Оралхан мен Өр Алтай
23.05.2023
3822
0

Менің қолыма таяуда ғана тиген «Алтай өрнектері» деген үш жүз беттік қомақты кітап Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бес-алты жылдан бері шығарып келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар топтамасының ауқымында былтыр жарық көріпті. Авторы – Тоқтар Мағзұмов. «Жұлдыз» журналына шыққан бірен-саран дүниелерін көргенім болмаса, бұл жазушыны білмейді екенмін. Дегенмен бірімен-бірі қойындасып жатқан Алтай мен Тарбағатайды тел еміп өскен менің көзіме кітап атауы тым ыстық ұшырады.
Кейінірек анықтап білдім, Тоқтар Мағзұмов – Жазушылар одағының мүшесі екен. Бірнеше кітабы жарық көріпті. Олардың бәріне жуығы – Алтай өңірінің тарихы мен табиғатын, Қатонқарағай ауданының ерекшеліктерін тілге тиек ете отырып, кейіпкерлер мүсіндеген көркем шығармалар.
«Алтай өрнектеріне» негізінен естелік-эсселер мен «Дүзбенбек дарасы» деген тарихи хикаят және Алтайдағы жер атаулары туралы ел ішіндегі аңыздар енгізілген.
Естелік-эсселер – «Райыстан Оралханға дейін», «Бәрі де майдан үшін», «Жылымық жылдар» және «Ұйқым келмейді». «Дүзбенбек дарасы» – жетпіс екі беттік хикаят болса, аңыздар саны отыз бір.
Осы бір тұста айта кетпесіме болмас, Тоқтар Мағзұмовтың тек көркем шығарма жазумен ғана айналысып жүрген жазушы емес, ел мен жер тарихына жан-тәнімен үңіліп, зерттей қарайтын қаламгер екенін де бек түсіндік. Жер атаулары туралы аңыздардың тақырыбына қарап отырып-ақ Алтайды білетін немесе білгісі келетіндер іздегенін тауып ала қояды. Сондықтан сол атауларды тізіп өтсек те түк артықтығы бола қоймас. Міне, қарайық! «Атбайлар тас діңгек», «Тас мүсін әйел», «Аруақтар әлеміндегі әлдебір әйелдер бейнесі», «Құбыжық тауы», «Бүркіт қазынасы», «Ақтасты тауы хикаясы», «Жеті иректі Ертіске бағынған тау сағасы», «Ғибадатхана тауы», «Алыстағы қазына алауы», «Мамонт құпиясы», «Жыланды мекен», «Жоғалған алтын күйме», «Қарақшы құлаған құз», «Киелі шахта», «Аруақтар әлеміндегі ақ боз атты ару», «Қатерлі өткел», «Қансу», «Талды­бұлақ», «Толыбай сазы», «Алтыбас», «Тастағы тұлпардың ізі», «Тасшоқыдағы жылан соқпағы», «Қарашоқтағы қазына», «Қоңқай асуы», «Падике». Осы аңыздардан кейін «Қырықтың бірі – Қыдыр», «Аса қайғылы Хасан», «Ыдырыс», «Сабыр хан», «Суырға айналған адам», «Ала қанат сауысқан» деп аталатын ғибрат үшін жазылған аңыздар да бар.
Жазушы бұл аңыздардың көпшілігін жалаң түрде баяндай салмай, тарихи және ғылыми негіздемелер арқылы жазған екен. Бұл дүниелер сонысымен де құнды. Сірә, туған жерді сүйіп қана қоймай, соны зерттеп, зерделеудің де, жұртшылыққа жария етудің де бір үлгісі осы болса керек.
Сөз басында «Алтай өрнектері» деп аталатын бұл кітаптың өз көңілімді бірден тартқаны туралы айтып кеттім. Оның себебі – Өр Алтайда жаныммен жақсы көргенім ғана емес, тым жас кезімде өзіме жазушылық сырларын аз да болса жеткізіп, ақылдарын айтқан аяулы да ардақты ағам Оралхан Бөкейге байланысты естелік-эсселердің болғаны да шығар. Кітаптың алғашқы беттерін аша салысыммен-ақ көзіме түскен «Райыстан Оралханға дейін» деген тақырыптың өзі іздегенімді тап­қандай қуантты. Өйткені Оралхан Бөкейдің ата-бабаларын біле бермеймін ғой.
Естелік-эссе 1993 жылдың Алтайдағы қысқы айлары өте қатал болғанын, бірақ көктемнің ерте келгенін көркем тілмен келістіре баяндай келіп: «Сол жылы емес пе еді?! Иә, сол жылы экватор белдеуінің Тянь-Шань баурайын­дағы Дели қаласында да күн қызуы көлеңкеде елу бір градусқа жеткені… Нағашым Оралхан Үнді жеріне іссапармен барып, мамыр айының он жетінші жұлдызында мәңгілікке көз жұмып, бұл фәниден бақилыққа аттанып кеткені…» деп көкірек күйігін терең тебіреніске ұластырып әкетеді. Ол Табиғат – Ана мен Адамзат баласының арақатынасы туралы айта келіп былай деп толғанады:
«Өмірге біреулер келіп жатса, біреулер кетіп жатады. Өмірдің басы да, аяғы да жоқ. Осынау ұзақ жолды ешкім бірінші болып бастаған да емес, ешкім де ең соңы болып аяқтамас та. Адам жас кезінде – тойшыл, қартайғанда ойшыл болатыны сондықтан болар. Жас кезінде адам деген артын ойламай келіп, қартайып, бәрінен жалыққан жалқы кезінде, өткен өміріне көз жүгіртіп, саралай сараптап, жіберген қателіктерін мойындап, уайымға батып, ұзақ-сонар ой елегінің тар соқпағына түсіп, салқын тартқан өмір көлеңкесінің жұтқыншағына еніп кеткенін өзі де байқамай қалатын кездерге жолығады. Осы мәңгілік керуен жолы үнемі ұмтылыс, үнемі қозғалыс екенін түсініп, осынау мәңгілік керуен жолында көшке ілесе алмай қалған адамзат кінәмшіл жолаушы екенін өз өмірінде сезіну қайда!..».
Тоқтар Мағзұмовтың адамды он ойлантып, тоғыз толғантатын осындай ілкімді ойлары кітаптың әр тұсынан жиі-жиі бой көрсетіп отырады екен. Шығармаларын оқыған сайын көзімнің жеткені, ол – қалыптасып болған жазушы ғана емес, өзіне тән жазу мәнері мен сөз саптасы бар майталман қаламгер. Бұл жазушының қазақы әңгімешілдігімен қоса оқырман сезімін дөп басатын сөз тіркестері мен оқиға желілері де көркем ойдың негізі қарапайымдылықта екендігін дәлелдей түсетіндей.
«Райыстан Оралханға дейін» естелік-эссенің негізгі желісі сол кездегі тоғыз-он жастағы автордың анасы Күләндамен және апайы Кларамен бірге Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен бітіріп жатқан Гүлбаршын апайының оқу бітіру кешіне арнайы барғандары туралы басталады.
Бұлар өз ауылдарынан сол кездегі аудан орталығы – Үлкен Нарынға келіп, аудандық газет «Еңбек туында» істейтін Оралханның үйіне атбасын тірейді.
Шаршап-шалдығып жеткен жолаушылар келгенде Оралхан мен оның жақында ғана үйленген келіншегі Айман жұмыста екен. Есікте құлып тұр. Оларды Клара барып шақырып келеді. Туыстар мәре-сәре болып қауышқан соң, әрине, дастарқан басындағы әңгімеге жол ашы­ла­ды. Оралханның әкесі Бөкейдің туған қарындасы Күләнда тым әңгімешіл ғана емес, бүкіл әулет туралы көп білетін адам екен.
Міне, осы тұстан бастап оқырман Оралханның атасы мен әжесі Исахан мен Қапизадан тараған ұрпақтар – Ахмет, Бөкей, Бағдат, Ақтайлақ, Күләнда, Күләми, Ақбота (Ботай деп аталған), Байтайлақ (Кәтей деп аталған) екендігін біле бастайды.
Күләнда шешей ашаршылық жайлаған 1933 жылдың көктемінде, тоғыз жасында, анасы – Қапизадан айы­рылып, жетім қалған, ол кезде әкесі – Исахан бір отар қой бағып отырғанын айта келіп, анасының тез арада ажал құшқанына үлкен ағасы Ахметтің уақыты жетпей «жіңішке» деген дерттен тым ертерек қайтыс болғаны себеп болды дейді.
Кейуананың әңгімелеуі арқылы берілген сол бір тар замандағы жоқшылық пен ашқұрсақтыққа қосылған ана өлімінің азабы, мәйітті жерлеу қиыншылықтары адамның жан-жүрегін сыздатады, сол кездегі адамдардың мықтылығы мен төзімділігін көз алдыңа елестетеді. Әсіресе тоғыз жастағы қаршадай қыздың бүкіл үй шаруасын тындырып, зыр жүгіріп жүргеніне жаның ашиды, біздің парасат­ты да пайымды аналарымыздың қайдан, қалай қалыптасып шыққандарына көзімізді жеткізе түсеміз.
Сегіз баланың анасы, қырық жасқа енді ғана жеткен Қапиза о дүниеге аттанар алдында ендігі қалған ең үлкен ұлы – Бөкейді қасына шақырып алып, аманатын айтқан сәтін жазушы былай бейнелепті: «Қасына келген Бөкейдің басынан сипап, шашын әлсіз саусақтарымен тарамдап, біраз отырды да, қолын ұстап отырған менің бетімнен сүйіп, ақырын тіл қатты:
– Исаханның балаларының ішіндегі ең үлкені – сенсің. Ахмет болса, анадай болды, оны өзің білесің, енді мені тыңдап ал, – деді дауысы дірілдей.
– Саған айтарым, мен бұл дүние­лік емеспін, қырыққа келгенде, ана дүние – бақилықтың адамы болғалы жатырмын… Өздерің аман жүріңдер, біріңді-бірің тастамаңдар!.. Қазақта мынандай аталы сөз бар: «Түйеден қалған тұз жаман, шешеден қалған қыз жаман» дегендей, мына Күләнданы саған тапсырамын. Исахан мен Қапизаның жетім қызы дегізбе… Жалғанның жарығында сенің қолыңда болады, ақырет жалғанды өз қолыма табыс етесің, – деді.
Бөкей басын изеп, төмен қараған күйі үнсіз қалды».
Қапиза ана одан кейін Бөкейдің соңғы ұлы Бағдатты шақырып, оған Күләмиді тапсырады.
Міне, әмәнда артындағы ұрпақтарының қамын ойлаған қазақ әйелдерінің қасиеті осындай емес пе?!
Жалпы жазушының өз анасы айт­қан әңгімелерді арқау ете отырып жазып шыққан естелік-эсселерінен ұқаннымыз – қазақтың аса көрнекті жазушысы Оралхан Бөкеевтің жеті атасы мынандай тізбек құрайды: Қисық баба, одан – Ұзақ, одан – Тезек, одан – Райыс, одан – Шахан, одан – Бөкей, одан – Оралхан.
Естелік-эссені оқып отырып байқасақ, Қисық ұрпақтарынан атақты адамдар да аз шықпаған сияқты. Мысалы, Алтайдағы «Ұзақ тауы», сол таудағы «Райыс тұмасы» деген жер атаулары да соны дәлелдей түседі.
Бертінгі Исахан ұрпақтары да тар жол, тайғақ кешудің сан түрлісінен өткен ғой. Бүкіл қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы төңкеріс пен ашаршылықтың, тәркілеу мен қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыстың азабы мен тозағын қандай тартса, әрине, бұл әулет те сондай тарт­ты. Оралханның әкесі Бөкей еңбек армиясына алынып, содан аман қайтса, соғысқа аттанған Бағдат Польшадағы Гельза қаласында, Ақтайлақ Калининград майданында қаза тауыпты.
«Исахан мен Қапизадан тараған тоғыз ұрпақтан екеуі соғыстан қайтпай, шетте, Польша мен Ресей жерінде қалды. Ахмет, Бөкей, Күләми, Байтайлақ (Кәтей) және Бөкейден өрбіген бес ұрпақтың екеуі – Мәнсия (Мәншүк), Шолпан Шыңғыстайда жерленді. Ал Исаханның бір ұлы Ақбота (Ботай) мен Бөкейдің екінші қызы Аймен Шыңғыстайдан қашық емес Жаңаүлгі ауылында тыныс тапты. Ол екеуінің отбасылық өмірі сол ауылда өткен болатын. Оралхан мен Ләззат Алматыдағы Кеңсайда жерленді» деп жазады Тоқтар Мағзұмов «Ұйқым келмейді» деген эссесінде.
Бұл эссеге желі болып тартылған негізгі оқиғалар – Оралханның қарындасы Мәншүк туралы, оның әдебиетшілік таланты мен өмірден ерте өткендігі, мәйітін Оралханның Шыңғыстайға апарып жерлегендігі; Оралханның емделуге Қырым шипажайына кеткенде бірінші әйелі Айманның қаза табуы, Оралханның келуі мен марқұмның жерленуі; Оралханның екінші әйелі Ардаққа үйленген сәттері; Оралханның Делиде қайтыс болғандығы туралы қаралы хабар және оны жерлеу; ең соңында автордың тоқсанға келген анасы Күләнданы ертіп Шыңғыстайға барғаны, сонда қабірстандағы зираттарды аралап, марқұмдардың басында Құран оқығандары туралы.
Адамның жанын тебірентіп, жүйкесін босататын осы эссені оқып отырып, үлкен әулеттердің қалай азая­тынын, үлкендердің қалай сирейтінін тұла бойыммен сезіне түскендей болып, тағы да бір нақты дерекке көз жеткіздім. Ол дерек мынандай: Оралханның әкесі Бөкей Исаханұлы 1915 жылы туып, 1984 жылы, ал шешесі Күлия Әтембекқызы 1910 жылы туып, 1989 жылы қайтыс болыпты. Жатқан жерлері жайлы болсын, жарықтықтардың!..
Кітаптағы «Дүзбенбек дарасы» деп аталатын тарихи хикаят – төрт аяғынан тік тұрған тамаша шығарма. Мұнда алты қаратайдың ішінен шыққан атақты қамшыгер Дүзбенбектің Қытай еліне қарайтын Алтай керейлеріне жасаған барымтаға қарымта қайтару жорығы туралы баяндалады.
Керейлер найман жылқысын қайта-қайта шекара асырып, айдап ала берген соң, Дүзбенбек бастаған батыр жігіттер олардың үш жүзден астам жылқысын үлкен жанкештілікпен аман-есен бергі бетке өткізіп алған.
Хикаяттың кереметтігі мұнда да емес, біріншіден жазушының ел тарихы мен жер атауларының мән-жайын тым терең білетіндігінде, екіншіден, тіл шұрайлылығы мен көркемдік бояуының қоюлығында, үшіншіден, тарихи-этнографиялық және лингвистикалық танымдылығында.
Мен осы хикаятты оқып отырып, Оралхан Бөкейдің жас кезінде жазған «Қамшыгер» атты хикаятын есіме түсірдім…
Тоқтар Мағзұмов өзінің «Бәрі де майдан үшін» деген эссесінің соңында: «Көркемдік шындық пен деректі шындық шекарасын жымдастырып жіберу жағына келгенде Оралхан Бөкейге тең келер жазушы санаулы шығар… Қалай дегенде де бәрі жазушының қаламгерлік қарымына, талант деңгейіне байланысты екен-ау…
Бұл жағынан келгенде, өзімнің де нағашымнан үйренгенім аз емесін айт­қым келеді» депті.
Иә, өзі айтса айтқандай, бұл жазушының шығармаларындағы көркемдік ерекшеліктері мен сөз саптау, сөйлем құрау тәсілдерін ғылыми тұрғыдан арнайы зерттесе де артық болмас еді. Бұл енді… менің қолымнан келер шаруа емес.   

Әбубәкір ҚАЙРАН

Оралхан айтқан екен

Қазан көтеру

Орекеңнің, Оралхан Бөкейдiң «Қайдасың, қасқа құлыным» спектаклінің алғашқы премьерасы театрда табысты аяқталып, кейін асқазандарын біраз жылытып алған «жеті жетім» дуылдасып тысқа шыққанда түннің ортасы болып қалған. Үйі жаяу баруға болатын жердегі Ақселеу:
– Ұлдар, жүріңдер, Ораштың бүгінгі табысын біздің үйге барып жалғастырайық, – деп ұсыныс айт­ты. Әрине, оған қарсылық білдірген ешкім бола қойған жоқ. Бір ұйықтап оянған Орал есікті ашқанда Ақаң:
– Орал-ей, қазан көтер. Бүгін бір «қасқа құлынның» қайда екенін іздеп көрейік», – деп алғашқы бұйрығын берді. Мен Оралдың жанарындағы таңданыс пен белгісіз бір шарасыздықтың салқынын байқап қалдым да, оған ілесіп, ас үйге кірдім. Ақаңның зайыбы тоңазытқышты ашты да, қол басындай ғана қатып қалған етті шығарып:
– Не знаю, прямо! Кәдірбек-ау, өзің айтшы, мына етпен де қазан көтеріле ме? – деді ренішін жасыра алмай.
– Сен саспа, бір амалын табармыз, – деп жеңіл-желпі басытқыларды жігіттер отырған бөлмеге тасыса бастадым.
– Жігіттер, Төлен Қаупынбаев досымыздың «Отырып ішсеңдер көп ішіледі, тұрып ішсеңдер дөп ішіледі» деген қанатты сөзін ұмытпаңдар. «Стоя» тартып-тартып жіберіп, тарайық, – деп ұсыныс айттым.
Ақаң ағарғаны бар, қызыл күреңі бар, жуас жирені бар біраз шөлмектерді үстел үстіне қонақтатып үлгеріпті. Ол «Сен-ақ әбігерленіп жүреді екенсің» дегендей бетіме ажырая қарады. Оралхан Оралдың ас үйде тұрып айт­қан сөзін құлағы шалып қалса керек:
– Кәкесі дұрыс айтады. Шөлмектерің келіп қалған екен, ырымын жасап қозғалайық. Оның үстіне, Ақа,
Үйіңде қазан көтерер
ет жоқ көрінеді,
Ет жоқта қазан көтер деген
сенде бет жоқ көрінеді.
Біздің Айекең де қамсыз болмас,
сұйығын осынан,
Қоюын бізден десем,
маған еруге кім ерінеді? –
деп тақпақтағанда Ақаң ұялғанынан бір қызарып, бір бозарып, сонан соң күліп жіберді.

Іште жатып… «бастаған» болдың ғой

Журналистердің бірі әңгіме үстінде қыза-қыза келіп, көлеңкелі жүрістерін айтып, артықтау мақтанып кететін.
– Ұмытып қалмау үшін олардың есімдерін құпия қойын дәптеріме түртіп қоямын, – деді.
Көзін сығырайтып, әңгімені тыңдамай отырған кісі сияқты терезеден тысқа қарап отырған Оралхан оған бетін бұрмаған қалпы:
– Сөйтсең, «іспесегің» қаншаға жетіпті?
– Нақтап санай қойғаным жоқ. Әй, бір бес жүзге жетіп қалды-ау деймін, – деді әңгіме иесі.
– Жасың нешеде?
– Бұйыртса жиырма беске келеміз.
– Сонда сен шешеңнің ішінде жатып-ақ бастап кеткен болдың ғой, – деп мақтаншақтың бетіне зілдене қарады Орекең.

Жетпіс пайызын қысқарту керек

Ақаң әңгімесін ағытып отырған. Әңгіме өзегі өзі куә болған құрбақалар мен жыландардың қан майданы туралы.
– Тау бұлағынан атымызды суа­рып тұрғанбыз. Біраз жүріп ат соғып, шаршап та қалған едік. Көгалға жантайып, ат шалдырып, аяқ суытып алу да ойда болатын. Біз жантаймақ болған көгалға қайдан шыққаны белгісіз балп-балп секіріп қара құрым болып құрбақалар қаптасын да кетсін. Құрылдаған үндері құлақ тұндырады. Сол кезде жотадан төмен қарай жылжып келе жатқан жеңіл шаң көрінді. Ең алдындағы жеңді білектей қара шұбар жыланның қақшиған басы көрінді. Соңында, әй, кемі үш жүздей болатын жыландар тасқыны жөңкіп келеді екен…
– Ақа, жыландарды санап үлгірмеген боларсыз, – деді Қуанышбай Құрманғалиев.
– Сондықтан елу пайызын қыс­қартсаңыз қайтеді, – деді Әбді­райымның Серігі.
– Иә, десейші, – деп Ахметбектің ұлы Кәріағамыз да ыңыранды.
– Елу пайыздарыңа мен келісе алмаймын. Олардың соғысқандары шын болған күнде де жыландардың санын кемі жетпіс пайызға қысқартшы, Ақантай, – деп қиылды Оралхан.
– Өй, өңшең табиғат сырынан хабары жоқ миғұлалар, сендерге әңгіме айтып отырған менде ес жоқ, – деп Ақаң жанында тұрған домбыраға қол соза берді.

Алтай мен Бұқтырмадан қалған көңіл

Оралхан «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметінде жүргенде су жаңа «Волга» автокөлігін алып, жанына Кәрібай мен Қуанышбайды ертіп, еліне, Катонқарағайға кеткен. Әкесі мен шешесіне сәлем беріп, ағайын, жолдас-жорасына көлігін көрсетіп қайтпақ. Ол кезде «Волганы» қойып, «Жигули», «Москвичтердің» қолға тие бермейтін кезі ғой. Катонға апаратын Бұқтырманың жоғарғы өткелінің өзі атшаптырым. Одан машиналарды, басқа да жолаушыларды тек күніне төрт-бес рет қана қатынайтын паром тасымалдайды. Бұлар қанша асығыс жүрсе де соңғы паром кешкі сағат алтыда бір шыңғырып қойып, жағадан жылжып-ақ кетеді. Барар жер, басар таулары жоқ, амалсыздан ертеңгі паромды тосуға тура келеді. Күздің қара суығы машинаға тығылған жолаушыларды бүрсеңдетіп жіберсе керек. Жылыну үшін тысқа шығып, жүгірген болады.
«Қап, әттеген-ай», – деп ренжіп жүрген Оралханға:
– Шыдайық, Ораш, туған жерің ғой. Сені сағынған Алтайың тым сирек қатынайтының үшін ренжігеннен осылай ызғарланып тұрған болар, – деп Кәріағаң басу айтқан болады.
– Өзімнің де маңдайым тайқы ғой. Тым болмағанда мынандай өткелі жоқ Ертістің арғы бетіндегі Кәдірбек туған Зайсанда туғанымда ғой, осы кезде ет жеп, сорпа ішіп, жатып та қалар едік… Алтайым мен Бұқтырмадан қалған көңіл қашан қалпына келер дейсіңдер? – деп кейіген Оралхан тағы да су жағалап, жүгіре жөнеліпті.


«Ләухилар» – катондықтардың төл сөзі

Бірде Орекеңнің үйіне барсам, Айман екеуі жарыса жүгірісіп, дастарқан жайып, қызу даярлық үстінде екен.
– Бұл не той? – деймін.
– Ә, бүгін біздің бір топ ләухиларды шақырып едік, соның қамы ғой. Жақсы келдің, бірге бол.
– Алдымен «ләухилар» дегенің кімдер екенін айтшы.
– Ешкімге айтпа, әйтпесе бұл сөзді жұрт жаппай пайдаланып кетеді, – деді сыбырлай үн қатып. «Ләухи» деген катондықтардың ғана төл сөзі. Ол шақырмасаң келмейтін, өздері келіп сәлем бермейтін інілерім мен шақырмасаң, шақыруды білмейтін, өзің әу демесең көзіне ілмейтін жерлес-замандастарыма арналған атау ғой», – деп жымыңдады.

«Қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже»

Аса беделді ақсақал жазушылардың бірі әдебиеттің келелі мәселелері туралы баяндама жасап тұрып, жас жазушы Оралхан Бөкеевтің дарынды жазушы екеніне тоқтала келіп: «Шырағым, Оралхан, қаз етінің сорпасына пісірілген кеспе көже болмайды, тіпті қаздың етін жездең әкеліп берсе де болмайды, жазушы әр сөзді жазғанда абай болу керек» деуі мұң екен, Орекең: «Кеспе көжені кеспе көже демегенде тары көже дей алмайтын шығармыз» деп отырғандарға естірте айтты да шашын сілкіп тастап, залдан шығып кетті. Бірақ бір-екі ай өткеннен кейін жазушылардың шығармашылық үйі­нің ауласында оның сол ағасымен қыдырып жүргенін көрдік.
Бәлкім, қаз етінің сорпасына кеспе көжені пісіруге болатынын ағасына дәлелдеді ме, әлде ағасы өз сынының дұрыстығын түсіндірді ме, ол жағы бізге беймәлім.

«Жеті жетім» 

Ортамыздағы отызға толмаса да екі-үш жас егделігі үшін «шал» атандырып алған Кәріағаңның үйінде қонақта отырған­быз. Бәріміз де «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті табыстырған көгенкөздерміз. Көбіміздің үйіміз жоқ, пәтерден пәтерге ауысып, ата-бабаларымыз сияқты көшпелі өмір салтын ұстанамыз.
Кәрағаң маңдайы тершіп, «қалжасы жаққан» тұста «Ақ бүрлен, қызыл бүрлен» дейтін репертуарындағы жалғыз әнін орындап болған соң әдеттегідей ағалық ақылын айта бастаған.
– Жә, жеті «жентельмен», осы достықтарыңа берік болыңдар…
– «Джентельмен» деген шет ел сөзін айтпай-ақ «жеті жігіт» демейсіз бе? Бұл – комсомолдың орталық комитетінде қызметке орналасып, біздің қатарымызға қосылған Бексұлтан Нұржекеұлының сөзі.
– Көбіңнің әкелеріңді соғыс жалмаған, әкелерің барларыңның өзі жетімнің күнін кешіп, орыстардың босағаларын паналап жүрсіңдер. «Джентельмен–жентлмен» деп желікпей-ақ, «жеті жетім» десеңізші, Кәріаға.
Оралханның осы сөзі жетеудің төртеуін жерге берсек те, әлі ұмытылмай келе жатыр.

Өзіңізден де бар

Соноу өткен ғасырдың 63-жылы Оралхан екеуміз «Коммунизм туы» (қазіргі Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар») газетінің қызметкері Мүсілім Құмарбековтің үйінде тұрдық. Үш айға өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген мені мен Катонынан жуырда ғана облыстық газетке қызметке келген Оралхан екеумізді Мүсекең: «Үш бойдақ бірге болайық» деп қолынан келген қамқорлығын жасаған болатын.
Дүниенің, азық-түліктің асып-тасып тұрмаған кезі. Мүсекеңнің анасы марқұм, бекер обалы қане, барын үшеуміздің аузымызға тосады. Үнемдеуді де ұмытпайды.
Бірде шай үстінде өзі сандығына тығып ұстайтын тәуір конфеттерін алып, әрқайсымыздың алдымызға екі-екіден тастап, дорбасының аузын байлап қойды. Сол кезде Орекең мойнын ас үйге қарап, иіс тартты.
– Тәте, сорпаңыз тасып кеткен сияқты ғой. Күйіктің иісі шығады, – деді.
– Не дейді, үйбай-ау, отты жаңа ғана жағып едім ғой, – деп шешеміз сүрініп-жығылып, ас үйге қарай жүгірген. Сол кезде Оралхан дорбаның бауын шешіп, әрқайсымыздың алдымызға тағы екіден конфет тастады да, «қалтаға» деп сыбырлады. Шешей оған:
– Танауыңа ненің исі келгенін қайдам. Сорпа тасығанды қойып, көбігі де шыққан жоқ, – деп аузы ашық жатқан дорбаға күдіктене қараған. Сонан соң үшеуміздің бетімізге үңілді. Мүсілім жымыңдады, мен де тымпия қалдым. Орекең болса: «Бүгін жаңбыр жауады-ау», – деп терезеге қараған. Жүзінен ештеңе байқатпайды.
Қазанның тасып кеткені туралы жалған ақпар берушінің «ұрлықшысын» тура осы екенін бірден байқаған шешеміз оған қарап:
– Өй, тұқымың жайылғыр, сен екенсің ғой конфетімді жымқырған, – деп зілсіз жымиды.
– Біріншіден, сіздің қырағылығыңызды тексерген шығармыз. Екіншіден, тәте-ау, өзіңізден де бар. Бұл күнде кімге сенгендейміз, – деп, тағы да терезеге қараған. – Қазынаңызға сақ болмайсыз ба?!

«Ешкімүйізді ұмытатын не жөніміз бар еді»

«Лениншіл жаста» жүрген кез. Үлкен бір бөлмеде кемі жеті-сегізіміз отырамыз. Жұмыс сәл саябыр тап­қанда қысыр әңгіменің тығыны ағытылады.
Бірде төрде отырған Әнес Сараев Атырау маңында өсімдіктердің сан түрі өсетінін айтып қалды. Оны жерлесі Кемелхан Ақмырзаев қолдады.
– Батыс жақ тым шөлейттеу ғой, өсімдігі біздің Алтай мен Сауырдан көп бола қоймас, – деп Орекең дау айтты. Өнімсіз дау тұтанып жүре берсін. Содан кейін өсімдік атауларын тізіп, әрқайсысы өз сөздерін іс жүзінде дәлелдемек болды. Бір жағында батыстық Әнес пен Кемелхан, екінші жағында шығыстық Оралхан және мен.
Жазып жатырмыз, жазып жатырмыз.
– Асықпай, бәрін де еске түсіріп жазыңдар, – дейді әділ қазы есебіндегі Оразбек Сәрсенбаев пен Ахат Жақсыбаев. Өтірік-шынын араластырып өсімдік атауларын алпыстан асырып, тізімді қазыларға ұсындық.
– Ғажап, – деді Оразбек ағамыз. – Екі жақта тең түсіпті.
Сол кезде Оралхан өзіміз жазған тізбені қайта жұлып алып:
– Кәдірбек-ау, биік жартасқа өсетін ешкімүйіз бен қалың бүргеннің ішінде өсетін сарыалақазды ұмытатын не жөніміз бар? – деп тізімді толықтырды.
Сарыалақаз дейтін басы қанатты құсқа ұқсайтын, тамырында тәтті түйіні бар өсімдікті мен де білетінмін. Ал «ешкімүйіз» дегенді естісем, қанеки. «Иә-иә, рас-ау» деп құптап жатырмын.
Не керек, біз оздық. Орекеңе: «Ешкі­мүйіз» деген өсімдік шынында бар ма?» өзі десем:
– Қазақ ұқсатып ат қойғанға шебер емес пе. Әншейін озу үшін айта салғаным ғой, әкіри, – деп күледі.
Кейін өсімдіктер туралы кітапты ақтарып отырып, «ешкімүйіз» деген сөзді оқығанда өтірік айтпағанымыз үшін қатты қуандым. Бірақ бұл кезде Орекең жоқ еді.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір