ТЕАТР МУЗЕЙІ: САХНА ӨМІРІНІҢ ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ
04.05.2023
407
0

 «Егер мамандықты таңдап алуда сіздің жолыңыз болса және осы
жолда өміріңізді сарп ететін болсаңыз, онда сіз бақытты болғаныңыз»

                                                                                                                                                                                 К.Д.Ушинский

 

Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ, Мәдениет саласының үздігі, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық  драма театры музейінің жетекшісі

Театр десе, көз алдымызға сахнадағы саф өнер, әртістердің түрлі образы, шымылдық, жарық пен айрықша музыка келері анық. Алайда театр көрермені шымылдықтың ар жағындағы қайнап жатқан тіршіліктен бейхабар. Әрбір спектакль – актер мен режиссердің ғана емес, драматург, суретші, бутафор, жарық қоюшы, гример, костюм дизайнері, тігін және өзге де мамандық иелерінің бірлескен ұжымдық жұмысы. Қандай да бір қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып жатса, оның артында аты аталған және аты аталмаған сахна мамандарының тынымсыз еңбегі жатыр. Бүгінгі оқиға ертең тарихқа айналатыны сөзсіз. Сол секілді сахна өмірінің өткені мен бүгінін бір сәтін де қалт жібермей, тарихын түгендеп отыратын театрдың ерекше бөлімі бар.

Ол – театр музейі.

ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗУШІСІНЕН МУЗЕЙ ЖЕТЕКШІСІНЕ ДЕЙІН

Мен еліміз егемендікке қол жеткізген жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін музейтанушы мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолым 1991 жылы Қазақ Мемлекеттік Орталық музейінің насихат, жарнама және экскурсиялық қызмет бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, яғни экскурсия жетекшісі болудан басталды. Араға төрт жыл салып музей басшылығының ұсынысы бойынша  1995 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына аға ғылыми қызметкер болып ауыстым. Ол кезде театр музейі Орталық музейдің филиалы болатын. Қазақ өнерінің қарашаңырағы, үлкен өнер ордасы, тұңғыш кәсіби театрдың бүкіл тарихы жиналған құтханасы –театр музейіне орналасу мен үшін үлкен жетістік еді.

Мені сол кездегі театр музейінің меңгерушісі Зейнеш Молдабайқызы күтіп алып, сахна шежіресімен, бүкіл архивпен таныстырды. Көгілдір экраннан көріп, радиодан дауысын тыңдап жүрген өнер майталмандарымен бір шаңырақта қызмет ету, бір ұжымда әріптес болу қандай ғанибет екені айтпаса да түсінікті. Алайда музей ісінің жас маманы үшін ең қызығы – архивтегі дүниелер, сонау 30-жылдардағы суреттер, сахна саңлақтарының жеке заттары, сахналық киімдері мен майлы бояулы портреттері, қолжазбалары, афишалары мен бағдарламалары еді. Екі ғасырдың куәгері, әйгілі драматург Немирович Данченко «Музей – театрдың бет айнасы» деп бекер айтпаған екен. 1926 жылдан бастап сақталып келе жатқан театрдың алғашқы актер, актрисаларының суреттері және әрқайсысының жеке папкалары, хаттары, үнтаспалары, оның ішінде мысалы Елубай Өмірзақовтың қорында марапаттары, аң аулауға шыққанда пайдаланған құралдары, өзінің күнделікті әрі киноларда түскенде киген тақиясы мен партсигарасы мұның бәрі рет-ретімен сақтаулы тұр. Қалибек Қуанышбаевтың жеке шапаны мен көзілдірігі, Әнуар Молдабековтың жазған хаты, мүштігі, даңқты Шәкен Аймановтың «Асауға тұсау» спектаклінде Петручио рөлінде киген сахналық киімі және өзге де жәдігірлерді көргенде таң қаласың.

Жұмысқа кіріскеннен кейін көптеген суреттерді анықтау үшін театрдың алғашқы саңлақтарының бірі Қазақстанның Халық артисі Қапан Бадыровтан сұрайтынбыз. Бүгінде 55 жылға аяқ басқан театр музейінің негізін қалағандардың бірі марқұм Қапан Бадыров еді. «Театрдың 100 жылдығында бізді де еске аларсыңдар» деп әңгіме бастайтын, ал  қазір  Қ.Р еңбек сіңірген қайраткері ,режиссер Әубәкір Рахимов осы күнге дейін музейдің кеңесшісі ,менің ұстазым десем қателеспеймін… Сол кездегі театрдың үлкен буыны Қазақстанның халық артистері Шахан Мусин, Бикен Римова, Мүлік Сүртібаев, КСРО халық артистері Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеевалар және Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебековалар жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт беріп отыратын. Біздің де жұмысымыздың жетіліп, сахна шежіресіне ерекше ден қоюымызға осы өнер майталмандарының сұхбаты, өсиеті, дәрістері оң әсерін тигізді.

Театр музейіне ауысқаныма бір жыл өткенде, яғни 1996 жылы өнер ордасының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бір адамның ғұмырындай уақыт елге қызмет еткен өнер ошағының мерейтойына орай кешенді көрме ұйымдастырдық. Дүбірлі той барысында жоғары деңгейде өткен көрмеде театрдың тарихы түгел қамтылды. Көрермен қауым 1996 жылға дейінгі қойылымдардың премьералары, өнер майталмандары жайлы мәліметтер – суреттер, афишалар, кітаптар, мақалалар,  бағдарламалармен жақын танысуға мүмкіндік алды.

1998 жылы Орталық музей өзінің филиалдарын жауып, барлық өнер ордаларындағы музейлерді өз қорына жинау жұмыстары жүрді. Міне, сол кезде театр директоры, Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов Үкіметке хат жолдап, осы музейді өнер ордасының өзінде қалдыруын сұрады. Содан оң шешім қабылданып, музей театрдың бөлімі ретінде бүкіл қорымен және қызметкерлерімен театрдың балансына ауыстырылды. Бұл театр музейіндегі тарихи кезең болды. Өйткені басқа бір де бір өнер ордасы бұлай жасай алмай, музейлері жабылып, қаншама дүниесі жоғалды, қараусыз қалды. Сол күннен бастап музейіміз жұмысын театрдың бір бөлімі ретінде жалғастыра берді.

Музей әуелден театрдың төртінші қабатында орналасқан. Ол кезде экспозиция ескірген, залдар қараңғы еді. Соған қарамастан көзі қарақты көрермен жоғары көтеріліп, біз оларға театр тарихын таныстырып қызмет жасадық. 2002 жылы театр басшылығына ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев тағайындалды. Сол жылдары музейге жаңа компьютерлер алынып, бүкіл архивтегі ескірген папкалар жаңартылды және директордың ұсынысмен қордағы сақталған спектакльдердің видеокассеталары жаңаша дисктерге көшірілді. Алғаш рет пьесалардың тізімін құрып, тіркеуге ала  бастадық. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында екінші қабаттың оң қанатында «Театр тәуелсіздік жылдарында» тақырыбында жаңаша стационар көрме қойдық.  Негізі театрда айтулы мерекелер, мерейтойлар мен еске алу кештеріне арнайы көрмелер ұйымдастыру игі дәстүрге айналғанын ерекше атай кеткен жөн.

Театрдың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қаншама жылдар бойы шықпаған Әуезов театрының алғашқы үлкен альбомы мемлекет тапсырысы бойынша басылып шықты. Альбомның тарихи-тақырыптық жүйесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Еркін Жуасбек пен Әшірбек Сығай басқарып, тарихи, мұражайлық сарапшысы ретінде музей қызметкерлері  жұмыс істедік. Біз театр музейінен бүкіл құжаттар мен суреттерді әр кезеңімен шығарып дайындап отырдық, барлығын Әшірбек Сығай мен Еркін Жуасбек музейде отырып талдап, таңдап кітапқа реттеп тапсырды. Жұмыс өте қарқынды жүрді. Ешкім қалып қоймай, ешбір қойылым ұмытылмауы керек болды.

2006 жылы театрымыздың 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Театр музейі үлкен аспалы көрме қойдық. Онда театрдың 80 жылдық тарихы қамтылды. Жоғары деңгейде өткен мерейтойға орай театрдың журналы да басылып шықты. Барлық мәлімет пен суреттер театр музейінен алынып баспаға дайындалып, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Есболған Жайсаңбаев, Сәбира Майқанова, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышбаева, Әнуар Молдабеков, Құдайберген Сұлтанбаев, Мейірман Нүрекеев, Раушан Әуезбаева, Әнуар Боранбаев пен Әмина Өмірзақовалардың кітап-альбомдары мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді.

2010 жылы театр музейінің меңгерушісі міндетіне ауыстым. Музейде Л.Қоңқабаева екеуміз екінші, сол жақ қанаттан қосалқы архивті бөліп щығардық. Онда бүкіл суреттердің көшірмелері, сонымен қатар бүкіл жиналған пьесаларды, кейбір портреттерді көшіріп реттедік және 1-ші архивті реттеп, сахналық киімдерді киім цехынан алып, қатарын көбейттік.            

 ТЕАТР МУЗЕЙІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

2013 жылы театрдың директоры лауазымына ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек тағайындалды. Ол театр тарихын насихаттау барысында музей экспозициясын жаңарту туралы шешім қабылдадаы. Төрт ай ішінде 4-ші қабаттың 2 залында орналасқан ескі музей экспозициясын түгелімен жаңалауға кірістік. Жобаны нақтылау үшін  комиссия тобы құрылып, оның құрамында Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов болды. Ал  экспозицияның дизайны сценограф-суретші Мұрат Сапаровқа жүктелді. Қызу жұмыс басталып, театрдың 87-маусымының ашылуына дайын болдық. Спектакль көруге келген көрерменге енді театр тарихымен жаңа, жап-жарық залдарда танысуына мүмкіндік жасалынды. Онда театр тарихы Әшірбек Сығай мен Еркін Жуасбектің нұсқауымен 4 кезеңге бөлініп көрсетілді. Әр кезең тарихқа толы спектакльдердің суреттері, афишалары, бағдарламалары, эскиздері, сахналық киімдерімен, мақалаларымен толықтырылды. Театр музейінің екі қанаты ірі тұлғалардың портреттері, қылқалам шеберлерлері Г.Исмаилова, С.Романов, О.Кужеленко және А.Бақтыгереев сынды суретшілердің жұмыстарымен толықтырылды.

Келген көрерменді театрдың әр кезеңдегі тарихы қызықтырмай қоймайды. Театр музейі өз қорымен қаншама ізденушілер мен ғалымдарға және студенттерге, БАҚ өкілдеріне азық болғаны хақ. Сонымен қатар, қаншама бағдарламалар мен деректі фильмдер де әлі күнге дейін  осы музейде түсіріліп келеді. 2015-2016 жылдары «Хабар» агенттігінің «Білім және мәдениет» телеарнасында «Өмір.Театр.Кино» бағдарламасына қазақ театр өнерінің тарландары жайлы ақпарат беріп, журналист, осы бағдарламаның авторы әрі жүргізушісі Ләзиза Керімқұловамен бірге 30 бағдарламаға рубрика жүргізу бұйырды. Бір күнде 3 бағдарламаға дейін түсірілетіндіктен ерекше дайындалып, қалай шығар екен деп эфирді уайымдап күтіп отыратынмын. Бұл – менің тәжірибемде бір ерекше танымдық, қызық кезең болды.

2016 жылы Әкемтеатрдың 90 жылдық мерейтойы өтті. Театрды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Ерлан Біләл басқарды. Осы мерейтой аясында театр музейі үлкен кешенді көрме ұйымдастырды. Менің арманым музей қорындағы құнды жәдігерлерді келген көрерменге насихаттау еді, сол мақсаттың жүзеге асатын уақыты туды. Ірі тұлғалардың қасиетті сахнада тері сіңген сахналық киімдері нағыз құнды жәдігерлердің бірі деп ойлаймын. Сахналық киімдерді киген артистерге сол тұлғалардың келбетімен,  әрлеушілер айнытпай грим жасап ірі тұлғаларды қайта «тірілтті» десек қателеспейміз. Олар: Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Зәмзәгүл Шәріпова, Фарида Шәріпова, Әтәйбек Жолымбетов және т.б болатын. Мұндай тірі маникендегі театр музей көрмесі Қазақстанда алғаш рет  өтті.

Дәл осы 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ұлттық музейге хат жолдап, театрымыздың 90 жылдық тарихын қамтитын көрме өткізуге рұқсат алдық. Әрине мұндай мамандандырылған ғылыми ортада көрме қою бізден мықты тәжірибені талап етті. Сөйтіп екі ұжымдағы басшылық қолдауымен Астанада «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрме ұйымдастырдық. Көрмеге музейдің 600 шаршы метр залынан орын берілді. Бұл да театр музейі тарихында алғаш рет болғандықтан дайындықтың өзі жоғары деңгейде болды.  1000-нан астам жәдігер қойылған көрменің ашылуында Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әлия Бөпежанова бастаған өнер қайраткерлері және Астананың зиялы қауымы, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, шет мемлекеттен келген қонақтар мен жастар ризашылығын білдіріп, жоғары баға берді.

2017 жылы EXPO-2017 Халықаралық көрмесі аясында ҚР Еңбек Ері, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының иегері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына арналған Астана Халықаралық театрлар фестиваліне арнайы көрме ұйымдастырдық. Көрме Астанадағы «Бейбітшілік пен келісім сарайы» және «Орталық концерт залының» ғимаратында өтті. Бір қаланың екі үлкен ғимаратындаа 1000-нан астам жәдігермен көрме ұйымдастыру оңай болмады. Көрмеде аңыз актердің бүкіл шығармашылық және өзінің жеке өмірі жайлы толық қамтылды. Бұл көрмеде Асағаның 40-тан астам майлы бояулы портреттері  ілінді. Жеке заттары, сахналық киімдері, афиша, бағдарламалары, марапаттары түгел көрермен назарына ұсынылды. Көрменің ашылуына дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген көрермен ризашылығын білдіріп жатты. Сондай-ақ жобаның бір ерекшелігі, көрмені Асағаның өзі таныстырып өтті .

Сол жылы театрдың 92-маусымының ашылуында ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме ұйымдастырдық. Алматы қаласында орналасқан 8 театрдың басын қосып, театрлар тарихын бір арнада тоғыстырдық. Мұндағы мақсатымыз – барлық  Қазақстан театрлары тарихы жойылмай, оны сақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Осы шараға орай алғаш рет М.Әуезов театр музейінің  альбомын және 8 театрдың бірлескен каталогын шығардық. Бұл да осындай форматта алғаш рет ұйымдастырылған үлкен шара болды. Әрқайсысы өз жетістіктерін, тарихын толық көрсетуге тырысты. Бұл жоба театр әлемінде тарихи сәт болды деп ойлаймын.

2017 жылдың 19-26 желтоқсан аралығында Қазақстанның мәдениет және спорт министірлігінің «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» халықаралық жобасы бойынша М.Әуезов академиялық драма театрының Жапонияның Токио қаласында өткен гастрольдік сапарында арнайы  «Рухани қазына» атты көрмесін ұйымдастырдық. Көрме көшпелі әрі шағын болғанымен театр тарихы, ұлы жазушы М.Әуезовтің қойылымдарынан суреттер, ұлттық нақыштағы тарихи қойылымдарда киген сахналық киімдер және қойылымдарда пайдаланған ұлттық музыкалық аспаптар мен реквизит бұйымдар, кітаптар пен афишалар қамтылды. Келген көрерменді Қазақ ұлттық театр тарихы өзінің ерекшелігімен қызықтырды деп ойлаймын.

Театр тарихында Жапонияға алғаш рет гастрольдік сапар жасалса, театр музейі үшін де бұл  тұңғыш шетелге  жасалған көшпелі көрме болды. Ерекше әсермен елге оралған соң театр труппасымен батыс өңірлерге гастрольдік сапармен барып, кешенді көрмелер ұйымдастырдық.  «Театр әлемі» атты көрмемізді өңір тұрғындары жылы қабылдап, театр тарихымен де танысып, рухани азық алып ризашылығын білдіріп жатты. 

2018 жылдың 24 мамырында Театр музейінің құрылғанына 50 жыл толуына орай  алғаш рет сол кездегі театр директоры  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Майемировтің басқаруымен «Театр музейінің түнін»  ұйымдастыру жоспарланды. Бұл шараға бүкіл театр қызметкерлері атсалысты. Жоспар бойынша сценариі жазылды. Режиссер бекітілді және шығармашылық топ түгел қатысатын болып шешті. Музей залдарында ірі тұлғалардың сахналық киімдерін киіп театрдың артистері спектакльдерден үзінділер көрсетілді. Музей залдарын кезең-кезеңімен театрдың ірі тұлғалары Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі  Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаевтардың өздері таныстырса, үлкен фойеде жастар сахна сайысынан үзінді ойнады. Музей түні кешке қарай басталды. Бұл шара келген көрерменге театр тарихымен танысуға, театр майталмандарымен бірге жүруге сонымен қатар бейне роликтер көруге үлкен мүмкіндік бергені хақ. Дәл осы шараны 2019 жылы  24 мамырда Халықаралық музей күнінде театрдың сол кездегі директоры С.Әбдіхалықовтың басқаруымен  басқа форматта ұйымдастырдық. Музей түнінде үлкен зал сахнасы да пайдаланылды, бүкіл ұжым қатысты. Үлкен фойеге көне суреттер қойылған көрме ұйымдастырдық. Фойенің әр бұрышында бұрышында актерлер сахналанған қойылымдардан үзінді ойнап, әндер айтылды.

2018 жылы  шілде айында Мәскеу қаласындағы А.Бахрушин атындағы Мемлекеттік Орталық театр музейінде және Мәскеу көркем академиялық театр (МХАТ) музейлерінде тәжірибе алып, лекциялар тыңдап келдім. Бірнеше театрда қойылымдар көріп, музейлерімен таныстым. Әрине үйренеріміз көп. Бірақ біз неге солай өз құндылықтарымызды қадірлемейміз деген ой туады? Олар ертеден жинауды бастаған, жәдігерлері мол әрі құнды. Осы жерде біздің театр музейіндегі жәдігерлер де қалыспайды деп айтқым келеді. Сонау 30-жылдардағы шапандар МХАТ театр музейіндегі алғашқы спектакліндегі сахналық киімдерден кем емес. Ең кереметі екі театр музейлері Мемлекеттік ғылыми орталық ретінде қызмет етуде. Әрқайсысының 9-10 филиалы немесе ірі тұлғалардың тұрған үйлері, музей үйлері бар. Бұл деген ғажап қой! Ал, бізде қаншама тұлғалардың үйлері туысқандарына беріліп, дүниелері таран-тараж болып кетті. Әсіресе жұлдызды жұптардың тұрған үйлері, мысалы КСРО халық артистері Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкееваның, Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованың үйлері Үкіметке беріліп музейге айналғанда қазіргі жастар мен келер ұрпаққа тарихи мұра болар еді . Қазақстанда қаншама театр бар, бірақ оларда музей мүлдем жоқ десек те болады. Осы театрлардың басын қосып, Қазақстан театрларының музейін ашсақ нұр үстіне нұр болар еді. «Жаңа Қазақстан» жобаласының аясында осындаай мәселелер көтеріліп, қолға алынса деп армандаймын…

2019 жылы қазан айында театрдың 94-маусымының ашылуы салтанатына 1970-90 жылдар аралығында қызмет еткен фотограф Ғ.Қабдешовтың көрмесін ұйымдастырдық. Көптеген кітаптар мен альбомдарда осы кісінің түсірген суреттері алынған. Ол – ірі тұлғалардың портреттерін жасаған қайраткер.. 2020 жылы ақпан айында атақты суретші сценограф  Ф. Мұқановтың шығармашылық өміріне арналған «Театр сахнасындағы сиқырлы әлем» атты көрме ұйымдастырдық. Ф.Мұқановтың еңбектерін  кезең-кезеңімен экспозицияда  көрсету арқылы, театр әлемі тек режиссер және актермен  шектелмейтінін көрсетуге тырыстық. Қарап отырсаңыз, сахнаның сұлулығын, эстетикасын, керек десеңіз, тұтастай атмосферасын түзуші мамандар – сценограф-суретшілер.Біздің  мақсатымыз  бір қарағанда қарапайымдау көрінетін жұмыстың астарында қаншама сыр мен ой жатқанын жас ұрпаққа, өнерсүйер көпшілікке, театр және театр тарихына қызығушы, ізденушілерге ұғындыру еді. 

2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылды аясында «Уақыт үндестігі» атты кешенді  көрме ұйымдастырдық.  96 жылдық театр тарихын фотографтар Қ.Қабдешев (1980-1998), Р.Бегишев (2000-2013) және Ардақ Төлеубайлардың (2013-2021)  еңбектері көрсетілді. Бұл жобаның мақсаты – қазақ  театр өнері  қазынасындағы фотосуреттердің үлкен бөлігін театр тарихымен байланыстыра таныстыру еді. Сонымен қатар жоба арқылы қазақ  фотопленкасының техникалық және сапалық  даму процесін, заман талабына сай қаншалықты өзгергенін байқауға зер салу. Өнер майталмандарының, сахна сұлуларының түрлі эмоциясы мен қызықты сәттерін  тамашалау, көне және  жаңа суреттер топтамасынан сирек кездесетін  үздік  кадрларды көру, әрине ерекше сезімге бөлейді. Бұл көрменің бұрын соңды болмаған форматта ұсынылуы көпшілікті қызықтырмай қоймайтыны анық еді. Мұндай көрме  өткен жылдарды еске түсіре отырып, қазіргі  театр тынысымен өнер әлеміне сапар шегуге мүмкіндік берді. Әр көрме қою процесінің өзі өте қызықты дер едім. Біз білмейтін талай мәліметтердің тарихы ашылады. Әрі мерейтойларда көрме қою арқылы қаншама дүние жиналады, сөйтіп музей қоры толықтырылып отырады.

Тіпті пандемия кезінің өзі менің жұмысымда ерекше кезең болды. Ел ахуалына байланысты бүкіл жұмысымыз онлайн жүйесіне ауысты. Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығына орай «Театр тәуелсіздік жылдарында» атты онлайн көрменің  және «Жәдігер» бағдарламаларының жобасын жасадық. Барлығы әлеуметтік желілерде көрсетіліп отырды. «Жәдігер» бағдарламасы айына 3-4 рет түсіріліп, көпшілікке ұсынылды. Бағдарламада театр музейіндегі өнер майталмандарының жәдігерлерін қазіргі  атақты артистер Д.Ақмолда, Ш. Асқарова мен Г. Тұтова, А.Сатыбалды мен Н.Қарабалина, Е.Дайыров, С.Бақаева мен З.Карменовалар  таныстыру арқылы театр өнері тарихына тағзым ету еді.

Сахна өмірінің өткені мен бүгінін саралай келе, соңғы жылдары елдегі, әлемдегі індет жағдайына байланысты ұйымдастырылмай қалған «Музей түні» жобасын биыл қайта қолға алып жатқанымызды, мамыр айының 18-інде ерекше форматта өткізуге қызу дайындық үстінде екенімізді айтып өткенім жөн болар!. Бұл жолы кешенді көрмеміз театр музейінің 55 жылдығына орай өткелі отыр. Ендеше театрда және театр музейінде кездескенше, қадірменді көрермен!..

Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,
Мәдениет саласының үздігі,
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық  драма театры музейінің жетекшісі 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір