«Көктөбе көктемі»
21.05.2025
244
0

Талант­ты суретші, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің және Масарик атындағы еуропалық алтын медаль иегері, Алматы қаласының Құрмет­ті азаматы Алпысбай Қазғұловтың Алматы қаласындағы «Koktobe Hall» ғимаратында «Көктөбе көктемі» ат­ты дербес көрмесі 2025 жылғы 18 сәуірде салтанат­ты түрде ашылды.


   Көрменің ашылуына байланысты Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құт­тықтау хатын жіберді: «Құрмет­ті Алпысбай Нағыметұлы! Көктөбеде жеке сурет көрмеңіздің ашылуымен құт­тықтаймын! Сіз ұзақ жыл бойы тынымсыз тер төгіп, ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қостыңыз. Жартығасырлық суреткерлік жолыңызда сегіз мыңнан астам туындының авторы атанып, қайталан­бас қолтаңбаңызды қалыптастырдыңыз. Әлемдік қылқалам шеберлерінің еңбектерін жинап, бейнелеу өнерін дәріптеуге белсене атсалысып келесіз. Өнерге, ең алдымен, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек керек деген ұстанымнан айнымай, жастарға өнеге көрсетіп жүрсіз. Сіздің шығармаларыңыз мәдениетімізді байыта түскен құнды қазына екені сөзсіз. Алдағы уақыт­та да жұртшылықты жаңа жетістіктеріңізбен қуанта беріңіз. Зор денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға бақ-береке тілеймін! Қасым-Жомарт Тоқаев».
Сондай-ақ көрменің ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қазақ­станның халық артисі Досхан Жолжақсынов, кәсіпкер-меценат Ұзақбай Айтжанов және дербес көрменің авторы Алпысбай Қазығұлов сөз сөйледі.
Вернисажда Алпысбай Қазғұлов жиналған қауымға дербес көрмесінің мақсатын егжей-тегжейлі баяндап берді. Алпысбай Қазғұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан да болар, автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған.
Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыруды меңгерген суретшінің ең басты құндылығы шынайылығында жатыр. Көрмеге суретшінің көптеген картиналары қойылып, тамашалаушысын таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлат­ты. Алпысбай Қазғұловтың картиналарында сурет­телген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол – хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік мәнермен берілген сезім мен сырға толы нағыз өнер туындылары. Сондықтан да болса керек, суретші шығармаларында терең білім, тағылымды өмірлік тәжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатады. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір әуездікпен әсем үйлестіреді. Көрермендер Алпысбай Қазғұлов шығармашылығымен танысып, көңіл көктеміне саяхат­тап қайт­қан ғаламат сапарда осыған көз жеткізді.
Әйгілі жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов 1996 жылы Алпысбайдың Брюссельдегі көрмесіне қатысқаны да – тарихи оқиға. Ол бұл көрме туралы былай жазған еді: «Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дарқан даласына, туған еліне, Жер-анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың сурет­тері мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті. Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. Шығармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді».
Шынында да, ұлы қаламгер бағалап өткендей, көрмеге келген әрбір тамашалаушы қиял мен логика иесінің жұмысымен алғаш танысқан сәтінен-ақ айнымас досқа айналып, бірден сырласып кетеді. Суретші қандай жұмбақ болса, дәл сондай қарапайым да. Оның еңбектерінде сұлулық пен тазалықтың иісі аңқып тұрады. Дәл таңдалып, қанық бедерленген көркем әлем көзді арбап, тұңғиығына тартып ала жөнеледі. 
«Көктөбе көктемі» көрмесіне келгендер Алпысбай Қазғұловтың картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындайтыны сөзсіз. Талант­ты суретшінің жеке көрмесі Ә.Қастеев атындағы Мемлекет­тік өнер музейінде ашылуы тәуелсіз қазақ елінің рухани өрлеуінің, еліміздегі мәдени қоғамдастықтардың ғаламдық өнер орбитасына бет бұрғанының айқын айғағы болып табылады.
Көрменің ашылу салтанатындағы аурадан Алпысбайдың өнерін бағалап барған әр адам ерекше ләззат алды. Үлкен дарын иесі Алпысбай «Көктөбе көктемі» көрмесі арқылы ғалам мен адам арасындағы алшақтықты жақындатып, сол бір жұмбаққа толы нәзік байланысты картиналары арқылы әдемі сезіндіреді. Себебі суретші сіздің жүрек пернеңізді дөп басып, көңіліңізді қуантатын әрбір картинасы арқылы жаныңызбен өзара үндестік тауып, әлгі нәзік әлемнің сиқырлы қуатын ұғындырады. Суретші творчествосының құдіреті осында.

М.РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір