Ғылым, тарих және шығармашылықты  ұштастырған «Туған елге тағзым»
30.06.2022
490
0

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жаздың алғашқы айында дәстүр бойынша  «Туған елге тағзым» өлкетану және ғылыми-зерттеу экспедициясына шығады. Бес күнге созылатын ауқымды жоба Зияткерлік мектептердің негізгі миссиясы – оқушылардың академиялық  және ғылыми жобалық іс-әрекеттерін біріктіруді жүзеге асыруға арналған сәтті эксперименталды алаң.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы NIS оқушылары «Туған елге тағзым» экспедициясының барысында  Алатау өңірінің көрнекті жерлерін аралап қана қоймай, ғылыми жобалар портфолиоларын құнды ақпараттармен, зерттеулермен толықтырды.

Зияткерлердің өлкетану саяхаты әйгілі Қайынды көлінен бастау алып, Көлсай, Есік қаласының маңындағы «Алтын адам» мұражайын тамашалаумен жалғасты. Бес күн ішінде зияткерлер табиғат аясында химия  ғылымының қыр-сырларымен танысып, пән мұғалімі Зауре Дильманованың жетекшілігімен Қайынды, Көлсай, Есік көлдерінің суын зертханалық әдіспен зерттеді. Оқушылар   судың кермектігін, қайнау температурасының ерекшеліктерін, құрамын анықтады.

  • Судың қайнау температурасы көлдің орналақан биіктігіне байланысты екенін анықтадық. Қалыпты жағдайда су 90-100 градус С қайнаса, Қайыңды көлінің суы, мысалы, өздеріңіз көріп тұрғандай 66 градуста қайнады,- деп бөлісті 8-ші сынып оқушысы Аяна Өнер.

Үшінші күні зияткерлер сақ дәуіріне саяхат жасады. Есік қаласының жанында орналасқан Ашық аспан астындағы мұражайда өлкетанушылар Алтын адамның  ашылу тарихымен жақын танысты, темір, палеолит, қола кезеңдегі Қазақстан аумағындағы тіршілік туралы мәлімет жинады, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерді көріп тамашалады. Өңірдің тарих қойнауында жатқан сырға толы құпияларымен мұғалім-жетекші Назгүл Мұратбекова зияткерлерді география мен тарихтан жаңа зерттеулік жобаларға шабыттандырды.

8-ші сынып оқушысы Қамал Тілегей Есік қорғандарының ерекшеліктерін зерттеуге кіріссе, сақ тайпасының тарихы Айзада Молдахметованы қызықтырды. Осы жерде туындаған басқа да тарихи жобаларды зияткерлер жүргізуге ниет білдірді.

  • Мен Тұмар патшайымының ерлікке толы өмір жолы туралы тың мәлімет білдім, соны  ары қарай дамытсам деген ойым бар,- деді 8-ші сынып оқушысы Сәбижан Санжар.

Биология пәні мұғалімі Жеңісбай Қабаржанның жетекшілігімен оқушылар

Іле-Алатаудың інжу-маржаны Есік көлінің жағалауында жанардың жауын алатын көрнекті жердің түзелген тарихымен танысып, биологиялық зерттеулерін жүргізді. 7-ші сынып оқушылары топтарға бөлініп  Google картасының Алматы облысы табиғи жерлерінің топтамаларын толықтыру мақсатында фотопанорамаларды түсірді,  өсімдіктерден сығындыларды алу үшін Есік көлінің маңында өсетін дәрілік шөптерді жинау жұмыстарын жүргізді, «Кобра 4 Weather» көмегімен табиғи-климаттық жағдайды зерттеді.

Мұғалім-модератор Нұрсұлтан Жапашов Көлсай көлінің жағалауында өткізген тәжірибелік сағаты жас зерттеушілердің физика пәніне қызығушылықтарын арттырды. Күн панелін пайдалана отырып өңірдегі баламалы энергия көздерін зерттеуге бағытталған табиғат аясындағы сабақ жатақханада қызықты физикалық эксперименттерімен  жалғасып, оқушылар қоршаған әлемнің көптеген тылсым құбылыстары жайында мәлімет алды.

Қызықты ашылулар мен жаңа идеяларды туындырған, ұмытылмас әсерлер мен танымдық ой пернесін сыйлаған «Туған елге тағзым» келесі жылы өз жалғасын табады.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір