АЛТАЙ МЕНІ, МЕН АЛТАЙДЫ ЖОҚТАДЫМ…
03.12.2022
292
0

Жуырда ақын Гүл Зарқұмар беймезгіл өмірден озды. Әдеби ортамен етене араласпаған, тек әлеуметтік желілерде өлеңдерін жариялап, өз оқырманын тапқан ақынның жырлары тұмсалығымен, шынайылығымен бөлек еді. Оқырман назарына бір топ жырын ұсынып отырмыз.

* * *

Гүл ЗАРҚҰМАР

Жасырынған мұң қалды ма жанымда?!
Қаламымнан тығылып
Толып кетті інжу-маржан, лағылға,
Жүректегі шұғынық…
Дүниеден көрсем де көп қарсылық,
Жанымды тек жаралап…
Айта алмайтын сырларым да баршылық,
Ол өзіме аманат!
Махаббаттан көресінді көрдім ғой?!
Арман құштым, зар құштым…
Сүйіп тұрып сүйе алмайтын өрмін ғой!
Жанарымда қалды ұшқын…

* * *
Жылап аққан жылдарды көзімдегі –
Сіңіріп ап қара жер жатыр үнсіз…
Барар едім туған жер бауырыңа,
Мына дүние болса егер шақырымсыз…
Жаяу жетер едім-ау, жақын болса,
Амалым жоқ, жол алыс, уақыт қысқа…
Ұшып кетті сен жаққа, о, туған жер,
Тұрақ таппай айналып бақыт құс та…
ƏӘттеңі көп жалған-ай, арман дүние,
Толтыратын құсаның құмырасын…
Оңашада отырып шаңқобыздың,
Күрсінген бір күйіне тығыласың…
Сағыныштың дертінен айыға алмай,
Мендей аңсай алды кім ел мен жұртын?!
Алтайымның ауасын жұтып тұрып,
Арылсам ғой осы бір шерден шіркін.

* * *
Періштелер күмістелген қанатын,
Жарқыратып кере қағып ұшқанда.
Іздеп жүрген дүниенің жәннатын,
Сұлу екен құстан да…

Түсімде сол періштенің бірі кеп,
Іле кетті мені аспанға өзімен.
Жерде қалды қырық күндік қылует,
Жүрегімде көз ілген…

Ұшып барам…Алтайыма, ол анық,
Періштенің түйсігіне сенгем-ді.
Асқар Алтай боз мұнарға оранып,
Ұсынады ерменді…

* * *
«Тағдыр!» деп жауап
қаттым мен,
Тамғанда өлең ақ түннен…
Сорғалап аққан
жұлдыздар,
Сор кімнен айтшы, бақ кімнен?!
* * *
Жарық дүние!
Қаншалықты жарықсың?!
Қаншалықты ғаріпсің?!
Мейірім мен махаббатқа шөлдеген,
Бізді тәңір жарытсын!

* * *
Ғаламда мынау ғажабы басым,
Ғашықтық бақыт дер едім…
Мақамы сыршыл, назары жасын,
Махаббат саған сенемін!

* * *
Бәрі жалған,
Бәрі бекер дегенмен,
Ажырамай қойды-ау жаным денемнен…
Аспандаған сезімдерім нұр болып,
Құйылады жүрегіме өлең дем.
Бәрі бекер,
Бәрі жалған дегенмен,
Ақиқаттың барлығына сенем мен…
Ақын деген шамы сынды іңірдің,
Құсжолының сәулесіне бөленген…

* * *
Алыстардан қол бұлғайтын армандар,
Сағым ба екен, шын ба екен?!
Бұл өмірде ақиқат бар, жалған бар,
Жүректің көзі мұңды екен…
Егер өмір өкінуден тұрмаса,
Өлең-дұғам жетер еді көкке шын?!
Бұ дүние бақытын шын бұлдаса,
Маған қарсы беттесін…
Жазмыш деп отыратын күн емес,
Уақыт күтпес, өте шығар ол – ағын.
Тағдыр деген қайшыласқан мың егес,
Мен бақытты боламын!

* * *
Алтайымның самалынан жаралған,
Азат қайран, бала арман!
Жаһан сенің жаныңды емдей алмады,
Жаһандану-бар қамы…
Қоғам саған,сен қоғамға жатбауыр,
Қорасында ат жауыр…
Ақынсың ба,жақынсың ба шындыққа,
Арманыңды сата алмайсың мың құтқа!
Бақытты деп бала арманы өлмеген,
Бақытсыздау тағдырыма көнген ем…
Алтайым-ай!

* * *
Алтай мені,
Мен Алтайды жоқтадым,
Көкірегім от-жалын…
Мұң-құсаның,
Құдығынан шер жұттым,
Тарқата алмай,
Тағдырымның соқпағын…
Махаббатқа зар болып,
Мейірімге шөлдеген.
Мен-Ақынмын!
Балалығы өлмеген…
Қасиеті асып түскен өлеңнің,
Өртіне де,дертіне де көнген ем…
Өлең екен –
Тағдырыма жауапты,
Таразылар,
Обал менен сауапты…
Өз қолыммен,
Жазымышты жазып ап,
Мекеніме,
Қайтып кетем…Тау атты…
Сол тауымда,
Ертегідей күн кешем,
Алтайыммен,
Тамырлас ем, тіндес ем…
Мен құсадан,
Жынданатын шығармын?!
Туған жердің,
Топырағына сіңбесем..

* * *
Сен мені сүйесің сырттай,
Аспанның жұлдызын ұрттай.
Айдың да нұрына көміп,
Түн болып төбемнен төніп.
Таулардың бөктерін торып,
Көзімнің көктемін қорып.
Жанымды жарыққа малып,
Дегендей қамықпа, налып.
Құшасың елесіңменен,
Қиялға сенесің бе сен?!
Алыс бір арманға бастап,
Кетсек пе тағдырды тастап?!
Дегендей түсіме енесің,
Бізді жұрт түсіне ме,шын?!
Бақытқа бастайтын жолдың,
Бұралаң соқпағы, сол-мұң.
Мен сені сеземін анық –
Жанымның өзегін жарып.
Гүл сынды жұпарын шашқан,
Сағыныш бұтағын басқан…

* * *
Хат жазыңдар!
Хабарласып тұрыңдар!
Мен жазайын жақсы әсермен жырымды әр…
Әр тілекте дұғасы бар Тәңірдің,
Әр жүректе кісінеген құлын бар…
Хат жазыңдар!
Хат күтемін шынайы…
Бұ жалғанның алмасады күн, айы.
Қорға мені, ақындардың аспаны,
Қорға мені, махаббаттың құдайы!

Хат жазыңдар!
Хатқа жауап жазамын…
Туған елім, Моңғолым мен Қазағым!
Алты Алаштың ұранындай асқақпын,
Алтайымның бұлағындай тазамын…

Хат жазыңдар!
Хат жазыңдар адамдар!
Өтті-кетті небір уақыт, замандар…
Бар болғаны жақсы емес пе сен үшін-
Бауыр, досың, махаббатың алаңдар?!

Хат жазыңдар!
Хат жазудан жалықпа!
Адам жаны талпынады жарыққа…
Тек пенденің ниетінде пейіш те,
Тек пенденің ниетінде тамұқ та…

* * *
Аспандаған армандарым ағылып,
Алтай сені бетке аламын сағынып.
Адамзаттың қоғамына сия алмай,
Алласынан медет күткен шағынып.
Менің атым – Тағылық!

Қара көзі шамшырақша жағылып,
Қара түннің кеудесіне шам іліп.
Қасиетті қара өлеңмен қалатын,
Қабір сынды дүниеден жалығып.
Менің атым – Тағылық!

Ың-шыңы жоқ оңашалық табылып,
Ықтиярмен таба алатын жаны құт.
Ысырғанмен қанша жүрек қағысын,
Ықыласпен қалған талай бағынып.
Менің атым – Тағылық!

Нарқы бөлек тағдырымен сабылып,
Налып кейде пенделерге қамығып.
Назарынан тыс қалмаған ғаламның,
Нараулығын танытса да жабылып.
Менің атым – Тағылық!

* * *
Бөрік шың,
Бөрте иықты, бөктері өлең,
Көзіме,
көрінші бір көк керегем?!
Қасыңнан,
қалай ғана алыстадым,
Өр Алтай,
Өзегімнен теппеген ең?!
Туған жер –
Тұма бұлақ, тұмар мекен,
Өзіңде,
өсіп шыққан шынар бөтен.
Қайырылып,
қайта айналып барар болсам,
Құшаққа ап,
Құса төгіп жылар ма екен?!

* * *
Жалқылықтың жаны сұлу келеді,
Бәлкім, оның ғарыш жақта дерегі.
Айлы түннің арманынан жаралып,
Жасындардың жанарында өледі…

Таулардың да жүрегіне беріп мұң,
Көкжиектен келер қасын керіп түн.
Тәкаппарлау болмысыма жасырып,
Мен өзіңді шын жылатып келіппін…

Жалқылық-ай, ақ жауынға жуынып,
Қара бұлттың қанаттарын суырып.
Аспан, жерден бір сезімді іздейсің,
Ғашық жандай бір ысып, бір суынып…

Жалқылықтың жаны сұлу келеді,
Бәлкім, оның ғарыш жақта дерегі.
Айлы түннің арманынан жаралып,
Жасындардың жанарында өледі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір