Жаңартылған бағдарлама жарамсыз
Жаңартылған оқу бағдарламасы енгізілген 2016 жылдан бастап, біз оның кемшіліктерін айтумен келеміз. Иә, әдебиет пәнінің бағдарламасы қате! «Жаңарған» деген желеумен ұсынылған өзгерістер іс жүзінде пәннің табиғатына қайшы. Әдебиетті негізгі миссиясынан айырды. Бағдарламада жүйелілік сақталмай, мазмұн үстірт беріле салған. Соның салдарынан оқушы әдебиеттің тұтас бітімін емес, үзік-үзік ақпаратты ғана меңгереді. Бұл ұлттық рухани қазынаны толық жеткізудің орнына, жас ұрпақтың санасында әдебиеттің мәнін тарылтып жіберетін қауіпті құбылысқа айналып отыр.

Әдебиет – тарихты да, салт-дәстүрді де, халықтың арман-мұратын да бойына жинақтаған ұлттық тәрбиенің ең қуатты құралы. Бала әдебиетті оқи отырып, елін, жерін сүйіп өседі, жақсылық пен жамандықты ажыратады, адамгершіліктің мәнін ұғады. Әдебиет пәнінің басты мақсаты – оқушыға сөз үйрету емес, ұлттық рухын көтеру, оны елдің азаматы ретінде қалыптастыру. Әдебиетсіз ұрпақ – тамырсыз ағаш. Бала әдебиет арқылы ғана елдік пен ерліктің, ізгілік пен парасаттың дәнін бойына сіңіреді. Сондықтан мектептегі әдебиет пәнінің түпкі миссиясы – ұлтты тәрбиелеу, рухы берік ұрпақ өсіру.
Бұл бағдарлама қолданысқа енгізілгеннен-ақ сын көп:
1) Б.Қапалбек (Әдебиетті жүйесіз оқыту кімге қажет? «Қазақ әдебиеті» газеті. 26.01.2018);
2) Ж.Дәдебаев (Қазақ әдебиеті пәнінің жаңартылған бағдарламасы. «Қазақ әдебиеті» газеті. 09.03.2018);
3) Б.Жұмақаева (Әдебиет пәнін қалай оқытып жүрміз? «Қазақ әдебиеті» газеті. 01.12.2020).
Авторлар бағдарламаның кемшіліктерін барынша дәлелдеген. Мәселен, филология ғылымдарының докторы Жаңғара Дәдебаев өзінің мақаласында жаңартылған бағдарламаның кем-кетігін талдап, түзету жолдарын көрсеткен, Б.Блум таксономиясының танымдық деңгейлері жаңа бағдарламада жүйесіз қолданылып жүргенін дәлелдеген. Ал педагогика ғылымдарының докторы Береке Жұмақаева мақаласында әдебиет пәнінің мақсатынан бастап, оны оқытудағы қателіктерді түгел тізіп шыққан.
Мақаламызда біз де ондағы толып жатқан олқылықтарды атап көрсеттік. Соның бірі – қазақ әдебиетінің әр дәуірін бастап тұрған тұлғалардың толық қамтылмауы. Әдебиеттің әр дәуірін алға сүйреп, жаңа арна ашқан тұлғалар болады. Оларсыз әдебиет тарихының да, рухани дүниеміздің де толық бейнесін елестету мүмкін емес. Бірақ мектеп бағдарламасында осындай ірі қаламгерлердің аты аталмай қалған. Мысалы, елдік рәмізіміз – әнұранның авторларының бірі, жалынды ақын Жұмекен Нәжімеденов жоқ. Қазақ әдебиетінің қазынасына отызтомдық мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп те ескерілмеген. Қысқа әңгіме жанрының хас шебері, қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерген Бейімбет Майлиннің әңгімелері де назардан тыс қалған. Бұл – жай ғана бір-екі есімнің ұмытылуы емес, әдебиеттің тұтас дәстүрінің үзіліп қалуы. Бағдарламадан классиктерді шеттету – оқушыға қазақ сөз өнерінің арқауындағы басты өзекті көрсетпеу деген сөз. Ұлт әдебиетінің негізгі діңгегінсіз қалған мектеп оқушысы әдебиеттің болмысына үңілмей, тек жекелеген үзіктерін ғана көреді.
Екінші бір үлкен мәселе – ауыз әдебиетінің тар шеңберде берілуі. Қазақ әдебиетінің қайнар бастауы саналатын ауыз әдебиеті Керқұла атты Кендебай, Қобыланды, Қыз Жібек, Асан қайғымен ғана шектеліп қалған. Сонда қазақ оқушысына халқымыздың ғасырлар бойы жинаған мол мұрасы – «Бабалар сөзі» жүзтомдық қазынасы енді қажет емес пе? Мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс, тұрмыс-салт жырлары, ертегілер мен шешендік сөздер қайда қалды? Егер бала осы шектеулі үлгімен ғана тәрбиеленсе, онда ол ауыз әдебиетін тұтас дүние емес, жалаң үзінділер жиынтығы ретінде қабылдамай ма? Халқымыздың көркемдік ойлау әлемін толық көруге мүмкіндік бермей, оның бірер бетін ғана ашу – болашақ буынды рухани жұтаңдыққа итермелеу емес пе?
Ауыз әдебиетін шектегені аздай, қазақ руханиятының алыптарын да бағдарлама жарым-жартылай ғана көрсетеді. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен тіл білімінің негізін қалаған, бүкіл қазақ филологиясының көшбасшысы, атасы Ахмет Байтұрсынұлының бүкіл орта мектеп бойы тек «Егін бастары» мен «Адамдық диқаншысы» өлеңдері ғана ұсынылған. Сонда ұлттың ар-ожданы саналатын Ақаңды екі өлеңінен тану мүмкін бе? Оның ғалым ретіндегі еңбектері, ағартушылық жолы, ұлтқа қызмет еткен күрескер тұлғасы қайда? Оқушыға Ақаң тек символдық деңгейде, аты бар да заты жоқ бейне ретінде ғана көрсетілген.
Сол сияқты Абайдан кейінгі қазақ поэзиясының ең ірі өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы «Батыр Баян» поэмасымен ғана шектелген. Ал оның сыршыл лирикасы, сезімге толы махаббат өлеңдері, ұлт тағдырын жырлаған поэзиясы қайда қалды? Мағжанды бір поэмамен ғана таныту – алып ақынды жартылай көрсету емес пе? Әдебиет пәні алыптардың бейнесін толық ашпай, тек формалды түрде «ат қойып, айдар тағумен» ғана шектелсе, ол балаға ұлт руханиятының шынайы биігін көрсете ала ма?
Ал енді ең сорақысы – бір тоқсан бойы (24 сабақ) оқушыға бар-жоғы бір-екі ғана шығарманы оқыту және талдату. Бұл – уақытты ысырап ету ғана емес, баланың ой-өрісін шектеп, әдебиеттен жалықтыруға апаратын жол. Мәселен, 9-сыныпта төртінші тоқсанда бүкіл 24 сабақ бойы Н.Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы мен Кнут Гамсунның «Аштық» романы ғана оқытылады. Сонда қазақ баласы бір тоқсан бойы екі-ақ туындыдан не үйренеді? Әдебиеттің кең әлемі қайда?
Бұл қазақ мектебінде қазақ баласын рухани аштыққа душар ету емес пе? Әдебиет – көп үнді, сан қырлы, әр дәуірдің өзіндік бояуы бар рухани қазына. Ал бағдарлама соның барлығын екі туындыға сыйдырып бергісі келеді. Әсіресе жиырмасыншы ғасырдың басын, сол кезеңнің шындығын айна-қатесіз бейнелеген Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің әңгімелері неге толық енгізілмеген? Оқушы бір дәуірді бір-екі шығармадан ғана таныса, ол тұтас әдеби құбылысты қалай түсінеді? Бұл, шын мәнінде, көркем сөзді тұмшалау, ұлт әдебиетінің алыптарын тасада қалдыру емес пе?
Қазақ әдебиеті пәніне 5–11-сыныптар аралығында алты жүзден аса сағат бөлінеді. Бірінші сыныптағы ана тілі пәнінен бастап, Әдебиеттік оқуға ұласатын бастауыш мектепті қоса есептесек, мың сағаттан асады екен. Бұл – аз емес. Егер бесінші сыныптан бастап, әр шығарманы талдауға орта есеппен үш сағаттан бөлінді деп есептесек, ең кемі 200-ден аса туындыны оқуға мүмкіндік бар. Бірақ қолдағы бағдарламаның түрі болса мынау. Бір оқу жылына берілетін 108 сабақтың ішінде бар-жоғы 12–14-ақ шығарма қарастырылған. Бұл нағыз қолдан жасалған шектеу емес пе? Мәселен, 5-сыныпта жыл бойына небәрі 14 шығарма, 8-сыныпта – 16, ал 11-сыныпта бар болғаны 8 туынды ғана оқытылады. Оқушының әдебиетке бөлінген алтын уақытын осылайша қысқарту – ұлттық рухани қазынаны өз қолымызбен тарылту деген сөз. Қарап отырсақ, сағат бар, уақыт жеткілікті, бірақ мазмұн жоқ. Сонда қазақ баласы әдебиеттен не үйренеді? Жүздеген ақын-жазушы, мыңдаған көркем туынды тұрғанда, оқушыға санаулы ғана шығарманы ұсына салу – әдебиеттің құдіретін қолдан кішірейту емес пе?
Бұрынғы кезде әдебиетті дәуірлеп оқытатын. Әдебиетті орта мектепте оқытудың тарихына қарап отырсақ, қилы-қилы жайлар болған. 1929 жылы Алаш әдебиетін, 1937 жылы большевикпін деп жүрген ақын-жазушылардың да біразының көзін жойған қазақ совет әдебиетінің балаға оқытқан шығармаларының сыйқы мынау болды:
1938 жылы орта мектептердің 7-класына арналған оқулыққа енген авторлар:
Абай Құнанбаев «Аттың сыны», «Аңшылық туралы», «Масғұт»;
А.С.Пушкин «Бекетші»;
А.П.Чехов «Путлярдағы адам»;
М.Горький «Челкаш», «Дауылпаз туралы жыр»;
Ж.Жабайұлы «Сәлем», «Достық жыры»;
Д.Бедный «Зейнеттің әні»;
С.Стальский;
Я.Купала;
С.Мұқанов;
«Ақ аю» және т.б. Біразы орыс ақын-жазушылары. Сондай да заман өткен. Отыз жетінің ойранынан кейін тігерге тұяқ қалмаған ғой.
Әдебиетті дәуірлеп оқыту осы жаңа бағдарлама келгенге дейін жалғасты. Мәселен, «Қазақ әдебиеті 6-сынып оқулығын» қарасақ:
Асыл сөз;
Ауыз әдебиеті;
Батырлар жыры;
Қобыланды батыр;
Алпамыс батыр;
Әсірелеу, шендестіру;
VII–VIII ғасыр әдебиеті;
Күлтегін;
ХІХ ғасыр әдебиеті;
Дулат Бабатайұлы
«О, Ақтан жас, Ақтан жас»
Сүйінбай Аронұлы
«Жақсы мен жаман адамның қасиеттері»;
Абай Құнанбайұлы
«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ»,
«Отыз бірінші сөз»,
«Құлақтан кіріп бойды алар»,
«Әсемпаз болма әрнеге»,
«Өлең туралы»;
ХХ ғасыр әдебиеті;
Сұлтанмахмұт Торайғыров
«Шығамын тірі болсам, адам болып»,
«Мен – қазақ» және т.б.
Әдебиетті дәуірлеп оқытудың осал тұстары бар. Бір қарағанда, ол фольклор, халық ауыз әдебиетінен бастап, Абай, Шоқан, Ыбырай, одан кейін ХХ ғасыр мен қазіргі заман әдебиетіне дейінгі жолды біртіндеп көрсететіндей болып көрінетін. Меніңше, 5-6 сынып оқушысы үшін бұның түкке қажеті жоқ. Бала қай кезең болсын дәуірді сараламай, тек шығарма оқуы керек. Әдебиетті кезең-кезеңге бөліп, дамудың ғылыми схемасы ретінде ұсыну – оқушыға қызықты емес, оған шығармалардың мазмұны маңызды. Мұндай оқыту әдебиетті тірі өнер емес, ғылыми деректер тізбегі сияқты етіп көрсетеді. Әрине, әдебиеттің дәуірлік эволюциясын зерттеу маңызды, бірақ ол мектеп оқушысының емес, әдебиеттанушы ғалымның міндеті. Бесінші сыныптағы балаға көркем туындыдан, ең алдымен, әсер алу, кейіпкерге ілесіп ойлану, көркем сөздің сұлулығын сезіну маңыздырақ. Тарихи-ғылыми жүйелілік тек жоғарғы сыныптағы гуманитарлық бағытты таңдаған оқушыларға ғана қажет. Дәуірлеу тәсілін, әдебиеттану ғылымын, оның тарихын, теориясын, сынын сол жоғары сыныпқа қарай оқыту керек. Ал кіші және орта буында әдебиеттің басты мақсаты – баланың қиялын ояту, ұлттық рухани тамырға жалғау, өнердің қуатын сезіндіру. Бұрынғы бағдарлама осыны ескермей, әдебиеттің тәрбиелік миссиясынан гөрі ғылыми жүйесіне басымдық берген еді. Әрине, әдебиет сабағында көркем туынды ғана оқылып қоймай, соны талдаудың да ғылыми кілті берілуі тиіс. Бала жанр мен стильді, көркемдік әдіс пен бейнелеу құралдарын жас ерекшелігіне сай түсініп үйренбесе, әдебиет тек сюжет жаттау дәрежесінде қалып қояды. Әдебиеттану деген ғылымның мектептегі базалық білімі болуы керек. Әдебиет тарихы, теориясы мен сыны, жүйеленген категориялары, типтері, көркемдік тәсілдері – осының бәрі оқушыға жайдан күрделіге қарай беріліп отыруы керек. Мектепте әдебиетті мың сағат оқыған бала әдебиетті ғылым ретінде де, алдымен, өнер ретінде түсініп шығуы тиіс.
Бірақ осы жаңартылған бағдарламада әдебиет теориясының берілуі қате, күрделі. Кез келген оқу үрдісі үш тағанға сүйенеді. Нені, кімге, қалай оқыту? Нені оқытуға пәннің білім мазмұны кіреді. Қалай оқытуға олардың әдіс-тәсілдері кіреді. Ал кімге оқытуға баланың оқу материалдарын қабылдауы кіреді.
«Нені оқытуды» неге кәсіби әдебиетші ғалымдар емес, Кембридждің «жаңашыл әдістемесін» ұстанған тренер-әдіскерлер шешуі тиіс? Олар «Өрлеу» деген теңдесі жоқ мекемесі арқылы «қалай оқытуды» үйретсе жарасады. Ал мазмұнды өзгерту, әдебиеттанудың методологиясын бейберекет бұзу – олардың құзырындағы шаруа емес. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған А.Байтұрсынұлының еңбектері қайда қалмақ? «Әдебиет танытқышта» берілген іргелі ұғымдар мен ғылыми принциптер ескерілмесе, әдебиет пәніне кірмесе, онда оқушыда пән туралы түсінік қалыптаспайды ғой.
Кеңес кезінде барлық пән Мәскеуден жазылып келіп, қазақ мектептері үшін қазақ тіліне аударылатын. Тек қазақ тілі мен әдебиетін және Қазақстан тарихын ғана өзіміздің авторлар жазып, Кеңес идеологтарының қатаң бақылауынан өтетін. Байқап отырғанымыздай, Тәуелсіз мектептің қазақ әдебиеті оқулықтарын өзіміз жазатын болғанмен, оның бағдарламасы, бағдарламаның формасы, қалай оқытуға қатысты талаптары, түгелдей сырттан импортталып тұр.
Жоғарыда айтқанымыздай, басқа пәндер өзінің арнасын таба алмай жүрген болар. Ал қазақ тілі мен әдебиетінің ежелден келе жатқан өзінің оқыту дәстүрі бар емес пе? Онда неге олардың оқу бағдарламасын өзгерте береміз? Тәуелсіздік алғаннан кейін «Жаңа буын оқулықтарымен» оқи бастадық, одан он екі жылдық бағдарлама жасаймыз деп шабылдық. Бағдарламасын жасап, оқулығын шығарып, пилоттық мектептерде сынап та тастадық. Содан кейін «жаңартылған» деген атпен осы бағдарлама кірді. Енді бұны да жетілдірмек болып, тағы өзгертіп, жұлмалап жатырмыз.
Әдебиет – ұлттың рухани тамыры мен болмысын сақтап қалатын ең негізгі пән. Ол оқушыны тек көркем мәтінмен таныстыру үшін емес, ұлттық құндылықты, адамдық ұстанымды, ар мен ожданды үйрету үшін оқытылады. Егер бағдарлама жүйесіз болып, балаға тек үзік-үзік шығармаларды ғана ұсынса, ол әдебиеттің тәрбиелік миссиясын толық атқара алмайды. Ақаңның айтатыны бар: «керек пән, керек болғанда тегіс керек пән» деп. Бұл пән арқылы ертең жұртым дейтін бала өсіп шығады. Орыс мектептерінде қанша қазақ баласы отыр. Министірлік олардан әдебиет пәнін мүлде алып тастаған. Орыс мектептеріндегі қазақ баласы осындай, қазақ мектептеріндегі қазақ баласының бағдарламасы мынадай болып тұрғанда ертең жұртым дейтін баланы қайдан алмақпыз?!
Адамның хайуаннан айырмасы – биологиялық қажеттіліктен өзге рухани қажеттілікке зәрулігі. Мектепте қазақ тілі пәнін мың сағаттан артық, әдебиет пәнін мың сағаттан артық оқыған бала тамыры бәйтеректей ұлттың топырағына тереңдемей, рухани жұтаңдыққа ұшырап, бір сектадан жарты сағат насихат тыңдаса болды, батыстың желіне, шығыстың лебіне домалай жөнелетін қаңбақ болып шығып жатыр.
Бұған қолданыстағы бағдарлама кінәлі. 2016 жылдан бері қазақ орта мектептеріндегі оқушыларға әдебиеттен берілетін білім сіңбей жатыр. Онда оқытылатын шығармалар жоғарыда айтып өткеніміздей там-тұм болғанымен қоса, жүйесіз беріліп отыр. Жаңартылған бағдарламада оқытылатын шығармалар белгілі бір тақырыптарға қарап іріктелген. Тақырыптар мынадай: «Таза, мінсіз асыл сөз», «Абайды оқы, таңырқа!», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Туған өлке публицистика беттерінде», «Көркем әдебиет және эпикалық сарын», «Тарихи шындық пен көркемдік шешім» және т.б. Тақырыптар әдемі, көркем тілдің құдіретін паш еткендей. Бірақ логикалық тұрғыдан ойлансақ, «Толғауы тоқсан қызыл тіл» деген тақырыпқа қазақ әдебиетіндегі бар шығарманы сыйғызуға болады ғой. Өйткені қай ақын-жазушыны алсақ та, қай дәуірдің мұрасын қарастырсақ та, бәрі тіл арқылы жасалған, бәрінің негізінде сөздің қуаты жатыр. Сонда неге тек жыраулар поэзиясын ғана немесе шектеулі шығармаларды ғана осы тақырыпқа қосамыз? Халық поэзиясы да, Абайдың қара сөздері де, қазіргі заманғы ақындар да – бәрі «қызыл тілдің» айғағы емес пе? Бағдарлама шамамен 7-10 сабақтан тұратын бөлім атауларын пафоспен қойып отыр. Мұндай тақырыптарға жинақталған шығармаларды іріктеу қиын.
«Абайды оқы, таңырқа!» деген бөлімде оқушылар тек Абайдың шығармаларын оқитын болады. Ал «Көркем әдебиет және эпикалық сарын», «Тарихи шындық пен көркемдік шешім» деген бөлім тақырыптары әдебиеттанудың, әдебиеттің теориясын қарастыратындай.
Осындай кемшіліктері болған соң, білетін жұрт шулаған соң, бұл бағдарламаны білім министрлігі қазір жөндеп жатыр. Оған Жазушылар одағы да араласа бастады. 2025 жылдың 15 тамызы күні «Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» деген форум өткізіп, қарар қабылдады, жоғары жаққа жолдады. Бұл жеткіліксіз. «Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады», – дейді Ақаң. Мектептегі әдебиетті оқыту мәселесіне «ұлтым», «ұлтқа қызмет етем» дейтін ұжымдар, ұйымдар, жеке тұлғалар жабыла кірісуі қажет.
Меніңше, қазір балаға әдебиетті оқыту үшін шығармаларды басты идеялар төңірегінде топтастыру керек. Балаға түсінікті әрі өміріне тікелей қатысы бар идеялар: достық, сүйіспеншілік, махаббат, адамгершілік, ар-намыс, соғыс пен бейбіт өмір, әділет, еңбек және т.б. Міне, мектепте оқытылатын шығармалар осы өзек идеялардың айналасында топталса, оқушы ұғымды жай тыңдап қана қоймайды, оны сезінеді, салыстырады, күнделікті мінезіне көшіреді. Мәселен, «достық» тақырыбы. Мұхтар Шахановтың «Достық өлкесінің заңы» өлеңіндегі екі баланың достығы; «Менің атым Қожадағы» Қожа мен Сұлтанның достығы; «Қобыландыда» Қараманмен арадағы қатынас; бұл бөлімге бала түсінігіне сай тәжірибеден сұрыпталған қорытынды мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер қосылса.
5-сыныпта бала достықты қарапайым мораль ретінде таниды; 7-8-сыныптарда сатқындық, кешірім, жауапкершілік секілді түйіндер қосылады; 10-сыныпта күрделі мәтіндер арқылы «дос үшін тәуекелдің шегі қайда?» деген этикалық таңдауға келеді. Бір тақырып – жайдан күрделіге қарай ұласып жатқан үш түрлі тереңдік. Мәселен, достық идеясы С.Мұратбектің «Жусан иісі», М.Мағауиннің «Бір атаның балалары», М.Қабанбайдың «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана», М.Мақатаевтың «Дос болам десең…» және т.б. шығармаларда бар. Соларды төменгі сыныптан жоғарыға қарай шиыршық әдісімен орналастырып шықса. Мен мысал үшін айтып отырмын, шығарма таңдауды әдебиет мамандарына, сыншыларға жүктеу керек. Олар сол саланың мамандары. Не сойса да, қасапшы сойсын.
Осы тәсілді махаббат, адамгершілік, ар-намыс, әділет, еңбек, соғыс пен бейбітшілік сияқты өзекті тақырыптарға да қолдануға болады. Махаббат жайлы төменгі сыныптарда лирикалық өлеңдерден басталған әңгіме, жоғарғы сыныпқа келгенде драмадағы кейіпкерлердің тағдырлық таңдауларына ұласады. Адамгершілік жайындағы шағын новеллалар ар-ұят пен азаматтық батылдыққа дейін жетелейді. Соғыс тақырыбы естеліктер мен балалық қабылдаулардан басталып, кейін күрделі тарихи романдардағы адамдық пен бұйрық арасындағы тартысқа дейін тереңдейді.
Тағылымды нәтиже үшін мәтіндерді тек дәуірімен емес, міндетті түрде жанры мен қызметіне қарай қиюластыру керек: бір өзекке лирика, эпос, драма, публицистика қатар кірсін. Баланың санасында «достық» немесе «ар-намыс» тек өлеңмен ғана емес, әңгіме, роман, айтыс, шешендік сөз арқылы да тірі бейнеге айналады. Бағдарламаның талабы бойынша әлем әдебиетін де там-тұмдап осы өзектерге байлап, қосқан жөн: әділет туралы Толстойдың ойы, соғыс этикасы жөніндегі Ремарк немесе Бек, адамгершілік дилеммасы бар Хемингуэйдің новеллалары – бәрі оқушыға бір ұғымның көп дауысты, көп мәдениетті кеңдігін сездіреді, жалпы адамзаттың құндылықтарын түйсіндіреді.
Әдебиетті оқытуда басты жасанды қате талаптардың бірі – бір авторды бір сыныпқа ғана алу деген ұстаным. Мысалы, қазіргі бағдарламада Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы тек 8-сыныпта ғана кездеседі екен. Сонда 5-сынып оқушысы оның табиғатқа арналған нәзік лирикасымен таныспауы керек пе? Ал жоғары сыныптарда ақынның терең философиялық ойға толы өлеңдері оқушыға берілмей қала ма? Әдебиет бағдарламасы авторды бір сыныппен ғана шектемеуі керек. Әр сыныпта сол қаламгердің жас ерекшелікке сай басқа шығармасын беруге шектеу болмауы тиіс. 5-сыныпта – бала жүрегіне жақын, қарапайым әрі әсерлі өлеңдері; 8-сыныпта – терең ойға жетелейтін поэмалары; 10–11-сыныпта – күрделі философиялық шығармалары. Сонда оқушы бір авторды үзбей қадағалап, жасына қарай жаңаша қырынан тани береді. Бұл тәсіл әдебиеттің тәрбиелік қуатын да арттырады, оқушыға тұлғаның толық болмысын ашуға мүмкіндік береді.
Қысқасы, тақырыптың аты әдемі болғаны аз; өзектің өзі баланың өмірімен түйісуі керек. «Таза, мінсіз асыл сөз» секілді жалпылама айдар емес, нақты ұғымдар мен өмірлік таңдаулар өзекке айналғанда, әдебиет формалды пән емес, мінезді тәрбиелейтін ортаға, рухани шынығу залына айналады.
Қазақ әдебиетінің қойнауы қазынаға толы. Бізде жас ұрпаққа адамдықты, арды, намысты, ізгілікті үйрететін шығармалар аз емес. Бірақ сол мол қазынаны дұрыс жүйелеп, баланың танымына лайықтап жеткізе алмай отырғанымыз ақиқат. Қазіргі бағдарламалардағы сырттай әдемі көрінетін тақырыптар мен жасанды бөлімдер баланың рухына нәр қоспайды, өмірлік сұрақтарына жауап бермейді. Әдебиет тек жаттау үшін емес, ойлану үшін, жүрекке жақын болу үшін оқытылуы керек. Егер біз оны шынайы идеялар мен өмірлік мәндерге сүйеніп қайта құрмасақ, мектептен әдебиетті сүйген, рухани терең түлек емес, жаттаудан жалыққан оқушы шығады. Нағыз мақсат әдебиетті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған, ұлттық сөз өнерінен қуат алған жас ұрпақты қалыптастыру болуы керек.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК
ПІКІРЛЕР1