Өмірдің сырын ұққың келсе…
22.02.2023
542
0

Поэзия – ақынның көркемдік ойлау дүниетанымының көрсеткіші. Өмірдегі күйбең тіршілік әлемінің көріністерін де, құбылыстарын да философиялық-психологиялық таным, түсінік арқылы сараптау, бағалау, бейнелеу, болжау өлеңдері арқылы көрініс табады. Өлеңге арқау болған идея поэтикалық көркемдік жинақтау өрнектерімен айқындалады.

Әділбек Қаба сыршыл ақын болумен қатар, адамдықтың тұғыры биік, заман үніне дер кезінде үн қосатын азамат­тығымен де танылып жүр. Поэзияның сан тақырыбына қалам тартып, лириканың отын алаулата жағып, жыр сүйер қауымға шуақ шашып келе жатқан тамаша ақын.
«Дұшпаның жара салғанда» атты өлеңінде ақын көріктеуіш құралдарды, соны, өзіндік тың айшықтар қолданған. Осы айшықтаулар өлең идеясын ашуда жақсы жұмылдырылған. Тұспалмен берілген ойлар ақынның дербес суреткерлігін танытып отыр. Ақын қолданысындағы дұшпанның шалуы, жанға салынған жара, өтірік күліп тұрып, жылау секілді суреттемелердің мәні өлеңнің өн бойында арта түскен.
Жігерсіз іріп,
Қирап, сынады.
Жігерлі жігіт
Ширап шығады,
Өмір дегенің бір үлкен мектеп,
Қатеңнен сабақ жинаттырады, –
деп түйіндеген. Өмірлік сабақ болар ақыл-кеңес те қалыс қалмаған. Бүгінгі жас ұрпақты қайсарлық пен жігерлілікке үндейді. Азаматтық үн қатқан өлеңдерінің қатарына «Желтоқсан таяп қалды» өлеңін жатқызуға болады. Мұнда басталу, даму, шиеленісу бар… Әсіресе түйін-шешім ерекше. «Жек көрем қызыл түсті бояқтарды» деген жолдарда астарлау өте шебер берілген, Қызыл бояқ – сол кезеңдегі идеология, сол қанды оқиғадағы қанға боялған қар, өмірдегі алауыздық, сатқындық! Көп нәрсені аңғаруға болады.
Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өзінің алдында дербестігі. Тәуелсіздік – сіздің тыныстап отырған, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отаныңыз. Тәуелсіздік – ақын жырларына арқау болған қасиетті тақырып. «Тәуелсіздік! Сені ешкімге бермейміз!» өлеңі Ұлы мерекеге арнаған ақын тартуы секілді.
Тарихты оқы, обалардан, тастардан,
Ұлы елсің, хас дұшпаны жасқанған!
Біле білсең адамзаттың дамуы,
Ұлы Далам, кіндігіңнен басталған!
Осы шумақтарды оқи отырып, тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап, бабаларымыз жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарап, тарих соқпақтарындағы іздерге зер сала қарап, Тәуелсіздіктің қандай керемет ұғым екенін сезінесіз. Сондықтан да ақын:
Ер Түрік боп атқа қондық ел үшін,
Өр Алтайдан Еуропаға дейін өрісің.
Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, болып жан қиған, – деп асқақ үн қатады. «Ата қоныс жері үшін» деп жігерлі үн қатады. Оқырманын баурап алар жолдар өз арнасымен толыға түседі. Ой тереңдігі, тұнықтығы сезіліп, жігер мен күш сыйлағандай болады.
Көрсеткеміз, мына әлемге сан үлгі,
Биік қойдың Жерің менен Арыңды,
Тәуелсіз ел – Ұлы дала Барысы,
Қазақстан Азат ел боп танылды! –
деген жолдар осының айғағы.
Дос боп келсең, айдын шалқар көлдейміз,
Күн сөнгенше біз де мәңгі сөнбейміз!
Қажет болса, жанымды алсын, бірақ та,
Тәуелсіздік! Сені ешкімге бермейміз! – деген түйіннің аңғартары көп.
Жалпы ақынның стилі сөз болғанда, белгілі бір баламалар қолданудағы дәстүр үндестігін, заман ықпалы мәнін ескерумен бірге ақынның жеке ізденісін, өзіндік нақыштарын зерделеп саралау арқылы ғана суреткер стилін кең межелеуге мүмкіндік туатынын байқаймыз. Әр тақырыптағы өлеңдерін саралай отырып, бұған көз жеткізуге болады. Ақын өлеңдері арқылы өзіндік қолтаңбасы, стилі айқындалып тұрады. Ақынның лирикалық асқақ сезіммен өрілген, жан тербетер, адамды сұлу, нәзік сезімге бөлер өлеңдерінің әрқайсысының шоқтығы биік. «Сүй жаным» өлеңі солардың қатарынан табылады. Бүгінгі интернет өршіп тұрған заманда ілгері, болашаққа ұмтылған жас ұрпақтың санасына сәуле құяр махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің ішіндегі тұнығы деуге әбден болады. Сыпайылық, әдептілік иісі сезілген өлеңде қазақ халқының тәрбиелік ұстанымдары байқалады.
Мұң тұнған көздеріңде жазулы тұр,
Шынайы махаббатқа шөлдегені, – дейді.
Әділбек ақын сырлы, көркем, сәнді жазады. Қаламынан ұшқан жыр ұшқындары оқырманның жүректеріне ерекше от берері сөзсіз. Өмірдің қатал шындығы мен ширығуы туралы адамды жігерлендіретін, құласаң, тұрғызатын, сүрінсең, демейтін идеясы мықты жырларының бірі – «Дұшпаның жара салғанда» өлеңі. Өлең арқылы автор бейнесін де танимыз.
Қасірет басып,
Сансырамадым,
Арымды сөйтіп,,
Аршып алғанмын, –
деген жолдардан автордың азаматтық тұлғасын байқаймыз.
«Ерніңде ернімнің табы қалсын» өлеңі шынайы ғашықтықтың «Сүйгенім!» деп соққан күре тамырының бүлкілін дәл басып, мейірім мен махаббат нұрына бөлейді. Лирика әлеміне еркін еніп, лирикалық кейіпкерді әр қырынан танытып, керемет шеберлікпен әдемі бейне жасап, ұтымды қырларымен, әсем айшықтауларымен жеткізе білген.
Бақыттымын… қасымда сен отырсаң,
Қырмызыдай сызылып, шай қайнатып, – деген жолдардағы ұлттық мінез айшықтары да әсерлі беріліп тұр. Ал енді «Сағынғанда» өлеңі тіптен керемет! Өлеңдегі «күрең» сөзiнiң эпитет, ол «күй» сөзінің өрнегi деп айту жеткiлiксiз. Бұл әйтеуiр бiр эпитет емес, кейінгі жолдардағы «Бір сезім тығылады түйдегімен» деген жолды ажарлай түсуге ықпал жасайтынын бағымдау керек. Сонда «күрең» сөзiндегi көңілдің жабырқаулығы, сағынғанда алқымға тығылар бір түйдек деген сөз арқылы ойды дамытуға дайындайды. Кейінгі шумақтағы әлемнің ажарсыздығы, сағаттың жылдарға татуы кейіпкерді өлең жазуға итермелесе, осы арқылы өлеңдегі сағыныш, махаббат идеясын негіздейді.
Қайткенде де өлең жолдарындағы сөз мағынасы үшiн оның жеке иемденген мағынасымен қатар тұрған орнының да рөлi зор екенiне осы мысал арқылы көз жеткiзуге болады. Бұл iспеттi пiкiрдi «әр адам бақыт табар» сөзi туралы да айтар едiк. «Бастарын махаббатқа игенменен» тармағындағы ойға «Суынған бір-бірінен жұптар аз ба» сөзі еш ажарламай, ойды жинақтап, «Іштей жылап, сырттары күлгенімен» деу арқылы түйіндеп тұр.
Ақ пен қара… Қарама-қарсы қойып суреттеу арқылы, өмір құбылыстарын, тіршілік түйткілдерін шендестіре берген тамаша ой… Көкірегінде көзі бар оқырманға ерекше күй сыйлайтын «Қыс…Терезенің ар жағы» өлеңінен астарлы ой қоғамдық мәселемен астасып жатқанын аңдауға болады. Міне, поэзия деген осындай болмақ керек.
Ұлттық құндылық мәселесі – сан ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, бүгінгі күнге дейін қазақ халқының күн тәртібінен түспей келе жатқан, мәңгілікке бағыт алған өзекті тақырыптың бірі. Әділбек ағаның «Көзіміз түйіскелі» өлеңі қайнарға, ұлттық мінезді өлең өзегіне айналдыруымен құнды болып отыр. Өлеңнің өн бойынан қазаққа тән ұлттық мінезді, ұлттық қасиетті тамаша ашқан. Қазақ халқына әдептілік, ұяңдық, қарапайымдылық, кеңпейілдік, намысшылдық тағы басқа мінез-құлық аспектілері лирикалық кейіпкердің характері, монологы арқылы көрініс тапқан.
Шай құйып беріп отырсың,
Көзіме тура қарамай…
– деген жолдардың түсінген жанға айтары көп. Қазіргі өрекпіген жастардың «Сүйдім, күйдім!» деген жалаң сөздеріне осындай ұлттық мінезді көрсету арқылы тосқауыл қойған десе де болады. Асқақ пафос, ішкі толғамға құрылған махаббат тақырыбындағы бұл өлеңі – ұлттық қасиетімен құнды.
Жақсы ақын – философ болады. Бес күн жалғанда дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету керек деген ойды қозғап тұрғанын байқау қиын емес. Дана халқымызда «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік етеді» деген ғажап сөз бар. Терең ойды танытып тұр. Иә, әр адам өз тіршілігі үшін өмір сүреді. Дегенмен қайсымыз келер ұрпақтың қамын ойлаудамыз? Осы мәселелерді көтеріп, ой қозғаған Әділбек ағаның өлеңі бұған жауап бергендей екен. Осы жерде Ұлы Абай философиясындағы «Толық адам» ілімі еске түседі. Толық адам деп отырғанымыз – адамгершілік, имандылық, ізгілік. Мына шумаққа назар аударайықшы:
Тәннің сенен сұрары,
Нәпсісі мен құмары.
Ал Жаныңның қалауы,
Жәннаты мен жұмағы.
Тән мен жан қалауын, оның адам өміріндегі маңыздылығын, жігін айыра көрсетіп тұр.
Қу дүниенің түбіне ешкім жетпеген. Дүние – қолдың кірі, бүгін бар да, ертең жоқ! Ал адамгершілік, руханият, иман – жан азығы. Сондықтан да бес күн тірлікте адамгершілік құндылықтарымызды жоғалтпайық! Міне, өлеңнің негізгі түйіні, идеясы!
Қорыта айтсақ, туған халқына деген ақындық махаббатын, азаматтық-қайраткерлік қызметін көркемдік сипаты құнды лирикалары арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың халық тілінің поэтикалық қолданылу мүмкіндіктерін тереңдете дамытты деп толық айта аламыз.
Алпыс жасыңыз құтты болсын, аға!

Айгүл Омарова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір