Ақшамат қазақша сөйлеп тұр
21.07.2023
155
0

Еліміздегі «Сізге деген шапағатымыз дайын» деген игі ұранды берік ұстанатын Kaspi банкінің банкомат­тары алдымен қазақ тілінде қызмет көрсетуге көшіпті. Қазір көпшілік жайларда олар «Ақшамат» деп мемлекет­тік тілде жазылып тұр. Жаныма жаққан жаңалықты көріп, ішім жылып қалғанымен, көп көңіл бөле қойған жоқ едім. Алайда бір ортада осы игілікті іске қатысты қарапайым елдің разылық пікірін естіп, соны жамағатқа жариялауды жөн көрдім.

Банк саласы мемлекет­тік тілдің адымын аштырмайтын, іс қағазы тегіс орыс тілінде жүретін, келісім-шарт­тарында банк терминдерінен аяқ сүрінетін, қазақ тілінде жазылған келісім-шарт­тары екі-үш мәрте оқыған соң барып түйсікке әрең жететін, қызметкері орыс тілінде сақылдап, қазақ тілінде міңгірлеп тұратын саланың бірі екені ешкімге құпия емес шығар.
Ал жақында Kaspi банкінің ақша­мат­тары қаламызда қазақ тілінде қызмет көрсетіп тұрғанын көріп, таңғалғаным рас. Банкоматтардың орыс тілде қызмет көрсететініне үйреніп қалғандықтан, қазақша мәтінді бірден байқап, қуана қызметін пайдаландым. Әрине, жоғарғы жағында тілді ауыстыруға арналған таңдау тұр. Бірақ банкомат­тар автомат­ты түрде сізге мемлекет­тік тілде қызмет көрсетеді. Қажет тіліңізге, яғни, орыс, ағылшын тіліне ауыстыру өз еркіңізде.
Сырт­тай бақылап, біраз кідіріп қалдым. Байқағаным, келген адамдардың бәрі – орысы бар, қазағы бар, дүбәрасы бар, барлығы бірден түймелерді басып, тарсылдатып, шартылдатып, еш қиындықсыз ақшаны алып та, салып та жатыр. Ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ кідіріссіз пайдалануда. Демек, кейбіреулердің қазақ тілін білмеймін дегені жәй сылтау ма дерсің?!. «Қысылғаннан қыз болдым» демекші, қажет болса, талап болса, мемлекет­тік тіл – қазақшаны еліміздің кез келген азаматы меңгеріп алатынына кәміл сенім бар.
Дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, Kaspi жеке капиталы бойынша қазақ­стандық банктер арасында 6-шы орында тұрған және көш бастаған банк деген ақпарат бар. Яғни, бұл банкке жүгінетін тұрғындардың саны күннен-күнге артуда, тіпті оның қызметін мектептегі балаларға шейін пайдаланады. Сондықтан банк арқылы қаншама халық осы ақшамат­тардың қызметіне жүгінеді. Бір сөз болса да көңіліне тоқиды, көзі үйренеді, сөзі түзеледі. Біздің де мақсат – банкті жарнамалау емес, олардың еліміздегі мемлекет­тік тілдің аясын кеңейтуге қосқан үлесін қостау.
Ендеше, Kaspi банктен үлгі алып, басқа да банк салалары ең алдымен қазақ тілінде қызмет көрсетуге көшсе, нұр үстіне нұр болар еді! Ол үшін ең бастысы әркімнің мемлекет­тік тілге деген ықыласы, ақ ниеті болса болады екен ғой дедік іштей.

Жанна АҚБЕРГЕНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір