БАШҚҰРТСТАНҒА ҚАЗЫНАЛЫ САПАР
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов пен ақын Саят Қамшыгер бауырлас Башқұртстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы мен 24-26-мамыр күндері өткен II халықаралық «Кітап – Байрам» атты кітап жәрмеңкесіне қатысып, Уфа қаласына арнайы іс-сапармен барып қайтты.
Ақын Қасымхан Бегманов 24-мамыр күні Уфа қаласында Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабиров ресми ашқан Ресей Жазушылар одағының Пленумында және «Кітап – Байрам» атты кітап жәрмеңкесі мен «Халықтар достығы – әдебиет достығы» атты салтанатты жиында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан ресми сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаты мен арнайы сый-сияпатын табыстады. Ақын: «Өзім үшін бұл сапардың маңызы ерекше болды. Башқұрттың халық батыры Салауат Юлаевтың Отаны, қазақтың ұлт ардақтысы Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда бірге болған үзеңгілес серігі Зәки Уәлиди Тоғжан мен кезінде Абай туралы екі мақаласы башқұрт және қазақ тілінде жарияланған (Абай Құнанбаев. «Қызыл Башқұртстан», 1945, 19 тамыз, Менің ұстазым. «Қазақ әдебиеті», 1971, 25 мамыр) Башқұртстанның Халық жазушысы Сәйфи Құдаштың, ұлы жазушылар Мұстай Кәрімнің, Мәжит Ғафури мен аса көрнекті ақын Шайхзада Бабичтің туған еліне көңілім толқып үлкен жауапкершілікті сезіндім. Ізгі жандармен танысып, жақсы адамдармен достастық. Әсіресе Алматыда бірнеше рет болған Мұстай Кәрім атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, башқұрт ақыны Қадим Аралбаймен қазақтың ақын-жазушыларының еңбегі, әсем Алматының көркем табиғаты жайлы әңгімелесіп, ерекше әсер алдық», – дейді сапар жайлы баяндап. Сонымен қатар Қасымхан Бегманов ресми кездесулерде Ресей Федерациясының губерниялары мен көптеген облыстарындағы Жазушылар одағының төрағаларымен, жауапты өкілдерімен жақын танысып, өзара байланыс орнатқанын жеткізді.
