Түркістанда түлеген театр
10.10.2023
342
0

І ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨШЕ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ ТҰСАУЫН КЕСТІ

Еуропа мен Азияны тоғыс­тырып жатқан Ұлы Жібек жолының күрета­мыры, Қазақ хандығының астанасы болған сан ғасырлық тарихы бар киелі Түркістан қаласында 27-29 қыркүйек аралығында І Халықаралық көше театрларының фестивалі өт­ті. Күллі түркі жұртының рухани астанасы, көне қала Түркістан бүгінгі таңда жаңашылдықтың бастаушысы, өнер мен өркениет көшбасшысына айналып отыр. Түркістан облысының 5 жылдығына арналған бұл өнер мерекесіне Бурса мунициппалитетінің қалалық театры (Түркия), Б.Юлдашев атындағы «Дийдор» жастар эксперимент­тік театр – студиясы (Өзбекстан), Қапар Медетбеков атындағы облыстық музыкалық драма театры (Қырғызстан), Қазақ­станнан: Түркістан музыкалық-драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры, «Керуен-сарай» ойын-сауық орталығы, Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Темірлан» халық театры, Сайрам аудандық Қазақ халық театры, Шардара аудандық мәдениет сарайы, Сауран аудандық мәдениет үйі, «Шымкент цирк» МКҚК қатысты.

 Аталған іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Фестивальдің мақсаты – көше театрлар мәртебесін көтеру, осы арқылы мәдениет­тің ажырамас бөлігі ретінде оның рөлін жаңғырту, жас түркістандықтар мен қала қонақтарының демалысын мазмұнды етіп, өскелең жас ұрпақты патриот­тық рухта тәрбиелеу.
Фестивальдің ашылу салтанатында көше театрларының шежіресі жөнінде деректі фильм көрсетілді. Одан кейін Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Сайт Юсуф құт­тықтау сөз сөйлеп ,барша қатысушыларға сәт­тілік тіледі.
Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін «Ұлы Дала елі» орталығында фестивальге қатысуға келген өнер ұжымдарымен дөңгелек үстел өткізілді. Мұнда көше театрларының түрлері мен даму бағыт­тары туралы қазылар алқасының төрайы­мы, өнертану докторы, профессор Б.Нұрпейіс баяндама жасады. Қазылар алқасының мүшелері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-сценограф Б.Срайылов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, профессор А.Мұқан, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты З.Исламбаева, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрының режиссері Ә.Оспан­баева өз пікірлерін ортаға салды.
Көше театры – театр өнерінің ең көне түріне жатады. Бұл театр Еуропа мен Шығыс елдерінде ежелгі дәуірлерден бастап пайда болды. Ол көбінесе әдет-ғұрыптық әрекет­терге құрылған, дәлірек айт­қанда жыл мезгілдерінің (көктем, жаз, күз, қыс) ауысуына байланысты түрлі мерекелер көпшіліктің қатысуымен өткізілді. Мысалы, ежелгі грек театрында шарап құдайы Дионистің құрметіне арналған ойын-сауық мұның жарқын дәлелі бола алады.


Түркі тектес халықтардың жыл мезгіліне, шаруашылыққа байланысты толып жатқан дәстүрлері көпшіліктің қатысуымен өтеді. Әсіресе Наурыз мейрамы «Ұлыстың ұлы күні» ерекше тойланады. Қазіргі кез­де барлық халықтардың осындай салт-дәстүрлеріндегі театрлық көне белгілер бүгінгі көше театрларында әрқилы дамып отыр.
Біздің қазақ халқының салт-дәстүрлерінде театрлық элемент­тер жеткілікті. Айталық, Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен өнерпаздар ағашаяқпен жүріп, небір цирктік трюктерді еркін жасай берген. Бұл нағыз көше театрына жақын келеді.
Көше театры деген – термин артистердің көшеде қандай да бір өнер көрсетуі немесе кәдімгі театр спектаклін көшеге шығарып ойнау, одан басқа арнайы түрде алаңға, көшеде көрсетуге қойылатын спектакльдер. Қазіргі кез­де «көше театры» деген ұғым «көпшілік кеңістігіндегі театр» деген түсінікпен алмастырылды.
Көше театрының қазіргі түрі Еуропада ХХ ғасырдың 1960-1970 жылдары пайда болды. Сол уақыт­тағы атақты көше театрлары Teatr Ósmego Dnia (Поль­ша) және Teatro Nucleo (Италия) еді.
1969 жылы Авиньондағы (Франция) Халықаралық театр фестивалінің «офф-бағдарламасында» әлемнің түкпір-түкпірінен келген көше театр­лары өнер көрсет­ті. Бұл дүниежүзі бойынша көше театрларының кеңінен дамуына жол ашып берді.
Бүгінгі таңда Польшаның Theatr AKT (Варшава), Teatr KTO (Краков), Испанияның Cia La Tal, Ресейдің «Аспект Р» (Санкт-Петербург) деген т.б. атақты көше театрлары белсенді жұмыс жасап келеді.
Ресейдегі көше театрының дамуы Вячеслав Полунин есімімен тығыз байланысты. Ол 1987 жылы Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) Бүкілодақтық көше театрларының фестивалін ұйымдастырды. Ал 1989 жылы оның бастамасымен еуропа көше театрларының «Әлем керуені» («Караван мира») деген фестивалі өт­ті.
2019 жылы Сергей Корсаков пен Олег Скотников бірігіп көше театрлары мен артистерінің Ресей Одағын құрды. Соның нәтижесінде қазіргі кез­де Ресейде жыл сайын көше театрларына арналған Халықаралық «Жарқын адамдар», «Иллюзион» т.б. фестивальдер тұрақты өткізіліп келеді.
Сонымен біздің елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған аталмыш фестивальге қатысқан өнер ұжымдарының бірен-сараңы болмаса, көпшілігі өз репертуарында жүріп жатқан спектакльдерін көшеде қоюға ықшамдап әкеліпті. Спектакльдер «Фараб» кітапханасының алаңында, «Ұлы дала елі» орталығы аумағындағы «Open Turkistan» сахнасында, «Visit Centre Turkistan» мен «Этно ауыл» алаңдарында, «Керуен сарай» кешенінде көрсетілді.
Фестиваль шымылдығы Қапар Медетбеков атындағы облыстық музыкалық драма театрының «Мәңгүрт» (Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы бойынша, сахналық нұсқасын жасаған Нұрбек Урматжанұлы) спектаклімен ашылды. Режиссер бүгінгі жастардың мәңгүртке айналуына телефонның кері ықпал жасап отырғанын көрсетуді мақсат тұтқан. Найман ана рөліндегі актриса Қырғызстан Республикасының мәдениет саласының қызметкері А.Алсеитова өз кейіпкерінің психологиялық толғаныстарын нанымды ашты. Бірақ спектакль режиссері ішкі драматизмге құрылған шығарма оқиғасын бүгінмен байланыстыруға тырысқанымен де, оны көркемдік биікке көтере алмаған.
Келесі өнер көрсеткен Түркістан музыкалық драма театры Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» (режиссері О.Жақыпбек) музыкалық комедиясының ең соңғы сахнасынан үзінді көрсет­ті. Театрдың кілең жас актерлері мен балет артистері қатысқан спектакль оқиғасы көрермендер назарын өзіне бірден аударды. Флэшмоб үлгісіне көбірек келетін бұл үзінді қаланың кез келген жерінде ойнауға ыңғайлы. Ойнақы музыка, әдемі би, актерлердің ойыны аталған спектакльге көрермендерді елең еткізіп, қызықтырып әкетеді. Қойылымның тыныс-ырғағында жастыққа тән ширақтық, еркіндік пен өзіндік бояу бедер бар. Бір сөзбен айт­қанда театр өз спектаклін көшеде ойнап жарнама жасауға болатынын көрсетіп берді.


Бурса муниципалитетінің қалалық театры да өз репертуарындағы Неджмет­тин Тетиктің «Медда, адамның хал-күйі» деген комедиялық спектаклінің қысқартылған нұсқасын ұсынды. Тілдік, сөздік кедергілерге қарамастан біз түрік актерлерінің ойынынан айқын ишарат, жігерлі қимыл-қозғалыс, жанр ерекшелігінен туындайтын күлдіргі әрекет­тер көрдік. Бірақ кейіпкерлердің сөзі шұбалаңқы, түсінікті оқиғаны жүргізуші арқылы қайталата беру көрерменді жалықтырып жіберді.
Б.Юлдашев атындағы «Дийдор» жастар эксперимент­тік театр студиясы Х.Х.Ниязидың «Майсараның айласы» деп аталатын комедиясын көрсет­ті. Спектакль көшеде ойналатындықтан да режиссер Б.Юлдашев қойылым прологында «келіңіздер, көріңіздер» деген сөздерді қосып, көшеде кетіп бара жатқан адамдардың назарын өздеріне аударуға мән берген. Бір сағат­тан астам уақыт бойы көрермендерді уысына ұстап тұрған спектакль өте динамикалы өрбіді. Біз жас актерлердің ойынына қарап өзбек актерлік мектебіндегі сабақтастықтың жалғасып жатқандығының куәсі болдық. Бұған олардың дауыс мәнері, үндерінің интонациялық бояуы, бет-жүздерінің құбылуы, суырыпсалмалыққа лезде бара алулары дәлел. Режиссер әрбір кейіпкердің сахналық мінездерін даралаған. Жанр ерекшелігіне сәйкес мизансценалардың дәлдігі мен мазмұны актерлердің орындаушылық өнеріне шабыт беріп, спектакльді көркемдік биікке көтерді. Жинақтап айт­қанда, өзбектердің қойылымынан кәсіби өнерге тән сахна мәдениетін, актерлер мен режиссер шеберлігін, комедиялық туындыны меңгере алатын шығармалық өресін байқадық.
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры «Дара жол» деген театрландырылған қойылым ұсынды. Режиссер Ж.Файзиевтің басты мақсаты сақтың ұлы падишасы Томиристің ел мен жердің тұтастығы жолындағы ерлігін көрсету болды. Бірақ халқының тәуелсіздігі үшін бар ғұмырын сарп еткен Томирис – Б.Қалдарбекова нақты бір әрекет үстінде көрінген жоқ. Көпшілік сахнасына қатысқан актерлердің батырларға лайықты киімдері мен қолдарына ұстаған қарулары ерекше көзге түскенімен де сахна сайысы кезінде актерлер өз шеберліктерін көрсете алмады. Оқиға көшеде өтетінін ескермеген режиссер олардың еркін қимылдауына мүмкіндік бермеген. Тар кеңістікте қысылып, қымтырылып бір-біріне соғыла жаздаған орындаушылар жан алып, жан беріскен қиян-кескі шайқас үстінде өздерінің ішкі және сыртқы техникасының айқын да бейнелі болуын қадағалай алмады. Әрекет жасауға осыншама кең алаң беріліп тұрған кез­де, режиссер шығармашылық қиялға тартынбастан ерік беруі керек еді.
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театры фестиваль критерий­лерін қатаң сақтап (қойылымның ұзақтығы, қатысушылар саны т.б.), бұған арнайы дайындаған «Суретші» деген қойылымымен қатысты. Шығарманың сахналық жүйесін жасаған М.Ақүрпеков француз суретшісі Жан Леон Жеромның «Шындықтың құдықтан шығуы» деген атақты суретінің идеясын өзек еткен. Спектакль басталғанда суретші – Ж.Ілиясбеков жиналған көрермендерге жақын келіп ақиқат пен жалғандық туралы сауалдарын қояды. Іле-шала сол туралы әфсананы баяндап, бір шет­те жүріп жатқан оқиғаға ойланып қарап отырады. Спектакль кейіпкерлерінің киімдері, актерлерге салынған гримдер, пайдаланылған реквизит­тер, ортада тұрған қара құдық, сурет тұрған мольберт барлығы да өзара үндестік тауып спектакль идеясының ашылуына жәрдемін тигізді. Бүгінгі заманда шындықтың жоғалғаны туралы мәселе ешкімді де бей-жай қалдырмады. Қойы­лым соңында жиналған көрермендер суретшінің сұрақтарына жауап беріп, достық, махаббат, қоғам, шындық пен жалғандық туралы өз ойларын бөлісті. Біз театр ұжымының көше театрына сәйкес қойылым шығаруға деген талпынысын құптаймыз.
Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры Абайдың өлеңдері мен қарасөздеріне жазылған «Қалың елім, қазағым!» (сахналық жүйенің авторы Р.Сейтметов) спектаклінен жас Абай мен Тоғжанның бір-бірімен кез­десетін сахнасын көрсет­ті. Ашық алаңда тізіліп тұрған ұлт­тық киімдегі қыз-жігіт­тер өтіп бара жатқан адамдарды елең еткізіп, өздеріне бірден қаратып алды. Абай мен Тоғжанның сырласу сахналары көпшіліктің әзілімен, ақынның лирикалық әндерімен сүйемелденіп отырды. Бірақ Абай мен Тоғжан рөліндегі актерлер өз кейіпкерлерінің жасынан ересек көрінді. Одан кейін көпшілік сахнасындағы орындаушылардың ешқандай да әрекет жасамай бір орында жылжымай тұрып сөйлей берулері де спектакльдің ырғақ-екпінін тежеп тастады. Тым құрыса, «Желсіз түнде жарық ай» әнін айт­қан кез­де көрермендермен араласып, бірге шырқаса басқаша болар еді. Спектакльді көшеде ойнағанда көреремендер мен актерлер арасында шекара болмайтынына режиссер мән бермегендіктен, театрдың шығармашылық мүмкіндігі толық ашылмай қалды.


«Керуен сарай» ойын-сауық орталығы «Қыз Жібек пен Төлеген» қайықтар шоуын көрсет­ті. Бұл шоуды көше театрының кеңінен тараған site-specific (ағыл. белгілі бір орында өмір сүру) түріне жатқызамыз. Жарқыраған ай сәулесінің астында Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына бірнеше жылдардан бері көрсетіліп келе жатқан жарқын эффектілерге құрылған шоу көрермендерге ерекше романтикалық көңіл күй сыйлады. Судың қақ ортасында жартылай батып тұрған Нұх пайғамбар кемесінің айналасынан көкке атылған су бұрқақтары музыка әуенімен билеп, жарықпен құлпырып сан түрге енеді. Сол сияқты оқиға шиеленіскен сәт­терде түнгі аспанды қақ жарып үш жерден көкке атылатын от­тардың жалыны жағалаудағы көрермендерге де сезіледі. Осындай кез­дерде көріністі тамашалап тұрған адамдар қошемет сөздерін айтып, эмоциялық тұрғыда таңданыстарын жасырмады.
Кеменің қос қапталынан ұлт­тық әдемі киімдер киген Төлеген, Жібек, Бекежан т.б. кейіпкерлер жеке-жеке қайықпен жағалауға жақындайды. Режиссер тарапынан қайықтардың судағы мизансценасы бейнелі шешілген. Қарама-қарсы бағыт­та жүзіп келе жатқан қайықтар бір-біріне біресе жақындап, біресе алыстап жылдам қозғалады.
Актерлер қайықтың үстінде тұрып, музыка ырғағымен қолдарын екі жаққа созып әртүрлі қимылдар жасайды. Орындаушылар ешқандай да сөз сөйлемей Жібек пен Төлегеннің бір-біріне ғашық болғанын, Бекежанның Төлегенді мерт етуін пластикалық әрекет­тер арқылы бейнелейді. Бұл шоу әу баста көше қойылымы талаптарына лайықталып заманауи технологияның көмегімен жасалғандықтан көпшілік қауымға ерекше әсер ет­ті.
Аталмыш фестивальдің тағы бір ерекшелігі кәсіби театр ұжымдарымен бірге халық театрлары да өз өнерлерін ортаға салды. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Темірлан» халық театры З.Қыстаубайұлының «Тәуелсіздік ақ таңы», Сайрам аудандық Қазақ халық театры Е.Қойбағарұлының «Махаббат серенадасы немесе бала мен қайыршы», Шардара аудандық мәдениет сарайы Ә.Айдаровтың «Енжарлық – түбі өкініш», Сауран аудандық мәдениет үйі Ш.Әлібековтың «Үрей» спектакльдерін көрсет­ті. Халық театр­лары спектакльдерінің басым бөлігі үгіт-насихат­тық сипат­та болды. Дәлірек айт­қанда имандылықты ұмытпау, адамгершілік пен азамат­тық тұрғыдан таймау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау сынды мәселелерді қозғаған.
Халық театрларының ел ішінде жұмыс жасап жатқаны барлығымызды қуантады. Бірақ орындаушылардың ойыны өте қарабайыр, психологиялық толғану сәт­тері сенімсіз, сахналық серіктестерімен өзара қарым-қатынас жасауда жасандылық басым болды. Біздіңше, алдағы уақыт­та халық театрларын жетілдірудің жолдары туралы семинарлар өткізіп, оның деңгейін көтеру мәселесін арнайы қарастырған жөн. Мұндай халықаралық фестиваль­ге халық театрларын қосу орынсыз. Өйткені кәсіби театр мамандарына қойылатын міндет­терді олардан талап етуге келмейтіні баршамызға жақсы мәлім.
Сонымен, аталған фестивальге қатысқан өнер ұжымдарының барлығы да біраз тәжірибе жинақтады. Бірақ алдағы уақыт­та бүгінгі таңда кең тараған көше театрларының екі түрі бойынша променад (француз тілінен аударғанда ертіп жүру, серуен, қыдыру) және site-specific спектакльдер қажет. Перформанс, хеппенинг, флеш-моб бағыт­тарында да қызықты спектакльдерді көбейту керек. Сонда ғана көше театрлар фестивалі өзінің атына сай болар еді. Егер бұл фестиваль алдағы уақыт­та тұрақты өткізілетін болса, онда міндет­ті түрде критерийін күшейтіп, географиялық аумағын кеңейтуге мән берілгені жөн.
Өнер мерекесінің салтанат­ты жабылуында екі күнге созылған фестиваль күнделігінің көрсетілімі болды. Одан кейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құт­тықтау сөз сөйлеп, бәсеке көрігін қыздыруға атсалысқан барлық театр ұжымдарына марапат­тар табыстады.
Сонымен күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиет­ті де киелі мекен Түркістанда Қазақ­стан бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған Халықаралық көше театрларының бірінші фестивалі Республикамыздың рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл еліміздегі театр саласы қызметкерлерінің алыс-жақын шетелдерден келген өнер шеберлерімен өзара тәжірибе алмасудың алаңына айналды. Алдағы уақыт­та тұсауын енді ғана кескен жаңа фестиваль еліміздің беделін көтеретін іргелі мәдени жобалар санатына еніп, жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлт­тық өнер
академиясының профессоры,
өнертану докторы,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір