше күллі өнер тектен келеді. Ең қарапайым мысал, адамның ажарлы болмағы – оның ата-бабалары мен апа-әжелерінің кескін-келбеті мен түр-тұлғасына байланысты. Ғылым дәлелдегендей, тұқым қуалайтын ауру түрлері де бар. Сол секілді, жаман қасиеттердің де «алдыңғылардан мирас болып қалатынын» көріп-біліп жүрміз.
Сондықтан ақыл да, дарын да, сондай ұлы қасиеттер де адаммен бірге туады. Әкемді көп айта беретінімнің сыры осында. Әрине, баланың бәрі әкесіне ұқсап тумауы мүмкін. Бұл – табиғат-ананың жұмбағы.
Қорытындыласақ, ақын деген – адамның жүрегіне, жанына әсер ететін құдірет иесі. Менің жүрегімде де аяулы ақындардың бейнесі, өлмес өлеңдері сақтаулы.
… Өйткені, махаббат менің құшағымда
– Әдебиеттегі жолыңызды ашып, ақ батасын берген қаламгер ұстаздарыңыз жайлы айтып беріңізші? Жалпы қай қаламгерлерді үлгі тұтасыз?
– Мен әдебиетті – өмір деп, өмірді – әдебиет деп түсінемін. Бірақ әдебиетке келуіме мына қаламгер әсер етіп, жолымды ашты деп айта алмаймын.
Бұған дейін бала кезімде қой жайғанымды айттым ғой, сол кезде өзіммен бірге бір-екі кітап ала кететінмін. Менің ұстаздарым – қой бағып жүріп оқыған кітаптар. Қолымнан жетелеп жүретін ақындық мектеп болмады. Ондай мектептің болуы да мүмкін емес.
– Ал өзіңізден кейінгі ақындар туралы не айтасыз?
– Том-том кітап жазатындар бар да, санаулы өлеңмен әдебиеттен ойып тұрып орын алатындар бар. Кейде бірнеше шумағын ғана оқып, мойындайтын ақындар болады. Солардың бірі – Артығали Ыбыраев еді.
«Адамдар сыйған табытқа
Ақындар бірақ сыймайды», – деп жырлаған ол. Өзім Артығалиды көзінің тірісінде көргенім жоқ. Бірақ осы жолдары ерекше есімде қалыпты.
Ал жастардан Ержан Алаштуған, Дәурен Берікқажы, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Танагөз Толқынқызы, Мақпал Мыса секілді іні-қарындастарымды оқып тұрамын. Олар енді орта буынға айналып үлгерді ғой. Одан кейінгілерден Мерей Қарт секілді жастарды оқимын. Бір ақынның ғана аты-жөнін атағаныма бола басқа жас ақындар ренжи қоймас. Себебі өлеңдерін тұшынып оқығанмен, есім-сойын ұмытып қалатын кездер де көп болады. Барынша көп оқуға тырысқаннан да солай болатын шығар.
Сондықтан мынау бір ғажап екен деп бөліп алып қарасаң әбестік болар. Әр ақын, әр азаматтың өз болмысы бар. Әрине, кезегі келгенде уақыт-төреші сұрыптап, өзінің бағасын міндетті түрде береді.
– Жазуға ынтық жас қаламгерлердің өзіне қатысты білгісі келетін жайттар жеткілікті. Талант жайлы айтып, өлең туралы түсінігіңізді ортаға салып отырсыз. Өзіңізден кейінгі қаламгерлерді де атап өттіңіз. Жас авторлардың өлеңдерін оқығанда «бұ қалай болды?» дейтұғын қандай қате-кемшіліктерді байқайсыз?
– Қазіргі ақындар шынайы поэзияны өзге дүниемен шатастырмаса екен деймін. Бір-екі ауыз сөзді құрағанға аузының суы құрып таңғалғансып, «Ойбай, мынау ақын екен» деп баға беретін ортаға өкпелімін. Бір-екі кітапты оқи салып, білімді болып кеттім, ақылды болып кеттім дейтін адамдарға өкпелімін. Жоқ, оның бәрі – табиғаттың сыйы. Соны түсінетін айналадағы адамдардың парасатына, өмірлік танымына байланысты нәрсе ол. Сондықтан қадір-қасиетіңді біліп жатса, сенің өлеңің қандай немесе жазған шығармаң қандай деңгейде екендігі, қандай ойларды көтере алдың, нендей ойларды айттың, қандай сөздердің мәйегін пайдалана алдың шын білімді ақын оны өзі іштей сезуге тиіс.
Жастар жаңашылдық дейді. Жаңашылдық жақсы-ақ, алайда көркем әдебиеттің тұнығын лайламауымыз керек. Қара өлең – құдіретті өлең. Формадан қашамын деп, қара өлеңнен қол үзуге болмайды. Бізге Владимир Маяковский керек. Әйтсе де ұлттық танымнан адасуға, шатасуға болмайды. Мәселен, Төлегеннің он сегіз буыннан тұратын өлеңдері баршылық. Бірақ оған еліктеймін деп өз сүрлеу-соқпағыңнан көз жазып қалу – масқара. Өлеңнің сырт пішіні ырғаққа бағынып тұрғанымен, түп-тамыры жүректің тереңінде жататынын ұмытпайық. Кей ақындардың қаламының ұшқырлығы керемет болады, дегенмен одан жүректің лүпілі сезілмесе, мінез көрінбесе, әсер ала алмайсың.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейді. Сенің сөзің халықтың сөзі болуы керек. Сен қанша жерден жаңа сөз құрадым, ой таптым дегеніңмен, ол – кешегі сөздердің жәдігері, кешегі адамдардың қазынасы. Біз тек оларды тауып алып, жаңартып, мүмкін басқа жеріне басқа өрнек салып, қазіргі заманға жаратамыз. Қысқаша айтқанда, ақын өзінің өміріне, яғни ортасына жарайтын рухани сусынды өзі жасап ішеді.
– Айжарық Абылқасымның басты туындысы өмірге келді ме?
– «Басты туынды өмірге келді ме?» деген сұрақ «Өмірді сүріп біттің бе?» дегендей көрінеді екен. Егер басты туынды жазылып бітетін болса, адам арманын тауысып, түгесіп тастайтын болса, онда жұмыр басты пенденің ғұмыры сол жерден аяқталатын шығар. Сондықтан өзіңнің басты туындыңды жазу – ғұмыр бойына созылатын процес.
Әр жазған өлеңің – бір-бір сәбиің секілді, «Мына балам ана баламнан артық немесе анау балам мынау баламнан тәуірірек» деп айта алмайсың. Десе де сәттірек шыққаны болуы мүмкін. Жазғандарымның көбі – тағдырыма байланысты кейде сәл мұңдылау, кейде өмірге құштарлықтан туған оптимистік тұрғыдағы өлеңдер. Философияға құрылған өлеңдер де жоқ емес. Әйтсе де мен махаббат тақырыбында көп жазбадым, өйткені жан-дүнием ол жаққа аса аумайды.
Қазір алпыстан астым: ақылым алда, қызбалығым артта. Осындай жақсы бір кезеңде әлі де жақсы туындылар туып қалады деп ойлаймын.
– Австриялық атақты психолог-философ Виктор Франкл «Өмірде мән бар ма? Оны жасай ма, таба ма?» деген сұраққа: «Өмірде мән бар. Оны табу үшін көкірекке құндылық құю керек», – деп жауап береді. Франклдың айтуынша, құндылық үш түрлі болмақ: Жасампаз құндылық (шығармашылық), сезім құндылығы (оқудан, көруден, сезінуден, білуден эстетикалық ләззат алу), позиция құндылығы. Сіз – жоғарыда келтірілген үш құндылықты да бойыңызға сіңірген жансыз. Осы ретте сұрайыншы, өмірдің мәні не?
– Негізі бұған оңашада жауап берген жөн болар. Бірақ керек деп тапсаң, сыр шертейін.
Өмір сүру – өз тағдырыңды өзің жасау деген сөз. Мысалы Айжарық туғаннан кейін өзінің өмірін өзі жасауға тиіс: тамағын өзі табуға, өлеңін өзі жазуға тиіс, өмірлік жарын өзі іздеп табуға, онымен бақытты, бастысы, адамша ғұмыр кешуге, Құдай бала берсе, оны бағып-қағуға, дұрыс тәрбие беруге міндетті. Өзің айтқан ғұламаның келтіргеніндей ғылым-білімді, өнердің түр-түрін, өмірдің қыр-сыр бойына сіңіруі қажет.
Осы жерде айыр жолға кездесеміз және пікір таластырамыз. Бұл – ежелгі грек философтары Критобул мен Сократ атаңның арасындағы сияқты талас. Сократ: «Балықты не істейміз?», – дейді. Критобул бұған: «Жейміз», – деп жауап береді. Сократ оған қарсы: «Бұл балық лай суда жүрді ғой, жаман құртпен қоректенді ғой. Оны не үшін жейміз?» – деп сұрақ қояды. Көрдің бе, біз өмірге «жеу» үшін келгенбіз. Бірақ балықты жейтін болсақ, оның суын да сыйлауымыз керек, қадір-қасиетін білуіміз керек.
Бұл сұраққа әркім өзінше жауап беруге хақылы. Ал мен үшін өмірдің мәні, Абай айтпақшы, махаббат! «Махаббатпен жаратқан адамзатты…».
Әркім өзінше ғашық болады. Махаббат та адам сияқты, оның өз ғұмыры болады. Мысалы мен Гүлбаһрам апайыңды қаншама жыл іздедім, қазір бақыттымын деп шалқайып отырамын. Махаббат туралы жырларды көп жазбайтынымның себебі де – осы. Өйткені махаббат менің құшағымда. Ақылы толысқан, жүрегі бар адам әнді де, өлеңді де сол үшін жазады, өмірді де сол үшін сүреді. Айдалаға барып: «О, дала! О, тау! О, жұлдыз! Мен сендерді жақсы көремін, ғашықпын», – десең, одан ештеңе шықпайды. Ақын боп жырлап, ән айту үшін сенің жаныңда Гүлбаһрамың болу керек қой. Алла адамға өмірді сүю үшін жар берген екен. Сезім, ой, жүрек берген екен.
– Өлеңдеріңіз атыңызды мәңгілікке жалғасын, аға! Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге мың алғыс!
Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ