ТАМЫРЫ БІР, ТАҒДЫРЫ ОРТАҚ
Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің өткен жылғы жағдайына тоқталар болсақ, мәлімет мардымды емес. Сонда да там-тұмдап келген хабарды жеткізейік. Алтай өңірінен Ризабек Қасеннің романы жарық көріпті. Бөлеш Қалиұлының, Қуат Асылбекұлының жеке жинақтары басылып шығыпты. Іле өңірінен Барат Кадіннің, Тарбағатайдан Көлбай Қарқабатұлының өлеңдер жинағы шығыпты. Бақтыр Иманғалиұлының «Омарғазы әлемі» атты сын-зерттеу кітабы және ғұмырнамалық романы басылып шыққан екен. Бұлардан бөлек «Шынжаң халық баспасынан» топтық өлеңдер және әңгімелер екі кітап жарық көріпті. Өлкелік әдеби басылым «Шұғыла» журналының 70 жылдығына орай журналдың әр жылынан сұрыпталып бір өлең, бір дастан, бір әңгіме, бір сын мақалалар жинағы жарық көріпті. Шынжаң «Халық баспасынан» қолданылмалы, кәсіптік-техникалық аударма кітаптары оқырманға жол тартыпты.
Орталық ұлттар баспасынан «Ғасыр шұғыласы» деген әңгіме, өлең ұжымдық екі кітап басылып шығыпты. Оның «формасы – ұлттық, мазмұны – социалистік» екені анық. Ол кітаптарда партияны жырлап, мемлекеттің жетістіктері мен табыстары мадақталыпты. Құлжа қаласында тұратын ақын Нұрболат Әбдіқадырдың өлеңдері қытай және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр екен. Оның Жоңго әдебиетіне қосқан үлесі үшін «Маудүн әдеби сыйлығын» алғаны туралы мәлімет алдық. Қытаймен барыс-келіс болғанымен әдеби өмір жабық күйінде қалып тұр. Хабарласқан арғы беттегі әдебиетшілер ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Біз тек қана қарапайым жолаушылардан ептеп қана осындай мәліметтер алдық.
* * *
Өзбекстан өңірінде тұратын қазақ қаламгерлері де аз емес. Олардан да тынымсыз тіршілікті, шығып жатқан әдеби еңбектерді көруге болады. Қазақстандық басылымдардың өзінде өткен жылы 34 өзбекстандық қаламгердің шығармалары жарық көріпті. Одан өзге Өзбекстанда шығып келе жатқан Республикалық «Нұрлы жол» газетінен біршама мәліметтер алдық. Газеттің 2024 жылдың басындағы санында 2023 жылға шолу жасаған екен. Қаламгер Ақан Ташметовтың баяндамасында бізге керекті деректер айтылыпты.
Өзбекстаннан шығатын «Нұрлы жол» газетінің бетіндегі әдеби үдерістің барысы, көркем аударманың жағдайы, әдеби байланыстың нәтижесі біршама талданыпты. Ақан Ташметовтың мақаласынан білгеніміз бойынша, газеттің 2023 жылғы 2-санында Арухан Ақпанбетованың «Абай шығармашылығымен мәңгілік достық дәріптелді» атты мақаласында Өзбекстандағы Абай шығармаларының насихатталуына барынша кең тоқталыпты. Жарасқан Мырзамұратовтың «Семсерсөз Серік – шын дарын» мақаласы Серік Шұқын туралы жан-жақты жеткізеді. Небәрі 45 жыл өмір сүрген Серіктің артында қалған он кітабын айта келіп, жоғары бағалапты. «Нұрлы жолдың» 4-санында Арухан Ақпанбетованың жазған «Аударма жинағының таныстырылымы өтті» деген мақаласында Өзбекстан мен Қазақстан жазушылар одағы арасындағы ынтымақтастығының меморандумына сәйкес жиырмадан астам қазақ ақынының 100 өлеңі өзбек тіліне аударылып, баспадан кітап болып шыққаны айтылады. Құлназар Ибрагимовтың «Ғибратты ғұмыр» атты мақаласы туғанына 110 жыл толып отырған жазушы Рахметолла Райымқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған екен. «Нұрлы жол» газетіндегі Айдана Мәденованың «Айбергенов шыңы» атты мақаласы ақын Төлеген Айбергеновтің 86 жылдығына арналыпты. Бекболат Мұхтаров «Мен жастарға сенемін» атты мақаласында Мағжан Жұмабаев туралы толғапты. Үсенбай Батырбековтың «Ұлы даланың жарқын иесі» мақаласы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналыпты. Жалпы «Нұрлы жол» газетінің 2023 жылғы 104 санында әдеби өмір туралы 56 мақала жарық көріпті. Оның ішінде көркем аударма бағытына 5, әдеби байланыстар жөнінде 28 мақала жарық көріпті. Осы еңбектердің көбінде А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Т.Айбергенов, Р.Райымқұлов, О.Сүлейменов қатарлы даналар мен тұлғаларымызға әлде неше мәрте айналып соғып отырғанын көрдік.
«Жохон адабиати» (Әлем әдебиеті) журналында Боходир Каримнің аудармасымен Абайдың «Китап тасдиқ» (Абайдың 38-қара сөзі) өзбек тіліне аударылып жарық көріпті. Осылайша, Ақан Ташметовтың «Нұрлы жол» газетінің 2023 жылғы 104 нөмеріне жасаған сараптамасынан бізде көп нәрсені білдік. Қазақ әдебиетінің Өзбекстан бетіндегі қызу өмірін, «Нұрлы жол» басылымының дәуірлік тынысын аңғардық.
Біздің назарымызды аударған екінші мақала Низами атындағы ТМПУ жалпы педагогика кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты А.С.Қалдыбекованың «2023 жылғы Өзбекстанда баспадан шыққан қазақ қаламгерлерінің төл туындылары мен аудармалары» атты мақаласы болды. Автор ол мақаласында Қалдыбек Сейдановтың «Көңілдегі көрікті ойлар» кітабын айта келіп, ғибратты, өнегелі жинақ екенін талдапты. Мұқан Рахманұлының «Жүрегім жыр толғайды» өлеңдер жинағы басылып шығыпты. Замира Мұсаеваның кітабы «Мөлдір болсын жүректер» деп аталыпты. Өзбекстандағы көркем аударма жұмысы да жақсы жалғасып жатыр дейді. Сапарбек Иманбековтың өзбектің ұлы ақыны Абдолла Ориповтан аударған еңбегі «Алғашқы махаббатым» деген атпен шығыпты. Өзбекстанда ғұмыр кешіп, қалам тербеп келе жатқан қазақ, қарақалпақ, тәжік, орыс ақындарының өлеңдері өзбек тіліне аударылып «Узбекстондадир бақтим, толеим» (Бақытым мен тәлейім Өзбекстанда) атты патриоттық жинақ жарық көріпті. Қазақ қаламгерлері – Қалдыбек Сейданов, Ақшагүл Төлегенова, Дала Жүнісқызы, Сапарбек Иманбековтың өлеңдері, Айсұлу Ақанқызының әңгімелері осы ұжымдық жинақтан орын алыпты.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» деп аталатын кітабы өзбек тілінде жарық көріпті. Автор одан өзгеде бір неше кітаптар басылып шыққанын жазыпты. Ғалым, зерттеуші А.С.Қалдыбекованың айтуынша, осы шығып жатқан кітаптардың ортақ кемшілігі корректорлығы мен редакторлығынан анық көрініп тұр дейді. Міне, бұл – Өзбекстанның ғана емес, біздің елдің де айтулы мәселесі. Баспалар арнаулы корректор, редактор ұстамайтындықтан шыққан кітаптардың қатесінен көз сүрінеді.
* * *
Моңғолия бетіндегі қандастар әдебиеті туралы біршама мәлімет бар. Қазақ-Моңғол қарым-қатынастары жүйелі, үздіксіз жалғасуда. Барып-келген әдебиетшілерде, алыстан жасалған байланыстарда көңіл көншітеді. Моңғол бетіндегі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы туралы нақты мәліметтер алып берген ақын Бақытбек Бәміш бауырымызға алдын-ала алғыс айтамыз. Моңғолдиядағы қазақ әдебиеті өткен ғасырдың басында ірге тасы берік қаланғаны белгілі. Байсалды, бай салалы, түрлі жанрда қанатын жайған болатын. Моңғолия мен Қазақстан арасындағы мемлекет аралық байланысымыз, шығармашылық қарым-қатынас, барыс-келіс недәуір жақсы. Осылайша, әдеби байланысымыз тұрақты дамып, көркем әдебиеттің өріс алуына қолайлы жағдай жасалып, кедергісіз даму көрініс тапқан. Моңғолиядағы қазақ жазушылар арасынан соңғы жылдарда Мағауия Сұлтанияұлы, Солтан Тәукейұлы секілді екі қаламгердің Моңғолияның «Халық жазушысы» атағына ие болуы – үлкен жетістік. Моңғолия бойынша аз ғана Қазақ халқының арасынан екі бірдей жазушының санатқа ілініп, сапқа қосылуы – зор мақтаныш екені даусыз.
2023 жылы Моңғолиядағы қазақ қаламгерлері үшін ең бір жемісті жыл болды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған бір топ ақын-жазушылар Моңғолияда шығармашылық әдеби іс-сапармен болды. Олар Ұланбатыр, Баян-Өлгей қалалары, Делұн ауданында болып жергілікті оқырмандармен, ондағы ақын-жазушылармен жүзбе-жүз кездесіп ой-пікір алмасып, сұхбаттасты. Одан өзге екі елдің жекелеген қаламгерлері де үздіксіз байланыс жасаумен келе жатыр. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен этнограф, жазушы Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының қолдауымен Бай өлкеде өмір сүрген қаламгерлердің туындылары жинақталып, проза бойынша 36 жазушының, поэзия жанры бойынша 84 ақынның туындылары қамтылған 66 баспа табақ көлеміндегі екі том жарық көрді. Оның құрастырушылары Сұраған Рахметұлы мен Бекен Қайратұлы болатын. Жарық көрген екі томның Моңғолияда, Қазақстанның Алматы және Астана қалаларында таныстырылымы өтіп, көпке көрсетілді. Бұл шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуына жасалған үлкен қамқорлық болды. Осы екі еңбек туралы Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде: «Кітаптағы авторлардың барлығы да қазіргі әлемдік және отандық көркем прозаның шеберлік мектебін жетік меңгерген қаламгерлер екені бірден көрінеді. Кейбір ішінара кездесетін және солай болуға тиіс жергілікті (диалект) тіл қолданыстарын ескермегенде, композициялық, стильдік, көркем суреттеу тұрғысынан қазақстандық танымал жазушылардың әдеби қолтаңбасынан еш айырмашылық жоқ деуге болады. Ақындардың екінші томға енген жырларын Қобда қойнауынан басталған арнаның арынды өзенімен теңестірер едік», – дейді. Шындығы да – осы. Сондай-ақ «Отандастар қорының» қолдауымен Баян-Өлгейлік қаламгерлер Сұлтан Тәукейұлының «Сеңгір таулар» романы, Шынай Рахметұлының «Маусымжан» атты әңгімелер жинағы, Сұраған Рахметұлының «Антиөлшем» атты әдеби зерттеу мақалалар кітабы, Байыт Қабанның «Сары қаймақ сағыныш» өлеңдер, толғаулар, поэмалар жинағы жарық көрді. Аталған еңбектердің барлығы да өзіміздің «Әдебиет баспа үйі» баспасынан жарыққа шықты. Сонымен қатар жергілікті жердің меценаттарының қолдауымен де аға буын және жас қаламгерлердің еңбектері үздіксіз жарыққа шығып жатқанын жақсы білеміз. Осылайша, әдебиетке жанашырлық пен шынайы қолдау жалғасып жатыр.
Өткен жылы Солтан Тәукейұлы, Ербақыт Нүсіпұлы, Зұлкәпіл Мәулітұлы қатарлы қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болып қабылданды. Моңғолия қаламгерлерінің шығармашылық келбетін көріп отыруға, аяқ алыстарын шамалауға, өрісі мен өресін бағамдауға аймақтан шығып отырған «Шұғыла» журналы мен ұзын толқында жұмыс істейтін «Өлгей радиосының» атқарып отырған қызметі – ересен. Біз әдеби журнал мен руханиятты насихаттап келген радио арқылы көп нәрсеге көз жеткіземіз. Өлгей қалалық Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың ұлтқа қызмет көрсетудегі рөлі – ерекше. Бұл кітапхана Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханамен әріптестік ынтымақтастықта жұмыс істейді. Жергілікті жазушылармен кездесулер өткізу, жарық көрген кітаптардың таныстырылымын жасау, кітап оқу, әдеби көркемсөз оқу байқауларын ұйымдастыруы жергілікті өңірдегі қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Қазақстан Жазушылар одағынан шығып келе жатқан «Жұлдыз» және «Қазақ әдебиеті» басылымдары көршілес Моңғолия еліндегі әдебиетшілердің әр жанрдағы еңбектерін үздіксіз беріп келе жатыр. Бұл оңтайлы жол екі елдегі тамыры бір біртұтас әдебиеттің жемісті болуына зор көмегін тигізіп келеді. Ақын Сұраған Рахметұлының аудармасымен Моңғол ақындарының жаңа заман көркем әдебиеті «Қазақ әдебиетіне» басылды. Моңғолиядағы жазушы Зұлкәпіл Мәулітұлының бір топ өлеңдері «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің хал-ахуалын сыншылар мен зерттеушілер айта жатар. Атажұрттан алыс шалғайда болсада, ол өлкедегі қандастарымыздың қажырлы еңбегінен өмірге келіп жатқан тың шығармалар алдағы уақытта да қазақ әдебиеті деген алып дарияға тоқтаусыз құйыла берітіні анық.
Ауылымыз алыс, жеріміз шалғай болғандықтан көршілес үш мемлекеттің қаламгерлерінен қолымызға кітап келіп жетпеді. Қытай бетіндегі деректерді жолаушылардан жинақтадық. Моңғолия жағындағы жаңалықтарды ақын Бақытбек Бәміш арқылы алдық. Өзбекстан тарапынан құнды материалды жазушы, сыншы Ақан Ташметовтен, зертеуші А.С.Қалдыбековадан алдық. Осы шаруалардың басында тұрып ұйымдастыру, үйлестіру міндетін атқарып отырған шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Армиябек Сағындық ағамызға да айырықша алғыс айтамыз. Ортақ жұмысымызға қажетті кезінде қолұшын берген әріптестерімізге рақмет!..
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын