Бағдарлама жалғасын тапты
28.04.2025
105
0

Еліміздің заман талабына сай өркендеп, алға басуы өңірлердің тұрақты дамуына байланысты. Осы орайда әр облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындауда ішкі еңбек бөлінісіндегі орны мен ерекшеліктері ескеріле отырып, өсіп-өркендеуге жол ашатын нақты шараларға баса мән беріледі. Осы тұрғыда мемлекеттік маңызы зор, өзекті мәселелердің бірі – ішкі көші-қонды реттеу.

Әртүрлі өңірлер, қалалар мен ауылдар арасындағы еңбек диспропорциясы, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық ахуал қазіргі таңдағы өзекті мәселелер болып саналады. Осы тұрғыда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында халық өсімі жоғары оңтүстік өңірлерден артық жұмыс күшін солтүстікке көшіруді қолға алған болатын. Солтүстік пен оңтүстік өңірлердегі халық санындағы айырмашылықты реттеудің маңызды бір жолы ретінде мемлекет бұл бағдарламаға үлкен сенім артып отыр. Мысалы, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары сияқты еңбек ресурстары мол өңірлер мен жұмыс қолы тапшы аймақтар бар. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Бұған туу көрсеткіші төмен болғандықтан, халықтың табиғи кему үдерісі де өз салдарын тигізуде. Ауылдар бос қалып, шаруашылықпен айналысатын жұмыс қолы жетіспей жатса, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарқын қоса қоймасы белгілі. Сондықтан еңбек ресурстарының ішкі көші-қонын жүйелеу, жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламаларын жандандырудың маңызы зор. Осы ретте 2021 жылдан бастап «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып келе жатқан еліміздің халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан қоныс аударуға тілек білдірген азаматтарды жұмыс күші жетіспей отырған солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы көшуге дайын азаматтарға арналған жергілікті квотаны бекітті. Ол бойынша солтүстік өңірлерге көшуді қалаған 9 653 адамға квота қарастырылған. Азаматтарға Павлодар (3050), Солтүстік Қазақстан (2969), Қостанай (535), Шығыс Қазақстан (372), Қарағанды (38), Абай (255) және Ұлытау (125) облыстарына көшу ұсынылып отыр. Бұл бағдарлама аясында солтүстікке көшетін азаматтарға келесідей мемлекеттен берілетін арнайы көмек қарастырылған: көшіп-қону үшін әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде ақша беріледі, бұл – әр адамға 275 240 теңге; баспананы жалға алу ақысы мен коммуналды қызметтерді төлеуге субсидия – 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 58 980 теңгеден 117 960 теңгеге дейін. Өткен жылдар нәтижесі қоныс аударушылардың баспанаға байланысты жиі қиындықтарға тап болатынын көрсетті. Сондықтан 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасында мемлекеттік қолдаудың жаңа шарасы – экономикалық ұтқырлық сертификатын беру қарастырылған, мұнда берілетін сертификат баспана құнының 50%-ын жабады, бірақ ол 1 160 АЕК-тен немесе 4 561 120 теңгеден көп болмауы керек. Азаматтардың жұмысқа тұруы, кәсіп ашуына көмек көрсетеді, қысқа мерзімді оқудан өткізіледі. Сондай-ақ қоныстанушыларға көмек берген жұмыс берушілерге де 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге көлемінде субсидия беріледі.
Бұдан бөлек облыста жастардың өңірден кетуін азайту үшін тиісті жағдай жасай отырып, креативті экономикаға қажетті мамандар даярлау­ға, жас таланттардың қабілеттерін шыңдауға және оларға қолдау көрсетуге ықпал ететін жобалар жүзеге асырылуда.

Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір