Қарттардың қаламынан туған қазыналы суреттер
Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен 2022 жылы Белсенді ұзақ өмір сүрудің қалалық орталығы құрылған болатын. Осы бағдарлама бойынша қарттардың күнделікті өміріне жаңа өзгерістер беретін бағдарламалар әзірленген. Ағымдағы жылдан бастап Бостандық, Медеу аудандарында орталықтың үш бөлімшесі жұмыс атқаруда.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер білім алушыларға бейнелеу өнері пәнінен сабақ беремін. Маман ретінде оларды бейнелеу өнері дағдыларына үйретіп, кескіндеме және суретшілердің өмірімен, шығармашылығымен таныстырып, пленэрлер өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізіп, мұражайлар мен өнер галереяларын аралатамын.
Ең бастысы, оларға акварель, гуашь, акрил бояуларының техникасын үйретемін. Алғашында басым көпшілігі сурет салуды мүлде білмесе де, бәрінің дерлік үйренуге деген ынтасы жақсы болды. Сабаққа деген қызығушылықтары әр сабақ сайын артып, сурет салуға шындап кірісті. Нәтижесінде, екі жыл бойы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткер білім алушылардың шығармашылық жұмыстары топталып, 10 рет көрме өткізілді.
Осы жылы қала күніне орай, 62 жастағы зейнеткер Луценко Маринаның жеке көрмесі өткізілді. Мұндай көрмелер зейнеткерлердің қабілетін дамытуға көмектеседі.
Қарттар күніне орай 1 қазанда, Алматы мұражайында алғаш рет «Күзгі блюз» атты көрме өткіздім. Шараның мақсаты – зейнеткерлердің шығармашылық белсенділіктеріне қолдау көрсету.
Көрменің ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.
Алматы мұражайы директорының орынбасары Алтынжан Сәрсенбайқызы қарттарды мерекелерімен құттықтап, мұражайда зейнеткерлердің көрмесі алғаш рет өтіп жатқанын сөзге тиек етті.
Көрменің ашылуында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының меңгерушісі Зина Сайлауовнаның басшылығымен зейнеткерлер би билеп, дефиле көрсетіп, өнерлерін ортаға салды.
Бұл көрмеде 62–84 жас аралығындағы зейнеткерлердің 90-нан астам туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда әртүрлі кескіндеме техникасында жасалған картиналар бар. Көптеген жұмыстар көрермендерді ғана емес, кәсіби суретшілерді де әртүрлі композициялық суреттерімен және орындау техникасымен таңғалдырды.
«ҚР Көркем Академиясы» ҚҚ атынан Бейсебек Атибекұлы көрменің жоғары деңгейде өткенін айта келіп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Сауле Бекетаеваға Құрмет дипломын табыстады.
Марлан НЫСАНБАЕВ,
Қазақ өнерінің қайраткері,
«ҚР Көркем академиясы» ҚҚ вице-президенті
ПІКІРЛЕР1