Студенттік театр ашылды
Жақында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ұшқын» студенттік театры өз жұмысын бастады. Аталған жоғары оқу орнындағы «Мәдениет және өнер» студиясының бастамасымен ашылған бұл студенттік театр «Алғашқы махаббат» атты шағын қойылымды сахналады. Режиссері – Руслан Кенесарин.
Премьераға Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Самал Әбуов пен Эльмира Мақашева, Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайының әдіскері Мергүл Джакупова, «Атамекен» өнер ордасының концерттік режиссері Еркін Қали және университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер қатысты.
Қойылымда Ораз, Әйгерім есімді кейіпкерлердің бір-біріне деген сезімі суреттеліп, балалық шақты, оқушылық кезеңнің ұмытылмас сәттерін еске түсіреді. Көрермен қолдап-қошеметтеп ризашылығын білдірсе, өнер иелері жоғары баға берді.
Қойылым соңында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов сөз алып, жас театр ұжымына сәттілік тіледі. Оған қоса студенттік театр ұжымының қатары талантты жастармен толығып, олардың арасынан болашақта дарынды актерлер шығатынына сенім білдірді.
– Театр – өмір айнасы. Өңіріміздегі іргелі оқу орнында осындай студенттік театрдың ашылғанына қуанып тұрмыз. Жаңа қойылымның режиссері Руслан Әділұлы – менің шәкіртім, кәсіби маман. Осындай маманның айналасына топтасқан өнерлі жастарға сәттілік тілейміз, – деді актер, режиссер Самал Қадерұлы.
Өз кезегінде актриса, аудармашы Эльмира Жұмажанқызы театр өнері жайында сөз сабақтады. Басқа да меймандар студенттік театрдың ашылуына қолдау көрсеткен университет басшылығына алғыс айтып, «ұшқындықтардың» үлкен сахналардан көрінуіне тілектестік танытты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚАТУ медиа орталығының директоры