Парацельстің раушан гүлі
14.12.2023
2022
0

Хорхе Луис Борхес

Жертөленің қос бөлмесін қатар алып жатқан зертханада Парацельс өз Құдайына, жалпы Құдай атаулыға, кімнің Құдайы болса да мейлі, «әйтеуір маған шәкірт жіберші» деп жалбарынды.
Ымырт үйірілген шақ. Каминде өлеусірей жанған от айналасына қара көлеңке түсіре бастаған. Оның орнына тұрып, темір шамды жағуға шамасы жоқ еді. Парацельс зорығып қапты. Ол өзінің жалбарынып сұраған тілегін де естен шығарды. Қара көлеңкеде шаң басқан құтылар мен түтіктердің сұлбасы анық көрінбей, бұлыңғырлана бастаған. Сол сәт әлдекім есік қақты.
Ұйқылы-ояу қожайын орнынан атып тұрып, бұрамалы баспалдақпен жоғарыға көтеріліп, есіктің тиегін ағыт­ты. Үйге бейтаныс біреу кірді. Ол да қат­ты шаршаңқы екен. Парацельс оған сәкіні нұсқады. Екеуі біраз уақыт үндемей отырды.
Алдымен ұстаз сөйледі.
– Мен Шығысты да, Батысты да мекендейтін елдің түр-әлпетін танушы ем, – деді ол сәл мақтана. – Алайда сенің түрің бөтен, маған беймәлім. Кімсің, менен не қалайсың?
– Менің кім екенім маңызды емес, – деді келген адам. – Сенің үйіңді тапқанша үш күн, үш түн тоқтамай жол жүріп келдім. Сенің шәкіртің болғым келеді. Қолда барымды ала келдім.
Ол дорбасын алып, ішіндегісін үстел үстіне ақтара салды. Түскен шақалар алтын екен, өте көп шақа. Дорбасын қолымен ақтарды.
Парацельс шам жағу үшін орнынан тұрды. Қайтып келгенде әлгі адамның сол қолында раушан гүлі бар екенін байқады. Раушан гүлін көрісімен көңілі алабұртып кет­ті.
Ыңғайланып отырды да, саусақтарын айқастырып былай деді:
– Мені бүкіл табиғи элемент­ті алтынға айналдыратын тас жасай алады деп үміт­тенемісің? Сол себепті маған алтын беріп отырсың ғой. Бірақ мен алтын іздемедім. Егер сенің қалауың алтын болса, онда ешқашан маған шәкірт бола алмайсың.
– Маған алтын керек емес, – деді бейтаныс. – Бұл шақалар – менің үйренуге дайын екенімнің дәлелі. Маған өзіңдегі ғылымды үйрет. Сенің қасыңнан бір елі қалмай тасқа жеткізетін жолды жүріп өткім келеді.
Парацельс байыппен сөйледі:
– Жол дегенің – тастың өзі ғой. Қайдан келсең – тас деген сол. Егер бұл сөзді түсінбесең, ендеше, әзірге сен мүлде ештеңенің байыбына бармағаның. Әр қадамың – мұратың.
Бейтаныс оған күдіктене қарады. Ол тақылдап жауап қат­ты:
– Демек, жалпы алғанда мұратың бар боп тұр ғой?
Парацельс күліп жіберді.
– Менің қарсыластарым тым көп әрі шетінен таяз болғандықтан мұрат жоқ дейді, мені өтірікші санайды. Менің бұл туралы ойым бөлек. Дегенмен елеске алданып жүруім де бек мүмкін. Менің бар білерім, жол бар.
Мүлгіген тыныштық орнады. Сәлден соң бейтаныс бүй деді:
– Мен оны сенімен бірге жүріп өтуге дайынмын. Қажет болса – сол үшін қанша жыл керек болса да жұмсайын. Маған шөл даланы басып өтуге мұрсат бер. Табаным тимесе де, Жерұйықты алыстан болса да бір көруге рұқсат ет. Бірақ жолға шықпас бұрын шеберлігіңді бір дәлелдеп көрсетші.
– Қашан? – деді көңілі алаң Парацельс.
– Дәп қазір, – деп салды күтпеген жерден шәкірт.
Басында латынша сөйлескен екеу енді немісшеге ауысты.
Жас жігіт раушан гүлін көтерді.
– Елдің айтуынша, сен раушан гүлін өртеп, күлінен қайтып гүл жасай алатын ғылымды игеріпсің. Мені сол ғажайыптың куәсі қыла көрші. Сенен тек соны сұраймын. Сонда мен бүкіл өмірімді саған құрбан етемін.
– Сен тым аңғал екенсің, – деді ұстаз. – Мен алаңғасар шәкіртке мұқтаж емеспін.
Бейтаныс өз дегенін қайталай берді.
– Аңғал болғандықтан раушан гүлінің жоқ боп кетіп, қайтып тірілгенін өз көзіммен көргім келеді.
Парацельс қолына гүлді алды да, онымен ойнай бастады.
– Сен аңғалсың, – деп қайталады сөзін. – Сеніңше, мен мұны жоқ қыла алам ба?
– Оны әркім-ақ жоқ қылуы мүмкін, – деді шәкірт.
– Қателесесің. Сеніңше жоқтан бар жасау мүмкін бе? Жұмақта жүрген Адам ата бір тал гүлді, тит­тей тозаңды жоюы мүмкін деп ойлайсың ба?
– Біз Жұмақта емеспіз, – деді жас жігіт, – мұнда, Ай астында бүкіл тіршілік иесі ажал құшпақ.
Парацельс орнынан тұрды.
– Сонда біз қайдамыз? Сеніңше Хақ тағала Жұмақтан басқа да дүние жаратуы мүмкін бе? Түсінемісің, күнәға батқан адам – біздің жұмақта екенімізді сезінбейді ғой?
– Раушан гүлін өртеуге болады, – деп қасарысты шәкірт.
– Алайда каминде от қалады ғой, – деді Парацельс.
– Раушан гүлін отқа тастасаң, оның жанып кеткеніне көзің жетеді. Ал күлі пеште қалады.
– Саған қайталап айтамын, раушан гүлі мәңгілік, ол тек түрін өзгертеді. Бір ауыз сөзбен қалпына келтіріп, қайтып көз алдыңа әкелуге болады.
– Бір ауыз сөзбен?.. – деп күмәндана қарады шәкірт. – Сұйықтық айдайтын түтіктерің бос қалыпты, құтыларыңды қалың шаң басқан. Сен оны қайтып тірілтпексің?
Парацельс оған өкінішпен қарады.
– Сұйықтық айдайтын түтік бос тұр, – деп қайталады оның сөзін бұл, –құтыларды қалың шаң басқан. Мынау ұзақ ғұмырымда істемегенім жоқ. Қазір бұл зат­тарды қолдануды доғарғам.
– Қазір нені қолданасың? – деп аяқастынан мүләйімси қалды бейтаныс.
– Көк пен жерді, біз мекендейтін, бірақ бізден жасырын қалатын, көзге көрінбейтін жұмақты жаратқан Жаратушы нені қолданса, мен де соны қолданам. Менің айтып отырғаным – Сөз. Бізге оны пайымдауға Каббала көмектеседі.
Шәкірт немқұрайды қалпында былай деді:
– Маған раушан гүлін өртеп, қайтып тірілтіп берші. Сол үшін сұйықтық айдайтын түтікті не Сөзді қолдансаң да – маған бәрібір.
Парацельс ойға шомды. Сосын былай деді:
– Егер сенің қалауыңды істеп көрсетсем, бұның бәрі тек көз бояушылық дер едің. Ғажайып саған сенім сыйламас. Сондықтан раушан гүлін таста.
Жас жігіт оған күмәндана қарады. Сол кез­де ұстаз дауысын қатайтып, былай деді:
– Ұстаздың үйіне кіре сала ғажайыпты талап етуге саған кім рұқсат берді? Маған неңді бұлдап тұрсың?
Бейтаныс қат­ты қобалжып, дауысы дірілдей:
– Өзімнің осы сәт­тегі сорлылығымды түсінемін. Келешекте сенің қасыңда ұзақ жыл бір ауыз ләм-мим деместен шәкірт болуым үшін маған бір рет күлден раушан гүлін тірілтетініңді көрсетші! Жалынамын! Басқа түк те сұрамаймын. Өз көзіммен көргенім мен үшін дәлел болады, – деді.
Ол Парацельс пюпитрде қалдырып кеткен раушан гүлді жұлып алып, отқа тастай салды. Гүл жанып кет­ті. Күлі ғана қалды. Ол біраз уақыт Сөз бен ғажайыпты күт­ті.
Парацельс мыңқ етпеді. Сәлден соң бұл күтпеген мінез таныта сөйледі:
– Базельдің бүкіл дәрігері мен дәріханашылары мені көз бояушы санайды. Мынау жаңа ғана раушан гүл болған күл, енді ол жоқ.
Жас жігіт қат­ты ұялды. Оның ойынша, Парацельс не өтірікші, не қияли адам. Ал бұл жетіп келіп, оған сиқыр ілімінің болымсыздығын мойындауды талап еткен екен.
Ол тізерледі де бүй деді:
– Мен қателестім. Мендік сенім шала екен. Ал онсыз Жаратушы алдында пәк болу мүмкін емес. Ендеше, түк көрмес көзім тек күлді көрсін. Рухым оянғанда қайтып келіп сенің шәкіртің болам. Сол кез­де раушан гүлін көрем.
Ол сөзін шын ықыласпен айт­ты. Бірақ бұнысы өзі шексіз құрмет­теген, байқамай жәбірлеп алған, болмысы бөлек, содан да тым қораш көрінетін қарт ұстазға деген аяушылықтан туған лебіз еді. Қалайша сен, Иоганн Гризебах, бос кеудені жасырып тұрған бетпердені арсыз қолыңмен жұлып тастауға дәтің барды? Алтын шақаны тастап кетсе, садақа тастағандай болар еді. Кетіп бара жатып бәрін жинап алды.
Парацельс оны баспалдаққа дейін шығарып салды. Қоштасарда бұл үйдің есігі оған әрдайым ашық екенін ескерт­ті. Алайда екеуі де бұдан былай ешқашан жолықпасын түсінген еді.
Парацельс жалғыз қалды. Шамды сөндіріп, орындығына жайғаспас бұрын ол бір уыс күлді қолымен ұстап, шашып жіберді де, ақырын ғана Сөзді сыбырлады. Раушан гүлі пайда бола кет­ті.

Бауырыңды ізде 

Семен Винокур

1964 жыл еді. Жасым жетіде.
Апта бұрын өмірімде бірінші рет төбелесіп, бір баланың тұмсығын бұздым.
Қат­ты қиналдым. Төбелес деген маған қол емесін анық түсіндім.
Шу басылды-ау дегенде ата-анам: «Илья ағаң келе жатыр», – деді.
Илья аға – біздің үй үшін аңыз адам.
Ата-анаммен бірге оқыпты. (Мәскеу энергетика институты). Екінші курстан кейін тастап кеткен.
Артынан шындық ашылыпты. Ол – тыңшы екен.
Ата-анам бастапқы кез­де ол туралы ойламақ түгіл әлдене айтуға үркетін.
Сосын іздеу салады. Оны атып тастаған деген хабар алады.
Он бес жыл өтіп кеткен кез­де Мурманск облысы, Кандалакша кентінен хат келеді. Ол тірі екен. Келесі аптада келемін деп хабарлапты.
Ата-анамның қалай қуанғанын көрсеңіз! Асыға күт­ті! Әбден дайындалды!
Бірде таңғы ас кезінде анам Илья аға жас күнінде оған қырындағанын айт­ты. Мәссаған! Өте сымбат­ты жігіт: сары шашты, бойы бірде тоқсан, қой көзді, терең, мөлдір… Өте ақылды жігіт еді! Ақын!
– Міне, – деп анам сурет көрсет­ті – сурет­те бір жағынан оны шынында да өте сымбат­ты Илья аға құшақтап тұр, екінші жағынан – әкем. Арық, бұйрабас, өте мейірімді.
– Бірақ мен әкеңді ешкімге айырбастамаймын, – деп анам басын әкемнің иығына қойды.
– Біздің Илюша ештеңеден қорықпайтын, – деді маған әкем. – Бір жағынан ештеңеден қорықпау деген жақсы емес… Ақыры, міне, осылай болды…
Ол келерден бір күн бұрын қауырт дайындық басталды.
Үйдің ішінде тұқы балық пен қуырдақтың иісі бұрқырады. Илья аға екеуміздің қалауымыз бірдей екен. Жалпы оның келісі мен үшін жағымды жаңалық болды.
Ал, бүгін, міне – 18 мамырдың таңы ат­ты. Дәл қазіргідей есімде.
Кіре берістегі дауыстардан оянып кет­тім. Атып шықтым. Әкем біреумен құшақтасып тұр. Анамның есі шығып кеткен. Қабырғаға сүйеніп қалыпты.
Екі қолымен аузын жауып алған. Әкем шетке шығып:
– Бұл біздің Илюша, – деді.
Алдымда бір кісі тұр. Екі бүктетілген біреу. Құдды бір жауырынының бүкірі бар сияқты. Бір иығы екіншісінен шығыңқы секілді. Қос жанары мұнартып, қарашығына қайғы тұнған.
Бетіне шешек шыққандай, дақ-дақ. Мойнына терең тыртық түсіпті.
Анама қарап тұрды да ол:
– Не болды, Роза, танымай қалдың ба? – деді. – Бұл мен…
– Илюша! – деді анам. – Құдайым-ау, Илюша!.. Олар саған не істеген?!
Анам оған қарай бет­тегені сол, құлап бара жатқандай болды.
Олар сол құшақтасқан күйі ұзақ тұрды.
Әкем екеуін айналсоқтап, Илюшасын иығынан ұстап, арқасынан қағып қояды, көз жасын сүрте береді.
– Біз сені көп іздедік, Илюша, әр жерден сұрау салдық… Сені атып тастаған деген жауап келді… Ал сен, міне – тірісің!
– Біз сенің сүйікті балығың мен қуырдағыңды жасап қойдық, – деп анам оның құшағынан ығысты, Илья ағаның бетіне тік қарауға қаймыққандай. – Сен тірісің, Илюша, ең бастысы сол ғой.
Илья аға күртесін шешті. Сонда ғана мені байқады.
– Ұлдарың ба?
– Біздің Сеня, – деді әкем.
Оның қос жанары маған қадалғанын сездім.
Илья аға көз алмай қарады. Сасқалақтап қалдым. Есікті ақырын ғана жаптым да, іштен есікке арқамды беріп, сүйеніп тұрдым.
Бойымды қорқыныш биледі… Оның көзқарасынан қорқынышты әлдене оқыдым… Сосын түрлі шаруамен жүріп кешке келсем, олар дастархан басында отыр екен. Мен де тізе бүктім. Қарасам, әкем қанша құйса да, Илья аға ішпей отыр екен. Әкем неше түрлі ішімдік алған: коньяк, шампан.
Бірақ Илья аға ішпеді.
– Сен ішпейсің бе? – деп сұрады әкем. – Екеуміздің қалай ішкеніміз есімде…
– Менің ішкенімді сендер көрмей-ақ қойыңдар, – деді Илья аға. – Сол жаққа барғанда басталды… Ешкім түсіндіре алмады… Ішсем, есімнен адасамын. Үш рет көшеден тыржаңалаш тауып алған. Ал менің есімде дым жоқ. Бізде күн райы сендердегідей емес, минус қырыққа дейін барады.
Анам үндеместен, хоп (!) деп, дастархандағы ішімдіктерді алып тастады.
Илья аға кенет маған қадала қарап, сөйлеп кет­ті:
– Бізде, ол жақта егер адам көзін тайдырып әкетсе, біт­ті, өлдің деген сөз. – Қорқып қалдың ба? – деп сұрады менен.
– Жоқ. – Өтірік айт­тым, әрине. Қорықпай көр.
– Ол жақында төбелесіп қапты, – деді әкем.
– Содан қорытынды жасадық, – деді анам, – төбелес деген бізге қол емес екен. Солай ма, құлыным?
Мен жауап қатпадым. Аулаға шығып кет­тім. Бұл тақырыпты жалғастыра бергім келмеді. Бір сағат­тан соң келдім. Маған ұйықта деді. Түн ішінде әжетханаға тұрдым. Әжетхана асүймен жапсарлас еді.
Ұйқылы-ояу дәлізде сызып келе жатсам, анамның дауысы естілді… Толық жабылмаған асүйдің есігінен жарық сыздықтай түсіп тұр.
Жарық түскен саңылаудан сығаладым, олар әлі дастархан басында отыр екен…
Әкем темекі шегіп отыр… Алдында темекінің тұқылына толған күлсалғыш жатыр. Анам Илья ағаның қарсысында теңсетіліп отыр.
– Ой, Илюша, мұның бәріне қалай төзгенсің?! – деп сұрайды. – Қалай?! Айтшы, қалай төзуге болады?!
– Өзім де білмеймін…
Илья ағаның мойнында аппақ тыртық бар. Мен тек сонысына қараймын.
– Солар сияқты боп кет­тім. Содан соң ғана көндіктім, бәріне төздім, – деді Илья аға. – Мен қат­ты өзгердім, Роза.
– Олай демеші!
– Бір жылдан кейін солар сияқты боп алдым… Жат­тың қайғысы қинамайтын болды. Көзі жастыға иілмедім. Өтінішке – күле қарадым…
– Қалайша өйт­тің, Илюша?
– Тірі қалу үшін, Роза… Мені онда әкелгенде ақ мамықтай едім ғой… Соның кесірінен ажал құша жаздадым…
– Не? – деп үрейлене сұрады анам. – Ол не дегенің?
– Зонада әйел жоқ қой, – деп жауап қат­ты Илья аға.
– Ой, Илюша! – деп анам тағы ойбайлады.
– Сол жерден бір адам табылды, – деді Илья аға. – Ең соңғы сәт­те. Мен оларға жалына-жалына үмітім өшкен кез­де. Сол оларды тоқтат­ты.
Кенет Илья аға бұрылды да:
– Тың тыңдап тұрсың ба? – деді.
Мен кейін шегіндім. Бірақ кеш еді. Анам атып тұрды да есікті айқара ашты.
– Сен бәрін естідің бе? – деп сұрады.
– Жоқ, қазір ғана келдім.
– Оның тұрғанына бес минут болды, – деді Илья аға, – тыңдап тұрған ғой.
– Сеня…
– Мен әжетханаға бара жатқам, – деп жауап қат­тым мен. Бірақ өзім қызарақтап қалдым.
– Жарайды, бара ғой әжетханаға, сосын бірден ұйықта! – деді анам.
Ол дауысын өзгертіп, «Бара ғой, балам!» деді. Мен ұзақ ұйықтай алмадым.
Илья ағадан қорықтым.
Таң тез ат­ты. Мен әдет­тегідей ұйқым қанбай тұрдым. Оятқышты жастықтың астына тықтым. Мектептен келгенше Илья аға туралы ойдан арыла алмадым.
Кешке үйге келсем, Илья аға табалдырықтан қарсы алды. Тура кешегідей қадалып қарады. Сосын:
– Сені тұмсық бұза алмайды деп естідім ғой? – деді.
«Мәссаған! – деп ойладым. – Әке-шешеме ешкімге айтпаңдар деп едім ғой, әсіресе Илья ағаға».
– Бұза аласың ба, жоқ па? – деп төне түсті.
– Бұза алам, – деймін.
– Онда мені бір қойшы! Қане! – деді ол, бетін тосып. – Қане!
– Жоқ, – дедім.
Ол мені кеудемнен итеріп қалды.
– Ал қазір!
– Жоқ… Неге итересіз?!
Ол алдыңғыдан да қат­тырақ итерді. Мен қабырғаға соғылдым.
– Неге итересіз?! – деп сұрадым.
Ол маған төніп келе жат­ты. Көздері…
Қорыққаннан жылап жібере жаздадым…
– Қане! Ұр?! – тістене ысылдады.
– Ұра алмаймын!
– Ұр! – деп айқайлады.
– Ұра алмаймын! Ұрғым келмейді! Ұрмаймын!..
– Маңқасың сен! – сөзінен мені қомсынғаны сезілді.
Өзімді тоқтата алмай, мұндай кемсітуге шыдамай, өкіріп жыладым.
– Тұмсық бұза алмайтын боп тұрсың ғой? Бұза алмайсың ба?!
– Жоқ! – деп бақырып жібердім. – Ұра алмаймын!.. Неге бәрің маған жабысып қалдыңдар, аулақ жүріңдер!
Құшағынан сытылып шығып, өз бөлмеме жүгірдім. Жастығыма құлай кет­тім.
Жүрегім жарылардай – намыстан өліп барам, әке-шешеме деген реніштен, мынау Илья ағаға деген жек көрініштен!
Сәлден соң төсегіме әлдекімнің отырғанын сездім. Сол ғой. Басқа кім болсын?!
Дәу қолын арқама қойды. Сосын ол маған:
– Естимісің? Ей, естіп жатсың ба? Сеня?
Мен жауап қатпадым. Оған мүлде жауап қатқым келмеді.
– Кешір, – деді.
Үндемедім. Себебі оны ешқашан кешірмеймін.
– Сенің өмірде не істеуің керек екенін білемін, – деді Илья аға.
Тапқан екенсің. Ол мұны қайдан білсін?!
– Ей! Бері қарашы енді…
Ол мені жастықты аударғандай жеңіл көтеріп, өзіне қарат­ты.
Мен төсекке отырдым. Бірақ оған қарамадым. Үстелдің жанында тұрған портфеліме үңілгендей, сыр алдырмай отырмын.
– Сен бауырларыңды іздеуің керек, – деді ол.
– Менің бауырларым жоқ, – дедім тістеніп, – менің тек әпкем бар, Галя.
– Бауыр дегенді жүрекпен таңдайды. Бір әкеден тарағаның маңызды емес.
Мен дым түсінбедім. Не айтпақ? Бетімді бұрып, оған тесіле қарадым.
– Өзің сияқтыларды ізде, – деді.
– Сонда қалай? – деп сұрадым.
– Өзгеге жамандық тілемейтіндерді ізде. Түсіндің бе?
– Жоқ, – дедім.
– Сені кемсіткенін қалайсың ба?!
– Қаламаймын…
– Ал өзің басқаны кемсіткің келе ме?!
– Жоқ.
– Басқаны ұрғың келе ме?..
– Ешкімді ұрғым келмейді.
– Алдағың келе ме?…
– Жоқ…
– Өзгенің қайғысын күлкіге айналдырғың келе ме?…
– Келмейді! Келмейді!
– Сені жақсы көргенін қалайсың ба?
Мен Илья ағаға қарадым. Оны танымай тұрмын. Мен оған:
– Иә, – дедім.
– Ал сен жақсы көргің келе ме?
– Келеді…
– Міне, тура сондай адамдарды ізде, – деді де дәу қолын иығыма қойды. Оның үлкен алақаны тіптен ауыр емес екен. – Өзгеге жаманат істемейтіндерді ізде. Солар – сенің бауырың. Басқаларынан қаш. Өйткені олар сенің дұшпаның.
Илья аға екі күннен кейін қайтатын болды…
Қоштасар сәт­те маған қарады да, байсалды дауыспен:
– Не туралы сөйлескенімізді ұмытпа, жарай ма? – деді.

* * *

Илья аға Мурманскіде 1967 жылы қайтыс болды. Ол кез­де он жаста едім.
Ол кісінің хикаясына өскенде егжей-тегжейлі қанықтым. Илья ағаны көшеде тыржалаңаш тауып алыпты… Оны бұзақылар шешіндіріп кет­ті деген алып-қашпа әңгіме айтылған. Зорлықтың ізі болмаған. Бірақ мен не болғанын білдім. Илья аға шыдамаған ғой. Оның да өз себебі болған шығар. Ол өз бауырларын таппаған болды. Ал мен оның арқасында таптым.
Сол үшін оған мәңгі қарыздармын. Алғысым шексіз.

Әңгімелерді аударған –
Шынар Әбілда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір