ТІЛ – КЕЗЕҢДІК ҚҰБЫЛЫС ЕМЕС
Анар САЛҚЫНБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы
«Тіл – ұлттың жады». Ғасырлар қойнауындағы ақпаратты бүгінгі заманда еш жоғалтып алмағандай оқып жүргендігіміз де тіл қасиеті болса керек. Ескі мен жаңа алмасып, ұлт атаулы бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасаған сайын тіл де араласып барады. Көне түркі тілінен бері қарай өз тазалығын сақтап келген ана тіліміздің басына да бұлт үйіріле бастағандай күй кешіп отырғанымыз бүгін емес. Филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбаймен қазақ тілінің өткені мен бүгіні туралы әңгімелескен едік.
– Көне түркі жазба ескерткіштері қазақ тіліне қаншалықты жақын?
– Әрине, көне түркі тілінің қазақ тіліне жақындығы бар. Басқасын былай қойғанда, аудиториядағы студент көне түркі тілін еш сөздіксіз оқып, түсіне алады. Тіл дамуындағы фонологиялық ерекшеліктерді жақсы түсініп-білетін кісі үшін көне түркі жазбаларын оқу үлкен қиындық келтірмейді, өйткені, барлық бір буынды түбірлер ортақ, қазіргі қазақ тілінде олар өзгеріссіз әрі белсенді жұмсалады.
Ескерткіштердің мәтінін оқу, зерделеу бүгінгі қазақ ғылымы үшін маңызды. Мәтінді ғылыми тұрғыдан саралау бізде кенжелеп қалғанын да айту керек.
– Ғалымдар М.Қашқари сөздігіне қазақ тілі ең жақын тіл деп айтады. Басқа түрік тілдерін жақсы білмегеннен кейін осылай айтылып жүр ме? Әлде…
– Тіл қоғамда қалыптасады әрі сол қоғамды динамикалық қалыпқа түсіріп, оны реттеп отырады. Біз кейде тілді қарым-қатынас құралы ретінде ғана бағалап, кісінің дүниетанымдық келбетін қалыптастыратын, айқындайтын қасиетін көңілден шығарамыз. Тіл – кезеңдік құбылыс емес, тіл – халықтың өмірлік жиған-тергенін бойына сіңіретін рухани қазынасы, ұлттың жаны. М.Қашқаридың тіл байлығы мен оның мәйегін жинауы, барлық түркі диалектілеріндегі деректерді көрсете отырып, олардың айырмашылығын танытуы, халық арасында танымдық дәрежедегі аңыздар мен әңгімелерді енгізуі – халық дүниетанымын, дәстүрін болашаққа жеткізу, әдеби тілдің даму жолын айғақтау ниетінен туындаса керек. М.Қашқари еңбегінде өзінің қай тайпадан шыққанын, қай жерде дүниеге келгенін жазбаған, бәлкім, бұл ғалымның ұлылығы мен көрегендігі болар. Осы арада бірсыпыра зерттеушілердің Махмұдтың қашқарлық екендігіне қарап, оны ұйғыр деп танып, ескі ұйғыр ескерткіші ретінде зерттегісі келгені де еске түседі. Орта ғасыр ескерткіштерін жүйелі зерттеген білікті ғалым Әмір Наджиптің зерттеуі көрсеткендей, М.Қашқари өз шығармасын ұйғыр мемлекетінің төл жазуы саналатын көне ұйғыр жазуымен емес, араб жазуымен жазған. Ең бастысы, ұйғыр мемлекеті ІХ-ХІV ғасырлар аралығында жеке мемлекет ретінде бой көтеріп тұрғанда, Қарахан мемлекеті оның құрамына енбеген. Қарахан мемлекетінің негізін оғыздар, қарлұқтар, яғма, қыпшақ, бұлғар, арғу, т.б. тайпалары құраған (яғма, қыпшақ, арғу тайпалары бүгінгі қазақ ұлтын құрап отыр).
Батыс Еуропа мен орыс тіл білімінде салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізі тек ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. қалана бастаса, араб грамматикасынан үйрену негізінде түркі тіліндегі тарихи грамматиканың негізі сонау ХІ ғасырда-ақ М.Қашқаридың “Дивани луғат ит-турк” еңбегі арқылы жасалған еді. Сондықтан беделді басылымдар мен лингвистикалық, энциклопедиялық сөздіктер мен анықтамаларға тарихи-салыстырмалы әдісті қолдана зерттеудің түркі тілінде бай тәжірибесі бар екендігін және оның атасы ХІ ғасырда өмір сүрген М.Қашқари болғанын ерекше бағалау жөн. Бұл ғылым үшін қажет шындық қана емес, сонымен бірге, қазақ халқының рухани дүниесі мен ғылыми дүниетанымының да тарихи тереңдігін танып, халқының рухани бай екендігін бағалау үшін де қажет. Түркі тілдес тайпалардың тілдік сипатынан хабардар ететін мұндай тарихи-салыстырмалы лингвистикалық еңбек дүниежүзінде некен-саяқ.
М.Қашқаридың түркі жұртын аралап кетуінің тарихи себептері бар: Хижраның 448-449 ж.ж. (миләди 1056-1067 ж.ж.) Шығыс Қараханидтер мемлекетінде таққа таласу оқиғалары жиі болады да, Махмұдты елін, туған жерін тастап кетуге мәжбүр етеді. Ол бүкіл түркі тайпаларын аралап, ғылыми жұмыспен айналысады. “Өзіңді олардың оғынан қорғау үшін парасатты адамға тән, ең жақын, ең лайықты нәрсе – мықтылап олардың жолын ұстау. Түркілердің қайғы-қасіретіне назар аударуы үшін олардың жүрегін жаулаудың бір ғана жолы бар, олардың өз тілінде сөйлеу керек”, – деп жазады.
Автор түркі тілінің тазалығы үшін, араб тілінің белең алып, әдеби тілді ығыстырып кетпеуі үшін жанын салып қызмет еткендей. Сондықтан да еңбегінде таза тіл жөнінде көп айтылады, таза тіл жасауға үндейді. Таза тілдер қатарына қырғыз, қыпшақ, оғыз, тухан, яғма, шығыл, ярун тілдерін жатқызады. Қазіргі қазақ тілінің бастауы саналатын бұл тілдердің орта ғасырда таза тіл болуының үлкен әлеуметтік, мәдени маңызы бар. Ұлан-ғайыр сайын дала төсінде мекен етіп жатқан он миллион халықтың бір әдеби тілде сөйлеп, диалектілердің шырмауына шырмалмай, таза тілді болуы қасиеті мен киесін түсінген саналы бабалар мирас еткен мұраның қадірін түсінгені болар. Олай деуімізге себеп, орта ғасырдағы араб мәдениетін енгізе отырып, дәстүр жалғастығын сақтау үшін “Диванның” әсері өте мол болған. Шығармасының әлқиссасын: “Мен Тәңірдің гүлденген мемлекетті түркілердің топырағында жаратқанын, өмір біліктері мен сол топырақты ғажайып өрнектегенін көрдім. Тәңірі оларды түркілер деп атап, асқан сән-салтанатқа ие қылды”, – деп бастайды. Немесе: “Түрік – Тәңір жарылқаушы Нұқ пайғамбардың ұлының есімі. Бұл есімді оған Тәңірдің өзі қойған. Оның ұрпақтары да түрік деп аталады… Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосшым” деп
атаған, – деуі орта ғасырдағы түсінік пен танымға әсер етуі мен рух беруі тұрғысынан ерекше мәнді, маңызды сөздер деп бағалаймыз. Яғни халықтық дәстүрлі танымды, әдеби тілді, ділді сақтаудың негізгі қаруы – рух болса, М.Қашқари сөз арқылы халық рухын осылайша көтерген ғұлама.
М.Қашқари сөздігіне 31 түркі диалектілерінің лексикасы еніп, салыстырылады. Сөздердің қай диалектіден алынғаны белгіленіп, соның ішінде ең көп сөздер оғыз, арғу, пенджек, шығыс қыпшақ, түрік, бұлғар, қарлұқ тілдерінен деп ерекше белгі көрсету арқылы ажыратылып алынады. Зерттеуші-ғалымдардың пайымдауынша, автор негізгі деректерді оғыз тайпалары арасынан жинаған, содан кейін шығыл, арғу, қыпшақ сөздерін мол пайдаланған. Сондықтан “Дивани луғат ит-турк” тілінде оғыз, қыпшақ, яғма, ұйғыр, арғу тілдерінің элементтері араласып отырады. Автордың өзі де еңбегінде оғыз жазба тілінің құрамына оның толық компоненті болып, қыпшақ, иемек, бұлғар, печенег диалектілерінің енгенін ескертіп отырады. Ғалым Ә.Нәджип мұраның тілін аралас тіл деп атауды ұсынғанда, сірә осындай негізгі факторларға назар аударған болуы керек.
Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде осындай тарихи мұраларды мәтін ретінде зерттеу, ондағы тарихи мағлұматтарға ғылыми контексте жаңаша баға беріп, формальдық жағын қазбаламай, танымдық арнада саралау мәселесі кешеуілдеуде. Бұл – өкінішті, әрине. М.Қашқари сынды ғұламаларды қазаққа немесе өзбекке, ұйғырға, не түрікке, әзірбайжанға телуден гөрі ортақ мұра ретінде танып зерттесек, ұтарымыз мол.
– Баласағұн түркі тілінде ең алғаш шығарма жазды. Бұл араб-парсы тіліне тосқауыл сияқты еді. Ал М.Қашқаридің сөздік жазуының себебі не?
– Бұл, ең алдымен, қазақ дүниетанымы мен орта ғасырда жасаған ұлы ақынның ой бірлігі мен таным бірлігін, ортақ ділді танытса керек. Мәдени-танымдық сабақтастық, дәстүр жалғастығы деген де осы. Екіншіден, ақын тілінің мәнеріндегі көне қазақ тілінің сипатын да таныта алатын көрініс. Бұлай деуіміздің тағы бір дәлелі, түрколог-ғалым Әмір Наджип зерттеулеріндегі толғамды да толымды ғылыми тұжырымдар. Ғалым Каир, Наманган және ұйғыр таңбасымен кейін хатқа түсірілген Вена нұсқасын бір-бірімен салыстыра зерттеу нәтижесінде кейбір бәйіттердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық айырмашылықтарын айқындайды. Ғалымның пікірінше, біраз өзгерістерді автордың өзі енгізуі де мүмкін, көшірушілер тарапынан да біршама жаңа сөз қолданылып, басқа сөзбен алмастырылып өзгертілген. “Құтты білік” ұйғыр тілінің негізінде жазылған деген пікірдің ұшқары, дәлелсіз екенін нақты деректермен анықтаған ғалым, ең алдымен қолжазбаның араб таңбасымен жазылып, сол кезеңдегі кітаби тіл ретінде қабылданған аралас тілмен жазылғандығын көрсетеді. Яғни егер бұл ұйғыр тілінің ескерткіші болса, онда ХІ ғасырдағы ұйғыр таңбасымен жазылып, таза ұйғыр тілінің әдеби мұрасы ретінде бағаланатын еді. Жазба мұраның араб таңбасында жазылғанын өзі оның ұйғыр ескерткіші бола алмайтындығының кепілі. Әмір Нәджиптің “аралас тіл” деп отырғаны шығыл, арғу, яхма, оғыз, қарлұқ тілдері. ХІ ғасырда бұл тілдердің қолданылу сипаты ұқсас, жазба мұралары бір әдеби тілде жазылған. Арғу тайпалары Қарахан мемлекетінің шығыс бөлігін түгел алып жатқан, әрі Баласағұн қаласы негізінен арғу, шығыл тайпаларының мекені болған. Ә.Нәджиптің айтуындағы “Құтты білік” тілінде арғу тайпасының тілдік ерекшелігі мол сақталуының осындай табиғи-тарихи себептері бар деп пайымдаймыз.
– Араб, парсы тілі түрік тіліне көп ықпал еткенмен, одан тіліміз байымаса, сорламаған сияқты. Қазіргі көп сөздер сол тілден енген сөздер ғой. Ал бірақ орыс тілі келгенде, тіліміз қатты әлсіреді. Осының себебі не? (Тіліміз бұрын-соңды қазіргідей сорламаған сияқты).
– Араб және парсы тілінен енген сөздер аз болмады. Көп болды. Оның куәсі – бүгінгі араб-парсы тілдік бірліктерін бойында көп сақтаған қолданыстағы өзбек тілі. Қазақ халқының көшпелілік салты парсы және араб сөздерінің мол кіруінен сақтауы да ықтимал. Салыстырмалы түрде бүгінгі таңда қазақ тілі – көне түркілік бірліктерді сақтаған таза тіл санатында. Мұны қазір өзбек ғалымы, профессор Бахтиер Каримов компьютерлік зерттеулер негізінде дәлелдеп жүргенінен ғылыми қауым хабардар.
Қазіргі таңда тілімізге еніп жатқан шетел сөздері аз емес, әрине. Одан қаша алмаймыз. Технологиялық өркениет заманында шетелдік сөздерді қабылдамау уақытқа ілесе алмаумен, көштен қалып қоюмен барабар жағдай болар еді (Ғылыми тіл қалыптастыру, терминдерді аудару немесе фонетикалық жағынан ыңғайлап қабылдау, т.б. – бұл басқа мәселе). Кейінгі шыққан «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін» ашып байқасаңыз, шетел сөздерінен көз сүрінеді.
Ғылымда «Тілдік әмбебаптық» және «лингвистикалық типология» деген ұғымдар (ғылыми бағыт) бар ғой. Ресей ғылымында, АҚШ-та бұл мәселеге қатысты ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап көптеген ғылыми зерттеулер жүйелі жүргізілген. Тілдік әмбебаптықты табуды кей ғалымдар фикция деп есептегенімен, тілдер арасындағы ортақ заңдылықтарды ашуға талаптанған ғылыми жұмыстар да бар. Жаһандану заманындағы қолданыс құралы болатын әмбебап емес, бірақ көбіміз қолданатын күшті тіл таңдалып қойылған. Оны өзіңіз де білесіз. Мұндай жағдайда қазақ тілін қалай сақтауға, қалай қорғауға болатынын кең ойлану қажет. АҚШ конгресі кітапханасының анықтауынша, әлемде 7048 тіл бар (1992 жылғы Лингвистикалық сөздікте – 6300), әр аптада 1 тіл жойылады. Басқаны былай қойғанда, түркі тілдерінің көпшілігі қазір жойылу алдында тұрғаны анық. Жақында АҚШ-та болған сапарымызда Висконсин-Мадисон университетінің профессоры К.Давид Харрисон тыва тілінің жойылып кетудің алдында тұрғанынан хабардар етті. Бұдан өзге қарайым, ноғай, гагауыз, хакас, башқұрт, т.б. тілдердің жағдайы да көңіл көншітпейді.
Қазақ тілінің сақталуының басты талабы, біздіңше, қазақтардың бір-бірімен қазақша сөйлесуіне кеп тіреледі. Тіл – сөйлеудің қамбасы ғана. Ал қамбада жатқан дүние қолданылмаса, көгереді, бүлінеді, тозады, құриды. Сондықтан тілді күнделікті қолданыста белсенді жұмсап, сөйлеп, пайдаланып отырсақ қана дамиды. Қазіргі жаһандану заманында көп болып тілді қолдану арқылы, ауызекі тілде сөйлеу арқылы, жазылған көркем мұраларды оқу арқылы ғана тілді сақтауға болады.
– Қазір тіпті калькамен сөйлейтін болдық. Сөйлем құрауымыздың өзі орысша. Оның тіпті калька екенін де білмейтін дәрежеге жеттік.
– Балама сөз – қоғамдағы мәдени, саяси өзгерістер мен ғылыми-техникалық прогреске сәйкес шет тілдерден енген атауларды жолма-жол аударудың арқасында пайда болған жаңа сөз, жаңа фразеологиялық атау немесе сөздің жаңа мағынасы. Әлемдік тіл білімінде балама сөз сөздік құрамды байытудың тиімді жолдарының бірі ретінде қаралады. Балама сөз (калька) арқылы қаншама жаңа сөз қолданыстары жасалып, күнделікті лебізде жиі қолданылады: тіл білімі, жаратылыстану, алғысөз, халықаралық, халықаралық қатынас, саяси пікір, балама белгі, дара меншік, дербес күзет, әскери ант, әскери сот, әділ сот, әлеуметтік әдіс, өткір радиация жабық экономика – ашық экономика, ішкі шығын – сыртқы шығын, ішкі рынок – сыртқы рынок, тұрақты валюта – тұрақсыз валюта, қайтымды валюта – қайтымсыз валюта, сыртқы сауда, сыртқы қарыз, аралас несие, т.б. Меніңше, мұндай атаулардан қаша алмаймыз. Қазақ тілінің ішкі тұлғалық және мағыналық заңдылықтарына, сөзжасамдық уәжділігіне негізделіп жасалған атаулар қазақ сөзін байытады.
Ал сөйлем құрау жүйесі дегенге келсек, мұнда әңгіме басқаша. Тілдегі сөз жүйесі (лексика) өзгермелі келеді. Жоғарыда әңгімелеген араб-парсы тілдерінің қазақ тіліне әсері тек қана осы лексикалық жүйеде болды. Қазіргі қолданыстағы сөз біраз уақыттан соң тарихи сөздерге айналуы бек мүмкін. Ал сөздің грамматикалық құрылымын қате қолдану, сөйлем құрылысын өзгерту – бұл қазіргі сөйлеу тіліміздегі аса өзекті мәселе. Мұны барынша қадағалап, тарихи қалыптасқан сөйлем үлгісін сақтау парыз. Телеарналар мен радиоларда «мен білем» деген кей мықты мамандардың өзі сөйлеу барысында қалыптасқан сөйлем жүйесін өзгертіп сөйлеуді дағдыға айналдыруда. «Мен ойлаймын», «айту керекпіз», «сөйлеу керекпіз» (айтуымыз керек, сөйлеуіміз керек) деуді үдетіп барады. Оған әй дер әже, қой дер қожа бар ма?
– Теледидарда да, газет-журналдарда да тіл алалығы бар. Халықтың негізі көретіні солар болғаннан кейін де тіліміз зардап шегіп отырған шығар…
– Бала-шағадан бастап, бәріміздің тілімізді тәрбиелеп жатқан теледидар мен радио. Өйткені, күнделікті ақпараттан бастап, мультфильмдерге дейін дұрыс сөйлеу үлгісін танытып жатса, қазақ тілінің дұрыс дамуына игі әсер етер еді. Бүгінгі таңдағы телеарналар ауызекі сөйлеу тілі дамуының басты көзі ғана емес, сонымен бірге үлгісі де болуы керек. Көпке топырақ шашуға болмас, алайда, журналистер мен дикторлар лебізінде кетіп жатқан қателіктерді былайша саралауға болады: тұрақты тіркестердің мағынасын түсінбей бұрыс қолдану; сөздің айтылу заңдылығын сақтамау, яғни үндестік гармониясының бұзылуы; сөздің мағыналық тіркесімділігін сақтамау; грамматикалық тұлғаларды дұрыс жалғамай жұмсау. Сондықтан қоршаған ортадағы адамдар, сүйікті көретін композитор, төтенше қыдыру, балалармен ұсынылған сынды орамсыз, шорқақ тіркестер кездесіп жатады. Өкінішке қарай, осындай қате қолданыстарды тыңдауға құлағымыз үйреніп бара жатқандай.
– Қазақ тілінің бүгінгі қолданысы туралы әлеуметтік зерттеу бар ма?
– Қазақ еліндегі тілдік ахуалдың өзіндік ерекшелігі бар, тіл саясаты – мемлекетіміздегі ұлт саясатының ажырамас бөлігі. Көп ұлтты еліміздегі тіл саясатының берік негізділігі Ата заң арқылы заңдастырылып бекітілген. Алайда, мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінің ауызекі қолданысынан бастап, мемлекеттік деңгейде ресми жұмсалуына дейінгі аралықтағы жағдайын саралап, жүйелеп, байыптап, бағамдап, әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, ғылыми тұрғыдан нақты бағалап отыру қажет. Қазіргі таңда қазақ әлеуметтік тіл білімі ең кенже қалған сала санатында. Бірлі-жарым орыс тілінде шыққан сөздіктерді, бірлі-жарым монографияларды айтпағанда, қазақ тілінің әлеуметтік жағдайымен шұғылданып, бүгінгі қазақ тілінің сипатын анықтаумен айналысып, арнайы маманданып отырған ғалым да жоқтың қасы.
Дамыған шет елдерде тіл білімінің негізіне әлеуметтік тіл білімі алынады. Бүгінгі күні шетел тіл білімінде әлеуметтік лингвистиканың негізгі зерттеу нысандары ретінде – жоғарғы әлеуметтік тап өкілдеріне тән ең консервативті тілдік қолданыс пен жалпыхалықтық қолданыстағы сөйлеу тілі жеке қарастырылады. Мәселен, америкалық өлшемде тілдің өмір сүруі мен оның зерттелуінің өзектілігі сол тілде сөйлеушінің санымен, оның ішінде де 10 жасқа дейінгі баласы сөйлейтін тіл – болашағы бар тіл санатына алынып, өлшенеді. Зерттеулер, көбінесе, тілдің әлеуметтік сипатын зерделеуге, қолданбалығын айқындауға арналады. Ал бізде, керісінше, дәстүрлі құрылымдық тіл білімінен шыға алмай, жалғаулар мен жұрнақтарды әлі санап отырмыз. Мектептен бастап, қазақ тілі сабағында грамматикадан бас алмай оқытамыз да, тестке дайындаймыз, нәтижесінде оқушы ойын нақты жеткізе алмайды, әдеби көркем тілде шешен сөйлей алмайды, әдебиетті оқымайды дейміз. Кінә оқыту жүйесінде емес пе, мүмкін оқулықтарда кінәрат бар болар деп ойланатын сәт келгендей. Балалар оқымай ма, әлде оқулықтар оқыта алмай жатыр ма деген сұрақты да қоятын уақыт жетті (бұл өзінше үлкен мәселе!).
Қазақстандағы тілдік жағдай мен мемлекеттік тілдің қолданысын, оның даму жағдайын, көсемдер тілінің сипаты, екітілділік, үштілділік жағдайындағы тілдік жұмсалым ерекшелігі, бұқаралық ақпарат құралындағы, ауызекі сөйлеу тіліндегі, т.б. жүйелі әрі кешенді зерттеп отыратын арнайы әлеуметтік-тілдік зерттеу институты құрылуы қажет. Мұнда саясат тілін, экономика тілін, ғылым тілін арнайы қарастыру қолға алынар еді. Елдің күнделікті әлеуметтік ортасында дамитын тілдерді, яғни қала тілі мен ауыл тілін, олардың бір-біріне ықпалдасуы мен ауысу құбылыстарын жеке қарастыру да өзекті мәселе. Сондай-ақ, қарым-қатынас кезінде дамитын сөйлеу тілін, яғни мұғалім мен шәкірт, дәрігер мен науқас, дүкенші мен сатып алушы, т.б. қатынасындағы тілді, т.б. әлеуметтік лингвистиканың қолданбалы мәселелерін жеке зерттеу нысаны ретінде қарастыру күн тәртібінде тұр. Қазақ тілін қолданушылардың тілдік деңгейін сараптау, зерделеу де күрделі мәселе. Мұндай іргелі ғылыми мәселелермен әлеуметтік-тілдік зерттеу институты айналысса мақұл.
– Заңдардың әуелі орысша жазылып, содан кейін ғана қазақшаға аударылуы туралы пікіріңізді айтсаңыз.
– Мемлекетіміздің парламенті қабылдайтын заңдар мемлекеттік тілде жазылмайды дегенді айту да, есту де ерсілеу екенін мойындау қажет. Алайда, шындық солай. Бұған ғалымдардың шамасы келмейді ғой.
Өзіңіз білесіз, Мемлекеттік тілде әзірленген алғашқы заң жобалары болды, “Көші-қон туралы” Заң, Фариза Оңғарсынованың ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы” Заңы, «ҚР мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мемлекеттік тілде жазылып ұсынылды. Ешкім бұл қалай болды деген жоқ. Депутаттар түсінді, қабылданды, халық қуанды. Демек, өзге заңдарды да осылай мемлекеттік тілде жазып, қабылдауға болады. Қазіргі таңда екі тілді, үш тілді еркін меңгерген мамандар да жетерлік.
– Әлеуметтік желіні жиі пайдаланасыз. Сондағы қазақ тілінің қолданысы туралы не айтасыз?
– Тіл табиғатынан әлеуметтік құбылыс болғандықтан, әлеуметтік желілерде жазылып жатқан жазбаларға да бей-жай қарауға болмайды. Телефондағы хабарламадан бастап, әлеуметтік желідегі пікір қалдыруға, мақала жазуға дейін әр қазақ баласы аса бір жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені, бұл да қазіргі уақыттағы лебіздің бір түрі. «Мен қате жазғаннан қазақ тілі бұзылып кетпейді» деген ой әрбіріміздің санамызда болса, не боламыз. Сонда бәріміз де солай бұрыс жазып, бұрыс қолданыстарды тұрақтатып, тұрақты тіркестерді орынды-орынсыз қолданып, варваризмді күшейте берсек, тілдік қолданыс қайда барады?
Әлеуметтік желілерде жазылған ақпараттар, тіпті ол бірер ауыз пікір қосу үшін жазылған сөйлемнен тұрса да, кең ауқымды қамтитын қауымға арналғандықтан, өзіндік лебіздік құндылыққа ие. Ақпаратты тыңдаушы мен оқушының ниеті де, деңгейі де, білігі де әртүрлі болғандықтан, әркім одан өзінше пікір түйері анық. Әр замандағы сөйлеу тілінің деңгейіне де, жазба тілдің деңгейіне де сол тілде сөйлейтін әрбір адам жауапты. Яғни қазақ сөзінің тазалығы «жоғарыдағыларға» емес, сіз бен бізге, жеке «менге» тікелей байланысты. Әрқайсымыз – тілдік тұлғамыз. Бір ауыз сөзді жазсақ та, айтсақ та дұрыс жазып, дұрыс айтып, тыңдаушының дұрыс сөзді оқып, тыңдауына жол ашсақ, қазақ тілінің болашағын ойлағанымыз – осы болмақ.
Тілдің бүгінгі әлеуметтік ахуалы мемлекет жүргізіп отырған тілдік саясатпен тығыз байланысты болатыны белгілі. Бүгінгі таңда қазақ тілін дұрыстап оқудың, оқытудың мотивациясы артып отыр, бұл, әсіресе, шетелдіктердің қазақ тіліне деген қызығушылығынан анық көрінеді. Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту ісі де қазіргі Қазақ елі үшін аса маңызды және өзекті мәселенің бірі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Маржан ҮКІБАЕВА.