Аралдың өткені мен бүгіні

Бүгінгі таңда Арал теңізінің көзден ғайып болып бара жатқаны ешкімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Бір кездері ұзыннан-ұзақ созылып жатқан теңіздің арнасы мақта өсіруге қажетті химикаттарға толы тұзды алқапқа айналған. Бұрында Арал теңізі Қазақстанның інжу маржаны, шөл белдеміндегі көгілдір су айдыны еді.
Сәуірдің он төртінші жұлдызында Алматы қаласы орталықтандырған №20 кітапханада “Аралдың өткені мен бүгіні” атты Аралды құтқару қорының құрылуына 30 жыл толуына арналған кездесу өтті. Кездесуге Берекет Кәрібаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Бақытжан Айдаров «Проэкт Плюс KZ” ЖШС-нің құрылтайшысы, Тәттігүл Картаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты келді. Кездесуде Арал теңізінің қазіргі жағдайы жайлы мағлұмат беріп, көлдің экологиялық жағдайына тоқтала отырып, оның проблемасын ашып, түсіндірді.

Арал теңізі – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан ірі көл. Теңіз XX ғасырда ауданы жағынан (68 мың км2) әлемде төртінші орында еді, бірақ 1960 жылдардан бастап теңіздің суы азайып келеді.
Бұл проблеманың тууына себепші – адам әрекеті. Ұзақ жылдар бойы Аралға құятын ірі өзендер Әмудария мен Сырдарияның суын теңізге жеткізбей, түгелдей дерлік егістіктерді (мақта, күріш) суландыруға пайдаланылып келді. Буланушылық дәрежесі жоғары болатын шөл зонасында орналасқан теңіз суының көбірек булануы оның тартылуына әкеп соқты. Қазіргі кезде Арал теңізі екі су айдынына Үлкен және Кіші теңізге бөлінген. Арал теңізіндегі суы тартылған бөліктің ауданы 30 мың км² жетеді. Ғалымдардың есептеуі бойынша, теңіз табанынан атмосфераға жылына 200 млн тоннаға дейін тұзды шаң-тозаң ұшады. Теңіз суының шегінуінен оның жағалауындағы 800 гектар тоғай, жануарлар дүниесі жойылып, теңіз айналасы бұл күнде тіршілігі жоқ құмды, сортаң жарамсыз жерлерге айналды. Теңіз суының тартылуынан мұнда теңдесі жоқ Барсакелмес қорығы жойылды.

Бұл өзгерістер өз кезегінде сол аймақ тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізді. Аралды сақтап қалуға арналған Халықаралық қордың құрылғанына 15 жыл толды. Осы жылдар аралығында атқарылған жұмыстар аз емес. Аралды қалпына келтіру үшін көптеген іс-шаралар қаралып, жобалар жасалды. Кіші Аралдың оңтүстігіне ұзындығы 12 км болатын Көкарал бөгені салынды. Соның арқасында Кіші Аралдың (Солтүстік) деңгейі 42 метрге, аумағы 800 шаршы километрге ұлғайды. Суы тартылып қалған тұзды көлдің табанын жауып, көлге тіршіліктің нышаны енді. Ғалымдардың айтуынша, Аралдан ұшқан тұзды дауылдың бір ұшы Гренландия мұздықтары мен Норвегияның орманды алқабына да жеткенін дәлелдеген еді. Еліміздің көлемді атқарып жатқан іс-шараларының алды, аймақтың және жергілікті жердің экологиялық жағдайын көтеру. Бүгінгі күні Солтүстік Арал маңына халықтар қайта қоныстанып, үй салып, балық шаруашылығымен қайта айналыса бастады.

Арал апатына себеп болған факторлар:
Жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
Ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
Суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
Жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
Табиғат ресурстарын пайдалануға жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.

Табиғатпен тіл табысу үшін, біріншіден, өндірісті экологиязациялау мақсатына сай келетін бірқатар шараларды іске асыру қажет. Табиғатты қорғау үшін барлық елдердің күш қуатын біріктіргенде ғана экологиялық шаралар тиісті нәтиже бере алады.
Адам мен табиғаттың қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған тағы бір шара – табиғат байлықтарын тұтынуды ақылға сиыйымды мөлшерде өзіне – өзі шек қою. Халықтың экологиялық санасын қалыптастыру міндетті экологиялық білім мен тәрбие берудің бірқатар комплексті мәселелерінен тұрады. Олар – экологиялық ғылыми сананы қалыптастыру, экологиялық этиканы, экологиялық психологияны және экологиялық құқықтық сананы қалыптастыру қажет.
Әрбір экономикалық табысымыз үшін табиғат бізден кек алады. Сондықтан біз табиғатты аялай білейік!
Елриза Бауыржанқызы