ҰЛТТЫҚ САХНА ӨНЕРІНІҢ БІР ОТАУЫ
03.07.2023
472
0

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 87-ші маусымы ағымдағы жылдың 23 маусымында «Жәмила» спектаклімен жабылды. Осыған байланысты театр директоры Мәлік Ақүрпеков «Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің» мүшелері өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейісті, өнертану магистрі аталған оқу орнындағы Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының аға оқытушысы Назерке Құмарғалиеваны және театртану мамандығын енді ғана тәмамдаған жас театртанушы Рано Назарованы арнайы шақырып, осы спектакльдің талдауын өткізді. Сонымен қоса театр ішінде ұйымдастырылған «Бүгінгі актерлік өнердің даму бағыттары» тақырыбындағы дөңгелек үстелге ұжым мүшелері толығымен қатысып, театр сыншыларымен пікір бөлісті.    

Ұлттық сахна өнерінің шежіресіне өз үлесін қосып келе жатқан еліміздегі үлкен өнер ордаларының бірі саналатын аталмыш театр бүгінге дейін талай шығармашылық қалыптасу мен дамудың түрлі асуларынан өтті. Ұжымның биік белестерге көтерілуіне мол үлес қосқан Шәріпбек Сәкиев, Еркеғали Ыбраев, Мұқаметқали Табанов, Гүлжамал Батырғалиева, Алтын Ниязбекова, Қасымхан Қайсабаев, Мақсұт Салықов, Оразғали Абдулманов сынды т.б. майталман актерлердің сахналық дәстүрі мен тәжірибесін жас актерлер жалғастырып жатыр. Дегенмен соңғы жылдары Республика деңгейінде өткізіліп жатқан театр фестивальдерінен аталмыш театрдың көрінбей жүргені жасырын емес. Мұның басты себебі спектакльдердің көркемдік деңгейімен тығыз байланысты екендігінде шүбә жоқ. Бұл мәселені жақсы түсінген театр басшылығы биылғы жылдың 27-28 наурыз күндері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бүкіл түркі руханиятының жарық жұлдызы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Темірбек Жүргенов атындағы ішкі театр фестивалін» өткізді. Фестивальде театр репертуарына соңғы 2-3 жыл ішінде келіп қосылған Қ.Мұрат­тың «Мұғалім», қырғыз драматургі Б.Жәкиевтің «Жүрейікші жүрек ауыртпай», Иран-Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы», С.Құдайбергеннің «Періште қонған үй», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай!», А.Бекбосынның «Домалақ ене» драмасы бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді. Фестивальдің қазылар алқасының құрамында болған белгілі театртанушылар, өнертану кандидат­тары Анар Еркебай, Зухра Исламбаева, магистрлер Айзат Қадыралива, Карима Ахан бұл спектакльдердің тақырыптық маңыздылығы мен көркемдік ерекшелігіне, актерлік, режиссерлік өнерге қатысты кәсіби талдаулар жасап, театр жұмысын жақсарту жөнінде өз ұсыныстарын білдірген еді.
Бұдан кейінгі театр шығармашылығындағы елеулі оқиғаның бірі 22-25 мамыр күндері Қырғызстан Республикасында Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына және Қ.Медетбеков атындағы Талас облыстық музыкалық драма театрының 15 жылдығына орай өткізілген республикалық II-ші «ТОО театрлары фестиваліне» жазушының «Жәмиласымен» қатысып, «Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасын ең мықты сахналағаны үшін» («Улуу жазуучу Чыңгыз Айтматовдун чыгармасын эң мыкты сахналаштырғаны үчүн») номинациясын жеңіп алуы, арнайы дипломмен марапат­талуы болды. Сондай-ақ спектакльде Ана рөлін сомдаған Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова мен Сейітті ойнаған жас актер Әнуар Уәлиханұлының актерлік шеберліктері жоғары бағаланып, Қырғыз Республикасының Мәдениет, мәлімет, спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Қ.Иманалиев «Манас» медалін табыс еткен еді. Мұны өзге мемлекетте өткен өнер сайысында көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, елге қомақты табыспен оралған театр ұжымының үлкен жетістігі деп білеміз.
Сол сияқты 1-11 маусым күндері Румыния мемлекетінің Тырговиште қаласында өткізілген «Babel FAST – 2023» халықаралық театр фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуымен» (реж. Қ.Қасымов) қатысты. Әлемнің әр түкпірінен жиналып, небір өнер майталмандары сайысқа түскен дүбірлі мерекеде бүгінгі театр өнеріндегі тың жаңалықтарды өз көздерімен көріп қайтқан актерлер үшін аталған мәдени шара айрықша шығармашылық серпін берді.
Сонымен, театрдың биылғы маусымдағы ізденісін көрсеткен «Жәмила» спектаклінің режиссері Қырғызстаннан шақырылған Нурбек Урматжанұлы повестің сахналық нұсқасын өзі жасапты. Ол соғыстың ащы азабын тартқан ауыл адамдарының тылдағы тұрмыс-тіршілігін бейнелеумен бірге өз махаббаты үшін күресе білген Жәмиланың қайтпас қайсарлығын көрсетуді мақсат еткен. Әдеби шығармадан қайталанбас туынды жасау режиссердің шеберлігіне, ой-қиялының жүйріктігіне, таным шеңберінің кеңдігіне байланысты. Әсіресе Ш.Айтматов туындыларын уақыт ағымына қарай басқаша көзқараспен қою режиссерден тың ізденістерді талап ететіні сөзсіз. Егер спектакльге осы тұрғыдан қарасақ, онда Н.Урматжанұлының бұрыннан сахналық дәстүрі қалыптасқан шығарманы жаңаша оқуға деген талпынысы бірден байқалады. Ол спектакльдің пластикалық бейнесін жасауда шығарманың көркемдік мазмұнынан алшақтамаған.
Нурбек Урматжанұлы мен суретші Рахат Сапаралиева шығарманың ерекшелігіне қарай кеңістікті толық пайдалануға, актерлердің еркін әрекет жасауына көңіл аударыпты. Сахна төрінде егіс даласындағы қызу жұмыстың ырғағын беретін ішіне дән толтырылған қаптар, арбаның дөңгелектері, буылған масақтар, диірмен, т.б. тұрмыстық зат­тар спектакль атмосферасының дәл берілуіне мол ықпал еткен. Сонымен бірге жұмыс істеп жүрген ауыл тұрғындарының үстіндегі киімдерінің барлығы да көрерменге сонау соғыс кезіндегі ауыртпалықтан елес беріп тұрады.
Шымылдық ашылғанда спектакль­дің барлық кейіпкерлері суреттегідей қимылсыз қатып тұрады. Бұл бір қарағанда галереядағы суретші қолымен салынған әрбір кейіпкердің тағдырынан сыр шертетін бейнелі де бедерлі үлкен полотнолы көркем туындыдай көрінеді. Ортаға терең ой құшағына берілген Сейіт қария – Әбиірбек Тінәлі баяу басып шығып, сол суретке қарап, артта қалған балалық шағын еске алып, тебірене сөйлеп кетеді. Тәжірибелі актердің бет-әлпетінен, қимыл-қозғалысынан кейіпкердің ой ағымы мен көңіл күй арпалысы бірден аңғарылады. Ол сөйлей бастаған кезде адамдарға жан бітіп, суреттің қақ ортасында малдас құрып, ақ жейдемен отырған жасөспірім Сейіт – Ә.Уәлиханұлы «Манас» жырын екпіндетіп айта жөнеледі. Міне, осындай көтеріңкі леппен басталған спектакль оқиғасы бірден көрермендерді қызықтырып әкетеді.
Негізінен сахнадағы барлық әрекеттің дамуы, тартыс желісінің шиеленісуі, басқа қаһарман бейнелерінің ашылуы Сейітпен тікелей байланысты. Бұл рөлдегі Ә.Уәлиханұлы өз кейіпкерінің сахналық мақсатын дәл анықтап, жүйелі әрекет жасады. Актердің әдемі сахналық пластикасы, сөз айту шеберлігі, мағыналы қимыл-қозғалысы барлығы да Сейіттің ішкі дүниесіне, мінез-құлқына сай келген. Орындаушы бала психологиясына терең барлап, мінез ерекшелігін тап басқан. Ол жасөспірім баланың табиғатына саятын жастық албырттықты, жан тазалығын, сонымен қоса жеңгесіне деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты иланымды шығарды. Данияр мен Жәмила арасындағы махаббатты парасаттылықпен қабылдаған Сейіттің көңіл күй арпалыстары мен сезім иірімдері Ә.Уәлиханұлының ойынында жан-жақты ашылды.
Спектакльдегі тағы бір шынайы бейнелеу тапқан келесі кейіпкер – Мәкен Рахымжанова орындауындағы – Ана. Актриса ананың әрбір психологиялық тебіреністерінен туатын өзіндік дене қимыл-қозғалысын табумен бірге әйел­дің ішкі дүниесіне терең үңілген. Ана – М.Рахымжанованың сөзінен парасаттылық, мейірмандық, табиғатынан адамға тән жылылық аңғарылады. Рөл орындаушы Жәмиламен сөйлесетін сахналарда оған деген қимастық сезімі мен аналық махаббатын да көрсете алды.
Қойылымда Жүніс Әлімбеков ойнаған Оразмат елгезек, аңқылдақ жан болып бейнеленді. Ана алдында қорғаншақтай сөйлеп, Жәмиланы арба айдауға сұрап келетін сахнасы шынайылығымен баурайды. Актер ел басына күн туған кезде амалсыздан атқа қонған қарапайым еңбек адамының қайсарлығы мен мейірімділігін, Отанға деген сүйіспеншілігін оның іс-әрекеттері арқылы анық танытты. Актердің ауыл адамдарының алдында өктем дауыспен сөйлеп, ширақ қимылдауға тырысқанымен елдің көзінен тыс жерде терең дем алып, зорға қозғалуын соғыс зардабынан жапа шегіп, әбден шаршаған Оразмат бейнесіне сай табылған әрекет дейміз.
Жәмила рөліндегі Зарина Асанның ойынында жас әйелге тән ажарлы кес­кін-келбет, сыпайы қимыл-қозғалыс бар болғанымен, оның өзге ауыл әйел­дерінен даралығы, адами қасиеттері ашылмай қалған. Режиссерлік интерпретацияда Жәмила бір қырынан ғана сипатталған, яғни оның өр мінезділігін көрсетуге көбірек мән берілген. Тіпті спектакльдің бастапқы сахналарындағы Жәмиланың әрекеттерінен ізеттілік пен инабаттылық көп байқалмайды. Енесімен сөйлесетін сәттерде оған қатқыл тіл қатып, бетіне тік қарайды. Режиссер Жәмила мен Данияр екеуінің бір-біріне қай кезден бастап ғашық болғанын айқындай алмаған. Екі ғашықтың іштей ұғысатын сәттері де тым көмескі. Оның күйеуі Садыққа сүймей қосылғаны туралы екінші желіні режиссер ойната алмаған. Тек соғыс даласынан келген Садықтың хатын оқыған сахнада ғана көрермендер Жәмиланың күйеуінен әлдеқашан көңілі қалғанын түсінеді. Бірақ әйелдің махаббат жолында тәуекелге бел буып, сүйген адамымен қол ұстасып кетіп қалуы актерлік ойында ақталмай қалды. Оның үстіне актрисаның тіл шеберлігінің жетіспеуі, автордың тамаша сөздерінің астарын аша алмауы Жәмила бейнесін көркемдік жинақылыққа жеткізбей тұр. З.Асан алдағы уақытта кейіпкердің ішкі көңіл күй арпалыстары мен психологиялық толғаныстарын, өміріндегі қайшылықтар мен Даниярға деген сүйіспеншілікті толық ашуға күш салуы керек.
Соғыс қасіретін көзімен көріп, ауылға жаралы аяқпен ғана емес, жаралы көңілмен оралған Даниярдың оңаша қалатын сәттердегі психологиялық арпалыстары Кенен Ақүрпеков ойынында нанымды суреттеу тапты. Алайда болмысынан ерекше жаратылған жігіттің Жәмиламен кездескеннен кейінгі көңіл күй толғаныстары сахналық шынайылыққа көтерілмей қалды. Үнемі өзімен-өзі үнсіз жүретін Даниярдың арба үстінде отырып айтатын әнін естігеннен кейін оның жүрегіндегі ауыр мұңды сезінген Жәмила өзінің оған шын ғашық екенін анық түсінеді. Бірақ Н.Урматжанұлы актердің әншілік өнерін пайдалана алмаған. Қысқа қайырылған ән кілт үзіліп, қос ғашықтың лирикалық көңіл күйін беруге жәрдемі тимеді. Бір сөзбен айтқанда, режиссер екі кейіпкердің бір-біріне деген нәзік жүрек қағыстары мен алаулаған сезімдерін актерлердің ойыны арқылы жеткізе алмады. Ішпен сезіну, қас пен қабақтан ұғынысу сынды актерлік шеберлікпен өрнектелетін сым пернелер басылмай қалды.
Жалпы спектакльдің музыкалық безендірілуі мен актерлердің орындауындағы әндер көрерменді көңіл тербейтіндей әсерге бөлей алмады. Қазақ пен қырғыз халықтарының соншама бай ән мұрасы бола тұра, режиссердің екі-үш әнмен шектеліп қалуы да көрерменнің көңіл күйін сан-саққа құбылта, толқыта түсетін сәттерге әкелмеді.
Спектакльдің соңында бірнеше финал болып кеткен. Данияр мен Жәмиланың сыртынан қарап, «Қош бол, менің махаббатым!» деп қимастықпен қоштасқан Сейіттің сөзінен кейін спектакль әрі қарай қайта жалғасады. Бүкіл ауыл адамдары «солдат келе жатыр» деген сөзді естіп жинала бастайды. Әрбір әйел өз күйеуінің атын айтып, авансценаға жақындай түседі. Осы жерде Ш.Айтматовтың «Ана – Жер анасындағы» кейіпкерлердің аттарын естиміз. Топ арасынан алға ұмтылған Толғанай «Сыбанқұл» десе, Әлима «Қасым» деп алысқа көз тастайды. Бірақ келген солдат Жәмиланың күйеуі Садық болып шығады. Режиссер тұжырымындағы бұл сахна да логикалық тұрғыда мәресіне жетпеді. Яғни, Даниярмен кетіп қалған Жәмила Отан қорғап елге оралған жарын күтпеген әйел болып шыға келген. Режиссердің бұл тұжырымы автор идеясымен мүлдем қабыспайды. Спектакль мұнымен де аяқталмайды. Садықпен амандасып болған соң Сейіт анасына қалаға барып сурет салуға үйрететін оқуға баратынын айтады. Сөйтіп, барлық кейіпкерлер тура спектакль прологындағыдай сурет кейіпкерлеріне айналып, шымылдық жабылады.
Спектакльдің ырғақ-екпінін ұстап тұруда көпшілік сахнасының орны ерекше. Бұған қатысып жүрген актерлердің біразы өтіп жатқан оқиғаға араласа алмай бос жүр. Айталық, Данияр мен Жәмила көз алдарында сөйлесіп тұрса да, қаптап жүрген әйелдер оған мән бермейді. Қойылым атмосферасын отты да, өршіл етіп, өз дәрежесінде беруге барша актерлер белсене араласуы қажет.
Жалпы, біз спектакльдегі біраз кемшіліктерге тоқталып өттік. Бұл – жас актерлердің сахналық тәжірибесінің аздығынан, ысылып жетілмегендігімен байланысты мәселе. Басқа елден келген режиссер рөлге актерлерді дәл таңдағанымен олардың актерлік мүмкіндіктерін толықтай аша алмаған. Сондай-ақ кейбір рөлдердің, жеке көріністердің олқы шығуының тағы бір себебі шығарманың сахналық жүйесінің тым шұбалаңқы болып кетуінен болып отыр. Бір ай бұрын ғана премьерасы болған қойылымның алдағы уақытта ширап, жинақтала түсетіне күмән келтірмейміз. Ол үшін актерлердің рөлмен өз бетінше жұмыс істеп, тың бейнелеу тәсілдерін қарастырғаны дұрыс. Ең бастысы, бұл туындының репертуарға енуі күрделі шығармаларды меңгеру жолындағы театр ізденісінің жалғасып жатқанын көрсетеді.
Негізінен А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының дәл бүгінгі репертуарында әрқилы жанрдағы пьесалар жеткілікті. Атап айтқанда, ұлттық классикадан Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», аударма драматургиядан У.Шекспирдің «Гамлет», М.Байджиевтың «Сен, Мен», Г.Хугаевтың «Қара шекпен», Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана», замандастар тақырыбында Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», т.б. Бұдан театрдың көрерменнің биік эстетикалық талғамына қарай өз репертуарын көркемдік-идеялық сапасы жоғары шығармалармен толықтырып, ұжымның мәдени деңгейін көтеру жұмысына баса көңіл бөліп отырғанын байқаймыз. Алдағы уақытта актерлер мен режиссерлердің шеберлігін дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, бірқалыпты машықтан құтылуға әрі көрермен қауымға күрделі сахналық шығармалар арқылы ой салуға, жалпы театрдың дамуына әлемдік классикалық драматургияның маңызы зор екенін ескеру қажет. Келесі бір мәселе, театр спектакльдерінің көбін Қуандық Қасымов пен сырттан шақырылған режиссерлер қойған екен. Яғни, осы тұста ұжымда тұрақты жұмыс істейтін жас режиссерлерді шақыру қажеттігі байқалып тұр. Театрдың өз режиссері болғанда ғана оның шоқтығы биіктей түсетіні баршамызға мәлім. Кезінде көрнекті режиссерлер Ж.Арғынбаев, Ә.Ордабаев, Б.Лурье, Ғ.Хайруллина, М.Байсеркенов, т.б. осы театрдың гүлденіп, дұрыс бағыт ұстауына айрықша еңбек сіңіргенінің нәтижесінде ұжым өзіндік үнімен, көркемдік тынысымен, сахналық ізденісімен шығармашылық даралық танытқан болатын. Демек, тың белестерге көтерілудің негізгі кілті – режиссерлік өнермен байланысты екенін уақыт көрсетіп отыр.
Енді үш жылдан кейін 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған театрдың осы уақытқа дейін жеке шаңырағының болмауы ойландыратын мәселенің бірі екені сөзсіз. Бір мекеме астында қазақ, орыс театрлары береке-бірліктері жарасып қатар өнер көрсетіп келе жатқанымен де, қосақтасып өмір сүру екі театрдың да жұмысының алға басуына кедергі келтіретіні жасырын емес. Өйткені сахнаның уақытында босамауы қос ұжым үшін де дайындық жұмыстарын жасайтын кеңістік аясының тарылуына алып келіп, актерлердің өз бетінше жұмыс жасауына тұсау салары сөзсіз. Бұл мәселе бұған дейін де аз айтылып жүрген жоқ. Ендеше, екі театрдың жеке отау болып бөлінуі мемлекет тарапынан қолдау тауып, жергілікті әкімдік назарға алады деген ойдамыз.
Қорыта айтқанда, ең байырғы өнер ордасы болып табылатын аталмыш театрдың жетістіктеріне қуана отырып, театр талғамының төмендемеуін қалаймыз.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір