ТАМЫРЫ ТАЗА ЕР ТАЛАС
30.05.2023
619
0

Мен білетін Талас сондай бір тазалық мейірім-қайырыммен, «болсын, болмасын деген – оңбасын» деген ұстаныммен өмір сүрді. Тіршілігі мен тұрмысы бөлінбей тұтасып, Ажар екеуі адал сыйласыммен біріне-бірі бауыр басып, екеуінің бойына біткен сол адалдықтарының әлпешімен жарасып ғұмыр кешті. Бір-біріне демеу болған сол адалдықтары оларды өмірдің қиналыстарынан да жасытпай, тіршілікте сеніммен жандарын жұбатып, жақсы күндерді нәсіп етті.


Қандай да жаратылыс болсын өзінің тамыр нәріне (мейлі қандай ғайыптан жаратылсын) тартады. Мұны қазақы ұғымда «тумысы-бітім» десе керек. Бой мен ойға біткен игілік пен ықыластың қорегі де сол – тумыс. Біреу – пейілмен, біреу – пиғылмен нәрленеді. Қазіргі нейропсихологияның жаға ұстатар жаңалығы саналған, қандай кеңістікте тусаң да, сәбидің түйсігі ертекті буындағы жетінші атасына тартып туады екен. Оны өзгертетін – ата-ана, орта көрінеді. Тумысы қалпыңды таза сақтап қалуың үшін тамырың таза болуы керек екен.
Тамырды таза ұстау – пенденің өз басына қатысты көрінеді. Сананың азығы – қан, ал қанды тазартып отыратын – тамыр. Тамырдың тазалығы деген не, мына заманда кімнің тамырын ыс баспады, ол тамырды немен ыстамадық десеңші, тамыры таза адам бар ма өзі? – деген сұрақты саралай келе, мен: «Бар», – деген жауапты ұстандым. Маған осындай тұжырым жасауға себеп еткен – Талас. Кәдімгі Талас. Тарихшы Талас Омарбекұлы. Оның өмірі, жүрген жолы, ғылымдағы сонары, таласты-талассыз пікірлеріндегі шынайылығы, тәуекелді-тәуекелсіз батылдығы, ойын бүркелей алмайтын аңғал-ашықтығы, пендешілікке татитын неғылайыны, қаталдықпен пара-пар «неғылайынының жоқтығы», асауға бергісіз жуастығы, жуастың ішіндегі қайсарлығы, досын – жолдасымен, жолдасын – досымен тең ұстайтын тізгінтар қарым-қатынасы, тіпті үйлеспейтін мінездердің бойынан үйлесім табуы, жәзман – соның дәлелі.
Оның пікірлерімен сырттай таныс болған отыз-қырық жылдың, етене араласқан жиырма-отыз жылдың, құрдастай қазымырланған жиырма жылдың ішінде, мені де сынақтан өткізген, ол да сынақтан өткен мезетте ол туралы түйген түйінім осындай. Көзім жеткені – Таластың тамыры таза екен. Жетпіс жылда талай дүниесінен айырылған шығар, жүрегін талай кірлеткен шығар, ақылы да кермек татыған шығар, бірақ тамырын тат баспаған күйі таза сақтап келді. Тамырды жуған таза қан оның жан дүниесін тотықтырмады. Мен бұл сөзге Таластың адами және ғылыми ғұмырындағы арынды кезіндегі де, арындаған тұстарындағы да мысалдар арқылы кепілдік бере аламын.
Ұлттың ең талмалы тарихи тұсында, мыстанның жаны сияқты құпияның құпиясы сақталған Партия мектебінің архивіне Талас пен Мәмбет сияқты тамыры таза жігіттердің баруы – оның ажалын тездетті. Сөреде сүрленген қылмысты құпияларды Талас пен Мәмбет және Бүркіт Аяған алғашында шыжымдап шығарды, кейіннен қыл арқандай есті, ең соңында темір бұғауды үзді. Бар құпияны бірден қопарып, бірден арқа-жарқа жасамағанымен де, бұлар ұлттың тамырын сыздатқан шындықтарды қандауырдай тіле жариялады. Асырып айтты демеңіздер, тәуелсіздікке бет алған ұлтының ұстынды нысаналарына шырақ жағып отырды. Архив те бізге таныс, құдандалы мекеме. Ол бір тұңғиық әрі өте қауіпті мекеме. Қауіптісі, бір шындықты жасырып, бір шындықты бүркемелеу арқылы ұлттың тарихы мен танымын адастырып жіберуге болады.
Міне, та­мыр­дың тазалығы сонда керек. Кей шындықты шын­дыққа жаның ашы­­ған соң ғана жаның шыңғырып отырып жариялайсың. Оны біз де басымыздан кештік. Ал Талас болса, сол шындықтарды алысым-жақыным, туысым-туғаным демей, турасынан тіліп отырды. Қанша сабырлы, қанша парасатты, қанша турашыл болғаныңмен, тамырың таза болмаса, бір жерден болмаса, екінші жерінен таттың табы байқалып қалар еді. Кеңес өкіметіне қарсы 400-ге тарта көтерілістің тарихының ішінде кімнің ата-бабасы қандай тұрғыда қамтылмады дейсің?! Сол шындықтың бәрі бірдей Таластың жеке басын таласқа салмаса да, кем дегенде сол шындықтардың үштен бірінің оның өзіне тікелей қатысы бар еді. Өзгені былай қойғанда, Қаратаудың теріскейіндегі төңкерістердің тағдырының ішінде оның шымбайына бататын тұстар да бар еді. Талас соның барлығын тең көзқараспен саралап, әділ пікір білдірді.
Ең қасіретті соғыс – азаматтық соғыс. Әкең – бір сапта, өзің – қарсы сапта, бауырың – басмашылар қатарында жүреді. Қандай адал тарихшы болсаң да, қиналмауың мүмкін емес. Жайдақтатуға тағы болмайды. Міне, мен қаламының ұшы сызған әр жазуын сығалап жүріп, Таластың қолы дірілдеген күдікті тұсын байқамадым. Демек, оған сабыр берген, жүрегін дірілдетпеген қуат – тамырдың тазалық қуаты. Егерде, тамыры қанын тазалап отырмаса, онда қанша жерден болмысы бүтін болса да, бір тұста қанының не қойылып қалары, не сұйы­лып кетері анық еді.
Жалпы, өз басым тарихшыларды тең дәрежелес үш деңгейге бөлемін. Бірінші, тумысынан тың да шабытты пайымдау­ларымен туырылып түскен дана және ақын тарихшылар. Олар орыстағы М.Тарле, В.Ключевский, В.Шкловский, Л.Гумилев. Қазақта М.Әуезов жазушылардың ішіндегі ақыны болды, ал Әлкей Марғұлан – тарихшылардың ішіндегі ақыны атанды және оны бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі өзге ұлттардың барлық ғұламалары мойындады: тек бірі – археология ілімінің ақыны, бірі – тарих ғылымының ақыны, бірі – түркология­ның ақыны десті. Бұл реттен алғанда, Таласты: ақиқаттың ақыны деуге болады. Ақын ойланбай тура, тез әрі бетке айтады. Ал шындықты айтуға келгенде, Таластың ақылдан айырылып қалатыны анық. Өйткені ақын. Ал ақында жасырын сыр болмайды. Демек, тарихтың ақыны.
Дей тұрғанмен де Таластың тарихшылығы бұл топқа емес, деректен тамыр тартып, талдап, пайымдап, тұжырымдық деңгейге көтеретін кәсіби тарихшылардың тобына жатады. Бұған оның бүкіл тарихи ойлау жүйесі мен болмыс-бітімі нақты дәлел. Қазақ арасындағы бұл мектептің ту ұстары – әрине, Ермұхан Бекмаханов. Мұндай қуатты ой иелері өздерінің тамырлы тұжырымдарымен қоғамды өзгерте алады. Кешегі қайта құру мен жариялықты өмірге әкелген және бүкіл саяси жүйені төңкеріп түсіргендер – осындай ақиқатшыл тарихшылар. Талас Омаров пен Мәмбет Қойгелдиев партия институтында істеп жүріп, партиялық жалған қағидаттарға, қастаншықпағыр арандату мен алдауға негізделген идеологияны әшкереледі. Өзі айлық алып отырған іші қуыс бәйтеректің бұтағын шапқанымен, қуатын бойына жиып келе жатқан тәуелсіздік тарихының бір бұтағына айналды. Сондықтан да, мен қазір, қазақ елінің тәуелсіз тарихының негізін қалаушылардың бірі – Талас Омарбеков деп толық сеніммен айта аламын.
Таластың өткеніне көз сұғын қадасақ, оның өмір жолы мүлдем басқаша қалыптасуы да мүмкін еді. Адал да ажарлы Ажардың мойынсеріктігі оның түйілген түйіншекті – тарқатуға, ширатылған шындықты – жазуға, көмілген ақиқатты – ашуға, алған беттен қайтпауға, қиянаттың ала арқанын – аттамауға жансебіл етті. Мен мұны, Таластың атын аузыма алмай-ақ, Ажар деген бір сөзбен де кепілдік бере аламын. Өйткені Ажардың ажарына әйнектің ар жағынан қарап жүріп те (ол біздің баспа орталығында кассир болды) көзім анық жеткен. Жары адал адамның жаны кірлемейді. Арына дақ түспейді. Егерде, бар жұмысы үйдегі жазу үстелінде орындалатын ғалымдардың жары адал да сенімді, төзімді, қанағатшыл болмаса, онда оның еңбегінің де жарықшағы мен сызаты, таттанған не тот басқан тұстары көп болады. Жақсы жар – жан тазартады. Таластың жан дүниесіндегі табиғилық (ашулансын, ызалансын, күйсін-жансын, бәрібір, ол да табиғи мінезге жатады) Ажардың таза табиғатының ауа райы сияқты. Ажар – Таластың жанын тазартады, ал Талас өзінің ар-ожданымен қанын тазартады. Сондықтан да оның тамыры таза. Ойы мен бойына арам қан ұйытпайды. Маған, құрдас-аға есебіндегі достың қымбаттығы да осында.
Талас тауынан аққан Талас өзені Талас даласына жайылады. Өз игілігіңді – шаңырағың, біліміңнің игілігін – елің көрсін, ер Талас!

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымының
докторы, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір