ЕКІ СӨЗДІҢ БАСЫН ҚОСА АЛМАЙТЫН БАЛАНЫҢ САУАТСЫЗДЫҒЫНА БАҒДАРЛАМА КІНӘЛІ
Мәселенің ашығына көшейік: жаңа білім беру бағдарламалары бойынша құрастырылған оқулықтарда озықтықтан бұрын олқылықтар басым. Әсіресе мектептердегі мұндай жүйеге негізделіп жасалған «Қазақ тілі» пәні тілдің атауын ғана жамылып, құрғақ сөз түрінде оқытылуда.
Араб әліпбиін қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қазақ қоғамына тұңғыш рет жаңаша оқыту жүйесін енгізген Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақша оқу дегенде, мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын», – деген еді. Алайда лигвист-ғалымның ХХ ғасырдың басында бекіткен оқытудағы тілдік жүйесі қазір жоқ. Министрліктің енгізген жаңартылған бағдарламасында оқытудың мақсаты, берілетін білім мазмұны, оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер сапырылысып кеткен. Жаңа бағдарламада қазақ тілі пәнінің мазмұны лексикалық тақырып түрінде беріліп, теориялық ақпараттар жай ғана «тілдік бағдар» деген жапсырмада тұмшаланған. Мәселен, «Қиял әлемі», «Аспан денелері», «Климат», «Транспорт түрлері» деген тақырыптар аясында оқыту нысаны нақтыланбай, тілдік пән табиғатының көмескіленуіне себеп болды. Сондай-ақ қазақ тілінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология» атты күрделі салаларын 5-сынып оқулығының бір тақырыбына топтастырған кезде, оқушылардың жас ерекшелігі мен ұғыну психологиясы ескерусіз қалған. Қазақ тілін оқытуда осындай тұғыры әлсіз бағдарламамен ұзаққа бармасымыз айдан анық.
Ыбырайым Мамановтың 1961 жылы жазған «Қазақ тілі» оқулығының алғашқы тақырыбы қазақ әліпбиіне арналып, оның ішіне дыбыстық жүйе мен дауысты дыбыстар туралы ережелер кіріктіріліп, ұғынықты тілде түсіндірілген. Ал аталған тақырыптың жаттығуларындағы жаңа сөздер саны сөздік бойынша – 42. Бұл оқулықпен білім алған кез келген оқушы мол сөздік қоры арқылы өз ойын ашық білдіріп, сауатты жазатын. Ал бүгін ше? Еліміз тәуелсіздік алған тұста мұндай кеңестік оқулықтарын жаңа буын оқулықтары алмастырды. 2016 жылы кенеттен жаңартылған бағдарлама қолданысқа енген сәттен-ақ түрлі басқосуларда, көпшілік жиындарда, әлеуметтік желілерде сынала бастады. Шыны керек, егер «Қазақ тілі» оқулықтарының жалтыраған мұқабасын алып тастап, тек мазмұнына көз жүгіртсек, оның нақты қай пәннің оқулығы екенін ажырата алмай, есіміз шығады.
Дөңгеленген дүниенің қай заманында да қазақ тілі пәнінің басты мақсаты – оқушының қоршаған ортасы мен қоғамы жайлы өзіндік ойын қалыптастырып, сол ойын ауызша және жазбаша түрде жеткізе білуге дағдыландыру. Қазақ тілінің грамматикасының заңдылықтарынан бейхабар, өз тұжырымын жазбаша жеткізбек түгілі, екі сөздің басын біріктіре алмайтын оқушының мүшкіл жағдайы – орта білім беру ордаларындағы «Қазақ тілі» пәнінің мақсатының орындалмағанының айқын көрінісі. Қосу, азайту, көбейту, бөлу секілді қарапайым төрт амалдан басталып, есептеудің өзге де заңдылықтарын оқытпайтын сабақты математика пәні деп атай алмаймыз. Сол секілді тілдік жүйені, дұрыс сөйлеу мен сауатты жазудың әдіс-тәсілдерін оқытпайтын пәнді «Қазақ тілі» деп атауға келмес. Барлық білім алушыны функционалдық сауаттылыққа баулитын пәннің орындауға тиіс төрт міндетін атап өткен жөн. Әуелі, дұрыс әрі шебер сөйлеуге үйрету. Екіншіден, стильдің түрлі жанрында сауатты жазуға машықтандыру. Үшіншіден, қазақ тіл білімін орта мектептегі сыныптардың деңгейіне сәйкес меңгерту. Төртіншіден, ана тілі арқылы дүниетанымды қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды бойға дарыту.
Ана тілін ең басты құндылық деп санайтын Гүлнұр Нұрланқызы Алматы облысындағы орта мектептердің бірінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. «Менің қазіргі оқулықтарға мүлде көңілім толмайды. Тақырыптан ауытқыған тапсырма, жүйесіз бағдарлама, оқулықтарда сөздік қорға шектеу бар. Бұрын біздің заманымызда тақырып тікелей қазақ тіліне арналып, оның грамматикасы, лексикасы, синтаксис, фонетика, морфология секілді теорияларымен практиканы қосып оқытатын. Ал қазір оқылым, айтылым, жазылым тапсырмасы деп әр бөлімге топтастырылғанымен, басқа пәнге қатысты ақпараттар беріліп, жоспардан тыс дүние басымырақ болып кеткен. Кейде өзімді тарих немесе биология пәнінің ұстазымын ба деп қаламын. Бұрын кеңес заманында енгізілген диктант, шығарма, мазмұндама жазу арқылы баланың сөздік қоры, қатесіз, сауатты жазуы қалыптасатын еді. Өзі дүбара болған баланың ауызекі тілмен ғана шектеліп қалғанына жаным ашиды. Сондықтан сабақ жоспарынан тыс диктант, шығарма жазуды әлі тоқтатқан жоқпын. Одан бөлек, мәтінді көшірту, белгілі бір автордың шығармасын оқыттырып, мазмұнын, айтқызып, оқушыларымның сөздік қорын барынша байытуға тырысып-ақ жатырмын. Дегенмен оқулықтар мазмұны қазіргі заман талаптарына сай жаңартылып, тілдің функционалдығы мен қолдану аясы кеңейтілген. Мысалы, қосымша интерактивті материалдар, соның ішінде онлайн ресурстарға қолжетімділік, QR кодтар арқылы көрсетілетін бейнесабақтар, басқа да қосымша ресурстар бар. Бұл – қолынан ұялы телефонын тастамайтын қазіргінің білім алушылары үшін бір қызық дүние! Бұдан басқа артықшылық көріп тұрғаным жоқ», – деп жаңартылған оқу бағдарламасына қатысты өз пікірін ашық білдірді. Сондай-ақ ұстаз оқу бағдарламасынан бөлек, балдық бағалау жүйесін құптамайтынын айтып, көп ұстаздың жан айқайын былай жеткізді: «Жаңадан жұмысқа тұрған мұғалімнің тапсырманы қалай жүйелеймін деп бір миы ашиды, бағалауды қалай бағалаймын деп ҚМЖ құруда тағы шатасады. Аяғы дұрыс білім берілмей, құжат соңында жүрген мұғалімдер бала біліміне салғырттық танытады. Одан кейін қандай білімді ұрпақ, болашақ елдің тұтқасын ұстар азамат шығады?»
Қазақ тілі пәнінен қатарынан 26 жыл ұстаздық қызмет етіп келе жатқан Гүлнәр Керуенова: «Бүгінгі білім алушылардың екі сөздің басын қоса алмайтынына жаңа оқу бағдарламасы кінәлі», – дейді. «Бағдарлама жүйесіз жасалған. Қай пәнді оқып жатқаныңды кейде оқушы емес, өзің түсінбей қалатын кездер болады. Тіл заңдылықтары жүйесіз, тапсырмалар түсініксіз. Сауаттылыққа дағдыландырар дүниеден алшақтау. Мәселен, географияға қатысты тақырыпқа 10 сағат берілген. Тіпті дұрыс емес. Он сағаттық «Астана» тақырыбы не үшін керек?» – деп әлгі жаңартылған бағдарламаның қазақ халқының менталитетіне сай жасалмағанын айтып, қынжыла бас шайқады.
Болашақта журналист болуды армандайтын 10-сынып оқушысы Ақниет Маулетхан да жаңартылған «Қазақ тілі» пәнінің оқулығына көңілінің толмайтынын жеткізді. «Кейбір тақырыптар ұғынықты түрде жазылмаған. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін мәтіндер мен тапсырмалар неғұрлым қызықты әрі креативті болуы керек деп ойлаймын. Кітап мазмұны бойынша грамматикаға емес, тақырыпқа көп назар аударылады. Грамматиканың қазақ тілінде жақсы сөйлеуге тікелей қатысы бар екенін ескерсек, «қазақ тілі» оқулығын грамматиканы негізге ала отырып, қайта толықтырғанын қалаймын», – деп пікір білдірді.
«Адасып, алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай.
Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай…» –
деп бұдан бұрын талай сөз айтқан Абайдың сөзін тікелей білім саласының басшылығына жеткізу қажет. «Ұлт келешегі – білімді ұрпақ» деп ұрандатқан дұрыс, бірақ дер кезінде адасқан жүйені қалпына келтіруге асығу керек. Бұлай болмаған жағдайда жаңартылған оқу бағдарламасы арқылы жастардың қанатын қатайтамыз деп, болашақта сауатсыз ұрпақтың обалына қалып, кінәлінің күйін кешіп жүрмейік!
Дана САДЫРҚАН