АЛАШОРДА АМАНАТЫ
(поэмадан үзінді)
Қасымхан БЕГМАНОВ
I.
Дала бұл қара жолы ширатылған,
Қаласы, моласы да қиратылған.
Зарығып жел өксиді, опырылған,
Қарқылдап топ қарға ұшты зиратыңнан.
Шет-шегі көрінбейтін қиыр далам,
Төскейін жолбарыстар шиырлаған.
Атылып Алашорда арыстары,
Топырақ туған жерден бұйырмаған.
Далам-ай, бабалардан мұра қалған,
Қасірет қайғым ба бұл сұрап алған.
Қабағын ашпай қойды қарап тұрдық,
Балбал тас қаз-қатар боп тұра қалған.
Қайран далам, атадан мұра қалған,
Атыз-атыз тарихтан бұлақ алған.
Арыстары есіне түскен сәтте,
Ауық-ауық бұлттары жылап алған.
Жылап алған… дұшпанға сыр бермеген,
Көмкерілген жазығы гүлдерменен.
Суреттерден қарайды қанша сәби,
Ештеңені түсініп үлгермеген.
Бұлар, бұлар ашықтан қырылғандар,
Ата қоныс жерінен сырылғандар.
Аттан түсіп, аялдап, аптық басып,
Құран оқып кеткейсің бұрылғандар.
II.
Аппақ Ай нұрын төккен сары алабым,
Жаныма нұр құюға жарамадың.
Ғасырдан ғасырларға көш бастаған,
Қатепті қайда кеткен, қара нарым?
Көрмеген қиялыңды елең қыла,
Тау суын алып қашты төмен жыра.
Етпеттеп теріс қарап жата қапты-ау,
Ортасын жолдар бөлген белең мына.
Атты таң сары жолағын шашыратқан,
Көрінді Ақсары әні асық атқан.
Жырыпты жиектерін қара жолдың,
Тау суы ауылды орап тасып аққан.
Арланның азуында ғасыр ұлып,
Жоғалды топ-топ иттер асыға үріп.
Топырақ сұп-сұр бопты сазбеттеніп,
Сұмдықтар жата қалған жасырынып.
Өткендер өтті, кетті босама, аға,
Ынжықты қатыгездер тоса ала ма.
Атырау мен Алтайым, Сарыарқам-ай,
Не болып, не қоймаған осы арада?!
Бораны сары шәйнектей сақылдаған,
Айтсаңшы, кім жерленген атын маған?
Бейітті беткейдегі бүркеп алып,
Осынау таңды күтіп жатыр далам.
Таулар да оңашарақ тұр ойланып,
Қашқан су бұрқылдайды лайланып.
Жаратқан Ием сақта қазағымды,
Дүние де сан құбылған шыр айналып.
Төңірек тұрғандай бұл наламды ұғып,
Жұлдыздан шашу шашты қараңғылық.
Қасқыр ит, қара жорға, қараша үй,
Сағынып табынғандай табалдырық.
О, мұндай дұшпандыққа төзем бе, елім?
Неліктен үндемейсің, сезем, белім…
Жұлдыздар ағып жатты із қалдырып,
Өкісігін ішке тартып өзендерім.
Түркістан көне қалам, тіл қатпаған,
Ғасырға келіп жеткен, бірге аттаған.
Жыр да аман, әуез де аман, ырғақ та аман,
Сырыңды неге айтпайсың құндақтаған?!
Біздерді кешіре гөр Алашорда,
Қаласы анда, сағымды дала сонда.
Шемен боп жүректерде қатып қалған,
Қазақтың жазылмайтын жарасы онда!
Туған жер! Жерленбесе төсіңе егер,
Ере алмай қалған болсақ көшіңе егер.
О, мұңлы Алашорда, кеш іздесек,
Біздерді кешіре гөр, кешіре гөр…
III.
О, туған жер!
Аспанда анау қаңқылдай ұшқан қаздарың,
Даусында оның азба мұң.
Арқырай соққан, дүркірей шапқан құлақта қалған саздарың,
Жерошақтарда қып-қызыл шоқ боп маздадым.
Шарт етіп түскен сол шоқтан өртеніп кете жаздадым,
Жазған жоқ мұны сәл көңіл бөлсең аз дарын.
Бәрі де дұрыс болғанмен, уақытты қайтем зырлаған,
Алашорданы алдымда менің жырлаған,
Сұлтанмахмұт пен Мағжаның!
Көздерді көрдім кірпіктеріне ыстық жастарын сулаған,
Күз келмей жатып ағаштар менен гүлдерді көрдім қураған.
Сатқын деп кеше елімді көрдім шулаған.
Сананы солай империялар улаған.
Ұрпақты қайтем Әлихан менен Мұстафа болып тумаған,
Уақытты қайтем соңғы ракетадай зулаған
Жүректі қайтем тулаған,
Том-том ғып жазған кітаптарым мен дастандарыма сыймаған.
Қыздарды қайтем қоштасар сәтте,
жәудірей қарап қимаған,
Алашорданы жаза алмай жүрмін маңдайға біздің сыймаған.
Жастық шақ біздің көшеде қалған,
пәтерге көшкен пәтерден,
Алашорда ғой еңсені түскен, рухты тартып әперген,
Қазақта мынау жалғыз жан болды өлеңге мені әкелген,
Айбергеновтің сағынышы да сөз емес,
Қыздарға ғашық боп жүрер қазір кез емес,
Өткінші өмір – өзі елес.
Ауыл шетінде аспанға қарап арлан қасқырдай ұлыдық,
Қасиетің мен қасіретің де қатар жатыр ма ұлылық.
Базарға шығып ұлы мұраттардан айрылып қалып құрыдық.
Күн туар ма екен отырар бірге, қазақтың басы бірігіп,
Жаратқан екен жаратқан Ием қайтейін,
жаныңды қазақ сірі ғып.
Алашордамды шетінен алып, ірі ғып,
Отырмын жалғыз суық архивте сарғыш құжаттан сыр ұғып.
Санама менің себездеп түскен алыс жылдардан жарығың,
Топырлап жүрген түңіліп кейде төңірегіме налыдым.
Айналдым сенің саңқылдап жеткен даусыңнан,
Мәскеу мен Берлин мәңгілік қалай қаусырған.
Жат топырақта қалай жатсыңдар осындай
кезде алаңсыз,
Ғасырлап күткен Тоныкөктейін алыбым.
Алуан да алуан тақырып оларға көңіл соқпаған,
Соңғы ақын сірә мен емес, Алашорданы жоқтаған.
Жете алмай қалды-ау түбіне жазғаныменен сан дарын,
Аспанда мынау шолпан жұлдыз боп жанбадым.
Шөлдеген сәтте тамшы боп неге тамбадым.
Көре алмай кеткен Тәуелсіздіктің алаулап атқан таңдарын,
Қандарын төккен батырларым мен хандарым.
Қиялдарыңмен, ұлы армандарың сілкілеп мені оятқан,
Қайталанбас, ер Мұстафа Шоқайұлы заңғарым.
Қанша күн жалғыз саралап жаттым,
қаралап жатты санасыз,
Баласыз адам көрсең де, көрдің бе адам моласыз.
Сезініп әбден, көз ілген сәтте көрде жатқандай боласыз.
Алтынды қалай бағалар, надандар мыссыз, қоласыз,
Мұрағаттарды мұң шаққан отырып үнсіз шоласыз,
Аралдай қайта тартылып барып, арнадан асып толасыз.
Жыр жаза алмады, әріпін ойып тасына,
Ел бара алмады, кебінделмеген, жаназасы жоқ асына.
Бейіттері жоқ барайын десем Құран бағыштап басына,
Кім көңіл бөлсін көзіңнің аққан жасына.
Жүрекке қаяу түскенде, барам деп қайда,
жас ұрпақ жылап жасыма,
Ормандай оймен жетеміз ұшып рухтарының қасына,
Жас ұрпақ, жаным, жасыма!
Қазақ әйелі туады әлі, олардай асыл тұлғаны,
Шығады елім таулар мен биік қырға әлі.
Шығарып салып тұрмын мен жалғыз тізіліп ұшқан тырнаны,
Жүректі баурап жазылар жырдың ырғағы.
Асылдарым-ай, Ел мен Жер үшін қуғын-сүргіннің құрбаны,
Жағалап жүріп ойладым су қашқан ескі жылғаны.
Айналдым сенен, айналдым асыл ұлы елім,
Оңай емесін, бәрінде сезем, білемін.
Қазағыма бұл өлеңмен тоқтау айтқанмен,
Жоқтауды жаздым езіліп тұрып жүрегім.
IV.
Сан ұрпақ көңілдерің толар әлі,
Ұраның қыраның да болар әлі.
Есіме түссе менің қуғын-сүргін,
Әлихан бірінші ойға оралады.
Ана тұс қойтасы көп қорым болған,
Бір тарихым басталған со бір маңнан.
Қара Ертіс орап аққан бұл қалаға,
Әлекең кеше келген Орынбордан.
Қазақтың ұлан-байтақ даласында,
Ертістің гүл көмкерген саласында.
Әлекең көп ойланды жалғыз жүріп,
Алаштың сол бір сұлу қаласында.
Төсекке қарайламай жары жатқан,
Атыпты, атыпты ғой тағы да ақ таң.
Қара Ертіс сырын бүгіп толқып жатты,
Семейдей нән шаһарды жарып аққан.
Жазықсыз жағылатын күйені ойлап,
Обалы, сауабы мен киені ойлап.
Қол созым жерде тұрды сырлы аралым,
Әміре ән салатын Түйемойнақ.
Туған елім парқыңа жетер ұлды,
Халқымен бір бақытқа жете білді.
Он екінші желтоқсан, Азаннан соң,
Алаш туы аспанға көтерілді.
Жанарды жасырды елден жас кергенін,
Әлиханды төраға қош көрді елім.
Халық пен жерін аман сақтау үшін,
Алаштың құрды шұғыл әскерлерін.
Дұшпаны да кемшілік таба алмаған,
Сан құпия түбінде табар ғалам.
Ахаң, Жақаң, Әлихан, Мұстафаның,
Империя тауларын шаға алмаған.
Ұлы елім, ер қадірін шын ұққандар!
Алдыңнан атқанымен күліп таңдар.
Жаханша, қайран Халел, Смағұл мен
Әлімхан Ермековті ұмытпаңдар.
Қаршадайдан зиялы, арлы ұландар,
Ғасырдан ғасырларға қарғығандар.
Әлекеңнің үмітін ақтап өтті,
Мұстафа, Қаныш, Мұхтар, Марғұландар.
Алла да берген екен сол ұлына,
Куәгер бұл сөзіме жолы мына.
Әлихан ғой ең алғаш баға берген,
Кенесары-Наурызбай жорығына.
Алауың мәңгілікке жалындасын,
Беу, қазағым! лаулайтын шағыңдасың.
Арман бар ма жігітте, бірге туған,
Бопайдай болса, шіркін, қарындасың!
Он жылдай жауға шауып атойладың,
Сезгендей сатқындардың жат ойларын.
Алты ұлын тегіс атқа отырғызған,
Өкпелеп қайын жұртқа, Бопай ханым.
Көңілін толқытпайды басқа сарын,
Білгендей бұл өмірмен қоштасарын.
Есіме Бопай ханым түсе берді-ау,
Тыңдасам Тәттімбеттің Қосбасарын.
«Он бір жыра»… о, менің зарлы өлеңім,
Дүние-ай, алабыңды тар демедім.
Сыздық төре артынан іздеп барған,
Наурызбай мен әкесі хан Кененің.
Майданға «Елім-айлап» шығатұғын,
Жылжыған тас табандап жыл ақырын.
«Ел бүгіншіл…» әлі де Ахаң айтқан,
Беу, жас ұрпақ сөзімді ұғатұғын.
Ұлы мақсат ерлерді күйікті етер,
Сахарасын сонда да сүйіп кетер.
Алашорда ұрпаққа жер қалдырды,
Емін-еркін жеті ел сыйып кетер.
Көктем келді жер-ана тазаратын,
Жаңа толқын жыр етіп жазар атын.
Жас ұрпақ Алла менен Алашорда,
Арқалап жүрміз бүгін аманатын.
Айтатын болсам қалқа саған атын,
Баяғы Алтын Орда қағанатын.
Адамдар ұмытуға бола ма екен,
Алла мен Алашорда аманатын.
Анық білді түбі елі гүлдейтінін,
Басқаша өмір ол ерлер сүрмейтінін.
Кейбір надан, япырай, білмей ме екен,
«Аманатқа қиянат» жүрмейтінін.
Өзге тірлік, басқа ойға бас бұрмадың,
Жанарларда кім сезсін жас тұрғанын.
Қайран Ахаң! тірнектеп ел ішінен,
«23 жоқтау» жинап ап бастырғанын?!
Жарық күн шұғыласын жая алмаған.
Жарқырар кез келді ғой, оян, далам!
Қалайша өлтіргенін хан Кенені,
Көне кітап біздерге айтып баяндаған.
Алашорда құрылды құдай қалап,
Қан төгілген ескі сай, жылайды алап.
Өңменіңнен өткізіп көз жанарын,
Тұрады олар суреттен сынай қарап.
Ақ үмітті аялап үлгермеген,
Жүректерін сағыныш, жыр кернеген.
Өтті өмірден сол ерлер «қазағым» деп,
Қара мылтық алдында сыр бермеген.
V.
Қазағым, жер жүзінде ас береді,
Ескерткіш қып сан алуан тасты өреді.
Алашорда түскенде есімізге,
Жанарларға мөлтілдеп жас келеді.
Жас келеді жанарға, көңілге мұң,
Кетіп жатыр, кеп жатыр өмірге кім?
Майдандарда жеңгенім, жеңілгенім,
Болашағым ертеңім, сенің, менің.
Түсер түбі далама жарық көктен,
Алашорда сара жол салып кеткен.
Бұл қазақтың бір мұңы, эпостағы,
Алты қаздың сазында қалып кеткен.
Солар ғой, елім деген, жерім деген,
Қанша жыл газеттерден көрінбеген.
Апыр-ай, ажалыңнан қаймықпасаң,
Әлсіз екен алдыңда өлім деген.
Бейітке қонды барып ұшып кептер,
Ауыр-ауыр ойларға түсіп кепті ел.
Әлихан, Мұстафа мен Міржақыптар,
Ахмет, Мағжан ақын, Жүсіпбектер.
Кімге керек, уайым-қайғым менің,
Ізсіз, түзсіз жоғалған ай, күндерім.
Суреттерден тұрады сынай қарап,
Жансүгіров, Сейфуллин, Майлиндерім.
Қандай сұмдар жазықсыз жазалатқан,
Жүрегіме зарлы жыр жазады ақ таң.
Әлия мен Мәншүк боп өр намысым,
Граната лақтырып қаза тапқан.
Беу өлең, нәйеті бір сыр ғанасың,
Құбылаң түгел болып тұрмағасын.
Әлихан Бөкейхан деп күндіз-түні,
Іздейді қазақ сол бір Қыр баласын.
Түбі ататын ғажайып таңы барын,
Сезгендей қайран көңіл қаңырарын.
Әлихан, Әлекем деп арда туған,
Іздейді қазақ сол бір саңылағын…
VI.
Ұйқас таппай жүр демегін шырағым,
Кім ұмытар Алашорда ұранын.
Мола таппай жер бетінен, дүние-ай,
Көкжиекке Құран оқып тұрамын.
Сұмдықтарды неге осылай кеш сезем,
Мені бұлай толқытпайды еш кезең.
Үнсіз жатты үміт үзген қартымдай,
Арналары кеуіп кеткен ескі өзен.
Сусыз сірә, гүлдері өспей жайқалып,
Жота жатыр дерті бары байқалып.
Қара жолда қайқаң етіп жоқ болды,
Алабота аласұрды шайқалып.
Қайран менің мұң жайлаған өңірім,
Енді қашан көтерілер көңілім.
Менің мәңгі рухани серігім,
Сенен басқа іздер дейсің мені кім?
Алашорда – жоқтауменен өтермін,
Қайран елім бақытыңа жетермін.
Нысанбай боп жабырқадым жарығым,
Хан Кене боп көкке қылыш көтердім.
Тәуелсіз таң! қанша уақыт атпадың,
Қанға бөкті гүлге оранған бақтарым.
Шәкәрімді құдыққа сап отыз жыл,
Асылымды, ғасырымды таптадың.
Ұмытылды, қара бастың құлдары,
Ұмытылмас азат елдің құрбаны!
Әлихан мен Шәкәрімдей қажымыз,
Апа-сіңлі екі қыздың ұлдары.
Азаттықтың күттім қанша көктемін,
Талай ердің сұраусыз боп кеткенін.
Бегім ханым, Бошантайдай аяулы,
Біле ме ел аналардың өткенін?!
Таңдап мініп тұлпарлардың тарланын,
Жолдас етіп қасқырлардың арланын.
Басымды олар кесіп алып кеткенше,
Кейкі болып құмды кезіп шарладым.
Іске ассын деп Алашорда арманын,
Сұрыптадым талғамдардың талғамын.
Ақан болып айдалада аңырап,
Махамбет боп жота үстінде зарладым.
Еркек тоқты, елі үшін – құрбаным,
Арулар мен абыздарды жырладым.
Айтып кетті, қайтып кетті ертерек,
Алашорда үкіметін құрғанын.
Сұрасам тек алашыма сұрадым,
Құласам тек қазағыма құладым.
Ардақтым-ай ақталмаймын алдыңда,
Жыласам тек өзіңді еске ап жыладым.
Бесік-бейіт арасы тым тар екен,
Өмір деген күрес екен, зар екен.
Мұстафаны қолтығынан сүйеп кеп,
Мәңгілікке аттандырған Әлекем.
Бір бақытқа жеткізсем деп қазақты,
Жаза алыпты көрсетем деп ғажапты.
Алашорда атылған соң, түп-түгел,
Жалғыз тартты-ау ер Мұстафа азапты.
Беу, Әлекем, ісің қандай, сөз қандай,
Ғаламатым уақыттан озғандай.
Қазағына болыспақ боп қолдарын,
Ғасырлардың қойнауынан созғандай.
Әлекем-ай, данышпаным, күрескен,
Әрбір сәттің, шығар емес бірі естен.
Жалаңаяқ сәби болып ойнаған,
Талдыбейіт қырларында гүл өскен.
Әлекем-ай, Бөкейханның ұрпағы,
Қыр баласы, атты-ау азат қыр таңы.
Көлденеңді қазақ түбі құртады,
Жала жапқан қаулыларды жыртады.
Қызыл гүлдей күнге қарап өсемін,
Тыңдамаймын озбыр елдің өсегін.
Ғасырлардан ғасырларға көшемін,
Күн қақтаған, сыр сақтаған көсемім.
Санамызды шырмап алған мақам мың,
Жеті атасын жатқа айтатын мақалдың.
Қиқуы көп мәреңізге тақалдым,
Қостанайда жары қалған іздеусіз,
Он төрт кітап жазған қайран Ахаңның.
Толқып жатыр көк теңіздей тоғжан қыр,
Мұның өзі ғасырлардан озған сыр.
Талай шайыр түрікшеге аударған,
Стамбұлда шықты алдымнан Мағжан жыр.
Шапағатын сезінердей құдайдың,
Қазағыма бақыт бер деп сұраймын.
«Ақ білекті» мойыныңа арта алмай,
Аймауытов Жүсіпбек боп мұңайдым.
Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,
Қара қайғы алқымнан ап жеп тындың.
Қара желге қара жасты кептірдім,
«Оян, қазақ!» оянасың қашан деп,
Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын.
Біреуі жоқ шен-шекпенге сатылған,
Табысы мол қызметтерге шақырған.
Талай жылдар сан ұйқымды қашырды,
Шахзада ару, Шахзада қыз атылған.
Оттай берсін, соттай берсін соттарың,
Жағып кеткен мәңгі өшпес оттарым.
Қырға шығып қартым қатты мұңайып,
Бозбұлау боп қара өлеңде жоқтадым.
Қара ошақтан шашыраған оттардай,
Ыршып түсіп алаулаған шоқтардай.
Әрбір сөзің сергітеді жанымды,
Сарыарқадан самал аңқып соққандай.
Уайым-қайғы тумай жатып жедің ғой,
Қаршадайдан қосып алған сезімге ой.
Сағыныштан жанып кеткен отызда,
Мен Төлеген Айбергенов едім ғой…
ЭПИЛОГ ОРНЫНА
Жат жұртқа кеткен бөлініп, таңғажайып жағаларым-ай,
Қайран менің асыл бабаларым-ай, ағаларым-ай.
Тақымдарында тарландарым-ай, сан тұлпарларды тулатқан,
Дұшпандарын тұтқиылдан шауып кіріп шулатқан.
Ақ жаулықты аналар мен арудың, сағыныштан жанарларын сулатқан,
Ерегескен иттердің тұқымдарын қуратқан.
Өтті арада қанша бүгін ғасырлар,
не көрмеген далам үнсіз мүлгиді,
Тағы міне ақ боранды туды ақпан.
Қайран менің асыл бабаларым-ай, ағаларым-ай,
Жүрегім атан тартар артар мұң,
Қабағына қарап қалдық түсі суық қалтыратқан қаңтардың.
Қазағым-ау қасиетті халқым, жұртым, киелім,
Мен өзіңді шетсіз, шексіз сүйемін.
Жайымды айтсам қазіргі,
Шұбатын аңсап шаһарда жүрмін, аруана тектес түйенің.
Қымызын аңсап қос құлын туған баяғы,
біздің үйдегі анам сауатын биенің,
Тек өзің желеп-жебей гөр, ұлы елім, халқым, киелім!
Алламыз барда аспанда, өзіңді жебеп сақтайтын,
Қаруың барда оқтайтын,
Таңың болмайды Алашым мәңгі атпайтын.
Жаным толғайды бар үмітіңді ақтайтын.
Аруың барда жат жұрттық еркек кіндікке,
жирене қарап, жатпайтын.
Ұятың барда жүзіңді өртеп қақтайтын.
Иманың барда жаман істерге соқпайтын,
Жүйелі сөзге тоқтайтын.
Бүкіл халық, ел-жұрт боп Алашордамды жоқтайтын.
Намысыңды таптайтын.
Бүкіл халық алдында күнде туар оларды
Түсінбеген иттерді, ар сотымен соттайтын.
Ортасынан сан аман шыққан майдандар менен түрменің,
Беріктігіне қайран қалмасқа шамам жоқ
жел соққан мынау іргенің.
Ұрланып шыққан арулар қайда ақ боз үйлердің ілгегін.
Текеметім мен туылдырығымды тілмегін,
Одырайып төбемнен, одыраңдап көшемде тіліңді шайнап жүрмегін.
Қаһарланса Әлихан менен Мұстафалардың ұрпағы,
Тұқымыңды тұздай қылып құртады
Құжатыңды жыртады,
Сөйлер болсаң қазағыма басынып,
Әуежай мен теміржолдан асырып,
Дегбіріңді қашырып.
Арнасынан қайта тасып төгілер,
моп-момақан аққан анау Сыр тағы,
Желтоқсан боп борандатар шаһарлар мен қыр тағы,
Бұл далада тұрып жатыр ежелден,
Төныкөк пен Күлтегіннің ұрпағы.
Әлекем менен Мұстафа аңсаған ғажайып сол бір қайда арман,
Жүзіңді неге бауырым әжімдер басып қайғы алған.
Көңіл жоқ неге жайланған,
Алаштың жолы кешегі, бүгінгі мынау ұлы далаға айналған.
Ендігі біздің ақ үміт,
ғасырлап күткен сағыныштар құралған,
Илия мен Шәмші ән қылып асқақ шығарған.
Мұстафа Шоқай зарығып жазған,
айтпастан оны тұра алман,
Атымның басын бұра алман,
Жазатын түбі болады менің ең үлкен бұл бір шығармам.
Көк туым тұрды желбіреп,
Қарап та тұрдық елжіреп.
Ғасырлап күткен аяулы, Тәуелсіздігім келді деп.
Бір кезде қалқып алысқа Әнұран кетті асқақтап,
Көрсеңіз қалқам сол сәтті, жанарды тұрды жас қаптап.
Ән салып жүрді ыңылдап өзімен-өзі мәз болып,
Азырақ ішкен қымызға жан ағам менің мас боп қап.
Бір сәтке кетті быт-шыт боп, төбемнен менің төнген мұң,
Жазушы көрдім жылаған иісін искеп теңгемнің.
Жалт ете қалған от көргем жанарларынан жеңгемнің,
Жасай бер, жаса мәңгілік бодандық итті көмген күн.
Жауларды мәңгі жеңген күн!
Орыс пен анау қаптаған Қытайды иіп көндірген,
Қайғының отын кеудемнен түн болды бұл күн сөндірген.
Асқақтап тұрды Астана,
Шекера бекіп, дүрлікті ел,
Көтерді солай, бауырым, отаным өнім өндірген.
Сүйінші сұрап жүгірді көршіге қарай келінім,
Сөз таппай тұрдым толғанып, кенезіп шөлдеп ерінім.
Ғимараттарда Елтаңбам, шағылды күнге жарқырап,
Біржола жоғал, кет енді, бойдағы мұңым, серігім.
Адал боп, ата тарих пен ежелгі әдет-ғұрыпқа,
Алуан да алуан елдердің өткен жолдарын сұрыпта.
Қара бастарын ешқашан мәселе етіп қоймаған,
Қазақтың қамын қамығып, тереңнен тартып ойлаған,
Алашорданың жас ұрпақ ұлы Аманатын ұмытпа!
…Баяғы өткен заманда, зар жылатып бабамды,
Жиделібайсыннан айырдың,
Қаптай атқа қонғанда бекер-ақ жолдан қайырдың,
Қайсы бірін-ай жоқтайын Орынбор менен Жайырдың.
Шәкірті болған артында, кешегі Қадыр асылым,
Тұманбай, Тоқаш, Тайырдың.
Алашшыл ұрпақ көбейсін,
Іштегі шері дегейсің.
Болмаған жолы оқтаудай,
Жазған бұл жыры жоқтаудай,
Қасымхан дейтін шайырдың…