ШЫМКЕНТТЕГІ «ТЕАТР КӨКТЕМІ»
15.04.2016
3042
0

65320, (5)Шымкентте қазақ театр өнерінің мерекесі өтті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын Оңтүстік Қазақстан облысының жеті театры сахналаса, облыстық Опера және балет театры осы фестиваль аясында «Абай» операсын көрермен назарына ұсынды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған Шымкент шаһарының өнер ордасы көрерменге үш күн бойы өнер көрсетті. КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында: Қазақстанның халық артисі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев; Қырғызстанның еңбек сіңірген артисі, Халықаралық Ш.Айтматов клубының вице-президенті Бусурман Одуракаев; «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Жұмабай Шаштайұлы; Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығының Германиядағы филиалының төрағасы Сүлеймен Шадкам; жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Мархабат Байғұт; әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек болды.

 

Дүбірлі мерекенің әлқиссасы Шым­кент қаласының төрінде, Отырар кі­тап­­ханасы деп аталатын зәулім ғима­ратта басталып, Оңтүстік өңірдің оқыр­­мандары белгілі жазушылар – «Жам­был» журналының Бас редакторы Несіпбек Дәутайұлы, «Қазақ әде­биеті» га­зетінің Бас редакторы Жұ­ма­бай Шаш­тайұлы және Рахымжан Отарбаев­пен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын қойып, әдеби пікірталас өткізді.

«Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» деген Хемин­гуэй сөзінің жаны бар-ау, осы. Қошалақ құмын кешіп өстік. Аталарымыз бай тұқымы ретінде тәркіленген, жеті мың жыл­қысын Қызыл өкімет айдап әкетіп­ті. Кейін, тәуелсіздік алған жылдары атам­ның өзге дәулетін былай қойғанда, жеті мың жылқысын қайтарып берің­дер деп талап қойдым. Әрине, оны орын­дайтын, өткеннің кінәсін мойнына ала­тын кім бар?

12998691_1555172744813465_8412262551063175319_nСу көрмеген қырдың қызы – анам 26 жасында өзен тасығанда суға кеткен екен. Бекежан деген інім, Райса деген қарындасым жастай шетінеді. Сөйтіп, мен бес жасымда жетім қалғанмын. Қаршадайымнан жалғыз өскен мені өз мұңым мен қайғым қияли қылып жі­берген болар. Жастайымнан өзім жасап алған оңаша аралда өмір сүргім келді. Қазір ойлап қарасам, сол қияли бала қал­пымнан қорқамын. Қиялмен жаса­ған аралдардан қайтпай қалсам қайтер едім? Жүрегімдегі мұң қаламы­мнан сөз болып құйылды», – деген Рахымжан Отарбаев оқыр­ман­дарға бүгінгі шығар­ма мен әдебиеттің жай-күйі туралы әңгіме тиегін ағытты. Әдебиет пен әде­би шығармалардың, жазушы мен кітап оқудың мәселелерін Несіпбек Дәутай­ұлы да қозғаса, Жұма­бай Шаштайұлы қа­зақы қалыптың бүгінгі бет-бейнесі туралы алаң көңі­лін білдірді.

Фестивальдің ашылуында сөз ал­ған Оңтүстік Қазақстан облысы әкі­мі­нің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан барша қатысу­шыларды құттықтап, өнер майталмандарына сәт­­тілік тіледі. Дәл осы күні Ж.Шанин атын­дағы облыстық академиялық қа­зақ драма театрының есігі барша кө­рер­­менге айқара ашылып, сәнді қызыл кілеммен құрметті қонақтар жоғары көтеріліп, меймандар мен театр фес­ти­ва­ліне қатысушы өнер ұжымдарын бар­ша сән-салтанат­пен қарсы  алды. Театр фести­валі өткен күндердің ке­шін­дегі музыка түні мен поэзия кеші де Шым­кент шаһа­­рын өлеңмен әлдилеп тұр­ғандай әсерге бөледі.

Театр көктемінің шымылдығын облыстық Қуыршақ театрының сахна­лауын­дағы «Сағыныш шөбі» ашты. Қ.Қа­сымов, М.Малдыбаеваның ре­жис­сер­лығымен ұсынылған бұл шығар­ма ең жас көрермен – балаларға қуыршақ ті­лімен туған елге деген са­ғы­ныштың ерек екенін жеткізуге тырыс­ты. Жайық бойында балалығы қал­ған, тау асып, өзен кешіп өзге жұрт­қа кеткен Барыс – ана­сының даусы мен жусанның иісін ұмыта алмайды. Туған даласына асық­қан Барыс­тың жан тебіренісі бүлдір­шін­дердің де жүрегін тербейтініне сені­міміз мол. Ж.Шанин атындағы академиялық қа­зақ драма театрының ұжымы
Р.Отар­­баевтың «Бас» атты тарихи туын­­­дысын (қоюшы режиссері – Қ.Қа­­сы­м­ов, қоюшы суретшісі – Қ.Жұ­ма­құлов, ба­летмейстері – К.Шишкалов) ұсынды. Автордың айтуынша, «Бас» – тарихи шындыққа құрылған шығарма. Антрополог Н.Шаяхметов Махамбеттің бет-бей­не­сін бейнелеу үшін ақынның бас сүйе­гін қазып алып, зертханалық тек­серу­ден өткізеді. Мәскеуге қоныс ау­дарған ғалым Махамбет ақынның басын аманаттау үшін ашпаған есігі жоқ. Махамбеттің даңқы, ақындығы, өлеңі ке­рек шенеуніктерге, ақынның басы ке­рек емес… Қойылымдағы аза биінің тым ұзаққа созылып кеткені болмаса, дәл осы шығарманың көрер­меннің көңілінен шыққанын мойындау керек.

12998406_173515693041776_690262701628339623_oТрагедиялық комедия жанрында жазылған «Аяулым Анфиса» спек­таклін Оң­түстік Қазақстан облыстық өзбек дра­ма театры (қоюшы режиссері – Жав­лон Сайитов, қоюшы суретшісі – Сайид­­султан Джахангиров) сахналады. Айта кетерлігі, Алматы мен Ас­та­надан, Атыраудан арнайы келген қонақтарды ерек­ше сән-салтанатпен, кернейлетіп қарсы алған театр ұжы­мының қойы­лымы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры ұсынған «Қараша қаздар қайт­қан­да» (қоюшы режиссер – Мақсат Айт­жанов, қоюшы суретші – Жанар Жұ­мақұлова) тарихи драмасы көрер­мен­ге ұлттық болмыс пен на­мы­с, құндылықтар мен тәуел­сіз­дік, өткенге құрметтің ба­ғасы қандай екенін ұқ­тыруға ұмтыл­ған қойылым болды.

Облыстық орыс драма театры «Двой­­ник» триагикомедиясында (қою­шы режиссер – Игорь Вербицкий, қою­шы суретші – Светлана Роменская) бүгін­гі заманның шындығын сахналады.

Жетісай драма театры қойған «Тү­нек торы» (қоюшы режиссер – Еркебұ­лан Қабдыл, қоюшы суретші – Тоғайбек Байдарбеков) драмасынан нашаның же­тегіне ерген жалғыздың ғана емес, бүгінгі адас­­қан қоғамның зарын ести­сің.

Фестивальдің шымылдығы Түр­кі­с­­тан қаласы сазды драма театры сахна­ла­ған «Мұстафа Шоқай» драмасымен (қоюшы режиссер – Айдар Наурызбаев, қоюшы суретші – Қанат Шериев) жабылды. Қазақтың аяулы ұлы – Мұс­тафа Шоқайдың тағдыры – оқиға ар­қауы. Ұлттық мүдде мен рухани мұра ас­тарындағы драма бабалар арманы жо­лында күрескен ерлерге қойылған ес­керткіш іспетті.

Қойылымдарды түгел тамашалаған қазылар алқасы театр ұжымдарын арнайы жинап, фестиваль аясындағы қойы­лымдарға баға беріп, сын-ескерт­пелерін де жеткізді.


Күлия Айдарбекова,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

– Бүгінде облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы Атам­құлов­тың бастамасымен талай игі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Өткен жы­лы өңіріміздегі 8 театрға 42 спектакль қою жоспарланып, өнер ұжымдары 52 пре­мьера ұсынды. Биылғы «Театр көктемінің» бір ерекшелігі – биылғы бас жүл­де­нің қорын қаламгер Р.Отарбаев өзі тағайындап, көтеріп отыр. Ел ағасы театрлардың еңбегін елеп, олардың өнеріне қанат бітіру үшін осындай мәрт­тік танытты. Бұл қадам еңбекке ғана емес, өнерге деген жанашырлық деген сөз.


12439348_714757251999827_8849095949457725046_nАсанәлі Әшімов: «Театр – халықтың ай­насы. Шоу-бизнес алғашқы орынға шық­қан қиын кезде, тұма өнерге қол­дау білдіріп  жүрген  оңтүстік  жұрт­шы­лы­ғына алғымыз шексіз. Актер – патша. Сон­дықтан драматургиядан да, ре­жиссурадан да актер асып түспесе, кейіп­кер бейнесі ашылмайды. Әріп­тестеріме әдейі, арнайы, бөлек айтып тұрмын. Әр алған рөліңді жаның қи­на­лып, режисермен таласып, жұмыс іс­теу керек. Өмірдегі достықтарың бір бө­лек, ал сахнадағы тіресу басқа. Сон­дықтан тіресіп жұмыс істеңдер. Әріп­те­сіңді тап. Сонда бақытты боласың. Ре­жиссеріңді тап, сонда бақыт­ты бо­ласың», – деп театр ұжымдарына ақ­са­қалдық ақ батасын берсе, Бусурман Одуракаев: «Бір облыста сегіз кә­сіби театрдың болуы – үлкен жетістік деп ойлаймын. Фестиваль қойылым­да­рындағы актерлік шеберлік туралы әң­гіме жекелей айтылы тиіс. Маған сіз­дердегі актерлік ансамбльдік ын­ты­мақ­тарыңыздың сақ­талғаны ұнай­ды», – деген пікірін білдірді. «Фестиваль екі режиссерді ашты деп ой­­лай­мын. Олар– Әзіл-сықақ және са­тира,  Түркістан театрының режис­сер­лері.  Актерлік шеберлігі арқылы ерек­ше көрінген өзбек театрын­дағы Ан­фисаның рөлін сомдаған актри­саға табыс тілеймін», – деген Құлбек Ергө­бек алдағы уақытта фестиваль туралы ар­найы сыни мақа­ла жазу керегін айтты. Есмұхан Обаев: «Елді аралап жүрген шын­дықты драма­тург­теріміз көрсетіп жүр екен. Қазақтың ішінде запыран көп. Сол запыранды танып, біліп жүр­ген санаулы драма­тург­теріміздің бірі Рахымжанның даусы көрерменге жетті деп ойлаймын», – деген пікірін білдірді. Жұмабай Шаштай­ұлы: «Рахымжанмен 1980 жылдардан әріптес ретінде араласа бастадық. Рахымжан сол уақытта театр­­дың өмірлік мәселелерін қозғап жү­ретін. Сол әңгіме­лердің нәтижелерін бү­гін көріп отырмыз. Шымкенттің ай­мақ емес, орталыққа айнала бастаға­ны­на қуандым», – дейді.

12439374_714386958703523_7811278716081790751_nКешті фестиваль иесі қорытын­ды­лап: «Көңілі кір адамның алдына ақ қа­ғаз жайып, қолына қалам ұстатуға бол­майды. Ол көңілінің кірін ақ қағазға төгеді. Ол ел-жұртқа жұғады. Ауру бо­ла­­ды. Әсіресе, қазіргідей за­ман­да бұл өте қауіпті мінез. Мен қо­лым­нан келгенше, ақыл-парасатым жет­кенше кішкентай сәулелі ойла­рым­ның тамшыларын ақ қағазға төккім келеді. Оны кейіпкер қылып, образ жа­сап сахнаға алып шыққан сіздерге мың сан рахмет. Оңтүстік – етекті ел екен. Есті жұрт екен. Алла ра­зы болсын. Сіздермен қанаттас өмір сүргенім үшін бақыттымын. Оңтүстік иісі қазақтың ат байлар алтын қазығы. Жігітке жігіт тең болғанмен, таланты тең болмайды. Өнері тең болмайды. Ба­ғы тең болмайды. Соншама талантты ұжымды көрдім. Өнерді соншама құр­меттейтін ел-жұртты көрдім. Ба­қытты көрерменді көрдім. Мен де ба­қыт­ты екенмін», – деп, Абай аруағын ат­тап кетпейтінін айтып, көліктің кілтін «Абайды» сахна­ла­ған облыстық Опера және балет теат­рының ұжымына берді.

Сонымен, жүлде қоры 1 млн. теңге бо­латын  «Ең үздік қойылым» номинациясымен Ж.Шанин атындағы об­лыс­тық академиялық қазақ драма театры марапатталса, жазушы, драматург Р.Отар­баевтың арнайы жүлдесін облыс­тық Опера және балет театры иемденіп, жеңіл автокөлік кілтін алды. Ал «Ең үз­дік режиссура» номинациясымен об­­­лыстық орыс драма театрының ре­жис­сері И.Вербицкий (жүлде қоры 500 000 теңге), «Актерлік ансамбльдік тұ­тас­тық» номинациясымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры (500 000 тең­ге), «Тарихи тақы­рыпты үздік мең­гергені үшін» номинациясымен Түр­кістан қаласының сазды-драма театры (300 000 теңге), «Патриотизмді үздік бей­нелегені үшін» номинациясымен об­лыстық Қуыршақ театры (300 000 тең­ге), «Ең үздік ер адам» номинациясы­мен Қ.Жандарбеков атын­дағы Жетісай драма театрының актері  С.Арип­ханов (200 000 теңге),  «Ең үздік әйел  адам» номинация­сымен облыстық өзбек  драма теат­ры­ның актрисасы Д.Халме­това (200 000 теңге), «Екінші пландағы ер адам» номинациясымен облыстық өзбек драма театрының актері Ұ.Насыров (100 000 теңге), «Екінші  план­дағы әйел адам» номинациясымен  Ж.Шанин атындағы  облыстық ака­де­миялық қазақ драма теат­рының актрисасы А.Нұртазина (100 000 теңге) марапатталды.

Үш күнге жалғасқан фестиваль көрерменінің жүзіне үңіліп, қойылымнан түйген, алған әсерлерін де білгің келетіні бар. Өңірлік ауқымда өтті дегенімен, адамзаттық мәселелер көтеріліп жатқан қойылымдардан шыққан көрерменнің театр маңынан кеткісі келмегеніне қарап біраз нәрсені бағамдауға болатындай.   Оның үстіне, бір драматургтің туындысын түрлі театр ұжымы мен актерлардың сомдауын тамашалау, тіптен бөлек әсер сыйлайды екен. Рахымжан Отарбаевтың Оңтүстік өңірдегі театр фестивалі талай көрерменнің жүрегіне ізгілік шуағын септі деп үміттенеміз.

Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір