ЖАНТӨРИНШЕ жаңғырған театр
23.12.2023
206
1

Театр – мәдениет мешіті. Расында да, театр – адам жанын анық көрсете алатын қызықты әлем. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қалыптасуы мен дамуының өзіне тән дара жолы, өз шығармашылық әлемі бар. Маңғыстау өңірінің алғашқы кәсіби драма театрына биыл 20 жыл толды.

   2001 жылдың қыркүйегінде Ақтауда Қазақстан жастарының І конгресі өтті. Өздерін толғандыратын мәселелерді көтеріп, форумға қатысушылар назарына ұсынып жатқан жастардың бірі, өз кезегінде өлкемізде театр жоқтығын алға тартып, кәсіби театр ашу жөнінде ұсыныс білдіреді. Форумға қатысып отырған тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысқа бірден қолдау жасап, сол кездегі облыс әкімі Ләззат Қиыновқа мәселені шешуді шұғыл қолға алуға тапсырма берген болатын.
Сөйтіп, 2003 жылдың 21 наурызында маңғыстаулық көрермен асыға күткен облыстық музыкалық драма театры қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов бастаған республиканың көптеген өнер қайраткерлерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Театрдың екі залының шымылдығы бір мезгілде түріліп, көрермендерге Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» (режиссері Р.Машурова) және Тәкен Әліпбаевтің «Томирис» (режиссері Г.Мирғалиева) туындылары көрсетіліп, бекзат өнермен көзайым еткенін еске ала кетсек артық болмас.
20 жылдық тарихы бар жас театрдың репертуарын саралайтын болсақ, оның әрқилы жанр мен тақырыптардағы қойылымдарды қамтығанын көресіз. Жантөрин театры алғашқы сәттен өзінің сара жолын, алған бағытын айқындап алғандай. Ол – Қазақстан театрлары ішіндегі жас театрлар қатарына жататын, өзіндік ерекшелігін қалыптастырған театр. Ол ерекшелікті репертуар түзуінен, жалпы жанрлық таңдауынан, айрықша ұстанымынан айқын аңғаруға болады. Бастысы – Жантөрин театры эксперименталдық спектакльдерге, жанр түрлілігін меңгеруге батыл баратындығын байқатады.
Уақыт талабына сай сахналық мәнердің жаңа формаларын игеру қажет екені сөзсіз. Қоғам қандай болса, театрдың да соған лайықты түрленіп отыруы заңдылық. Театр бүгінгі қоғам талабына сай болмаған жағдайда оның артта қалып қояры хақ. Жантөрин театрының ұжымы үнемі сахнадан бүгінгі күн мәселелерін көтеретін, қазіргі кезеңдегі, заманауи үлгідегі дүниелерді көрсетуге, жаңаша көзқараста ұсынуға баса назар аударып келеді. Сахналанған қойылымдар қай тақырыпта, қай жанрда болмасын осы күнмен үндестігі – театр қойылымдарының ерекшелігін танытатыны анық. Оған дәлел – театрдың шығармашылық дамуындағы қарымды әрі өрелі қызметі.
Сахналық өнерге енді аяқ басқан жас театр ә дегеннен 2003 жылы Алматы қаласында Н.Сацтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен Республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестиваліне Т.Әліпбаевтың «Томирис» (реж: Г.Мирғалиева) драмасы бойынша қойылған спектаклімен қатысып, «Тұсаукесер» номинациясы бойынша лауреат атанып, театр актрисасы Айгүл Наремгенова «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша марапатталған болатын.
Сол жылы Орал қаласында өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ Республикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» поэтикалық драмасымен өнер көрсетіп, қойылым режиссері Гүлсина Мирғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды.
Ізінше қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 38-қара сөзінің негізінде қойылған «38 немесе Қарақұрт» атты эклектикалық жанрда режиссер Гүлсина Мирғалиева қойған спектакль театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінің жоғары бағаларына ие болды. Осылайша еңбек жолын тегеурінді шығармашылық қарыммен бастаған жас ұжым өздерінің бет-бейнесін, бағытын таныта бастады. 
Театр іргесін қалаудан бастап оған 20 жылға жуық уақыт бойы басшылық еткен белгілі мәдениет қайраткері Нұрнияз Мұханұлының шығармашылық ұжымының бағытын екшеп, дұрыс бағдар берген тұлға болғанын мойындаймыз. Ал Гүлсина Мирғалиева – өткен жылдар ішінде театр жұмысын биік белестерге көтерген режиссер. Осы жылдар бойы көркемдік жетекші, бас режиссер болып қызмет етіп, енді, міне, театр директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Гүлсина Мирғалиеваның көбіне дайын драматургиялық материалдан гөрі, күрделі әрі қызықты прозалық шығармаларды таңдап, инсценировкаға баруының өзін қайраткерге тән батылдық деп қабылдаймыз. Ол – Жантөрин театрының репертуарлық саясатын өте сауатты құруымен танылған тұлға. Спектакльдің көркемдік деңгейі тікелей режиссерге байланысты. Тіпті актер мүмкіндігін де режиссердің ашатыны баршамызға белгілі. Бұл театрда қойылған спектакльдерге ортақ тағы бір ерекшелік – қойылымның режиссерлік соны шешімде, режиссерлік айрықша пайымда ұсынылуында. Спектакльдерге тән ортақ белгі – сахналық ойды жеткізудің айрықша жанрда, жаңаша стильде, бөлек қалыпта берілуінде. Темпо-ритмі қарқынды дамитын әрекетке құрылуы да спектакльдің ұтымды шығуының дәлелі десе болады. Мәселен, театрдың 20 жылдық тарихында өзінің кәсіби ұстанымы мен шығармашылық әлеуетін нық сеніммен паш етіп келген Г.Мирғалиева өзінің ой-тұжырымын жеткізуде көбіне иллюстрация, коллаж әдісінде, яғни стиль жағынан қарама-қарсы өзгеше режиссуралық шешімде береді. Ол бір туындыда бірнеше шығарманың әр алуан элементтерін қолдана отырып, шебер үйлестіріп, ұсына алады. Дегенмен Гүлсина Мирғалиева сияқты есімі өнер әлеміне танымал шығармашылық иесінің режиссер, тұлға ретінде жұмыстарына баға берумен қатар шығармашылық жан дүниесін ұғу оңайға соқпайды. Ол – қазақтан шыққан әйел режиссерлердің бірегейі. Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Жақып Омаров, Маман Байсеркеұлы, Әзірбайжан Мәмбетов сынды майталман режиссерлердің ізін қуған, осы топтың кәсібилігі деңгейінде жауап бере алатындай шеберлігі бар, ер мінезді, батылдығы басым режиссер екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Бұл – тегеурінді Маман Байсеркеұлы мектебі, Маман аға дәрісі арқылы бойға сіңірген. Ұлағатты ұстаздан еншілеген байлығы – таза тағылымы, берік ұстанымы мен қасиетті қағидасы. Г.Мирғалиева өз актерлерінің ойынындағы бүкіл процесті, әсіресе физикалық және психологиялық пластиканы меңгеруіне көңіл бөледі. Оның қойылымдарында ансамбльдік кернеуі мықты сақталады. Режиссер актерлік шеберлікке жіті мән береді.
Бұған дейін бұл театр ұжымының шығармашылығы хақында көптеген жұмыстар жарияланып келді. Ұжымның соңғы бес жыл бойындағы шығармашылығы ауыз толтырып айтуға тұрарлық деңгейде. Мәселен, 2019 жылы режиссер Г.Мирғалиева австриялық белгілі жазушы Стефан Цвейгтің «Қорқыныш» («Страх») новелласының негізінде «Сатқындық» («Измена») деген атпен орыс тіліндегі сахналық нұсқасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымда автордың әлемге кең тараған шығармасының біріндегі ерлі-зайыптылар арасындағы сатқындық тақырыбы көтеріледі. Ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, отбасында кездесетін сатқындық, опасыздық, сенімсіздік, сыр-құпияның ашылу қаупі, қорқыныш – бәрі де өмірде кездесетін жайттар. Күйеуінің аялы алақанында еркелігін көтере алмаған әйел бейнесін театрымыздың орыс тілді көрермендерінің талғамына сай өнер көрсетіп жүрген актриса Марина Федоренко өте сәтті сомдап шықты. Моноспектакль жанрының қиындығына қарамастан, актриса осындай күйді басынан кешкен әйелдің ішкі жан дүниесін сезіндіретін оқиғаны көрерменге ұғынықты, шынайы етіп жеткізіп береді. Прозаны драмаға бейімдеп, инсценировкасын жасаған да актриса М.Федоренконың өзі Цвейгтің әйел психологиясын терең сезініп, өте жақсы білетіндігін алға тартып, ашып берді. Сондықтан болар, оның моноспектакльдегі әйел бейнесі нанымды жасалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген рөлдерінің біріне айналды.
Сол жылы Г.Гориннің «Геростратты ұмыту» атты пьесасы Қ.Төлеуішовтің аудармасымен «Атың өшсін…» деген атпен қойылды. Мұнда режиссер Г.Мирғалиева тарапынан шығармадан қарқынды әрекетке құрылған дүние жасауға деген ұмтылысы өте ұтымды жасалды.
Махаббат сезімін бастан кешкен жасөспірімнің қуанышы мен шаттығын, мұңы мен сырын ашатын Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты комедиясы Жантөрин театрының сахнасында Г.Мирғалиеваның режиссурасымен 2019 жылдың көктемінде көрерменге ұсынылды. Мұнда бозбаланың ғашық жүрегіне жыр болып құйылған қызықты да құпиялы махаббаттың таусылмас сырлы шежіресі күлкіге кенелтетін шытырман оқиғаға ұласады. Пәк сезімді, мектеп өміріндегі риясыз махаббатты оятатын ғаламат күшті күлкілі жағдайлар мен жеңіл әзіл арқылы көрсететін қойылым оқиғасы сол бір балауса шақты еріксіз еске түсіреді. Режиссер сахнадағы махаббат атмосферасына көңіл аударуымен қоса, көрерменге сол шаққа саяхат жасауына мүмкіндік береді. Қойылымның ұтымды жағы, режиссер комедияны толассыз әрекетке, тартымды билерге құруы сәтті шықты.
Г.Мирғалиеваның тағы бір күрделі қойылымы Әбіш Кекілбайұлының «Күй» повесі және «Аңыздың ақыры» романының желісімен жасалды. Спектакльдің премьерасы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған І халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалінде алғаш көрсетілген болатын. Қойылымда ұлы мәртебелі өнердің адам санасын оята алатын құдіреті, оның көзқарасын өзгерте алатын күш-қуаты ашылады. Жауласқан екі елдің арасында зорлық-зомбылық дәуірлеген заманда қатыгездіктің қара тасын жарып шыққан өнер гүлдерінің сұлулығы мен сыршылдығы, нәзіктігі мен өміршеңдігі, мейірімділігі мен қайсарлығы жан-жүректі еріксіз баурап, адамгершілікті әлемге жол нұсқайтын спектакль. «Күй» Әбіш Кекілбайұлы шығармаларына негізделе отырып, сәтті жасалған спектакльдердің бірі болып қала бермек.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен ащы шындықты шынайы қалпында жайып салған Ә.Кекілбайұлының «Бір шөкім бұлт» хикаяты негізінде қойылған моноспектакльдің эпикалық танымы тіпті өзгеше. Соғыс, дала, мал баққан үйлер, соғыс зардабынан ерлерінен айырылған, бәрі әкесі мен баласын соғысқа берген жесір әйелдер тағдыры. Солардың басына түскен қайғының қара бұлты. Бәрі де көрерменін тебірентпей қоймайды. Осындай қиындыққа жасымаған рухы биік, ары таза қазақ әйелі Аққаймақтың ер тұлғалы бейнесін танытады.
Чехов – драматург ретінде сол замандағы водевильді өзгертіп, драманың жаңа түрін жасаған жазушы. Водевиль – Чеховтың драматургиялық шығармашылығының ажырамас бөлігі. Осындай драмалық әрекеттің түрленуін біз оның «Мерейтой» («Юбилей») және «Ұсыныс» («Предложение») атты водевильдерінен жасалған «Тамаша адамдар» («Чудесные люди») атты спектаклінен көре аламыз. Режиссер Г.Мирғалиева жұмысындағы Чеховтың әзіл-қалжың, мінез-құлыққа құрылған комедиясында әзіл де, мысқыл да, сарказм да бар. Спектакльде водевильдің және абсурдистік балаганның элементтері бар. Қойылымда Чехов атмосферасын жасауға деген талпыныс байқалып тұр. Актерлік ойын, режиссерлік мизансценалар, костюмдер, грим, дыбыс эффектілері мен музыка арқылы Чехов кейіпкерлерінің әлемі жасалды. Бұл комедияда Чехов тақырыптарының өзектілігі сақталған. Спектакльде өмір шынайылығы айқын, боямасыз бейнеленеді. «Чудесные люди» комедиясы өз көрермені бар, театрдағы үлкен сұранысқа ие спектакльге айналды.
18 маусымдағы премьералық қойылымның авторы испан драматургы Феликс Лопе де Вега Карпио Шекспирдің замандасы болған. Ол – 2000-дай пьеса жазған драматург. «Шөп қорыған ит» музыкалық комедиясы режиссер оқылымында өзгеше шықты. Спектакльдің музыкалық шешілуі театрдың бағытын бағдарлайтын репертуарға лайықты болды. Е.Әбіштің спектакльге арнайы жазған әндері де оқиғаға лайықты атмосфера беріп тұр. Қойылымның пластикалық шешімі, декорациясы, киім үлгілері де заманауи бағытта шешілгені ұтымды жасалған көркемдік идеяны ашып тұрған дүниелер болып табылады. Серік Сариевтің хореографиялық шешімдері, жанды дауыстағы әндер, ансамбльдің түзілуі қойылымның тартымдылығын арттыра түскен. Режиссерлік шешімдерді әрекетпен, символикамен көрсетуде көркем әдістер қолданылады. Осындай интерпретацияда ұсынылған қойылымды көрермен өте жақсы қабылдады. Спектакль репертуарға жетпей тұрған музыкалық жанрмен толықты.
Премьерасы 2020 жылы өткен М.Мағауиннің «Әйел махаббаты» атты әңгімесі бойынша қойылған спектакль тың дүние. Жас режиссер Әлия Исаева инсценировкасын да өзі жасады. Спектакльдің музыкалық көркемделуі ерекше атап айтуды талап етеді. Өйткені бұл қойылымда орындалған әндер Қайрат Ақтаевтың осы спектакльге арнайы жазған музыкалық туындылары болып табылады. Театр актерлері Н.Қасымов, Н.Жексембаев, Ұ.Құдайбергенованың орындауындағы жан тебірентер әндер спектакльдің жастар арасындағы айрықша ықыласы мен жақсы қабылдауының дәлелі болды. Арнайы шығарылған әндер спектакльдің ұтымды тұсын, эмоционалдық қабылдауы мен өзгешелігін арттыра түскені анық.
Жантөрин театры ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында театрдың арнайы тапсырысы бойынша жазылған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Құнанбай мен Абай» пьесасын сахналады. Бүгінгі таңда театрдың Құнанбай бейнесіне, Абай екеуінің арасындағы қарым-қатынасына деген көзқарасы, режиссерлік трактовкасы өзгеше, шынайылыққа жақындатылуы құптарлық жайт деп есептейміз. Қойылымда ел басқарған Құнанбай мен ақын Абай арасындағы бұл дүниеде ашылмаған қарым-қатынастың қатпарлары ашылып, айтылмаған сырлары айтылады.
А.Островскийдің «Найзағай» атты классикалық шығармасы бойынша қойылған осы аттас спектаклі «Найзағайдан» жасырынатын жері қалмаған кейіпкер образының сырларын ашады. Спектакльде актриса Ұлдана Құдайбергенова Катеринаның уайым-қайғысы мен жан дүниесіндегі күйзелісті асқан сезімталдықпен жеткізеді. Адамдарды құрдымға кетіретін махаббат емес, өтірік екендігін ұғындырады. Оның Катеринасы іштей терең, сырттай сұлу, мінезі сабырлы, қимыл-қозғалыстары сыпайы да, сараң. Катеринаның еркіндікке құмар болмысын актриса психологиялық шындықпен ашып береді. Катеринаның жұбайы Тихон – жүрегі жұмсақ мейірімді болғанымен, өзінің ерік-жігерінен мүлдем айырылған адам. Актер Абзал Ратбек басты рөлдердің бірі – Кабанов Тихонның бейнесін бірегейлігін арттыруымен көрсете алды десек артық айтпағанымыз. 2021 жылы Әшірбек Сығай атындағы «Сын – Шын болсын…» атты республикалық театр фестивалінде А.Островскийдің «Найзағай» спектакліндегі Тихон рөлі үшін Абзал Ратбек «Үздік актер» номинациясымен марапатталды.
Режиссер спектакльдегі сахналарды әсерлі жеткізу үшін ортада орналастырылған бассейнді қолданады. Дина Жұмабаеваның ой-тұжырымындағы су арқылы шешілген спектакль Жантөрин театрының репертуарына тіпті ерекше сүрлеуімен, жаңаша лебімен, режиссерлік тың шешімдерімен қойылған драмасы найзағайша жарқ етіп енді.
Испан драматургы Федерико Гарсиа Лорканың пьесасы желісімен қойылған «Бернарда Альбаның үйі» өзінің тереңде жатқан құпия сырын аңғартқандай бір ерекше күйге бөлейді. 2022 жылы сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен Халықаралық V «BALAUSA» эксперименталды қойылымдар фестивалінде театр актрисасы Әлия Бисенбиева Бернарда рөлі үшін «Үздік әйел адам рөлі» номинациясымен марапатталған болатын. Сөзсіз бұл драма Жантөрин театрының биік деңгейлі дүниесінің бірегейі болып қалмақ.
«Менің атым – Қожа» спектаклі арқылы батыстың дүниелеріне мойын бұрып бара жатқан заманда балаларымызды қазақ кейіпкерлерімен қызықтыру басты мақсат болды. Бұл – жас ұрпақты өзін-өзі тануға, бағалай білуге, ақыл мен адамгершілікке баулитын спектакль. Қойылым режиссері Фархад Молдағалидің ерекше интерпретациясы, айрықша трактовкасы көрініп тұр. Спектакльдің көркемдік тұтастығы, көркемдік сапасы жоғары. 2022 жылы Театр Сыншылары Бірлестігінің жүлдесімен осы қойылымдағы Миллат рөлі үшін театр актрисасы Майра Бақбердиева «Екінші пландағы жыл актрисасы» номинациясымен марапатталды. Бұл театр тарихында алар орны ерекше, ғұмыры ұзақ спектакль болсын деп тілейміз.
2022 жылды Виктор Легентовтың Эдит Пиафтың өмірінен көріністер бойынша орыс тілінде қойылған «La mom Piaf» спектаклінің премьерасы өтті. Актерлік шеберлік пен әнші өмірінің шынайылығы көрерменді бей-жай қалдырмады. Сахнадан әлемді таңғалдырған әнші Эдитті көрдік. Шынайы, парасатты, әуезді ойын болды. Актриса Эльмира Керімбаева бүтіндей сахна кеңістігін әйгілі Эдит Пиаф образымен, Эдиттің құлағымызға сіңген әндерімен толтырды. Спектакльдің пластикалық шешімін француздық колоритпен, париждік шарммен, эмоциялық энергетикасын жоғары көркемдік деңгейде үйлесімді шешкен хореограф Серік Сариевтің жұмысы да мақтауға тұрарлық. Спектакль режиссері Ольга Луцива ұйғарымы бойынша бірнеше рөл атқарған мимдер басты кейіпкерге көмекші ретінде көрінді. Спектакль үлкен, теңдесі жоқ рахат сыйлады.
Премьерасы 2022 жылдың 8 маусым күні өткен Иран-Ғайыптың шығармасы бойынша қойылған «Естайдың Қорланы» спектаклін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров арнайы шақырумен келіп қойды. Қорлан сұлуды әнге қосқан ақын, қазақтың алақанға салып әлпештеген серісі, әнші перзенті Естайды білмейтін қазақ жоқ. Дүлдүл, сал-серілердің соңғы тұяғы Естайдың аты аталғанда Қорлан сұлу мен «Құсни Қорлан» әні ойға оралады. Естай мен Қорлан – ұлы сезім махаббаттың символына айналған тұлғалар. Сахналық туындыға бір-біріне қосыла алмай арманда өткен қос ғашықтың кіршіксіз махаббаты арқау болған. Көрермен назарына ұсынылған қойылымдағы басты кейіпкер Естай рөлін бұған дейін «Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің және «Каспий» тобының экс әншісі, 2022 жылдан бастап Жантөрин театрының актері Мұрат Қожа сомдап шықты.
2022 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналып, «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» әңгімелерінің желісімен қойылған драма кішкентай адам тағдыры, оның ішкі жалғыздығы мен трагедиясы туралы. Мұнда жетімдік тақырыбы бар қасіретімен ашылып көрсетіледі. Қойылым режиссері Г.Мирғалиева автор жеткізген қазақ әйелінің аянышты тағдыры жайына көңіл бөліп, жетім күйін көрсеткісі келген. Бүгінгі күнде де бар қорғансыздар жайы көрерменді бала жанының ізгілік әлеміне жетелеп, өзіндік ой түюіне мүмкіндік береді. 2023 жылы Қызылжар қаласында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІХ Республикалық фестивалінде театр актрисасы, Мәдениет саласының үздігі Анар Бейсенбина Ғазизаның әжесі рөлі үшін «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» номинациясы бойынша жеңіске жетті.
2023 жылдың 2 сәуірінде Людмила Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» («Дорогая Елена Сергеевна») атты пьесасы бойынша орыс тіліндегі спектакль театр актрисасы Федоренко Маринаның бенефисіне арналып қойылған болатын. Басты рөлді Марина Федоренко сомдап шықты. Қойылымда алдымен бәрі жақсы көрінеді. Бірақ оқиға барысында оқушылардың басты мақсаты сейфтің кілті екендігі белгілі болады. Ляля, Паша, Витя және Володя жай ғана бейкүнә балалар емес, әркімнің бұл істе өз таңдауы бар. Кешкі уақытта мұғалімнің үйіне келген оқу бітіруші балалардың жат қылығы қай көрерменді болмасын толғандырмай қоймасы анық. Жасөспірімдер жайын қозғайтын тақырып қай уақытта да өзекті. Бала тәрбиесі әр адамды толғандырады. Спектакль жақсылық пен жамандық, ақ пен қара хақында. Бұл туынды көкейкесті мәселені көтеруімен құнды.
2023 жылы театр сахнасында тұсаукесері өткен Ермек Аманшаевтың инсценировкасындағы Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесінің желісімен қойылған пластикалық драма Дина Жұмабаеваның режиссурасымен ұсынылды. Бұл спектакль – ойын, зерттеу, эксперимент. Қойылым Грегор Замза есімді жігіттің метаморфозының себебін іздеуге бағытталған. Сахнадан трансформацияға ұшыраған адамды көресіз. Кейіпкердің «құбылу» себептері ашылмайды. Спектакльден Грегордың құбылуының отбасына қаншалықты ауыр әсер еткенін, күннен күнге өзін жоғалта бастаған жігіттің өліміне кім кінәлі деген сұрақтарға жауап іздейсіз. Бұл қойылымды тәрбиелік мәні бар миф ретінде де қабылдауға болады. Оқиғаны әр адам әртүрлі топшылай алады. Өйткені автор нақты себептерін жазып, түсіндірмейді. Мына заманда адамдар бір-бірін түсінуден қалған. Өзге тұрмақ өз отбасы да теріс айналады. Қойылым түсіністікке, адамдыққа мәжбүр болған адамның халін көрсетеді. 2023 жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «BIKEN» І халықаралық театр фестивалінде театрдың жас актері Рысқұл Жанғазы Грегор рөлі үшін «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.
Жантөрин театры Маңғыстау өнерінің шоқ жұлдызындай. Өңірдің түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларының барлығына дерлік араласып, ұйымдастырып, өткізіп жүрген ұжымдардың бірегейі. Театр ұжымы өте тату бір команда іспетті. Мұндағы атмосфера да, қонақжайлық, кішіпейілдік, бір-біріне деген құрмет, сый, мәдениеттілік және ауызбіршілік, бір отбасындай жұмыла жұмыс жасауы үлкен жауапкершіліктен туған өнерге деген құрметінен болса керек. Алматы мен Астана сияқты мәдени ортада орналасқан театрларды шалғайда жатқан облыстық театрлардан бөлектемей, тең өлшемде қарайтын кез жетті. Сондықтан Жантөрин театры – тек Маңғыстау өлкесінің ғана емес, кең байтақ Қазақстан атты егемен елдің театр өнерін әлемге паш етіп жүрген өнерлі ұжым. Жантөрин театрының алар асуы, биік белесі әлі алда деп сенеміз.

Лаура ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ,
театртанушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.01.2024 | 23:27

Жақсы екек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір