Қазақ зиялылары Жапон өркениетін неге қолдады?
21.05.2024
71
0

XX ғасырдың басында өз елінің тәуелсіздігін дамыған өзге елдермен қатар тұруын аңсаған ұлт зиялылары, ең алдымен, халқының санасын оятуға, ағартушылық бағыттағы салаларды дамытуға көп күш салды. Бұл тарапта баспасөз арқылы өркениеті дамыған елдердің үлгі тұтарлық тұстарын да насихаттап отырды. Әсіресе Жапония халқының өркениетіне қатысты көзқарастары негізінен 1905 жылдардан бастау алып, 1918 жылға дейінгі жекелеген хаттарда, мақалаларда, баспасөз бетіндегі шетелдік хабарларда мысал ретінде алынып, қысқаша беріліп отырды да, 1918 жылдан бастап арнайы мақалаларда жазыла бастады. Мәселен, «Абай» журналындағы С.Торайғыровтың «Социализм», М.Әуезовтің «Япония», «Жас қайрат» газетіндегі С.Садуа­қасұлының «Күнбатыс һәм күншығыстың бостандық жолындағы күрестерінің тарихы», «Ақ жол» газетіндегі «Жапония жөнін тауып келеді», «Жас Түркістан» журналындағы Тоқтамысұлының «Жапонияда» еңбектері мен т.б. мақалаларда қазақ зиялыларының жапон халқының жүріп өткен тарихына қызығушылық танытқаны аңғарылады. Сондықтан болар, ол елдің алдымен тарихынан хабардар етіп алып, одан әрі өркениетіне, білім мен ғылымға деген құштарлығына ерекше ден қойған.
1918 жылы «Абай» журналының 3-санында С.Торайғыровтың «Социализм», 4-5 сандарында М.Әуезовтің «Япония» мақаласы бірінен кейін бірі қатар жарияланады. Екі мақаланың да тақырыбының артық сөзсіз атаулы сөйлемге құрылуы тегін емес еді. Октябрь социалистік революциясынан кейінгі Ресей ішіндегі дүрбелең, дағдарыс түрлі саяси жағдаят туғызғаны тарихтан белгілі. Қазақ жұртына да 1918 жылдың басында халықтың бақытты болуына қызмет етуге уәде еткен бірнеше саяси партияның бірін таңдау қажеті туындады. Бостандықты, теңдікті ту еткен Социализм идеологиясын ұнатқанымен, ұлттық мүддені көздеген Алаш партиясынан қалай бас тартпақ? Міне, осы кезеңде қарапайым қазаққа мейлінше дұрыс жолды ұсынуды көздеген және ұлт зиялыларына да ой саларлық екі мақаланың осылайша қатар жарық көруі кездейсоқтық емес еді.
Сұлтанмахмұт мақаласының атауын «Социализм» деп алады да, қазақ халқының өркениетті ел болуы үшін Еуропаның білімі керек екенін халыққа жеткілікті түрде қарапайым тілмен ұғындырғысы келеді. Бұл арада дүние жүзіндегі бірінші конституциялық социалистік мемлекеттің іргетасын қалап жатқан көршілес орыс халқының мәдениетін, білімі мен ғылымын мүлдем ауызға алмайды. Өз елінің ілгеріленіп, бақытты болуына не қажет екенін түсіндіруде жапон халқының өткен тарихын былайша үлгі етеді: «20-30 жылда Еуропаның білгенін біліп, Еуропа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді?». Автордың: «Япондар осындай халінен 35-40 жылда ержетіп, Еуропа халіне кірді. 1895 жылы Қытайды шалқасынан түсірді. 1904 жылы «бөрікпен ұрып жығамын», – деген Руссияны шалқасынан түсірді», – деген мәліметтерді қызықтыра баяндауында да үлкен мән бар. Оның қазақ халқының өркениетті елдердей дамуына ұмтылудың өзіндік бір жолдарын көрсетуде осылайша ынталандырғысы келгені де анық. «Әрине, япондар осы халіне Европаның пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің де солай жылдам жетуіміз үшін тегіс жұмыла үйренуге кірісуіміз керек. Солай болған соң мектеп, медресе, газет, журнал, кітаптарымыз көбейіп, Еуропадағы баласының ауыр күн көрісінен құтылып, бақытты болуына себеп болатын ғылымдарды үйрете беруі керек» (Торайғыров С. Үш томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. Алматы: Алаш, 2005. 112-б.), – деген автордың негізгі айтпақ ойы да – осы. Демек, мұнда жапон халқының зор жетістікке жетуінің сыры олардың Батыс Еуропаның дайын ғылым, білімін тез арада игеруі мен ауызбіршілігінде жатыр деген түйін жасалумен бірге, қазақ еліне қай бағытты таңдау керегі де анық көрсетіліп отыр. Біз мұны автордың: «Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япондар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайынан неменесі артық еді?», «Біздің де солай жылдам жетуіміз үшін…» – деген көзқарасынан аңғарамыз, яғни Алашорда үкіметіне үміт артқан Сұлтанмахмұт Батыстың ғылым, білімін жылдам үйрену арқылы жапон халқы сияқты жеке ұлттық мүддемізді сақтап қалу керегін ескерте білді.
Ал Мұхтар Әуезов «Япония» мақаласында (Мұхтар Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы. Бірінші том. Алматы: Ғылым, 1997) бұл мәселені әрі қарай тереңірек қозғап, дамыған елдің қатарына қосылу үшін «жүз тараулы шарттар бар» екеніне назар аудартады. «Ол шарттардың бәрі де бас-басына терең оймен, еппен, қажымайтын қайратпен, мал­ды, жанды аянбай сарп етерлік талап еткенмен ғана орнына келтіріп, одан кейін орыннан үміт қылуға болады», – деген ғылыми пайымдаулар жасайды. «Әзіргі бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу», – деп жол іздеуге асыққан Сұлтанмахмұттың «қайткенде…» деген тілегіне осылайша салмақпен жауап береді.
Дамыған елдердің қатарына қосылған әлем халықтарының ішінде жапон халқы тарихындағы өзгеше нышанды байқаған М.Әуезов: «Бүткіл дүниені әрі шамдандырып, әрі қызғантып, ішін қайнатып отыр», – деп сүйсіне жеткізеді. Жазушы бұл мақаласында жапон халқының тарихын зерделеуде оның өркениетінің дамуына бірден-бір ықпал еткен ғылым, білімді қалай игергені, негізгі ұстанымы мен мінезі, діні, салты, әйелдерінің халі, баспасөзіне дейін жеке-жеке тоқталып, толықтай таныстыруды мақсат еткен. Бұл арада алдымен жапон халқы өркениетінің тарихын баяндауындағы өзіндік жіктеулеріне тоқталайық. Бірінші, Жапонияның 1853 жылға дейінгі халі, екінші, 1868 жылғы ірі жаңалығы, үшінші, сол жаңалықтың билеуші топтар арасындағы өзгерістерді әкелуі мен 1885 жылдан кейінгі дамулар, төртінші, сол елдің ілгерілеуіне ықпал еткен 1889 жыл мен 1894 жылда болған оқиғалар болып тізбектеледі.
Жапонияның 1853 жылға дейінгі халі туралы жазушы: «Японияның әуелгі мешеу болып, дүние жарығынан меңіреу болып, өзінің, өзгенің не күйде екенін білмей отырған қалпынан шығуына себеп болған нәрсе – өзге Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығын пайдаланғысы келген қомағайлығы болды.
…Бұған бастығы Америка болып, Еуропаның көп патшалықтары ықтиярсыз өткел беруге мойынсұндырды. Бұл оқиға 1853 жылда болды» деген деректерімен баяндайды. Бұл мәліметті С.Садуақасұлы да «Жас қайрат» газетінде 1923 жылы (5 наурыз, 2-28 сәуір) жарық көрген зерттеуінде: «Күншығыста аз уақытта өз бостандығын алған – Жапония жұрты. 50-60 жыл бұрын Жапония дәл қазақ жұрты сықылды артта қалған бір ел еді. Ешкім оны елемеуші еді. Жұрттың көбі Жапонияның барлығын да білмеуші еді. Жапония Америка һәм Еуропа байларының жемі еді», – деген көзқарасымен қуаттайды. Сондай-ақ оның: «1870-ші жылдардан бастап Жапония оқи бастады. Шет елдерге жігіттер жіберіп, өнер үйрене бастады.
XX ғасырдың бас кезінде Жапония Еуропаның қатарлы бір патшалығындай болды. Осы күні Жапония өзінің күштілігімен жердің жүзін таң қалдырады…» (Садуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағы. Т.1. Астана: Нұра-Астана, 2013. 364-б.) – деген пікірі Сұлтанмахмұт ақпаратымен үндесіп, яғни жапон өркениетінің дамуына шетелден алған білімдерінің ықпалы әсер етті дегенді қайталайды. Жалпы, қазақ зиялыларының жапон халқының өзге патшалықтарға бағынышты болуының басты себебін «білімді жұрттарға» ілесе алмайтын надандығынан іздеуі орыс патшалығының отар еліне айналған қазақ жұртының тағдырын елестетеді. «Жапония дәл қазақ жұрты сықылды артта қалған бір ел еді», – деуі де содан.
Одан әрі Әуезов: «…Осы себеп қамшы болып, Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды. Айлалы, азулы, жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа лаж болмайтын болды. Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүние жүзіне келді», – деп жапон халқы үшін ұлы жаңалықтың енуіне қандай күштің ықпалы болғанынан хабардар етеді. Автор ұлтшылдықты қанға сіңген деп алса да болар еді, жоқ: «Японияның сүйегіне сіңген», – дегенімен нақтылай түседі және де «өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе», – дегенді де бекер құлаққағыс етіп айтпаса керек. Жалпы, бұл арада жапон халқының ұлтшылдығы, өздеріне тән берік ұстанымы, көшбасшыларының қайраткерлігі шешуші рөл атқарғанын айқындап беруі шетелден алған білімнен бұрын өз ішінен қайнап шыққан ұлтты сақтау деген ұлы мақсаттың қажеттігі танылып тұр. Осында қазақтың да «басшысы, қамқорлары» осы бір тарихи құбылыстың негізгі қайнар көзіне зер сала қарасын деген автордың өзіндік көзқарасы да жатқаны жасырын емес. Бір жағы Алаш партиясы бағдарламасының «Мэйдзи жаңғыруы» («Мэйди исин») секілді өз міндетін орындай алуына ниеттес екенін де білдіріп тұрғандай.
Үшінші кезекте сол жаңалықтың билеуші топтар арасындағы өзгерістерге де қатысын хабардар етеді. Жапон тарихындағы Сиогундар мен даймиос туралы, олардың қандай қызмет атқарғанын сипат­тай келе, «халыққа, патшалыққа зиянды көп істер істеген» сиогундардың соңғы басшысын орнынан түсіріп, ондай дәрежені жоқ қылғанын баяндайды және «…бұрын Японияда әрбір тайпаны бір даймиос, яки князь билейтін», – дей келіп, біздегі аға сұлтан сияқты ел билеушінің бірін, яғни «өзі білімсіз, өзі жуан болған соң елге келтіретін зияны көп», – даймиосты да орнынан алып тастағанын арнайы сөз етеді. Бұл бір жағы Сұлтанмахмұттың: «Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да, атадан баласына мирас болып көшіп отырған даймиос (губернатор) шогундеріндей (наместник) кесел біздің қазақта аз», – деген мәліметін аша түседі. Сондай-ақ М.Әуезов жапон еліндегі өзгерістің 1868 жылдан бастап бірден аяққа тұрмағанын, ілгерілену процесінің 1885 жылғы ғылымға бет бұрған уақытынан басталғанын да еске салады. Бұл арада ескімен қатар жүрген жаңаның оны ығыстыруға біраз уақыт кетіргенін, жаңалықтың бірден сіңісіп кетпеуі де табиғи құбылыс екенін түсіндіріп өтеді. Бұл аласапыран уақытта жол іздеген ұлт зиялыларына мықты төзімділіктің қажет екенін ескертіп тұрғандай.
Төртінші кезекте жазушы жапон елінің одан әрі ілгерілеуіне 1889 жыл мен 1894 жылғы екі оқиғаны тілге тиек етеді. Екіншісінен бастасақ, М.Әуезов бұл оқиғаны 1894 жылғы қытай-жапон соғысынан кейінгі жапон халқының тынымсыз еңбегінің арқасында барлық шаруа­шылық экономикалық жағынан қарқынды дамығанымен сабақтастырады. Нақты мысалдармен оқу жолының да толықтай қалыпқа түскенін көрсетіп береді. Мұның бәрі талаптың нақты қойылып, нақты жүзеге асырылатынын үлгі етеді. Ал 1889 жылғы оқиғаны «Жапонияның Маркиз Ито деген президентінің (министрлер советінің бастығы)» келуімен байланыстырады. Оны халқының өзге елмен араласып, ғылымға ұмтылуына көмектескен «Жапонияның ең көрнекті халық басшысы» деп бағалай келе, «Халық алдында жауапты министрлер болды. Патшаның әмірі бұрынғысынан әлсіз болып, конституция кірді… Үкімет пен халық арасы жақындап, теңдік туды. Үкімет басындағы кісілерді халық өзі сайлайтын болды» деген деректерге жүгінеді. Бұл бір жағы 1918 жылдың басындағы қазақ қоғамындағы осындай өзгерістерді көз алдыңа әкеледі. Сөйтіп, қаламгердің бұл ақпараты қандай да болмасын ұлттың дамуына үкімет басшыларының да тікелей ықпалы барын дәйектейді.
Сонымен, М.Әуезовтің: «…конституция кірді. Бұл оқиғаны 1889 жыл әкелді», – деген мәліметі қазақ зиялысы Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен Парижде шығатын «Жас Түркістан» журналындағы Тоқтамысұлының «Жапонияда» (№20, июль, 1931 ж.) деген мақаласында: «Еуропа мәдениетін қабылдаған Жапония 1890 жылы заң негіздерін де қайта қарап, әскерлерін Европа үлгісімен жасақтады», – делінген. Сондай-ақ Жапонияның шетелге бағынған уақытын жоғарыда М.Әуезов 1853 жыл деп көрсетсе, «Жапонияда» мақаласында: «Америка мен басқа мемлекеттердің талабы бойынша Жапония 1852 жылы ресми түрде шет өлкеліктерге алынды» (Алаш көсемсөзі. 10 томдық. 4-кітап.: Жас Түркістан. Алматы: Өнер, 2010. 166-б.), – деп беріледі. Тоқтамысұлы бұл мәліметтерді Токияда шығатын «Жапон тілшісі» (Adrest: «Yapon Muhbiri» Jimbocho Bldg. Imagawakoji Kanada Ku. Tokyo-Japan) деген журналдың 1-санындағы түркітілдес халықтарды қызықтырған профессор Нинакова Ченнің мақаласынан алынғанына сілтеме жасайды. Осы арада, ең бастысы, берілген жылдардың дұрыс-бұрыстығынан бұрын назар аударарлық маңызды бір жайт бар. Ол – М.Әуе­зовтің 1853 жылдан басталған өркениет дамуындағы жапон тарихын баяндауында «Еуропа мәдениетін қабылдаған Жапония», «Еуропа үлгісімен жасақтады» деген сияқты сөздерді мүлдем ауызға алмауы (тек кейінірек оқу жайы мен ғылымы туралы сөз еткенде ғана атап өтеді). Неліктен? Тіпті жас ойшыл «жапон халқы зор жетістіктерге өзінің ұлттық деңгейімен жеткен» деген түйін түюге итермелейді. Себебі – біреу ғана. Қазақтың жапон жұртындай Еуропаның ғылымы мен білімін игеру үшін жастарды жаппай шетелге жіберуге, т.б. мүмкіндігінің аздығын (тіпті жоқтығын) ескере отырып, тек соған ғана тірелмей, «жүз тараулы шарттардың» бірегейін өз ұлтының ішінен де іздеуді насихаттап отыр.
Жапон халқы өркениетінің дамуын тарқатып айтқанда әрбір жаңа ойдың бұрылысындағы «жаңалық басталғаннан-ақ», «жаңалық бола бастаған соң», «жаңалық кірген соң-ақ» деген жазушының сөз қолданысына зер салсақ, өркениетке жетудің «жүз тараулы шарттарының» бастауында жапон халқы үшін осы жаңалықтың (1868 жылдан басталған) жатқанын сөзсіз аңғарамыз. Әрбір қайталаулары қазақ қоғамындағы «жаңалықтың» жандануын тілейтін тәрізді. Ендігі кезекте жапон елінің ғылым мен білімге ұмтылуы, яғни «қараңғылықтан құтылуға істеген еңбегі һәм сол еңбегінің жемісі» туралы жазғанына тоқталып өтейік. Бұл тараптағы көзқарасынан М.Әуезовтің сол уақыттағы ұлт зиялыларының түсінетін тілімен жазуға бейімделгені байқалады. Зерделеп көрейік.
Мақаланы оқып отырып жапон елінен шетелге барғандарды әрқайсының атқарған қызметіне қарай «жастары», «оқу оқығандары», «жақсылары» деп үшке бөліп топтауға болады. Олардың шетелден алған білімдерін елге жеткізудегі қолданған технологиялары да назар аудартады. Мәселен,
М.Әуезов: «Жаңалық басталғаннан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады. Бәрінің әр жерге келгендегі мақсаттары жалғыз Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардың Еуропа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырды», – дейді. Осылайша, жапон жастарының ішінен «Еуропа ғылымын біліп алғандары» елінің өркендеуіне қазір де таптырмас құралдардың бірі – қайта «егіп отыру» әдісін пайдаланғаны байқалады. Мұнысы Тоқтамысұлының «Жапонияда» деген мақаласындағы: «Жапон халқы 70 жылдан бері Еуропа мәдениетінің жақсы жақтарын қабылдап, оны жапондастырды», – деген дерегімен сәйкестік табады.
Одан әрі Әуезовтің: «Японияның бір патшалықтың ішіне келіп, оқу оқығандары сол патшалықтың жұрт билеу тәртіптері қандай, шаруаларының қандай түрлері бар, өзге патшалықтармен арасындағы саясат қандай – солардың әр тарауынан Японияның гүлденуіне керек бұйымдарды қойын-қоныштарына толтырып әкеліп отырды», – деген ақпаратында «жүз тараулының» негізгілері аталып өтеді. Оқу оқығандарының таңдап алған бұйымдарын «қойын-қоныштарына толтырып әкеліп отырғаны» қажетті тың дүниелерді көпшілікке ашып көрсетпей-ақ, жабық күйінде жеткізуін білдіртсе керек. Сонымен қатар «Японияның әрбір Еуропа патшалықтарының іштеріне барған жақсылары, сол патшалықтардағы жақсы қылықтарымен жалғас жүрген қандай міндеті бар; солардың жетсек-ау деп жүрген қандай таза, жаңа түрлері бар, олардың бәрінде де толық мағлұматтармен қайтып жүрді» деп сол жақсылардың қандай «толық мағлұматтарды» әкелуі керек екенінен хабардар етеді.
Автор: «Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды», – деген пікірін де салмақтап айтады. Қ.Кемеңгерұлының «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» мақаласындағы: «Осы күн­де Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнекті көп алды. Бірақ Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды» (Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т.-Алматы: Алаш, 2005. 141-б.), – деген көзқарасы да осыған саяды.
Жапон елінің өркениеті үшін «жүз тараулы шарттардың» бірі жергілікті жерге шетелдік оқымыстылардың өзін, яғни «күнбатыстан профессорлар, өнерлілерді» шақырту мәселесін де қолға алғаны қалыс қалған жоқ. Оларды да ұлт тәрбие­сіне зияны келмейтін белгілі бір шартпен қабылдағаны, кейінірек өз профессорларын көбейтіп, шетелден шақыртуды доғарғаны жайлы сөз етеді. Өнер, білімді үйретудегі ұлттық мүддеге, оның ішінде жас буындардың тәрбиесіне жіті қарауынан ұлттық миссиясының күштілігі ерекше насихат­талып тұр.
Ең бастысы, қаламгер «Японияның патшасы, министрлері түгелімен білімді адамдар болған соң, бәрінің де жаттан алған жолы – малды-басты аямай Японияға ғылым, өнер кіргізу. Мұхтар Әуе­зов: «Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе берік болмақ. Өзге жұрттың ептеп жай жеткендерінің бәрін түгелімен тез сіңіріп ала қою мүмкін жұмыс емес», – деген түйін түйеді. Ал бұл пайымдаулары Сұлтанмахмұттың: «…Еуропа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз… Олардың мыңдаған жылдар ішінде, жүздеген буындарының еңбегімен салулы даяр жолдарынан жүруді ғана білеміз. Егер де қазақ Еуропаның даяр жолдарына түспей, өз беттеріне, өз алдарына жол жасауын тосып отырса, Еуропа қатарына кірудің алыстығы сонда болар еді», – деген көзқарасына ой тастаған жауабы десек те болады.
Одан әрі жазушы Жапония үкіметінің халықты жаппай оқуға міндеттегенін, Еуропа үлгісімен жетілген мектеп, университеті туралы айта келе, әдебиеттерінің ертеректе Қытаймен қосылып кетуіне байланысты «кітап тілі мен сөйлейтін тілі жат, екі басқа» екенін де мәлімдейді. Жапон халқының тіліне қатысты қиындықтарды жеткізуде «оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі қажет» екенін де ескертеді. Бұл ақпарат сол уақыттағы қазақ жастарының да Еуропа сияқты өркениетті елдердің тілін үйренуден бұрын алдымен орыс тілін білуі керегі жайлы мәселемен ұқсастық тауып жатыр.
Түйіндей келе, қазақ зиялыларының осындай көзқарасынан жапон өркениетінің тарихын жазудағы мақсаты айқындалып қана қоймай, өз ұлтының тағдырына алаңдаушылығы анық сезіледі. Қазаққа өзге елдердің ішінен осы жапон өркениетін үлгі тұтуының басты себебін іздегенде, ұлт зиялылары үшін сол уақытта оның ірі алпауыттарды мойындатқан Күншығыстағы жалғыз мемлекет болғанымен ғана емес, «Күншығыста аз уақытта өз бостандығын алғандығымен», «сүйегіне сіңген» ұлтшылдығымен «аз уақытта» өркениетті ел бола білгенімен құны артты. Өркениетті елдердің ішінде Жапонияның ұлттық идеологиясына қызыққаны үшін қазақ зиялыларына отызыншы жылдары кеңес өкіметінің сенімсіздікпен қарағаны олардың жазықсыз жазалануына да себепкер болғанға ұқсайды.

Күнімжан ӘБДІҚАЛЫҚ,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір