Оңай олжа оңалтпас
23.02.2023
249
0

Бүгінгі күні елімізде ұйымдасты­рылатын лотереялар өз аудит­риясын жинап үлгерді. Бұл ойын түрінің ғасырлық тарихы бар екені де белгілі. Десек те лотерея­лар байлыққа кенелудің жолы ма әлде ойын-сауық құралы ма?

Қазіргі таңда «уатсап» желісінде түрлі топтар ашылып, ұтыс ойнататындар көбейгені көпке мәлім. 200-300 адамның басы құралатын топтарда ұсақ-түйек ыдыс-аяқтан бастап, алтын-күміс, ірілі-ұсақты мал-жандарын да ұтысқа іліп, халықтың қалтасын қанап жатқандар – өзіміздің қаракөз қазақтар. Алысқа бармай-ақ өзіміздің туысардың біразының ұтысқа 2000 теңгеден 10000 теңгеге дейін қаражаттарын салып, тақым қысып, қиқулап отырғандарын да көрдік. Біріне бұйырып жатқан олжа, екіншісінің санын соқтырып, өзегін өртеп жатады. Қалтасы қағылып қалғандар қарғысын жаудырып, қаралай жөнелсе де, қара үзіп қалам ба деген үмітпен қайта қайырылып қосылады. Билет ойнатушы тарап, керісінше, ешқандай шығын көрместен өзгелердің есебінен қалтасын қалыңдатуда. Бұл – кісі ақысын жеудің бір түрі. Бұқара халықты соңынан ертіп, өз қалтасының қалыңдағанын мақсат тұтқан «бизнесмендер» қарғыс арқалағандарымен қоса заң бұзғандарын біле ме екен?
Осыдан екі жыл бұрын атақты әншілер мен блогерлердің заңсыз гив ұйымдастырып, көліктерін жүлдеге тігіп, лотерея ойнатқандарынан шикілік шығып, аяғы соттасумен аяқталғаны да бар. Сол оқиғадан соң арнайы заң қабылданған болатын. Заңда лотерея операторынан немесе таратушыларынан басқа кез келген лотерея жарнамасына тыйым салу көзделеді. Мазмұны мынадай: «Егер лотерея операторы болып саналмайтын адам лотерея өткізсе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 445-бабындағы 4-бапты бірінші және екінші пунктпен толықтырып, әкімшілік айыппұл салуды ұсынды. Яғни, оның көлемі жеке тұлғаларға 200 АЕК-ке (530,2 мың теңге) дейін, ал заңды тұлғаларға 2 мың АЕК-ке (5,3 млн теңге) дейін болады».
Осы заңды белшесінен басып, оңай олжаға кенелгісі келгендерді бақылап жатқан құзырлы органдар бар ма? Жаңбырдан кейінгі саңырау­құлақтай қаптаған лотерея ойындарының соңы немен аяқталады? Қымбатшылық пен жоқшылықтың салдарынан сан түрлі қадамға баратын халықтың обалын кім көтермек? Сұрақ көп, жауап жоқ!
Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Құмар – кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар».
Алланың қаһарына, адамның қарғысына қалмай, саналы өмір сүргенге не жетсін! Айласы көп, пайдасы жоқ амалдардан аулақ болайық!

Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір