ПЕТЕРБОРДАН ТАБЫЛҒАН МОЛ ОЛЖА
10.09.2024
535
0

Тамыз айының 25–31 күндері аралығында, «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерт­теу жұмыстары» жобасы аясында, Алматыдан көрікті һәм тарихи қала Петерборға табан тіреген едік…

Аталмыш жобаның басты мақсаты – ТМД елдеріндегі ұлт тарихы мен әдебиетінің шұғылалы сәулесі түскен мұраларының ізіне түсіп, шаң басқан архив пен кітапханаларындағы құнды құжат­тарды табу; ұлт тарихы мен әдебиетінің кем-кетігін түзеп, ғылыми айналымға түсіру; ұлт­тығымызды ұлықтау; ұлт­тық кодты жаңғырту болды.
25 тамыз күні түс ауа Пулкова әуежайынан түсіп, метро арқылы қонақүйге жетіп, жарты күнім болса да құр өткізбе­йін деген ниетпен тура іргеміздегі Петербор Ұлт­тық кітапханасының оқырмандық билетін алдым. Солай кітапхананың басылымдары сақталатын «Фонтанка 36» көшесіндегі ғимаратына барып, Екатерина Васильевна, Антон Викторович сынды библиограф мамандардан кеңес алдым. Артынша кітапхана мамандары құрастырған библиографиялық көрсеткіштермен жұмыс істедім. Керекті мағлұмат­тарды дәптеріме түртіп алдым.
Ертесіне, 26 тамыз күні таңда дүйсенбінің сәт­ті райымен ЦГАЛИ СПб-ға (Орталық Мемлекет­тік әдебиет және өнер архивіне) тіркеліп, мұрағат қорындағы тізімдемелермен таныстық. Өзімізге қажет­ті қор, тізімдеме, іс шифрлерін жазып алдық. Ке­йіннен қаз-қатар тізілген қаланың ескі ғимарат­тарының арасындағы айырық жолмен метроға жетіп, «Сенная площадь» аялдамасынан «Парк победаға» тоқтадық. Ондағы мақсатымыз – жаңадан салынған кітапханадағы бай мұрамен танысу еді. Өйткені «Фонтанка 36» көшесіндегі кітапхана қызметкерлері: «қаладағы сирек қор дәл осы ғимарат­та орналасқан», – деп жөн сілтеген болатын.
Солай сәулет­ті, салтанат­ты кітап­хананың 3-қабатында орналасқан сирек қорға арнайылап бардық. Шағын бөлмеде орналасқан екен. Айнала қоршаған каталогтер. Алдымыздан қазақтілді каталогтердің қорықшысына айналған Лариса Акимовна әпкеміз жылы шыраймен қарсы алды. Зерт­теу бағытымызды түсіндірген соң, Лариса апай бірнеше каталогті алдымызға өңгере салды. Сондағы қуанғанымызды-ай! Шетінен қарай бастадық… Ескі қаріптегі картотекалар екен. Бірнеше күнге созылған сирек қордағы ізденістің нәтижесінде, Петербор қаласына барудағы мақсатымыз орындалып, жоғалғанымыз табылған еді…

* * *

Аталмыш жоба аясындағы зерт­теу тақырыбымыз – мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, публицист, драматург, аудармашы «Нұғыман Манайдың өмірі мен шығармашылығы» (Ресейдегі архив, кітапхана, сирек қор негізінде) болды.
Нұғыман Сәрсенұлы Манай – Бақтыкерей Құлман, Жанқожа Мергенұлы, Халел Досмұхамедұлы, Уәлит­хан Танаш, Ғұбайдолла Бердіұлы, Сәлімгерей Қаратілеуұлы, Мұқаш Атшыбайұлы, Шафқат Бекмұхмедұлы, Хасан хазірет Нұрмұхамедұлы, Мүбина Нияз, Беркінғали Атшыбай және т.б. Алаш оқығандары өмір сүрген аңызды Атырау өлкесінің баурайында дүниеге келген. Бейімбет Майлы, Жиенғали Тілепберген, Мағжан Жұмабай білім алған Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алған қазақ оқығаны.
Ол медреседе оқып жүріп, 21 жасында 1915 жылы «Шарқ» баспасынан тырнақалды «Иман-Ислам» ат­ты оқулығын жазады. Ең тамашасы, оқулықтың бір нұсқасы біз жұмыс істеген Санкт-Петербор Ұлт­тық кітапханасының сирек қорынан табылды. Кітаптың шифр номері – «3-1575». Көлемі 31 бет екен. Ескі қадым қаріпімен жазылған. Кітаптың ұзындығы 23 см, ені 12 см. Бір кереметі, түпнұсқа оқулықтың өңі кетпей, сол қалпында сақталғаны болды.

* * *

Нұғыман Манай ғұмырындағы елеу­лі кезең – Ақтөбе, Жетісу өлкелерінде хатшылық қызмет атқарып, 1929–1930 жылдар аралығында ағарту министрі болғанымен байланысты. Сол уақыт­та ол мектеп, оқулық мәселесімен бірге қарапайым еңбек адамының да қақы тапталмауы үшін қоғамдық-саяси мақалалар жазады. Саяси съезд, пленумдерге қатысады. Соның бір көрінісі Нұғыманның 1927 жылы Алматы қаласында жарық көрген еңбегі – Қосшы ұйымының губернелік V съезінде жасаған баяндамасының жеке кітапшасы еді. Алматы қаласындағы сирек қор, мұрағат­тардан кезіктірмеген Нұғыманның еңбегі осы болатын. Міне, «іздеген жетер мұратқа» демекші, аталмыш кітап 4000 шақырым жердегі Петербор кітап­ханасынан табылып отыр. Кітаптың шифрі – «4-637 а». Көлемі 16 бет. 1000 данамен басылған екен. Бастырушы – «Губернелік Қосшы комитеті». Аталмыш кітап төте қаріппен жазылғаннан ке­йін ішінде не жазылғанын толық оқымағанымызбен, алдағы уақыт­та толыққанды қазіргі қаріпке түсіріп, ғылыми сипат­тамасын беретін боламыз.
Петербордағы ғылыми сапарымыздағы тағы бір құнды олжа – Нұғыман Манайдың 1933 жылы «Қазақстан» көркем әдебиет баспасынан құрастырып шығарған ақын Шәңгерей Бөкейдің тұңғыш шығармалар жинағының бір нұсқасы еді. Кітаптың жалпы көлемі – 74 бет. Шифрі – «3-228». Сонымен бірге, Нұғыманның 1925 жылы 21 қаңтарда редакторлық еткен «Кедей туы» газетінің 2–10 сандары сирек қорда ұшырасты. Әсіресе аталмыш басылымның 3-санында Нұғыманның «Қызыл әскер – төңкеріс қорғаушысы» деген мақаласын бұрын-соңды кезіктірмеген болатынбыз. Жоғарыдағы тапқан материалдардың барлығы дерлік жоба негізінде жарыққа шығатын «Нұғыман Манайдың өмірі мен шығармашылығы» (Ресейдегі архив, кітапхана, сирек қор негізінде) тарихи-танымдық толғаныс кітабына енетін болады.

* * *

Сонымен қатар Петербордағы сирек қордан XX ғасырдағы алғашқы қазақтілді әліппе, хрестоматия, оқулыққа қосымша кітаптардың бір нұсқалары табылды. Мәселен, «Дұрыс оқу үкімдері» (З. Ерғали, 1908. Қазан) «Қазақ әліппесі» (З.Ерғали, 1910. Қазан), «Қазақ балаларына қирағат» (М.Дибердіұлы, 1910. Қазан), «Көргенді бала, үлгілі ана» (М.Нұрбай, 1911. Орынбор), «Дұрыс жазу қағидалары» (И.Бисен, 1914. Қазан), «Үлкендер үшін әліппе» (Ш.Сарыбай, Е.Қожантаев, А.Табын­баев, 1921. Ташкент) оқулықтары. Алдағы уақыт­та осы еңбектердің Петербордан табылған нұсқаларымен кешенді жұмыс істейтін боламыз.

* * *

Аптаға жуық уақыт­қа созылған ғылыми сапарымыздың нүктесі қасиет­ті жұма күніне дәл келіп, Алаш қайраткері, алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанның Жаңа Волховка қабірстанындағы басына барып, Құран бағыштап, зиярат етумен жалғасты. Қабірстанға бару үшін метро арқылы «Бухарестская» аялдамасына жетіп, «Салова» көшесінің бойымен сәл жүрдік. Ке­йін оңға қарай бұрылып, «Волховская» көшесінің бойымен сәл жүргенде, жолдың оң жағыннан мұсылмандар зираты бірден көрінеді. Ахмет Бірімжан атамыздың қабірі кірген бойда оң жақта орналасқан екен.
Алаштың айбынды азаматы дәл осы Петербор шаһарында 97 жыл бұрын ауыр науқастан қайтыс болған еді. Сол уақыт­та ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, қазақ студент­тері Ә.Марғұлан, М.Әуез және т.б. оқығандар тұлғаны мәңгілік сапарға шығарып салған болатын. Сондықтан да ұлтына ұлықты қызмет еткен Алаш ардақтысына Петерборға жолы түскен әрбір қазақ азаматы тағзым етіп, тәу етуі тиіс. Бұл – азамат­тық парыз, ұрпақтық қарыз…
Петербор – Алаш тарихының ізі қалған тарихи қала. 1906 жылдардан бастап, дәл осы қаланың Таврия сарайында I, II, III, IV Мемлекет­тік думаға Алаш қайраткерлері: А.Бірімжан, А.Тұрлыбайұлы, Б.Құлман, Ж.Ақбай, С.Жантөрин, Т.Нұрекен және т.б. қазақ оқығандары сайланған-тын. Үш ғасырға жуық тарихы бар Таврия сарайы қаланың солтүстігінде орналасқан екен. Қазір жазғы маусымдық жөндеу жұмыстары өтіп жатқаннан ке­йін ішіне кіре алмағанымызбен, сыртынан суретке түсіріп алдық. Қайраткер аталарымыздың дәл осы сарайда 115 жыл бұрын депутат болып, ел ісіне араласқан күндерін жүрегімізбен сезініп, санамызбен түйсіндік. Қандай ғажап!..
Түс ауа дәл осы «Университетская, Дворцовая набережная» көшелерінде орналасқан атақты Эрмитаж, Кунсткамера мұражайларына бардық. Әлбет­те, екі мұражайдың барлық экспонат­тарын көріп, асықпай экскурсия жасау үшін сізге жоқ дегенде 1 күндей уақыт қажет. Бірақ біз уақыт­ты үнемдеп, екі мұражайға да соғып, барлық қабат­тарын үлгергенімізше араладық. Шіркін, қандай тамаша дерсіз! Сөз жоқ, мұражайлардан үлкен әсер алдым. Әсіресе Эрмитаждан! Солай Петербордағы ғылыми сапарымызды алаш тарихының ізі қалған жерлерді, мұражайларды тамашалаумен байланыстырып, танымдық ет­тік.

* * *

Міне, ғылыми сапардың ауыр жүгін арқалап Нұғыман аялдаған, тұлғаның мол мұрасы жинақталған Санкт-Петерборға ат­танып, жан-жақта тарыдай шашылған архивтік құжат­тарымен қал-қадери мүмкіндігімізше таныстық. Мұның өзі – маған берілген үлкен сый, зор мүмкіндік деп білемін. Өйткені қайраткердің Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жетісу өлкелеріндегі мұралары ел ішінде ғой, ал шапса ат тұяғы мүжілетін алыс аймақ Петерборға қыршыннан кеткен арысын жоқтап, жолымен жүрмекке қай қазақ ұлының мүмкіндігі жетіпті дейсіз?!
Сол себепті мұндай мүмкіндік тудырған ҚР Мәдениет министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерт­теу жұмыстары» жобасының барша ұжымына, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке, жоба жетекшісі Қасымхан Бегманов, бағыт-бағдар беруші ұстазым Елдос Тоқтарбай ағаларымызға шексіз ризашылығымды білдіремін!

Ертай БІЛӘЛ,
«Қазақстан жазушыларының
ТМД елдерінің архивтеріндегі

зерт­теу жұмыстары»
жобасына қатысушы ғалым,
алаштанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір