«37-ЖЫЛ»: БОЗДАҚТАРҒА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ
27.11.2022
600
0

Белгілі қаламгер, ақын, журналист, ұзақ жыл баспасөзде өнімді еңбек еткен Жарасбай Нұрқанның өмір жолына зер салсаңыз, өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың тағдыры еске түседі. Ұлт тілі мен ділі үшін, тарихи сананың қалыптасуы жолында өлшеусіз еңбек еткен тұлғалардың әр салада болғанын бажайлайсыз. Ақын Жарасбай Нұрқан ағамыздың «ұлтшыл», «дәстүршіл» деген түрлі желеумен жұмысынан шығып қалған кездері де көп болыпты. Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары көкірегіне жазылмас жара салған ол 1937 жылдың қасіретін әйгілейтін «Ерте солған гүлдер» ат­ты реквием жырын жазады. Көп өтпей газет­тен өлеңді оқыған композитор Ерсайын Нарымбаев осы өлеңге ән шығарған. Газетімізге осы әннің шығу тарихы мен ақынның тағдыр жолын өрнектеген мақаланы ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Қазақ музыкасының тарихы сонау бағзы замандағы Қорқыт бабамыздан бастау алып, адамзат тарихында тұңғыш ғылыми-зерт­теу жасаған әль-Фарабидің «Музыка трактатымен» айшықтала келіп, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс ханды құсаға душар қылған Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйімен әрленген текті руханият. Теңдесі жоқ қазына. Туғанынан анасының әлдиімен жарық дүниені таныған қазақтың, өлгенінде ақтық жолына жоқтаумен шығарып салатын дәстүрі әлі тірі. Ал елсүйгіштікті қазақ өз ұрпағына «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан аманат болып келе жатқан «Елім-ай» әнімен санасына сіңіре білген. Біздің пікірімізше, Алаш жұртының сол терең тағылымының өміршеңдігінің XXI ғасырдағы бір айғағы – «37 жыл» (Ерте солған гүлдер) әнінен табылғандай.

«АЛЖИР» қасіретін айшықтаған ән

Күн нұрына бөленіп, табиғат ажары құлпырған 2011 жылғы мамырдың соңғы күндерінің бірінде «АЛЖИР» мемориалды мұражайы кешенінің Астана қаласындағы кеңсесіне ел ағасы жасындағы, белгілі сазгер Ерсайын Нарымбаев келді. Келісім бойынша мұражайдың директоры Болат Жүнісбекұлын дыбыс студиясында дайын болған әнінің фонограммасын тыңдауға ертіп апарғалы келген екен. Шығарманы тыңдауға біз де ықылас таныт­тық.
Студияда әннің алғашқы әуені бірден жүрегімізді тебірентіп ала жөнелді. Фонограмманың кіріспесі өте күрделі, әуеннің тұнжыраған қою үні дірілдеген шылдырмақты іліп әкетіп, жаңғырып шыққан қара қобыздың шерлі де үрейлі дыбысы тұла бойымызды билеп, тылсым сезімге бөледі. Үнсіз тыңдап отырған бізді керемет бір сарын өзіне еліктіріп, тұла бойымыз әуен құшағында болды. Ғажап, бұрын-соңды естіп көрмеген әуен бізді қат­ты толқыт­ты, тебірент­ті. Қобыздың мұңды да зарлы үні құлағымыздан кетер емес.
Қай шығарманың болсын әлқиссасы қысқа болғанымен, неғұрлым толықтыратын бөлек шығарма болатынына біз көбінесе мән бере бермейміз. Сонымен әннің кіріспесіндегі қобыздың жүрек тебірентер қоңыр үні әншінің қоңыр дауысымен үйлесім тауып, ақын мен композитордың айтар ойлары мен замана көрінісі ұштасып жат­ты. Шығарманы орындаған Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі Азамат Жылтыркөзов болатын. Оның баритон дауысы туындының мазмұны мен мағынасын толықтырып, ерлік пен елдікті сурет­тей түсті. Тыңдаушы қауым әннің құдіретіне, тылсым күшіне бөленіп, тарихи маңызды ірі шығарманың дүниеге келгендігін аңғарды.
Айта кететін бір жай, жаңадан шығарылған әндердің үш жақты үйлесім табуы өте сирек кездесетіні аян. Сондықтан кез келген әннің әуені мен сөзі және әншінің орындау шеберлігі тыңдаушы қауымның көңілінен шыға бермейтіні белгілі. Бірақ бұл шығарманы қай жағынан алсаң да мазмұны мен мәні ерекше айқындалып, айшықтана түскен. Тыңдап отырған біздер ерекше толқып, шығарманың сомдалған құдіретіне таң-тамаша қалып, тебіреніп кет­тік. Тіпті әннің аяқталғанын да сезбей қалған екенбіз. Міне, керемет. Ақын мен композитордың осынау туындылары сәт­ті шыққандығы бізді қуант­ты. Қасымызда отырған Ерсайын ағаның қолын алып, ризашылығымызды білдірген едік. Сонымен «Ерте солған гүлдер» ат­ты азалы жыр – сонау 37 жылдың қасіретке толы дүрбелеңінде құрбан болған Алаш азамат­тарының рухына арналған құнды дүние еді. Мәніне толық қанық болу үшін мұражай басшысы Бөкең бейнеклипті қайтадан қойғызып, тыңдауымызды өтінді. Барлығымыз әннің сөзі мен әуенінің үйлесімі мен үндестік сипатын аңғарған едік. Ақын Жарасбай Нұрқан сол тарихи кезеңді тұла бойынан өткізіп, жүрегімен сезінгендігі, жан ұшырған сәбилер мен қан жылаған аналардың жазықсыз жапа шеккендерін шығарманың өн бойына бейнелей білген. Мәселен, өлеңді оқыған кезде «Гуілдейді жел, Мүжілгендей тас» деген тұсында зәрені ұшыратын табиғат құбылысы адам баласын еріксіз бүрістіріп, тұла бойыңа үрей сезімін ұялатады. «Көңілімізде – шер», Көзімізде жас» деп сол кездегі әр адамның көңіліндегі айықпайтын мұң мен шерге толы күйін дәл келтіре білген. Шығарманы оқып отырған сәт­те ақын тарихи кезеңнің қайғы-қасіретін айқындайтын теңеу тұстарын асқан шеберлікпен сурет­теген. 37 жылдың тақсіретін, адамдардың тартқан азабын том-том роман жазып, айтып тауыса алмайтыны хақ. Ақын Жарасбай болса, ел басына түскен қаһарлы күндерде замана соққысына тап болған Алаш азамат­тарының жан күйзелісі мен қайғы-қасіретін 3-4 шумақта шеберлікпен қамтып, мазмұны терең азалы жыр жазды. Оны ақын өзінің азамат­тық парызы деп санады. Ақынның жанайқайы еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі сол өлең жолдарынан байқалады. Туындының құдіреті, міне, сонда деп білеміз.
Өз басым көгілдір көктемнің лебі ескенін сезініп, малға да, жанға да жайлы, саумал самалы жазға жетелеген тұсының келгенін сол күні ғана сезініппін.
Ертеңіне, аталмыш әнді мұражайдың ұжымы арнайы жиналып, тағы да екі мәрте тыңдап, жылы пікір-лебіздерімізбен бөлістік. Шығарма, әсіресе аға буын өкілдеріне қат­ты ұнаған екен. Олар бірауыздан әннің тәрбиелік мәнінің тереңдігін аңғарып, осындай туындылардың сирек кездесетініне өкініш білдіріп, жаңа әнге барынша қолдау таныт­ты.

Әуезовтің лекциясы

31 мамыр күнін еліміз 1997 жылдан бастап бұл күнді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жария ет­ті. Бұл күн «АЛЖИР» мұражайы үшін аса жауапты әрі маңызды. Сондықтан мұражай ұжымы 31 мамыр қарсаңында жан-жақты дайындық жасайды. Іс-шараға Репрессия құрбандарының ұрпақтары мен Астана қонақтары және соғыс ардагерлері мен қала тұрғындары шақырылады. Құрмет­ті азамат­тарды шақыру қағаздарын тарату барысына мен де қатыстым. Бұл жолы әңгіме арқауы болып отырған әннің сөзін жазған ақын Жарасбай Нұрқанға шақыру билетін апаруға жолым түсті. Ақынның жары Қазына апай қарсы алып, келген мақсатымды білгеннен кейін, шақыру билетін ақын ағамыздың өз қолына табыстауымды жөн көрді. Мұнда алғаш келуім. Үй ішінің мұнтаздай тазалығы бірден көзге түседі. Үлкендер бөлмесіндегі жиюлы керует­тің үстінде жайғасып жатқан ағамызға сәлем беруге ұмтылдым. Ол кісі оқып жатқан кітабын тумбаның үстіне қойып, ақырын тұрып, қолын ұсынды да жөн сұрасты. Мен бірден Жарасбай ағаға: «Ағай, сіздің өлеңіңіз керемет екен, жақсы ән болып шығыпты, құт­ты болсын! Сіз нағыз ақын екенсіз», – деген лебізімді білдіріп, қолын ұстаған күйі тұрып қалдым. Ағайдың қалжыраған жүзі бірден жарқырап қоя берді, күлімсіреп маған ризашылығын білдірді. Өзінің сырқат­тан қажыған күйінен кешірім сұрағандай, бірден Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан үзіндіні қоңыр мақпал даусымен жатқа айта бастады:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм дүние абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Бір көргеннен-ақ бұрыннан танитын кісілерше әнгімеміз жарасып, ақын ағаның үйінде бір сағат­тан астам уақыт отырып, біраз өлеңдері мен әңгімелерін тыңдадым. Ақын ағамыз әңгіме барысында Қазына апаймен қалай қосылғандарын айтып, күліп те алды.
«– Мен Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Ленин орта мектебін 1955 жылы Алтын медальмен бітірдім. Содан кейін Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ МУ-не оқуға түстім. Медалист болғасын Мәскеуге баруға да болатынын деканат­тан білген болатынмын. Бірақ филологтарға М. Әуезов лекция оқиды дегесін мен сол факультетке құжат­тарымды тапсырып, кейіннен Әуезов ағамызбен араласу бақытына ие болдым. Ол кісі мені үйіне шақырып, бай кітапханасынан классикалық туындыларды маған оқуға беретін. Менің өлең жазатынымды біліп, оны кезінде «Лениншіл жас» газетінен көргендігін айтып, ақындық талабың мен талантың бар екен. Көп оқы, өмірді таны, сонда ғана жақсы ақын боласың деген еді. Міне, содан бері мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын. Содан бес жыл оқып, 1960 жылы оқуды үздік бітіріп, Алматыда қал деген ұсыныстарына қарамай, өзім оқыған мектепке, яғни туған ауылыма келіп мұғалімдік қызмет атқарған едім. Облыстық газет­терде, «Егемен Қазақстанда», «Жазушы» және «Өнер» баспаларында қызмет атқардым, бірнеше өлең жинақтарын шығардым. «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала», «Қызылжар» сияқты бірнеше өлең жинақтарым бар. Сонымен қатар аудармаға, публицистикаға, әңгімеге-сурет­темеге қалам тарт­тым. Шығармаларымның ішінде балаларға арналған туындыларым да бар. Осының бәрі оқырманның тиісті бағасын алды деп есептеймін. Соңғы жылдары жазған өлең-жырларым да бар. Өмірімнің соңында Қасым Аманжоловтың жинағындай кітабым шықса деген арманым бар. Қазіргі кезде бұрынғы жазғандарымды қайта қарап, жаңадан өлеңдер жазып, кітапқа дайындалып жүрмін. Бірнеше поэмаларым бар, дастандарым бар, ал өлеңдерімнің біразына Қазақстанның белгілі композиторлары ән жазса, оны республикаға танымал әншілер орындап жүр. Дүниелерім Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Шығармашылығым – осы.
Отбасын өзің көріп отырсың. Қазына менің құдай қосқан қосағым. Ақынды өзіне ғашық еткен», – деп күлді.

Ұшақпен қыз алып қашқан бірінші қазақ

Бұл тұста Қазына апай сөзге араласып, Жәкеңе өзі ғашық болғандығын айтып берді. Мектепті бітіргеннен кейін дәрігер боламын деп армандаған көрінеді. Бірақ әкесі Сәдуақас қайтыс болып, совхозда жұмыс істей бастайды. Кешкілік түрлі үйірмелерге қатысып, ауылдағы халық театрының әртісі болады. Өнер мен поэзияға жаны жақын сезімтал қыз ақын Жарасбайға ғашық болып, алғашқы махаббат сезіміне бөленеді. Жәкең болса жас қыздың өзіне деген ықыласының ауып жүргенін байқаса да, сөз айтуға бата алмайды. Жассынады. Ақынның өлеңдерін түсініп оқу үшін қазақ тілін меңгеруге күш салады. Өйткені жеңгеміз мектепті орысша бітірген көрінеді.
Жарасбай ағамызға қосыларға де­йін он жеті жастағы өрімдей жас қызға жан-жақтан құда түсіп, қалың мал беріп, мамырдың бас кезінде тойы белгіленген екен. Осы арада анасы Шәмшия нау­қастанып қалады, Герольд Бельгердің әкесі Карл Федорович сол аймақтың докторы болатын. Ауданнан санавиацияны шақыртып, Қазынаны анасымен бірге ұшаққа отырғызып, Марьевка деп аталатын аудан орталығында орналасқан ауруханаға алып келеді. Сол сапарға шығар алдында жеңгеміз ағаның немере інісінен бір тілім қағазға «Я вас люблю, женитесь на мне» деп хат жазып жібереді. Қыз ауылға оралса, құда түскен жеріне ұзатылар еді. Хат жіберуі сондықтан көрінеді. Олар трактормен қыз алуға келе жатқанда Жәкең ауданнан облысқа баратын комсомол делегат­тарын самолет­тен түсіртіп, Қазына апайды отырғызып, алып қашқан ғой. Самолет­тен қорықса да оны үрей емес махаббат сезімі қанат­тандырды. Апай сонда ұшаққа бірінші рет отырған көрінеді. Сонымен ақын ағамыз 1964 жылдың 9 мамырында АН-2 ұшағымен алып қашып, үйленеді. Міне, қызық жігіт­тер жаяу да, атпен де, ат-арба, автокөлік түгілі, тіпті трактормен де, қыз алып қашқан ғой, ал сол заманда ғашығын ұшақпен алып қашқан Жарасбай аға бірінші қазақ шығар. Апайымыз ағамыздың арқасында қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев сынды қазақ әдебиетінің негізін қалаушылармен жүздесу бақытына ие болғандығын тебірене әңгімелейді. Елу жылға жуық мөлдір махаббат бесігінде тербеліп, өмір бойы бір-бірін сыйлап, басқаға үлгі болардай ерлі-зайыпты атанды. Екі ұлы да үлгілі отбасын құрып, немерелері ержетіп келеді.
Қазына апайдың өзінің жан жолда­сын науқастанған кезінде ерекше күтімге алып, баптап, уақытында емдерін қолданып, ағаның тұла бойын кіршіксіз таза ұстағаны таңқалдырды. Жас болсам да, кей кісілердің тұрмыстағы жайсыздықтарын көрген мен үшін бұл көрініс азамат ақынға деген жарының адамгершілік ізгі ниеті деп бағаладым. «Жар болса, дәп Қазына апайдай болсайшы» – деп, іштей сүйсініп кетіп едім.
31-ші мамыр күні де жет­ті. Мен жеңіл машинаммен «Алжир» мұражайында өткізілетін іс-шараға, жоғарыда айтылған шығарманың тұсаукесер рәсіміне алып келу үшін таңғы сегіз жарымда Жарасбай мен Ерсайын ағалардың үйіне қоңырау соқсам, телефонды кешуілдетіп барып Қазына апай көтерді де, Жарасбай ағайдың таңғы сәт­те дүниеден өткенін егіліп тұрып естірткен-ді.. Көп ұзамай, Ерсайын аға да қайғылы жәйден хабардар ет­ті. Қазақтың «әт­тегені-айы», осындайда ерекше өкінішпен айтылатыны бар. Екі-үш күн бұрын-ақ жүздесіп, мұражайға шақыру билетін апарып, ақынның өлеңін халқының елегенін, әннің тұсаукесерінің болатынын естіп, балаша қуанған ақын ағайымыз сол күнді көре алмай кетуі, онсыз да көңілсіз күнде, көңілімізді тіпті кұлазыт­ты.
Кейін, Қазына апайымыздан марқұм Жарасбай аға туралы сыр шерткенде, асыл ағамыз сол заманда – 1937 жылы туғанына өкініп те жүріпті.
– «Мен туған жылы талай жазықсыз алаш азамат­тары құрбан болған екен, неге сол жылы өмірге келдім…», – деп мұңаятын.
Осы тұста ақынның мына өлең жолдарына назар аударсақ: «Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер? Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан, Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан? Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер?.. Тарқамайды шер, Айықпайтын мұң…». Сол кезеңнің: «Мұздай суық лебі» мен «Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені», – деп ел басына төнген жан түршігерлік қаһарлы тұсын жүрегімен түсініп сипат­тауы – ақынның шеберлігін танытады.
Рас, сол жылдар бұрынғы Қеңестер одағының аумағында өмір кешкен халықтардың барлығының жадынан мәңгі кетпес қайғы мен қасіретке толтырып, жүректеріне үрей жайлат­ты емес пе? Ақын ағамыздың туған жерінде әр отбасы осындай қайғы-қасіретке душар болған. Оның салқын лебі сол кездегі ұрпақтардың есінде. Бала Жарасбай ел қайғысын жүрегімен сезініп, оның санасында елдің көз жасы мен қайғысы жүрегіне шаншудай болып қадалғаны шығармасынан байқалады. Сол зұлмат­ты осылайша сурет­теуі де сондықтан болар…

Мұстафин мен Тәжібаевтың бағасы

Студент кезінен бастап, «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» газет­терінде алғашқы өлеңдері жарық көре бастапты. Университет­ті үздік бітірген Жарасбай Нұрқан Алматыда қалмай ауыл мектебіне мұғалім болып қайтып келіп, үйленіпті. 1965 жылы Ақмола қаласына белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаров қызметке шақырып, өлкелік «Тың өлкесі», облыстық «Коммунизм нұры» газет­терінде және республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Целиноград облысы бойынша меншікті тілшісі, кейіннен Алматыдағы баспаларда қызмет атқарады.
Қызылжар өңірі – қазақ әнінің «алтын ғасырының» бастауында тұрған Сегіз Серінің, Алаш поэзиясының бағы болған Мағжанның, қазақ әдебиетінің алыптары Сәбең мен Ғабеңнің кіндік қандары тамған кұнарлы топырақ. Кейінгі кезеңде қазақ саны азайып, осы өңірден сөз ұстағандарының 50-60 жылдары тіпті көзге ілінбеулері, қазақтың зиялы қауымын алаңдатпай қоймапты. Жазушылар Одағына Жарасбай ағаны ұсынған кезде, өлеңдерін оқыған Ғабиден Мұстафин мен Әбділдә Тәжібаев сынды ақсақалдар «Алыңдар. Ақын екен» – деп, ақындығын мойындап, қысқа болса да дөп айтқан екен. Поэзия әлемінде, ақын болып мойын­далудың өзі үлкен баға.
Ол әрқашан елін, халқын мадақтап, туған жерінің әсемдігі мен сұлулығын жырлай білді:
Сәкен болған, Сәбит қонған атырап,
Ілиястың өлеңінен отын ап.
Тағы күтіп жатқан шығар ақынды
Қасым жүрген, басып жүрген топырақ –
деген шумақтары, тек Бурабайдың, теңдесі жоқ әсем де сұлу табиғатын сурет­теуімен ғана шектелмей, осы жердің қадіріне қазақ руханиятына олжа салған ұлдарының да іздері қалып, саф ауасымен көкіректерін күйге толтырғанының құрметіне қастерлі екендігін көрсетпей ме. Қазақта – «өлең айтшы» – дейді емес пе. Қазақтың дүниетанымында, осылайша айтылуы, өлең, ең алдымен музыкалық шығарма ретінде қарастырылады. Ауыз әдебиетінен қазақ руханиятына жеткен қисса, дастан, жырларының барлығы әлі күнге дейін домбыра мен қобыздың сүйемелдеуінде орындалады. Сондықтанда қазақ ақындарының өлеңін тыңдаған құлаққа бір әуен естілері анық. Осыны ақын былай жеткізген екен:
Көз жеткізем, десең, бұған,
Бар ғой біз де неше бір ән –
Жаңғырысқан Тау мен Дала.
Әрі сұлу, әрі дана,
Қазақ әнін тыңдап қара!!
Ақынның шығармашылығына «Туған аймақ» өлеңіне алғашқы ән жазған композитор Төлеген Мұхамеджанов, ол әнді Роза Рымбаева орындапты. Кейін Жарасбай Нұрқановтың өлеңдеріне Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Әшірхан Телғозиев, Ерсайын Нарымбаев, Алмабек Мейірбеков, Қадыр Адамбалинов, Жоламан Тұрсынбаев, Қасен Қожа Ахмет, Гүлмайдан Сүндетова, Ақынай Шомытов, Болат Құсайынов, Қалқаман Жүнісбеков секілді композиторлар әндер жазыпты. Қазына апайдың көңіліне Кенжебек Күмісбековтің аға сөзіне жазған «Сәуірдің бозғылт кешінде» және «Есілден баяу еседі самал» әндері ерекше ыстық екен.

Ұмытылмас заманаға ескерткіш

Біздің мақаламыздың жазылуына арқау болған әнді композитор Ерса­йын Нарымбаев «Жас Алаш» газетінің 2006 жылғы 31 мамыр қарсаңындағы нөмірінен оқып, өзінің айтуы бойынша «қолайлы дүние болған соң, қайшымен газет бетінен қиып алып, шамалы уақыт­тан кейін шабытым келіп, шығарған» екен. Ерекеңнің осы әні шыққан жылы Алматы қаласына жолы түсіп, Жарасбай Нұрқановтың мекен-жайын Жазушылар Одағынан біліп, арнайы үйіне барыпты. Сол күні ғана ауруханадан шыққан ақынға өз орындауындағы баянмен сүйемелдеп жазған таспасын тыңдатып, көңілін өсіріп, куантып кетіпті.
Олай болса, біз әңгіме етіп отырған ән авторы Ерсайын Нарымбаев туралы не білеміз? Ол 1945 жылы, Ресейдің қазіргі Қорған облысының Костанай облысына маңайласатын іргелес өңірінде дүниеге келіпті. Үлкен нағашы әкесі Қаппастың інісі Ерғали деген нағашысы Ерсайынды 4-5 жасынан бастап халық арасына шыққанында өзінің қасына ертіпті. 40-50 жылдары Қорған мен Қостанай азамат­тарының ол кісіні танымайтындары кем де кем болыпты, өнерінің арқасында қазақ ауылдарының арнайы шақыртып тыңдайтын жыршы, әншісі екен. Бала кезден ән-күйге әуес боп өскен Ерсайын ағамыз бұл күнде көптеген әннің авторы. Қазақ поэзиясын жалықпай оқиды.
Композитордың шығармашылық шабытының тууына арқау болған қазақ поэзиясына деген ықыласын тек шығармашылығынан ғана емес тіпті тұңғыш немересіне Мұқағали деп атын қоюынан да байқауға болады. Ерсайын ағамыздың тағы бір қасиеті – ол әр өлеңіне ән жазған ақынды тауып алып, өз суреті мен өлеңді нотасымен жазған қағазын арнайы папкаға салып сыйлық жасау арқылы ризашылығын білдіруі.
Сондықтан да «АЛЖИР» мұражайы­ның қолдауымен «Ерте солған гүлдер» әнінің дәріптелуі тек марқұм болған ақын Жарасбай ағаның аруағы өз атына немесе композитор Ерсайын ағаның атын таныту үшін ғана емес, бұл – құрбан болған милиондаған жазықсыз жандардың рухтарының алдындағы азамат­тық борышымыз екені анық.
Жалпы «Ерте солған гүлдер» әнін – осы әнді дүниеге әкелген ағаларымыздың өмірбаянынан бөлек қарау тіпті мүмкін болмады. Өйткені, осы әнді шығару жолында киелі өнер руханиятының тылсымымен үндескен шығармашылық кісілерінің қилы тағдырлары, бастарынан кешкен өмірлері мен тарихи шынайы миссиялары атқарылғандай.
Біздің қазіргі күнделікті өмірімізді жеңілтектік басып барады, қашанғы желігеміз, бір мезгіл сабырға келейікші. Біздің кешегі өміріміз – ол ертеңгі өміріміздің бір баспалдағы емес пе? Қазақтың екі ақсақалының осы өлеңі біздің болашақ жас ұрпағымыздың санасына ізгілік тамырын сіңірудің мықты құралы ғой!
Біз қазір дүниені төңкеретін керемет іздейміз, бірақ барды елемейміз, ал жоқты тіпті құрдымға жібердік. Сондықтан осы әнді мектеп бағдарламасындағы музыка пәнінің тізіміне енгізсе, сол арқылы тек ән-күй пәні ғана емес балалар еліміздің тоталитарлық кезеңінің зұлмат тарихынан да дәріс алар еді. Сонда жыл сайын жұтап бара жатқан қарапайым адамгершілікке баулып, олардың ойлары нұрлана түсер еді.

Жанбота ТАСБОЛАТҰЛЫ,
«АЛЖИР» мемориалды
мұражай кешенінің
аға ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір