ӨЗІМ ҚАЗҒАН КӨР (сықақ)
Қалай ғана ішің күймес, қалай ғана қызғанбассың. Табандаған жиырма бес жыл бойына екеуара «әй» десіп көз алартысып, ыдыс-аяқ сылдырлатыспай бір шаңырақта отасқан. Егіз қозыдай жарасып, күні бүгін жұптарының жазылмайтынын қайтерсің.
Біз болсақ, шүйкебас екеуміз бас ноқталастырып, бірігіп түтін түтеткеннен кейін досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық деп, бес жылға әрең шыдап, ақыры бет жыртысып, бір-бірімізге айтпағанды айтысып, демегенді десіп, ажырасып тынғанбыз. Қызым шешесіне тартып, ұлым мені жақтап, содан жұбайым басқа күйеуге шығып, мен басқа әйелге үйленіп күн кештік.
Көңіл көгендескен ол адамдармен де тұрлаулы тұрмыс құра алмай, жылдар жылжытып, бой аластатыстық. Ақыры жақсылар жолықпай, «жамандарды» жақтырмай жүріп, есіміз барда өзара қайта табыстық. Әзірге шүкіршілік, әйтеуір, дәм-тұзымыз жарасқандай. Десе де аптасына немесе айына бір шаңырақ астында «жаяу бұрқасын» борауын қоймайды.
– Жұмыстан неге кеш қайттың?
– Түстікті қайдан іштің, кіммен болдың?
– Телефонмен сылқ-сылқ күліп сөйлесетіндерің кім, ей, осы сенің? «Жарайды», «жолығармыз», «келерсің», «барармын» деп қиылып, үзіліп, үздігіп тұрғаның «мәймиіп» деген сияқты есер әңгіменің ұштығы шықса-ақ болғаны, ешкімнің «суфлеуінсіз-ақ», өзіміз құлшыныспен өрбітіп, өршітіп әкетеміз. Содан қураған қамысқа май құйып, от қойғандай маздатамыз-ау келіп.
Ашық-жарқын, көңілді жүретін кездеріміз де өте сирек кездеседі. Өткенде терлеп-тепшіп ас ішіп, жадырап шай сораптап отырғанымызда Титық пен Пәтуаның ұзағынан сүйіндірген отбасылық өмірлерінің ширек ғасырлық тойларын өткізуге дайындалып жүргендерін тілге тиек етуім мұң екен:
– Оны несіне тантисың. Сен де жасасаң, мойныңа арқан, аяғыңа тұсау болған кім бар! – деп, алдында ғана дұп-дұрыс отырған «сүйіктімнің» арбадан бұзылған атша тулағаны.
– Елден естігенімізді айтсақ та айыпты болғанымыз ба? Біз қай бетімізбен той тойламақпыз. Айналайын-ай, қойшы енді, – деймін жалынып.
– Жо-жоқ. Тұрлаусыз тірлігіңнің бәріне мені кінәлайсың. Сенен мен қандай рақат көрдім, а? – деп, долылыққа көкбеттігі ұласып, әй, бір көсілді дерсің. Құлағым қалқиып, шекем шытынап, мен де қайбір төзімді жанмын, қояншығым қозып қоя бергені.
– Сенсің, тұп-тура сенсің менің бағымды байлаған, – деп салдым. Сол сол-ақ екен:
– Басыңа әңгір таяқ ойнатармын әлі. Мә саған! – деп аяулым алдындағы тәрелкесін асымен ала салып маған қарай тасша зулатқаны. Мен де қарап қалмадым. Қолыма ілінген аяқ-табақ, қасық, шанышқыларды лақтыра бердім. Пышақтың көзге түспегеніне тәубе.
«Шайқастың» қаншаға созылғанын білмеймін. Шаршап-шалдығып, екеуміз екі бұрышқа барып құлаппыз.
Ертеңінде басымды көтерсем, ыдыс сынықтарын сыпырып әйелім жүр.
– Әй, қапыда еш жеріңе қатты тиіп кетпеп пе? – деймін іргеге қарап жатып.
– Жоқ. Сені жазым боп кетті ме деп қорқып едім, – дейді ол.
– Жүре білінбесе, ештеңе байқалмайды. Қолымнан тартып жіберші, – деймін әдейі салмақ салып.
Қайтеміз енді, бар қолдан келер тірлігіміз осы болса. Титық пен Пәтуа болса – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, келін түсіріп, немере сүйіп отырған берекелі, кең іргелі бақыт иелері. Шіркіндердің татулықтарын айтсаңшы. Енді-енді табысып, бал айын бастаған жас жұбайлардай құмарта құшақтасқандарын көрсең ғой. Он жетіңді ойлап, еріксіз көзіңе жас аласың. Әдетте, бірін-бірі іссапарға шығарып салса да немесе сол сапардан қайтарында күтіп алса да, сағыныса сүйісіп, ынтыға аймаласып жатқандары. Көресің де, қызығасың.
Бізде ше?! Іссапарға аттанар сыбыс естілді дегенше, басқа пәле жабысты дей бер.
– Ескі көз ашынаңды іздеуге аттандың ба?
– Ол жақта сарғая күтіп тағы бір сүйіктің отырған шығар?
– Үйден қырық қадам алыстадым дегенше, қатын алмастырдым демейсің бе! – сияқты құлақ етіңді жейтін кекесінді, сорақы әзілдермен басталып, «тұздықты» сөздермен жалғасып, соңы үйреншікті жаға жыртысумен аяқталатыны бар.
Ойпырым-ау, арғы аталарымыз неткен көріпкелі бар адамдар болған десеңші… «Ит екеш ит те иесіне тартады» дейтіндері рас екен. Бұлардың балалары да іштен оқып туатын болса керек. Шетінен білімді, еңбекқор. Әке-шешелерінің қас-қабақтарын бағып, ымына жүгіріп тұрғандары. Үлкені кішісін, кішісі үлкенін сыйлап, кесе-көлденең өтпейді-ау, өтпейді.
Менің қара сирақтарым қашан келсең де қырық пышақ болып, қырылысып жатқандары. Тұңғышыма жөн айтудан да қалдым. «Мынауың дұрыс емес» деуге жүрегі құрғыр дауаламайды. Өйткені ішіп келген күні есіне түссе, сақалдан алып сабап кетуден де тайынбайды. Қызымның кәдімгі қолбаласымын.
Ертеңгілік жұмысқа асығып тыпыңдап бара жатып, бұрышты айнала бере, Титықтың қарнына тұмсығым тіреліп қалды. Көргеннен қолымды қысып, хал-ахуалымнан қысқаша мағлұматқа қанықты. Ел азаматтарының ішіндегі «Қоңыр құлжасы» атанған жандардың ілтипатының өзі неге тұрады. Ал ол ыстық ықыласын танытып, жұп-жұмсақ алақанын ұсынды ғой. Не айтарымды білмей, қанатынан қайырылған қара құсша қалбалақтадым да қалдым.
– Той тойға ұлассын! Жығыла жақтап, жабыла мақтап, тұщымды тілектер арнап жүрген жұрттан таяуда күміс той өткізетіндеріңізге құлақтанып, қуанып жатырмыз.
– Басыңа – құлақшын, астыңа – тай, аузыңа – май! Халқым – қанатым, жақсы сөздері – жарым ырысым емес пе. Көлденең жолығар кеселден аман болсақ, ақ жүректі ағайындарға әлі-ақ алқалы тойдың ақ дастарқанынан дәм татырармыз. Ал жақсы, жүрісіңе желіс бітсін!
– Инфарктен аман, жел-құздан таза болғайсың, – дедім де, өзім бет алған жаққа қарай итініп ілгерілей бердім.
…Біреуді шаңдаттырып, біреуге шаң қаптырып қойған қайран уақыт-ай десеңші! Кеше ғана доп қуып, итпен ойнап, қайраннан балық аулап бірге жүретін Титық бүгін кім, мен кіммін?.. Титық – талтаңдап төбеге шыққан адам, мен болсам – титықтап төменде қалған әйтеуір тірі пендемін.
«Жаңа не деп кетті өзі? Күміс той деді ме-ау!.. Иә, солай деді». Осы тұста қажып, қалтырап келе жатқан қауашағыма қайдағы-жайдағы бір сайтан ой сап ете қалғаны.
…Ол менің де жалын боп лаулап, қынаптан суырылған қылыштай қылшылдап тұрған бозбала кезім болатын. Пәтуа есімді осы қызға сыртынан қызықпайтын еркек кіндіктілер ауылымызда кемде-кем еді. Тіпті кәрі атамның өзі: «Пәленшенің қызын-ай, үріп ауызға салғандай толықсып тұр-ау, толықсып тұр. Келін ғып түсірер ме еді шіркінді!» – деп тамсанғанда, аузының суы құритын. Бұл сылқымға мен де өліп-өшіп ынтықтым. Ол қайда жүрсе, мен сонда барамын, яғни із кескен аңшыдай соңына түстім. Қаншама жүрекжарды жылы сөздер айтылды. Өлең боп та төгілді, ән боп та арналды. Біріне иліксеші…
Бір күні ешкімді көзіне ілмей, аспанға қарап жұлдыз санап, кеудесін керіп кердеңдеп жүретін осы Титық келіп килікті арамызға. Ол кербез қыз екеуі тым тез түсіністі. Пәтуа ойда-жоқта көктен шүйілген қырандай тиіскен Титықтың қос шеңгелінде бүріліп кете барды. Жаман түйенің жабуынша жалбаңдап мен қалдым.
Міне, енді солар отбасын құрғандарына ширек ғасыр толған тойларын тойламақ. М-м-м… Ей, менде жоқ, оларда бар, қандай махаббат бұлардікі сонда, а? «Ащы-ащы» дегізіп, жұрттың кеңірдегін жыртқызып қойып, өліп-өшіп сүйіспексіңдер ғой, ә? Тойлатармын мен сендерге. «Ащыларынды» «у-ға» айналдырармын. Бар жақсы мен тәттіні Титық пен Пәтуаның жарқыраған кереқарыс маңдайына ғана жазып қойып па? Өзіме бұйырмағанды өзгелерге қиып, қалай ғана қарап отыруым керек менің, а? Жо-жоқ. Олай бола қоймас. Екеуіңнің араларыңа сумаңдатып сөз жүгіртіп, өсектен от жағып, дауыл тұрғызып, төсектеріңнен шошытып, босағаларыңнан бездіріп, шаңырақтарыңды орталарыңа түсірмесем, Бүлдіргі атымды басқа қойыңдар…
Бұл іске, тіпті бүгіннен бастап кіріссем бе екен! «Сап, сап, көңілім». Сезіктендірмес үшін араға біраз уақыт салған жөн болар. Десе де мұны неден, қалай бастасам екен, ә?.. Әлде… Тұра қал, тұра қал, келді ретке.
Аяқ ауыртып, ми шірітіп, алыстан іздеп әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Кәдімгі қос жұдырықтай ғана кұдіретті қобдишамен шапанның ішкі әдібіндей тіл табыссаң, болғаны. Не, «құдіретті қобдиша» дегенге зейінің жетпей отыр ма?
Ол – өзіңнің айтыс-тартыс, алыс-берісіңнің қолды-аяқты баласындай қамқоршысы болған телефон ғой, телефон. Міне, осымен дұрыстап жұмыс істей білсең, дегеніңе жеткенің. Тек, жат құлақтардан сақ бол, оңаша сәтті пайдалан.
Содан келесі айдың екінші жұмасының сәтіне бар күшімді жұмылдырып қойып, төзімімді тепкілеп ұстап, әзер жеткіздім және аптаның ақырғы жұмыс күнінің аяғында ұзаққа созылатын жиналыстың болатынын екі-үш тәулік бұрын ошақ иесінің дыбыс қабылдарына құрышын қандырып, құлақтандырып қойдым.
Қоғамдық жұмыс уақытының соңғы минуты соққанда, кабинетте Қожанасырдың моласындай қалқиып жалғыз қалдым. Ел аяғы әбден басылуын дегбірсіздене күттім. Сонан кейін ойлану орталығымдағы барымды қопарып іске қостым, яғни операцияны қалай ұйымдастыруды – тұтқиылдан қалай шабуыл жасап, ұрымтал жерінде немен соғып сілейтіп салудың, миларын шайқалтып, жүректерін жаралап, көңілдерін күпті етудің шұғыл шараларын жасадым. Керекті материалдар жетерлік, яғни бес қаруым сайма-сай. Тек өте сақтық, қырағылық, ұшқыр ойлылық керек. Мысалы, Титық жақында ғана іссапардан оралды.
Ана жаққа кеткенде бұл жақтағы әйелінің не істеп, не қойғанын қайдан білсін. Міне, осы тұсты бір кәдеге жарату қажет, яғни Титықтың көңілін, «Шынында да, сол уақытта солай болуы мүмкін-ау» дегендей, күдік ұялайтын сенімді дәлелдермен соққылап, есеңгіретіп тастау, менің іскерлігімнің еншісінде, әрине. Екіншіден, олар мені таниды. Сондықтан, әлбетте, ныспымды өзгертемін. Даусымды баритонға келтіріңкіреп, қоңыраулата, шыбжыңдамай нығыздала, салмақтана, маңғаздана сөйлегенім жөн. Өйткені Пәтуа – үрім-бүрім, қиқым-сиқымдарды көзге іле бермейтін нағыз керімсалдың өзі. Оны күйеуі де жақсы сезеді әрі сонысына сүйсінеді.
Тағы не керек еді? Иә, иә, үйінің телефон номерін, қай көшенің қандай санды үйінде, қай пәтерінде тұратындарын, қызметке қай уақытта кетіп, қашан оралатындарын егжей-тегжейлі зерттегенмін.
Міне, дәл қазір үйлерінде. Шаңырақтарының астында демалатын бөлмеде саяжайды жайлағандай шалжиып, әлем жаңалықтарымен танысып, газет-журнал аударыстырып жатыр. Әй, оқымайтындары жоқ шығар өздерінің. Көңілдері жай, ойларында да ештеңе жоқ. Маған да керегі осы емес пе. Күтпеген жерден дабыл қағып, сергелдеңге салайын бір.
Телефонның кіндігін шыңғыртып тұрып жеті рет бұрадым да, арғы жақтың жауабын күттім. Жағымды бикеш даусы:
– Ал-ло-оу, – деді сызылтып.
– Пәтуажан, өзіңсің бе? – дедім.
– Қазір шақырайын, – деді әлгі сылқым әдемі әуенмен.
– Қойшы, тіпті. Қалжыңыңның таусылмайтыны-ай! Осы еркелігің ғой мені өзіңе ынтықтыратын. Жаным, неғып кешігіп жатырсың? – дедім үздіге. Әрине, бұл сөздерді трубка көтерген бикештің ашуына тию үшін әдейі айттым.
– Кім-ей бұл, осынша үздігіп тұрған. Дауыс қатқылдана бастады.
– Қойшы енді, жаным, – дедім кенеше жабысып. Жолым болды. Пәтуаның өзі алса, ұрсып, лағнеттеп, телефон құлағын тастай салуы немесе ешкімге тіс жармай, ішінде сақтауы мүмкін ғой. Ал бұл не қызы, не келіні. Заты әйел емес пе, естігендерін жеткізер. – Бұрын бүйтіп көп сарылтпаушы едің. Отырмын екі көзім төрт болып, терезеге телміре қадалып. Сағынттың ғой ыстық құшағыңды, еркем!
– Миың шайқалған біреусің-ау, – деді де, трубканы үстел үстіне қоя салды. Арғы жақтағы шаң-шүң дыбыстар, арлы-берлі жүрген аяқтың тықылы, есіктің ашылып-жабылғаны естіліп тұр. Бұл абыр-сабырдың соңы неге ұласарына құмарта құлақ түрумен отырғанымда, «АТС»-пен байланыс жасап, қандай нөмерлі телефоннан сыр «ақтарып» тұрғанымды олардың анықтап алатындарын ескерсемші мен бейбақ. Әлден соң барып «құлаққа ұстарды» тұғырына қондырса керек, қолымдағы трубка «дүт-дүт» деп қоя берді.
– Мейлі, айтпағымды жеткіздім. Шаңырақ астында бір шайқастың басталғаны рас, – деп үлкен іс тындырғандай рақаттана керіліп, ризалықпен жымиып қойдым.
Сөйтіп отырып, өзімнің бүгінгі кешкі астан қағылғаным оралды ойыма. Е-е, алғашқы көрген құқайым дейсің бе? Түйір дәмсіз апталап та жүретін асқазан шыдар бір түнге. Негізгі мәселенің басы қайырылып, сайтан көңіл сабасына түсті ғой, әйтеуір.
Өз баспанаңда отырып мұндай іс тындырам дегенше, әпербақан әйеліңнің әңгір таяғының астында қалдым дей бер. Ал кабинетте өзіңді еркін сезінесің. Бұл жолы, шынында, тауып-ақ кеттім. Әй-й, өзім ғой…
Көз алдыма олардың ұяларында болып жатқан біздің үйдегідей айқай-шу, төбелес-жанжал кинодағыдай көлбеңдеп келе берді. Ыдыс-аяқ сынып, терезе шағылып, есік бұзылып дегендей… Әсерге беріліп қанша отырғанымды білмеймін, үстел үстіндегі қос жұдырықтай қобдиша жан біткендей безектегені. Апырым-ай, ә, кім болды екен?.. Мүмкін, өзіміздің басшылардың бірі шығар. Әлде менің мекемеде жиналыстамын дегеніме шүбәланып, телефон соғып тұрған әйелім бе?.. Мұрнымнан шаншылып әлі отырмын дермін. Көзге ілігіп, «жақсы» атанудың сәті бір түсті-ау деген алып-ұшпа көңілмен трубканы қаудырлағыма тақадым.
– Бұл кім екен? – деген салмақты дауыс саңқ ете қалды.
– Мен ғой, мен, Пәленшеев Бүлдіргі, – деп азан шақырылып қойылған атымды атап жіберіп, тілімді тістеп қалдым.
– Қасыңда кім бар?
– Өзім ғана, жалғызбын…
– Бұл телефонның түбін қашаннан күзететін болғансың? – деді. Үнінде зіл бар.
– Қызметтен соң қалып, үлгермеген жұмыстарды тындырып дегендей…
– Білдік немен шұғылданатыныңды.
– Иә, сол, мекеменің ана-мына шаруалары ғой.
– Жақсы, жалғастыра бер, – деді де, трубканы қоя салды. Даусы біздің басшылардыкіне ұқсаңқырамай ма, қалай, өзі?.. Жо-жоқ, солардың бірі. Қалжыңдап, дауыстарын өзгертіп отырған.
Осылайша, көңілім марқайған соң, ұсақ-түйек, ана-мына жұмыстармен шұғылданып, сағат жарымдай уақыт ұттырыппын. Енді «өлең төсегіме» жетіп жығылайын деген оймен жинала бергенім сол еді, шенді екі адам кіріп келгені.
Отырған жерімнен қозғалтпастан тұрып, «Мекеменің ішкі тәртіп ережесін – бұзып, қоғамдық жұмыс орнын жекебасының жат мүдделі ісіне пайдаланған» деп акт жасап, қол қойдырып алды.
– Жазығым жоқ қой, бұл не басынғандық, – дегендей сөз таластырып байқап едім:
– Қандай кінәңіздің бар екеніне кейін ісқағаз жүзінде көз жеткізесіз, – деп қысқа қайырды иығында жұлдызы бары.
Ей, қойшы соны. Не қылса, о қылсын. Қарсыласып, айқайласып жүремін бе? Ең бастысы, бастықтардың назарына іліктім. Бүгінгі ойымдағым тынып, мақсатым орындалған күн болды.
Дүйсенбіде қызметке бұрынғымнан да ертерек келіп, болар «жақсылықты» күтіп, қасымдағыларға түк сездірмей, тымырайып, іштей ән сап отыра бердім. Сәске түсте:
– Сізді бастық шақырады, – деді хатшы «қиық қас» келіп.
Жүрегім аузыма тығылды. «Әрине, мақтайтын болды. Бос тұрған бөлім меңгерушісінің орнына жоғарылатып жіберуі де мүмкін-ау. Бол десе, амал жоқ, боламын ғой», деп кағынып-сілкініп, таранып-жөнделіп, кіріп бардым. Бұршақтың бұлтындай түнеріп, өрт сөндіргендей түтігіп отыр екен. Ішім қылп ете қалды. Қол қусыра иіліп берген сәлемімді де алмады. «Тізе бүк» деп те нышан танытпады. Алдыма бір бума қағазды тастай салды. Қолыма алып, ақтара бастадым. Ой, Жасаған-ай! Тәртіп қызметкерлерінің өткенде көз алдымда жасаған актісі, штраф салынғанын растайтын қағаз, сол күні менің қандай нөмірлі телефонға кай сағат, қай минутта, қандай нөмірлі телефонның түбінде отырып, кіммен, қанша уақыт, не деп сөйлескендігімді мойындататын іс құжаттары екен. Кейінгі сөйлескен адамға берген жауабым, оның айтқандары қаз қалпында қағазға түсіріліпті. Солармен бірге менің біреудің сүттей ұйыған отбасын іркіттей ірітуге әрекет жасағаным және мұндай басбұзар іске жұмыс кабинетіндегі аппаратты «жеккенім» үшін қызметтен ешқандай ескертусіз қуылатыным туралы мекеме қожасының бұйрығы қоса тіркеліпті. Аткөпір қағазды құшақтаған қалпым, ұнжырғам түсіп, шегіншектей бердім.
Осылайша, жұмыссыз қаңғып қалдым. Бала-шағаға қарарға бет жоқ. Телефон екеш, телефон да бар сырымды ашып беріп, тентіретіп жіберді. Өзімнен өзгенің бәріне де сенбеуге іштей серт бердім. Десе де батыл бастаған істі айқайлатып аяқтағанға не жетсін. Титық пен Пәтуаны бір-бірінен ажырастырмай көрге кірмеспін. Тек арандатудың ешкім, еш нәрсе куә болмайтын басқа бір жолын қарастыру керек. Бұл іске бел шешіп беріле кірістім. Бас, көз, құлақ, тіл, ауыз өз міндеттерін бір-бір мүшедей-ақ атқаруда. Ендігі салмақ қолға түсіп тұр. Сонда не істемекпін?.. Табылды!
Пәтуа өткен жылдары жазып жүрген ғылым кандидаттығы еңбегіне керекті деректерді зерттеп, Тесіктауға бірнеше рет барып қайтқан әрі әр барған сайын «Тесік» қонақүйіне тұрақтапты. Мінеки, ойната білген адамға осының өзі жеткілікті. Қатырып отырып хат жазу керек. Қолдың сыналар сәті туды. Компьютерге де сенбеген жөн. Құрысын, «сатып» кетеді. Жылдам қимыл жемісін де тез көрсетпек. Әпкел бері, қайда қалам, қағаз!
«Сүйіктім Пәтуа, қол-аяғың сау ма? Маубас мәз болып жүріп жатқан шығар. Жүрсін. Өзіңді өле сағындым.
Аз ғана, аз ғана уакыт болса да, кино лентасының үзігіндей-үзігіндей тәтті де ләззатты сәттерді қалай ғана ұмытармыз, қалай ғана сағынбаспыз! Әрі екеуіміз бұдан бес жыл бұрынғы алғашқы сапарыңда-ақ тез танысып, тым тез табыстық қой. Мен сенің әр келуіңді асыға күтетінмін. «Тесік» қонақүйінің төртінші қабатындағы өзіңнің табаныңның ізі қалған еденді аяғыммен басып, қолыңның табы түскен есік тұтқасын сипап қайтпасам, соңғы кездерде ұйқым қашатын ауруға шалдықтым. Сол дерттің емі де өзіңсің, жаным Пәтуа! Бұл ойнақты ортаңа енді қашан соғасың? Тесіктауда сенің тақырыбыңа байланысты зерттейтін материалдар көп қой. Соны сылтауратып, маубас «құлжаңды» алдап тастап, тағы да келіп кетсеңші. Ойнап-күліп, көңіл көтеріп, ең бір қызықты да қызулы сәттерді қайталайық. Өзің қолыңмен қалтақағазға жазып қалдырған мекенжайың маған тастап кеткен жүрегіңнің бір бөлшегі іспетті. Маржандай тізілген әр қарібің ең бақытты күндердің әр сәтінің белгісіндей елес береді көз алдыма. Саған деген сағынышымды сыздата түседі.
Жаным Пәтуа, үлбіреген ерніңнен құшырлана сүйіп, құшағына құмарта қысушы Сүлігің».
Осы хатты жіберу үшін Тесіктауға сапар шектім. Өйткені конверттің сыртындағы мөрі де көңілге күдік ұялатпайтындай болуы керек қой.
Енді қол қусырып, құлақ түріп, үйде бүк түсіп жату ғана қалды. Титық пен Пәтуаның шаңырағы шайқалыпты дегенді қашан есітер екенмін?
Арада біршама уақыт өтті. Еш өзгеріс жоқ. Бір күні кешкі асты ауызға ала бергеніміз сол еді, пошташы әйел бір шағын бума қағаз әкеліп беріп, «алдым» дегізіп қол қойғызып әкетті. Асығыс ашып оқыдық. Мені сол күннің ертеңінде аудандық сотқа шақыртқан қағаз екен. «Не үшін шақыртқандарын өзім де білмеймін» дегеніме қарамастан: «Жоқ, сен бірдеңені бүлдіргенсің. Бұл тегіннен-тегін жіберілген қағаз емес», – деп әйелім қоярда-қоямай, сол күні көрсетілген уақытта тіркемеше тіркеліп, бірге барды. Сот ағасы ішке кірген бетте аяулыма бір қағаздарды ұстата қойды. Ұрлана көз жіберіп едім, өз қолтаңбам. Менің өткендегі Пәтуаға жазған хатым. Оқып болып, қағазды жұмырлап менің бетіме былш еткізіп ұрған бетте қазан иесі көзі алақтап барып құлап түсті. Суық су бүркіп, дәрігер шақыртып жүріп «тірілтіп» алдық. Есін жия сала бұдан былай менімен жұптасып өмір сүре алмайтыны туралы арызын жазып, сотқа тапсырды. Екеуіміз, осылайша, ажырасып тындық.
Ақыры өз қолым да өзіме қастандық жасады. Енді бәрі де бітті. Қолмен істегенді мойынмен көтеруім керек!.. Десе де… Иә… Әлі де болса Титықтың өзінен көмек сұрасам ба екен? Жөні сол-ау, осы. Бірақ аяғы құрғыр опасыздық жасамай, соған дұрыс бастап бара алса, жарады-ау!.. Әй, сенбеймін. Қазір өзімнен-өзім шошынамын. Кеттім, не де болса… «Ауп!..» Бәрібір мен – өзіме-өзім көр қазып, өлген адаммын.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ