БІР ЕСКЕРТКІШ
14.01.2025
594
0

Эвересті бағындырып жатқандар – жүрек жұтқан, жігерлі жандар, әрине. Ал енді әдебиет­тегі Эвересті бағындыру да әркімнің маңдайына жазылмаған. Қадыр Мырза Әли соны бағындырды десек, бұл пікірмен дені сау адам дауласа қоймас. Күннің көзі, алдымен, шыңға түседі. Сол шыңды шеберлік десек, Қадыр соның ұшар басына шықты.
Қадағаң өмірінің соңғы жылдарында «жылауық шал» болды. Горький де жылауық болған екен дейтін. Горький дегеннен еске түседі. Тургенев қиналып жатқанда жан жары: «Кімді, нені қимай жатырсың?» – деген тосын сауал қойғанда, жазушы: «Бәрін қимаймын, әсіресе әнді қимаймын!» – деген ғой. Сол айт­қандай, біздің ұлы шайыр да жоқтықтан, басқа жағдайдан жылаған жоқ. Өлең – өнер өлкесінде әлі де тауысып айта алмай бара жатқанына өкінген болар. Кемеңгер кісі ғой, өмірдің соңы өкініш екенін де күнібұрын ойлаған шығар. Ұлы суреткерлер отбасы бақытқа бөленіп, Отаны асып-тасып жатса да жалғыздықта, мұң мен сағынышқа оранып өмір сүреді.
Ол атақ-даңқты әлдебіреулер тәрізді сарылып күткен жоқ. Оған бәрі де өзі келді. Өзінің де: «Азаппен келген даңқ мәңгілік. Лайық емес адамға даңқ жоламайды» дегені бар еді. Шығармашылықта аяулы да азапты ғұмыр кешті. Қызмет­ті де, мансапты да сол жолға құрбандыққа шалды.
«Ұлылардың туған күні болады, өлген күні болмайды» деген сөз рас-ақ. Қадағаңның өз сөзімен айтсақ, бір тойдан үлкен үзіліске шығып кетіп, сол төңіректе сейілдеп жүргендей көрінеді.
Айтпағым, ұлт әдебиетіне Құдай бере салған үш Молдағалиевтің «үлкен үзіліске шығып кеткен» бірі – Тұманбай Молдағалиев еді ғой. Қазақтың қай қызығы да осы екеуінің өлеңінсіз өтіп пе еді. Өмірде де, өнерде де өрісі бір, қалжыңы үзілмеген, жұбы жазылмаған дана да дара достар еді. Қадағаң өмірден озғанда, Тұмағаңның таудай теңселгенін көрдік. Жетімсіреп қалғанын айтып жүрді. Көп ұзамай құрдасының соңынан өзі де жөнеп берді.
Ойды ой түртеді.Қайсыбір жылы Ақтөбеде ұлт­тың ұлы суреткерлері Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаеқа қатар отырған ескерткіш қойылды.Екеуінің атына қатар жатқан көше берілді.Мұндай үлгідегі ескерткіштер елімізде аздап болса да кез­деседі.Астанада Шәмші мен Жұмекеннің көшесі де қатар жатыр. Осы тұсқа екеуінің ескерткіші сұранып тұрған жоқ па?! Бір жылы Алматыда көшелері қиылысып жатқан Шәмші мен Мұқағали туралы да осындай ұсыныс айт­қанбыз.
Бесінші қаңтарда, Қадағаңның туған күнінде «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қоры мен отбасы мүшелері бас қосқан дастарқанда Қадағаңмен қатар Тұмағаң туралы да жақсы айтылды. Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: «Биыл қазақ әдебиетінің классиктері Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденовтің 90 жылдығын ел көлемінде, әр өңірде қатар атап өтеміз», – деді. Осы ұсыныс біздің де айтпақ ойымызға қанат бітіріп жіберді. Алаштың Алматысында екеуіне қатар көше беріп, еңселі ескерткіші бой көтерсе, бар қазақ жырын жатқа айтатын, саналы ғұмыры осында өткен ардақтыларымызға бұдан асқан құрмет болмас еді деген ой және қылаң берді. Ел бірлігіне, рухани тұтастығына қызмет ететін өзімізде бар осы үздік үрдіс жалғасын тапса, талай жақсы мен жайсаңның сағынышқа айналған жарқын бейнесі ел жадында жаңғырып жүрер еді. Тек қана Алматы мен Астана ғана емес, қазақтың қай қиырында да ескерткіш қоюға лайықты жер жетеді.Тек сәтімен, жөнімен болсын деңіз.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір